ІІМ басшысы Алматыдағы жол апатына қатысты мәлімдеме жасады
ІІМ басшысы Ержан Саденов әлеуметтік желідегі жазбасында Алматыдағы жол апатына қатысты бірқатар жайттарды мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалған. Zeekr көлігінің жүргізушісі сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу барысында оның апат кезінде мас күйде болғаны анықталған.
Сонымен қатар бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру деректері бойынша да қылмыстық істер қозғалды. Бұл істерді ІІМ-нің Ішкі қауіпсіздік департаменті тексеріп жатыр. Қоғамда тараған барлық нұсқалар қаралуда.

Оқиғаны объективті бағалау үшін Алматыға арнайы комиссия жіберілген. Оның құрамында Ішкі қауіпсіздік департаменті, Әкімшілік полиция комитеті және Жеке құраммен жұмыс департаменті бар.
Қызметтік міндеттерді орындауда жіберілген кемшіліктер үшін Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция мен қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Министрдің айтуынша, қызметтік тәртіпті күшейту және заңдылықты қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылданып жатыр.
Қалаға басқа өңірлерден күшейтілген полиция жасақтары жіберілді. Ауқымды рейдтер мен тексерулер жүргізілуде. Алғашқы күндердің өзінде 4,8 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталған. Оның ішінде мас күйде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмір пайдалану және жүргізу құқығынсыз басқару деректері бар. 2 мыңнан астам көлік айып тұрағына қойылған. Мұндай шаралар еліміздің барлық өңірінде жүргізілуде.

«Тергеу барысы менің жеке бақылауымда. Барлық кінәлі тұлғалар заң аясында қатаң жауапқа тартылады. Ешкім — мәртебесіне, қызметіне немесе байланысына қарамастан — жауапкершіліктен құтылмайды. Заң алдында бәрі тең», – деді Ержан Саденов.
Аль-Фараби даңғылындағы апат
2026 жылғы 21 наурызда Алматыда ірі жол апаты болды. әль-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr көліктері соғысты.
Салдарынан үш адам қаза тапты: 29 жастағы жүргізуші және Mercedes көлігіндегі 20 және 22 жастағы екі қыз оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі тірі қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі («Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу») бойынша іс қозғалды. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Әлеуметтік желілерде бұл апатқа көше жарысы себеп болуы мүмкін деген бейнематериалдар тарады. Кейбір деректерге сәйкес, жарысқа полицияның жоғары лауазымды қызметкері қатысқан болуы мүмкін.