Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:20

М. Әуезов прозасы жаңа сахнада: «Қорғансыз» спектаклінің сахналық көрінісі

1

Театр кеңістігінде классикалық қазақ прозасын сахнаға жаңаша көзқараспен шығару бүгінгі режиссураның маңызды бағыттарының бірі.

 Соңғы жылдары режиссерлер әдеби мәтінді сол күйінде сахналаумен шектелмей, оны авторлық интерпретация арқылы қайта оқып, заманауи сахналық тілмен жеткізіп келеді. Осындай ізденістердің бірі Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сахнасында режиссері Дина Жұмабаева қойған «Қорғансыз» спектаклі.

5 - 6 наурыз күндері көрерменге жол тартқан премьера қазақ әдебиетінің классикалық туындысы негізінде сахналанды. Қойылымның драматургиялық өзегі Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу», «Жетім», «Қорғансыздың күні» шығармаларының желісінен құралған. Сонымен қатар спектакльдің идеялық бастауы қазақ руханиятының ірі тұлғасы Абай Құнанбайұлының әдебиетімен өрбиді. Режиссер мәтіндерді бір арнаға тоғыстырып, әйел тағдыры, қорғансыздық, махаббат пен трагедия тақырыптарын сахналық синтез арқылы жеткізген. Режиссерлік шешімнің басты ерекшелігі спектакльдің эмоционалдық фокусын адамның жанына, махаббат пен трагедияның қақтығысына бағыттауы. Екі жарым сағатқа созылатын қойылым көрерменді оқиғалардың сыртқы динамикасынан гөрі ішкі психологиялық кеңістігіне жетелейді. Сахналық әрекетте мұң, қайғы секілді сезімдердің драмалық атмосферасы үстемдік ете білген. Осы арқылы режиссер көрерменді тек оқиға куәгері ғана емес, кейіпкерлердің рухани күйін сезінуші деңгейіне жеткізген. Спектакльдің маңызды көркемдік элементтерінің бірі музыка. Қойылым барысында қолданылған бес түрлі ұлттық аспаптың табиғи әуені сахналық әрекеттің эмоциялық реңкін күшейтіп, спектакльдің атмосферасын қалыптастырып отыр. Музыкалық шешім драмалық әрекетті толықтырып қана қоймай, кей тұстарда кейіпкерлердің ішкі монологының қызметін атқарады.

1

Қойылымның мазмұнын тереңдететін тағы бір маңызды тұсы сахналық семиотика. Спектакльде қолданылған символдық белгілер негізгі идеяны астарлы түрде ашуға мүмкіндік береді. Мәселен, күбіден төгілген қымыз қойылымдағы ең әсерлі метафоралардың бірі. Ақ түсті қымыздың жерге төгілуі кейіпкер Ғазиза (Бақытгүл Серікбаева) пәктігінен айырылған тағдырымен астасып, қазақ дүниетанымындағы ар, тазалық ұғымдарының символына айналады. Осы көрініс сахнада нақты әрекет ретінде көрінгенімен, оның астарында ұлттық құндылықтардың күйреуі туралы ой жатыр. Режиссер символдық әрекет арқылы трагедияның терең әлеуметтік және рухани мағынасын жеткізген.

Қойылымның драматургиялық құрылымында «Қаралы сұлу» желісі ерекше орын алады. Бұл бөлім спектакльдің эмоционалдық өзегіне айналып, әйел тағдырының қайшылықты болмысын ашқандай. Қарагөз бейнесін сомдаған актриса Аида Жантілеуова үшін шығармашылық тұрғыдан жаңа белес деуге болады. Бұған дейін актрисаны көрермен «Қызыл орамалды шынарым» қойылымындағы Әсел, «Сені сүйем» спектакліндегі Гитель, сондай-ақ «Гамлет. Соңғы күндер» қойылымындағы Офелия бейнелері арқылы біледі. «Қорғансыз» спектакліндегі Қаралы сұлу бейнесі актрисаның шығармашылық қоржынына қосылған жаңа әрі күрделі психологиялық образ ретінде ерекшеленеді деп қарастырсақ артық болмас. Жаңа бейнені қоржынына түсірген актриса кейіпкерінің ішкі драмасын, қайғы мен нәзіктігін, әйел болмысының трагедиялық тағдырын сахналық пластика мен эмоционалдық күй арқылы жеткізген. Нәтижесінде Қарагөз бейнесі тұтас қазақ әйелінің символдық тұлғасына айнала алды. Әзімханның (Елдар Отарбаев) басындағы бөрікті жау піскекке іліп алып, оны шаңырақ бейнесіне айналдырады. Осы пластикалық әрекет арқылы қарапайым деталь символдық түрде ашылады. Қазақ үшін шаңырақ - адамның ғұмыры, тағдыры, тұтас бір әлем ретінде қабылданады. Әзімханның өлімі шаңырақ арқылы берілуі оның жеке қазасынан гөрі тұтас отбасының трагедиясына алып келеді. Яғни, бір адамның өмірі ғана емес, бүтін бір әулеттің, тұтас тіршіліктің үзілуі көрініс табады. Бұл шешім сахнада нақты өлім көрінісін көрсетпей-ақ, оның салмағын терең сезіндіруге мүмкіндік береді.

Қойылым финалында режиссер Дина Жұмабаева ерекше шешімге барған. Сахнада екі періште пайда болып, Абай Құнанбайұлының 34-қара сөзін оқиды. Қойылым бойы қорғансыз жандардың тағдырын көріп, эмоциялық тұрғыдан сілкініп отырған көрермен үшін бұл сахна рухани түйін іспетті әсер қалдырады. «Адам баласына адам баласының бәрі дос» деген жолдардың дәл осы тұста берілуі бекер емес. Себебі сахнадағы қатігездік пен әділетсіздікке қарсы қойылған бұл шешім көрерменге тікелей әсер етеді. Қойылым шарықтау шегінде айтылған Абайдың сөзі қойылымның негізгі идеясын айқындап, ішкі мағынасын тереңдете түсті деуге болады. Режиссер Абай философиясын бүгінгі күнмен байланыстырып, адамгершілік мәселесін алдыңғы қатарға шығарады. Демек, қойылым тек тағдырлар трагедиясын көрсетіп қана қоймай, сол арқылы көрерменге ой тастайды. Абай Құнанбайұлының сөзі мен әндерінің қойылымда қатар қолданылуы спектакльдің көркемдік құрылымын тереңдететін маңызды режиссерлік тәсіл деп қарастыра аламыз. Мәтін мен музыканың синтезі негізгі идеяны жеткізудің қос арнасы ретінде қызмет атқарады. Абайдың «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Мен көрдім» әндерінің орындалуы қойылымның эмоциялық, психологиялық әсерін кеңейтеді. Әндер сахнадағы әрекетті толықтырып қана қоймай, кейіпкерлердің ішкі күйін, жан дүниесіндегі қайшылықтарды ашудың көркем құралына айналған. Әндер драматургиялық құрылымның бір бөлігі ретінде жұмыс істейді. Абай Құнанбайұлының әндері арқылы сөзбен жеткізілмеген ішкі иірімдер ашылады. Әсіресе трагедиялық тұстарда ән кейіпкердің жан айқайын, үнсіз күйзелісін айқын жеткізіп, көрерменге эмоциялық тұрғыдан терең әсер қалдырады.

Қойылымдағы финалдық сахналардың бірі қорғансыз жандардың өмірден өткен сәтінде экран арқылы олардың мәңгілік өмерге аттануын көрсету. Режиссер бұл шешім арқылы трагедияны тек жердегі қайғымен шектемей, оны рухани деңгейде жалғастырады. Кейіпкерлердің физикалық өмірі аяқталғанымен, олардың жаны мәңгілікке жол тартады деген үлкен ойға жетелейді. Дегенмен, экранның қолданылуы сахна мен көрермен арасындағы кеңістікті кеңейтіп, сахналық әрекетті символдық деңгейге көтерген.

4

Спектакльдің хореографиялық шешімдері қойылым барысында бірнеше жерде ұтымды көрініс тапқан. Режиссермен бірлесе жұмыс жасаған Анна Цойның пластикалық қолтаңбасы сахналық әрекетті толықтырып, драмалық ойды күшейтіп отырады. Хореографияны тек қозғалыс емес, сахнадағы оқиғаның жалғасы ретінде қабылдауға мүмкіндік береді. Қойылымда қолданылған пластикалық әрекеттер мизансценалық тұрғыдан да сәтті шешім тапқан. Әсіресе кей тұстардағы қозғалыс ырғақтары мен пластикалық үйлесім сахнаның жалпы атмосферасын тереңдете түседі. Мәселен, Әзімханның жау қолынан қаза табу сәті төбелес би арқылы көрсетіледі. Сахнада нақты шайқастан гөрі пластикалық арпалыс басым түсіп, кейіпкердің трагедиясы жеткізіледі.

«Жетім» шығармасы негізінде қойылған сахнада режиссер Дина Жұмабаева Қасымның ішкі күйін алдыңғы қатарға шығарады. Жетім бейнесіндегі Қасым (Рахат Жұмаханов) сахнада мыстандардан қашып, қорқып жүрген, адасқан бала ретінде көрінеді. Қара киінген үш мыстандар Қасымның қорқынышы, жалғыздығы, айналасындағы қатігез ортаның белгісі ретінде беріледі. Сахнадағы періште бейнесі де ерекше мағынаға ие. Әдетте ол қорғаушы, бағыт көрсетуші күш ретінде қабылданады. Бірақ бұл қойылымда періштенің өзі де мыстандардан қорқып жүреді. Бұл шешім арқылы режиссер Дина Жұмабаева «қорған» ұғымының шарттылығын көрсеткендей. Адамның сырттан іздейтін қорғаны кей жағдайда дәрменсіз болуы мүмкін деген ойға жетелейді.

Ойымызды қорыта келгенде, Театрдың 80 маусымы аясында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры репертуарына режиссер Дина Жұмабаеваның сахналауымен енген «Қорғансыз» қойылымы заманауи режиссура мен классикалық әдебиеттің тоғысқан, бір арнада үндескен көркемдік үлгісі деуге болады. «Қорғансыз» спектаклі қазақ классикалық прозасын заманауи сахналық тілмен қайта пайымдаудың үлгісі. Режиссер Дина Жұмабаева бұл қойылымда өзінің қалыптасқан режиссерлік стилінен біршама өзгеше бағыт таңдап, лирикалық, психологиялық атмосфераға құрылған спектакль сахналаған. Музыка, символика және актерлік ойынның үйлесімі арқылы қойылым ұлттық әдебиеттің мазмұнын жаңа көркемдік деңгейде аша білген.

Темірбек Жүргенов атындағы

Қазақ ұлттық өнер академиясының 3 курс студенті

Адина Абзал