Мәдениетті елдің мәртебесі биік!
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің мәдени саласы айтарлықтай тоқырады. Бюджеттік қаржыландырудың жеткіліксіздігінен мәдени ошақтардың қызмет аясы тарылды.
Соның ішінде гастрольдік және көрме жұмыстары тоқтады десек те болады. Кітапхана мен мұражайлардың мұрағат қорлары азая бастады. Халық та мәдени, рухани жетіспеушілік салдарынан шетелдік мәдениетке еліктей бастады. Сондықтан еліміздің мәдени саласының дамуын қолға алып, мемлекетіміз саланың дамуына қайта көңіл бөле бастағанын байқап жатырмыз.
Мәселен, соңғы жылдары мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру қолға алынды. Бүгінгі таңда елімізде осы сала бойынша 7 637 нысан жұмыс істесе, алдағы уақытта олардың санын арттыру да жоспарлануда. Мәдениет қызметкерлерінің мәртебесін көтеру де мемлекет басшысының басты назарында. «Бүгінде елімізде мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлінбеген. Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе» деген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени орындардың қызметкерлеріне баса назар аударып отыр.
Бүгінде жоғары деңгейде қолдаудың арқасында барлық мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жүргізіліп, ел игілігіне арналған шаралар өткізілуде. Атаулы даталар мен мемлекеттік мерекелер де ұмыт қалмай, мәдениет үйлері арқылы насихатталуда.
Сондай-ақ 2022 жыл – ТМД халық шығармашылығы және мәдени мұра жылы ретінде белгіленген болатын. Атаулы күн аясында тарихи байланысты сақтауға, мәдениет, туризм және спорт саласында өзара іс-әрекеттестікті нығайтуға бағытталған 100-ден астам шара өткізіледі деп те жоспарланған еді. Қазіргі таңда осы шаралар легі қолға алынуда. Ұлттық театрлар қайта жанданып, қазір елде 31 концерттік ұйым мен 65 театр көрермен үшін қызмет етеді. Халықтың да мәдени шараларға шөліркеп қалғаны байқалады.
Жалпы тұрақты экономика, сындарлы саясат, туризм, спорт сынды салалар мықты мемлекеттің басты көрсеткіштерінің бірі. Атап өтер жайт, мәдениет саласы да ел мәртебесінің қалыптасуына зор ықпал етеді. Сондықтан еліміздің мәдениет саласына көңіл бөле отырып, мамандар ел мәдениетін арттыруға да ден қоюда!