Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:47

Мадагаскарда әскери төңкеріс болды: президент елден қашып кетті

Мадагаскар
Фото: Siphiwe Sibeko / Reuters / Scanpix / LETA

Мадагаскарда үш аптаға жуық жалғасқан  наразылықтардан кейін билік әскери құрылымдардың қолына өтті. Ел президенті Андри Радзуэлина мемлекеттен қашып кеткен.

Әскер билікті өз қолына алды

14 қазан күні түстен кейін CAPSAT элиталық әскери бөлімшесінің жетекшісі, полковник Майкл Рандрианирина телеарна арқылы мәлімдеме жасап:

«Біз билікті өз қолымызға алдық», — деп жариялады.

Оның айтуынша, әскер елдің негізгі мемлекеттік институттарының, соның ішінде сенаттың, конституциялық соттың және сайлау комиссиясының жұмысын уақытша тоқтатқан. Тек ұлттық мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) әзірге өз қызметін жалғастырып отыр.

Әскерилердің бұл мәлімдемесінен бірнеше минут бұрын ұлттық мәжіліс президент Радзуэлинаны импичментпен қызметінен кетіру туралы шешім қабылдаған болатын. Алайда бұл шешімнің заңдылығы күмән тудырады — бір күн бұрын Радзуэлина өзі парламентті таратқан еді.

Андри Радзуэлина
Андри Радзуэлина. Фото: ашық дереккөз

Президент Францияға қашқан

Президент Андри Радзуэлина дүйсенбі күні елден кеткен. Ол өз шешімін өміріне қауіп төнгенімен түсіндіріп, халыққа жолдаған үндеуінде:

«Мен қауіпсіз жердемін. Мадагаскардың күйреуіне жол бермеймін», — деп мәлімдеді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Радзуэлина Франция президенті Эммануэль Макронның келісімімен Францияның әскери ұшағымен елден шығарылған.

Франция — Мадагаскардың бұрынғы отары, арал мемлекет 1960 жылы тәуелсіздік алған. Макрон оқиғаға қатысты пікір білдіріп:

«Конституциялық тәртіп сақталуы тиіс. Біз жастардың наразылығын түсінеміз, бірақ әскер бұл толқуды өз мүддесіне пайдаланбауы керек», — деді.

Париж билігі елдің ішкі ісіне тікелей араласу ниетінің жоқ екенін де мәлімдеді.

Наразылықтар мен олардың себептері

Мадагаскардағы халық наразылығы 25 қыркүйекте басталған. Алғашында тұрғындар жарық пен ауыз судың тапшылығына қарсылық білдірген, алайда кейін бұл талаптар саяси сипатқа ие болып, үкімет пен президенттің отставкасын талап етуге ұласқан.

Радзуэлина алғашқы күндері үкіметті таратып, диалог бастауға дайын екенін айтып, егер бір ай ішінде астанадағы электр жарығы мәселесі шешілмесе, өз еркімен отставкаға кететінін уәде еткен. Бірақ бұл уәделер жағдайды өзгертпеді.

БҰҰ дерегі бойынша, наразылықтарды күшпен тарату кезінде 22 адам қаза тапқан, билік тек 12 адамның өлімін растады.

Әскердің бетбұрысы және CAPSAT рөлі

Оқиғалар шешуші сәтке өткен демалыс күндері жетті — елдегі ең беделді күш құрылымдарының бірі CAPSAT элиталық бөлімі наразылар жағына өтті. Арнайы жасақтар үкімет бұйрықтарын орындаудан бас тартып, басқа әскери бөлімдерді де өз жағына шақырды.

Айта кетсек, Андри Радзуэлина 2008 жылы дәл осы CAPSAT бөлімшесінің қолдауымен билікке келген болатын.

Елдің ауыр әлеуметтік ахуалы

Мадагаскар — әлемдегі ең кедей мемлекеттердің бірі.

  • Халықтың төрттен үш бөлігі кедейлік шегінен төмен өмір сүреді (күніне 2,15 доллардан аз табыс).

  • Елдегі жылдық орташа табыс – шамамен 600 доллар.

Экономикалық қиындықтар мен үкіметтің тиімсіз саясаты жастардың наразылығын күшейтті.

Z буынының көтерілісі

Халықаралық басылымдар атап өткендей, Мадагаскардағы толқулар Непал, Марокко және Индонезиядағы соңғы жастар наразылығынан шабыт алған. Бұл қозғалыстар әлеуметтік желілерде «Z буынының көтерілісі» деп аталып жүр.

Мысалы, Непалда үкімет әлеуметтік желілерді бұғаттағаннан кейін жастар көшеге шығып, премьер-министрдің отставкасын талап еткен. Соның нәтижесінде уақытша үкімет құрылған болатын.

Мадагаскардағы соңғы төңкеріс – тек ішкі саяси дағдарыстың емес, сонымен бірге Африкадағы жаңа әлеуметтік толқулар толқынының бір көрінісі. Халықтың кедейшілігі мен үкіметке деген сенімсіздігі елдің болашағына қауіп төндіріп отыр.