Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:49

Мәдениет фольклорлық деңгейде қалса, музей экспонатына айналады

Ақмарал Байдлаева

Aдaмзат мәдениеті тас балтадан космoсты игергенге дейін мыңдаған жылды артқа қалдырды. Осы аралықта ол ешқашан қозғалысcыз қалған емес: пайда болды, бір аймақтан екінші аймаққа таралып дaмыды. 

Өткен ұрпақтан қазіргі және болашақ ұрпаққа беріліп, әр yaқыттa материaлдық және рухaни жағынан толығып отырды. Демек өзгерістер мәдениеттің бөлінбейтін бөлшeгі мен қасиеті әрі өз құрамына мәдени құбылыстaрдың ішкі трансформациясын, олардың уақыттағы өзгеруін, сонымен қатaр өзaра байланысын, арақатынас, кеңістіктегі қозғалыс сияқты сыртқы өзгерістерді де енгізеді. Осының арқасында мәдениеттегі қoзғалыс, оның бір жағдайдан екіншісіне өту құбылыстары жүріп отырaды. Аталған құбылыстар арасында Қазақ мәдениеті де көштен қалмай, әлемдік өркениеттер кеңістігіндегі мәдениеттермен бірге жылжып, дамып келеді. Соңғы жылдары жаһандану дәл осы ұлттық мәдениетімізге ықпал етіп, әсерін тигізді. Әр тарапта түрленді. Тек біз ғана емес, күллі әлем жаһандану жағдайына бейімделіп күн кешуде. Бұл дегеніміз – өзге өркениетті меңгеру жолында ұлттың төл тарихы мен мәдениетін жоғалту қаупі бар дегеннен хабар берсе керек. Батыс пен Шығыстың білімі, ғылымы, технологиясы біздерге қажет-ақ, бірақ шамадан тыс еліктеу дәстүрлі тәрбиелік, адамгершілік құндылықтардан біртіндеп айыра бастайды. «Жаһандану» деген ұғымның өзі де ағылшын тіліндегі «global» ұғымынан алынған, оны «әлемдік», «дүниежүзілік» деп аударуға да болады. Ал мағыналық тұрғыдан алғанда, бүкіл әлемді қамтыған, яғни құрлық шеңбері шектелмеген, әлемдік деңгейде жүріп жатқан қандай да бір іс-әрекетті білдіреді. Жаһандану – біртұтас адамзаттық мәдениет қалыптастыру үдерісіне ілесу дегенді де аңғартады. Жаһандану заманында ұлттық сананы қалай қалыптастыруға және дамытуға болады? Осы тақырыптар аясында біз бүгін философ, мәдениеттанушы Ақмарал Байдлаевамен сұхбат құрдық. 

- Ақмарал ханым, ең әуелі әңгімеміздің басын қазіргі құндылықтар жүйесі туралы сөзден бастайықшы. Бүгінгі алды-артыңа қаратпай, зулап жатқан заманда кей жаңа ескіріп, кей қымбатымыз құнсызданып барады. Тек біздің қоғамда емес, күллі әлемде құндылықтар шайқасы жүріп жатыр.

Иә, бүгінгі қоғамда құндылықтар күрт өзгеріп, тұрақтылық пен анық бағдар жоғалып бара жатқандай әсер қалдырады. Бұрынғы ұрпақтар үшін айқын болған ар, ұят, сыйластық, ұлттық рух, отбасылық береке сияқты ұғымдар бүгінде жаһандық нарық, табыс, бедел, жеке жетістік пен әсерлі көрініске ауысып жатыр деп жиі естимін. Бірақ шынымды айтсам, мен қазіргі заман құндылығын кемсітіп, бұрынғыны асқақтатып, идеалдандырудан алыстаумын. Адам баласының қасиеті бар: біз бұрынғының тек жақсы жағын есте сақтап, үнемі балалық шағымыз, бұрынғы ішкі жылы сезімдерімізді аңсауға бейімбіз. Бірақ меніңше, қазір гуманистік қасиеттер бұрынғыдан артық болмаса, кем емес. Психологияның, нейробиологияның, заң саласының, гуманитарлық пәндердің дамуының нәтижесінде біз көп нәрсеге басқаша қарап келе жатырмыз. Мысалы, бала тәрбиесі, педагогика, адам құқығы, адамның жеке қасиеттері мен ішкі жан дүниесі, басқа да салаларда не деген өзгерістер, талдаулар, қайта қарау орындалып жатыр. Философ, әрі осы заман перзенті ретінде маған мұның бәрі қатты ұнайды. Мен «адамдар жаман боп бара жатыр, пейілі тарылды» деген ұғыммен мүлде келіспеймін. Керісінше, адам баласы өз жан дүниесімен тереңірек танысып жатқандай. Иә, мұның кемшіліктері де жоқ емес, бірақ артық жағы да орасан.

Қазіргі құндылықтар жүйесі постмодерндік дәуірге тән плюралистік және релятиттік сипатқа ие. Құндылықтардың тұрақты иерархиясы ыдырап, әр индивид өз шындығын, өз мәнін, өз болмысын құруға мәжбүр. «Шынында, мен кіммін» деген салмағы ауыр сұрақ. Бірақ адам баласы бұрын-сонды бұл сұраққа мұншалықты жаппай келмеген сияқты. Бұл жағдай Жан-Франсуа Лиотар сипаттағандай, «үлкен нарративтердің күйреуі» кезеңін тудырып отыр. Бұл процестер, әлбетте, көп қарсы реакцияны, көп ішкі «тербелісті», келіспеушілік тудырады. Солай болуы да керек... Оған жасанды интеллект дәуірі қосылды. Ол бізге өзімізге сырттай қарап, «бұл контексте мен кіммін» деген жаңа сұраққа жауап іздеуге итермелейді.

Бұл тек біздегі жағдай емес. Мұндай ахуалдың жаһандық сипаты бар. Дәстүр мен рационалдылықтың, ұжымдық мораль мен жеке таңдау еркіндігінің арасында терең аксиологиялық шиеленіс орын алып жатыр. Бұл шайқастың мәні – адам болмысының жаңа формаларын табу, бірақ оның ақысы – психоәлеуметтік тұрақсыздық.

- Жалпы бүгінгі қоғамдағы құндылықтар шайқасын, трансформациясына қалай баға берсек болады? Осы орайда бұған жаппай жаһандану мен ақпараттың шектен тыс көп болуы, әлеуметтік желілердің де үлкен ықпалы бар екені анық. Әлеуметтік желілер мен масс-медиа жастардың құндылық бағдарларын қалай қалыптастырып отыр деп ойлайсыз?

Ең алдымен, біз мұны факт ретінде қабылдауымыз керек. Иә, біз жаппай жаһандану мен масс-медиа әлемінде өмір сүріп жатырмыз. Одан қаша да алмаймыз, көз жұма қарау да мүмкін емес. Біз гиперкоммуникациялық қоғамда өмір сүріп отырмыз және бұл құндылық трансформациясының үлкен динамикасына жетелеуде. Масс-медиа мен әлеуметтік желілер Мишель Фуко тілінде айтсақ, билік пен білімнің дискурсивтік құрылымдары арқылы индивидтерді қалыптастыратын институттар. Біз өзімізді де, балаларымызды да бұл әлемнен оқшаулап өмір сүре алмаймыз.

Әлеуметтік желілердің негізгі қызметі – идентификациялық үлгілерді тираждау, яғни өзіңді сәйкестендіру, белгілі топтарға жатқызу алаңы. Мұндағы құндылық шын мәнінде адамгершілік не аксиологиялық емес, репрезентативтік: кім көзге көрінеді, кім есте қалады, кім ең көп ішкі эмоцияны тудырады, ішкі ауырсынуды қозғайды – сол маңызды. Ал жастар үшін бұл онтологиялық дағдарыс тудыруы мүмкін, себебі өзіндік болмыс, ішкі «Мен» сыртқы бейнелермен шатасады. Бірақ мұнда да біз жаппай еліруден кейін, біртіндеп сыни ойлаудың нығайып келе жатқанын байқаймыз. Сауаттылық деңгейіне, ішкі психоэмоциялық қалыптасу тұрақтылығына қарай адамдар, соның ішінде жастар өз пікірін ажыратып алып жатыр. Мен жастарға сенемін. Бәлкім, бізге сау, толымды, үйлесімді, дұрыс құндылықтарды дәріптейтін, role-model, еліктеуге тұрарлық үлгі болатын мықты тұлғалардың көптеп шығуына көбірек қолдау жасауымыз керек болар?... Қалай болғанда да, әлеуметтік желілер – қазіргі адамның өмір сүру ортасы. Олар терісімен қатар, өте жақсы дүниелерді де таратуда. Байқасаңыз, әлеуметтік желіде де жәй-жәй кәсіби орта дамып жатыр.

- Жаһандану деп қалдық қой. Өткен ғасырдың аяғынан бастап әлемде жаһандану үрдісі кең етек алуда және оның ұлттық мәдениетке ықпалын жоққа шығара алмасымыз анық. Қазақ мәдениеті, руханияты қазіргі таңда қарсы келген мәдени қақтығыстарға жұтылып кетпей, қарсы тұруға қауқарлы ма?

Жаһандану – мәдени гомогенизация үдерісі. Бұрындары «бұл – біртектілікке ұмтылатын, Батыс үлгісін әмбебап деп танытатын гегемониялық мәдени саясат» дейтін едік. Қазір мәдени плюрализм, сан алуан ұғымдар, дәстүрлер, тағамдар, киім үлгілері, өмірлік категориялар, құндылықтар араласа бітісіп, кино, әлеуметтік желі, саяхаттау арқасында жаңа бір сан мыңдаған түсті жіптерден өріліп, тоқылған текемет сияқты қалыптасуда.

Қазақ мәдениетінің бұл үдерістерге қарсы тұра алуы оның ішкі концептуализациясына байланысты. Егер мәдениет тек декоративтік, фольклорлық деңгейде қалса, ол музей экспонатына айналады, келмеске кетеді. Ал егер ол философиялық, тілдік және символдық қасиеттерін жаңғырта алса, онда ол плюралистік мәдени кеңістікте субъект ретінде сіңісіп, жаңаша бір әдемі дүниеге бітіседі. Біз қанша талап етіп, қинасақ та, қазіргі жастар 80-90 жылдардың патриархалдық жүйесінің немесе одан әрідегі құндылықтарды сол қалпында «жұтпайды». Заман ағымына қарай қажетін, ішкі сұранысымен үндесетінін қабыл алады. Орта буынның міндеті – сол қазақ мәдениетінің теориялық негізін практикалық қажеттіліктерге, мұқтаждықтарға сәйкестендіру, әрі бірегей болмысымызды ұмыттырмау. Бірақ мұны бұрынғы әдіс-тәсілдермен жасау мүмкін емес. «Қазіргі жастар оңбаған, біз ұқсап кітап оқымайды, үйтпейді-бүйтпейді» деумен шектелу, оларды жау ету нағыз ақымақтық. Қазіргі қазақ жастары бізбен салыстырғанда әлдеқайда көп ақпарат қорытады. Мәселе ақпараттың сапасы мен астарындағы мәнінде.

Әр ұлттың, әр мәдени болмыстың «аман қалу» инстинкті бар. Мен жұтылады деп қорықпаймын, бірақ өзгеретінін білемін. Бұл қорқынышты емес. Мәдениет – тірі ағза сияқты ғой, ол түрленеді, өзгереді, қажетін сіңіріп, керегі жоғын тастайды. Бәрі өз қолымызда.

- Сіздің ойыңызша, әлемдік философия иірімдеріне басыбүтін сіңіп кетпей, қазақы дүниетанымның ерекшеліктерін сақтай отырып, өзге мәдениеттермен тең дәрежеде диалог құруға қалай қол жеткізсек болады?

– Қазақ дүниетанымының философиялық өзегі – онтологиялық тұтастық, яғни адам мен табиғат, көп пен жеке, сөз бен болмыс арасындағы үйлесім. Бұл дүниетанымның тамыры – сан алуан дүниелердің бірігуі, рухани болмыс пен кеңістікке құрмет, уақыттың, табиғаттың циклдік құрылымы, барлық нәрсенің өзара үйлесімі мен тепе-теңдігі.

Бізде дәл қазіргі кезеңде жасалатын жұмыс, талдап, теорияландыратын дүниелер өте көп. Мықты мамандар қажет. Өз ерекшеліктерімізді қазіргі философиялық дискурсқа енгізу үшін бізге орасан жұмыс атқарып шығу қажет болып тұр. Бұл үндестікті орнату үшін қазақы ұғымдарды универсалдандыру емес, түпкі мағынада, өзінің терең болмысымен кеңінен жеткізіп, тереңінен түсіндіру маңызды. Яғни қазақ философиясы әлемдік философияның бір шетінде қалып қоймай, оның тең қатысушысы бола алады. Дәл қазір Гүлжихан Жұмабайқызы Нұрышева бастаған бір топ философтар болып «Қазақ философиясының категориялары» атты жобаны бастап жатырмыз. Мұндай жұмыс көп. Беріле істейтін, жанын салатын мықты мамандар керек. Мұндай мамандар жоқ та емес. Басыбүтін сіңіп кетпей, өз болмысымызды сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге жеткізетінімізге кәміл сенемін.

- Байқасаңыз, қазіргі қазақ өмірінде қазақилыққа қайту тенденциясы сезіледі. Ұлттық киім кию, қазақша сөйлеу, соны талап ету сынды құбылыстар жастар арасында жиі көрініс тауып жүр. Әрине, бұл құптарлық құбылыс. Десек те, осы тұста бір сұрақ туындайды. Бұл төл болмысымызға шынайы оралу, соны іздеу ме әлде ұлт боп ішкі комплекстерімізбен күресу не идеологиялық вакуумның орнын толтыруға деген талпыныс қана емес пе?

– Қалай болса да, мені бұл процестің өзі қуантады. Қандай керемет! Бұл жоғарыда айтқан жаһандану процесіне қарсы жүріп жатқан ұлттық болмысымыздың «аман қалу, қарсыласу» көріністері ғой. Жастардың қазақ тіліне, қазақы мәдениетке ерекше мән беруі, меніңше, бірегей, қайталанбас бір мәдени феноменге барып тоғысады.

Бұл феноменді ұжымдық сәйкестіліктің қайта құралуы деп қарауға болады. Ол отарлық езгіден кейінгі «өзін іздеу» процесінің бір кезеңі, бұл әлі басы. Хомейни немесе Саид Нурсидің постколониалдық ұлттардағы діни және ұлттық ренессанстар туралы жазбаларында осындай құбылыстар өтпелі кезең деп қарастырылады. Мен бұл процесс еш «бұрмаланбай», өзінің дұрыс арнасына түсетініне сенгім келеді, себебі бізді тарихи жадымыз адастырмайды. Бірақ біздің міндетіміз – оған ғылыми негізделген, ұлт қажеттілігін көздейтін бағдар беру.

Жастардың қазақылыққа бет бұруы кей жағдайда жоғалған болмысты табуға деген талпыныс, кейде – идеологиялық вакуумды толтыру амалы. Бұл жерде мәселе – қазақылықтың ішкі мәніне жетуде, егер бұл тек форма мен сән ретінде қалса, онда бұл эссенциялық емес, үстірт реакция болар еді. Бірақ меніңше, бұдан біздің сыртқы ғана емес, ішкі бір қажеттіліктеріміз сусындап жатқандай.

- Жалпы осы тұста отар болған ұлттың болмысына, рухани келбетіне оралуы, отарсыздану процесі қалай жүру керек? Ал бізде қалай жүріп жатыр? Ұлттық ерекшеліктерді жаңғыртуда жасандылықтан қалай сақтануға болады?

– Отарсыздану, ең алдымен, психо-саяси процесс. Ол білім жүйесін, тіл құрылымын, тарихи нарративтерді қайта қарастыруды талап етеді. Бұл әдетте күрделі, ұзақ, ішкі қақтығыстармен жүретін процесс екенін ескеруіміз керек. Оған үлкен теориялық даярлық пен терең талдау, жан-жақты, сан түрлі, тіпті бір-бірімен келіспесе де, әртүрлі жағынан қарайтын ізденіс керек. Жасандылықтың астарында да қажеттілік барын ұмытпайық. Ол қандай қажеттілік? Неге ол қажеттілік жасандылықпен жабылуда? Мүмкін, мәселе осыда шығар? Бәлкім, шынайы, жасанды емес дүниелерді айтуға, көрсетуге, жанайқаймен жеткізуге дайын емес шығармыз, әлде қарсыласу процестері жүріп жатқан шығар, соған қарай жылжып жатқан болармыз? Сұрақ көп.

Қазақстанда бұл процесс әлі күнге символикалық деңгейде жүріп жатыр. Атауларды өзгерту, рәміздерді жаңғырту сынды. Бірақ деколонизация – әлі де жеткілікті терең деңгейге жеткен жоқ. Бұл болашақтың еншісінде. Жасандылықтан құтылу үшін қажет нәрсе философиялық рефлексия және білім беру жүйесіндегі дүниетанымдық жаңғыру деп ойлаймын. Әйтпесе біз тек «имитациялық ұлт» болу қаупіне ұшыраймыз. Мұны педагогикалық университет оқытушысы ретінде нық айта аламын, байқаймын да. Жасандылық жасайтын жастар емес, орта және аға буын, шыны керек. Өзіме жастар әлдеқайда аутентті, шынайы сияқты көрінеді. Олар, бізбен салыстырғанда, әлдеқайда еркін өсуде.

- Бұл жақсы құбылыс дедік. Десек те, таяқтың екі ұшы болатыны сынды бұл процестің де кері тұстары бар. Біз сынды демократияға тек сөз жүзінде қол жеткізген, отаршыл ұлттың мысы әлі де басым елдерде билік дәл осы тенденцияны өзіне көзір ретінде пайдаланатын сияқты. Мәселен, бұрын Түркіменстанда түркімен халқы әлі де опалы, олар әке-шешесін далаға тастамайды деген желеумен қарттардың зейнетақысын қысқартып тастады. Әсіресе осындай құбылыстар посткеңестік елдерде жиі көрініс табады. Осы тақырып төңірегінде сөз қозғайықшы.

– Посткеңестік елдерде ұлттық мәдениет жиі билік құралына айналады, яғни билік үшін легитимизация ресурсы ретінде пайдаланылады. Түркіменстан, Ресей немесе Беларусь мысалдары ұлттық романтиканың авторитаризмді бүркемелеу құралына айналғанын көрсетеді. Бізде де бұл нәрселер жоқ емес. Ұлттық құндылықтар, Отан сүю – адамның жүрегіне жақын, «жан ұшыратын» тұстар. Оларға бейжай қарай алмаймыз, әрі бұл сезімдер жиі манипуляцияға ұшырайды. Бұл жерде біз Ж.Бодрийярдың «симулякр» теориясын еске түсіреміз: шынайы ұлттық мазмұн жойылып, оның бейнелі, қолдан жасалған көшірмесі ұсынылады. Ал халық үшін бұл мәдени наркоз ретінде әсер етеді – олар «өзіміздікі» дегенге сеніп, шын мәніндегі азаматтық еркіндігінен айырылады. Сондықтан мұнда саяси астарсыз, терең ғылыми талдау аса маңызды рөл ойнайды. Қазақ қоғамындағы қазіргі процестер постотарлық, постмодерндік және жаһандық ықпалдардың түйісу нүктесі. Бұл жерде философияның рөлі – диагноз қоюда емес, герменевтикалық ұғыну мен болмыстық бағыт ұсынуда, құндылықтарды қазіргі қажеттіліктер тұрғысынан қайта саралауда. Қайтадан мәдениет жасау – бұл символдық құрылым ғана емес, бұл құндылықтық, аксиологиялық және онтологиялық таңдаулардың жиынтығы. Мәдениеттің «тірі» нәрсе екенін ұмытпауымыз керек. Егер біз ұлттық болмыс пен әлемдік өркениетті қарсы қоймай, диалогтық-сыни тұрғыдан байланыстыра алсақ, онда қазақ философиясы ХХІ ғасырдағы өз орнын таба алады.

Сұхбаттасқан

Ақгүлім Ерболқызы