Мачадо Нобель бейбітшілік сыйлығын Трампқа берді
Венесуэла оппозициясының жетекшісі Мария Корина Мачадо бейсенбі күні Ақ үйге барып, АҚШ президенті Дональд Трамппен жабық форматта кездесу өткізіп, түскі ас ішкен.
Кездесуден кейін Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде жазба жариялап, Мачадомен жүздескенін үлкен құрмет санайтынын атап өтті.
"Бүгін Венесуэладан келген Мария Корина Мачадомен кездескеніме ерекше қуаныштымын. Ол – талай сынақтан өткен, табанды әрі батыл әйел. Мария маған өзіне берілген Нобель бейбітшілік сыйлығын менің еңбегіме құрмет ретінде табыстады. Бұл – өзара сыйластықтың көрінісі. Рақмет, Мария", — деп жазды Трамп.
Бұған дейін Мария Корина Мачадо Нобель бейбітшілік сыйлығын АҚШ президенті Дональд Трамппен бөліскісі келетінін мәлімдеген болатын. Алайда Нобель комитеті бұл ұсынысты қабылдамай, сыйлықтың ережеге сәйкес басқа адамға берілмейтінін немесе бөлінбейтінін нақтылады.
Комитеттің түсіндіруінше, Нобель сыйлығы лауреат жарияланған сәттен бастап оны кері қайтарып алу, өзге тұлғаға беру немесе бөлісу мүмкін емес.
Айта кетейік, Мария Корина Мачадо Венесуэлада демократияны қорғаудағы табандылығы үшін Нобель бейбітшілік сыйлығына лайық деп танылған. Салтанатты марапаттау рәсімі 2025 жылдың желтоқсан айында Норвегияның Осло қаласында өтті. Мачадоның өзі елден тыс жерде жүргендіктен, сыйлықты оның атынан қызы Ана Корина Соса алған.