Мәдиев Назарбаеваны сағынып жүр екен

Халық утиль алымынан құтыламыз ба деп үміт күтіп жүргенде қазақ билігі тағы бір «Оператор РОП» ойлап тапқаны белгілі болды. Енді машинаға ғана емес, қолыңыздағы смартфонға да «утиль алымын» төлейсіз.
2016 жылы ел билігі шетелден кіретін көліктерге шектеу қойып, отандық автоөндірісті дамытамыз деген желеумен утиль алымын ойлап тапқан. Алым мөлшері адам ақылына қонбастай жоғары, оның үстіне жиналған сома монополист компания «ӨКМ операторының» қалтасына кетіп отырған. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Әлия Назарбаеваға қатысы бар компания жабылып, орнына «Жасыл даму» АҚ келген. Бірақ утиль алымы жойылған жоқ, көпшілік алым мөлшері 50 пайыз ғана кемігеніне наразы. Белсенділер оны мүлде алып тастауды талап етіп жүр. Халық әлі күнге дейін утиль алымы не үшін керек екенін, оның сомасын кім, неге сүйеніп белгілегенін білмейді, тіпті мұнша ақшаны кімге, не үшін төлеп жатқанын да түсінбейді.
Сарапшылар бұл бағдарлама елдің автомобиль саласына кері әсер етіп отырғанын айтады. Ең алдымен, жеке тұлғалар шетелден тәуір көлік әкеле алмай, автопарк қатты ескірді. Екіншіден, нарық заңының тезіне түспеген «отандық автоөндірушіміз» монополистке айналып, бағаны шарықтатып жіберді. Сырттан машина кірмейді, нарықта әділ бәсеке жоқ.
Нақты жағдай утилизация бағдарламасының да, Назарбаева құрған «ӨКМ операторының» да тиімсіз екенін көрсетті. Көпшілік утиль алымын жоюды талап етіп жүр. Тіпті бір кездері мәжіліс депутаттары да осыны талап етіп, жауапты министрліктерді жағадан алған. Сөйтіп жүргенде...
Мәдиевтің «мінсіз» жоспары
ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ойлап тапқан жүйені барынша дәл сипаттау үшін жұртқа жақсы таныс «ӨКМ операторын» жиі мысалға келтіреміз.
Алдымен дау неден басталғанын айтайық. Биыл көктемде Мәдиев басқаратын министрлік мобильді құрылғылар нарығын заңдастырып, цифрлық қауіпсіздікті күшейтеміз, көлеңкелі бизнеске тоқтау саламыз деген желеумен ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережесіне өзгеріс енгізді. Ол бойынша смартфонның IMEI-кодын верификациялау міндетті болады.
Жаңа ереженің мәні мынада – елге алғаш әкелінетін барлық мобильді құрылғы міндетті түрде GSMA халықаралық деректер базасында, мемлекеттік салық және кедендік жүйеде верификациядан өтуі тиіс. Яғни құрылғының өндіруші мәлімдеген сипаттамаға сәйкес келетін-келмейтіні, елге заңды жолмен кірген-кірмегені және IMEI-кодтың жоғалған, ұрланған немесе бұғатталған құрылғылар базасында бар-жоғы тексеріледі.
Осыған байланысты министрлік елдегі смартфондарды «ақ», «сұр» және «қара» тізімге бөлді. Мұндағы «ақ тізім» деп отырғаны 2025 жылғы 25 наурызға дейін елге келген, қазір қолданыстағы құрылғылар. Ал «сұр тізім» – уақытша рұқсат етілген телефон. Иесі 30 күн ішінде мұндай құрылғының заңды екенін растауы қажет. «Қара тізім» – заңсыз әкелінген, жалған немесе ұрланған құрылғы. Мұндай смартфон биыл 25 маусымнан бастап бұғатталады.
Мәдиевтің елге келетін смартфондарды бақылап, заң мен қауіпсіздікті қолға аламын дегені жөн шығар. Бірақ мәселенің мәні тереңде жатыр. Телефонның IMEI-кодын верификациялау үшін ақы төлеу керек. Әрбір азамат жылына немесе айына екі смартфон мен екі планшетті тегін тіркей алады. Ал заңды тұлғалар әр құрылғы үшін 1 АЕК (3 932 теңге) төлеуге міндеттелген. Оның үстіне бұл қаржы мемлекет қазынасына емес, жеке компанияның қалтасына түседі.
Түсінікті тілмен айтқанда, шетелден автомобиль кіргізгеніңіз үшін Назарбаеваның «ӨКМ операторына» утиль алым төлегеніңіз сияқты елге смартфон әкелгенде ATS Mediafon KZ ЖШС деген жеке құрылымға 4 мың теңге бересіз. «Оператор РОП» алымды шетелден келген машинаны болашақта утилизацияға жіберу үшін алса, ATS Mediafon KZ ақшаны смартфонға техникалық қызмет көрсеткені үшін алады.
Қазақстанға жылына шамамен 4 миллионға жуық жаңа смартфон әкелінеді. Импорттаушылар әр телефон үшін жекеменшік компанияға 4 мың теңгеден төлесе, жылына 16 млрд теңге болады. Осынша соманы әлгі мекеме телефонның IMEI нөмірін «тексеріп бергені» үшін ғана алады. Импорттаушы саудагерлер бұл ақшаны өз қалтасынан шығармайтыны анық, оны телефон бағасына қосады. Түптеп келгенде бюджетке емес, жеке компанияға түсетін 16 млрд теңгені халық төлейді деген сөз.
Министрлік Қазақстан нарығындағы смартфондардың 75 пайызы кедендік рәсімдеуден өтпейтінін, салдарынан бюджетке 150 млрд теңге түспей отырғанын айтады. Олардың ойынша верификация жүйесі сол үшін керек екен. Бірақ бұл қазақ билігінің проблеманың себебімен емес, салдарымен күресетін ескі әдеті ғана. Кедендегі бақылауды күшейтіп, контрабандаға тоқтау салса, барлық проблема өздігінен шешілер еді. Ал біздің билік кеденшілерді тәртіпке салуды емес, халықтың қалтасына қол салуды таңдады. Бұл арзан бензиніміз көршілерге заңсыз тасымалданып жатқандықтан, бензин бағасын өсірдік деген биліктің ескі уәжін еске салады.
ATS Mediafon KZ қандай компания?
Біз бұған дейін елде маңызды жобалар жүзеге асардан бірер жыл бұрын Әлия Назарбаева сол салада жұмыс істейтін жаңа компания құратынын байқаған едік. Мысалы, оның 2011 жылы құрған компаниясы 2014 жылы бүкіл елдегі пойыз билетін онлайн сату құқығына ие болған. Ал 2015 жылы құрылған «ӨКМ операторы» 2016 жылы шыққан утилизация бағдарламасына жауапты болды. Ең қызығы, верификация жүйесінде де осындай сәйкестік бар. 2025 жылы көктемде қолға алынған қаржысы мол жобаны 2023 жылы ғана құрылған ATS Mediafon KZ ЖШС жеңіп алып отыр.
ATS Mediafon KZ ЖШС – 2023 жылы 21 сәуірде құрылған. Бағдарламалық кодтарды әзірлеу және тестілеумен айналысатын көрінеді. Компания директоры әрі құрылтайшысы – Сафаров Владислав Мирзакулович. Оның бұдан бөлек көтерме саудамен айналысатын AVS ALLIANCE және бағдарламалық-аппараттық кешен орнатумен шұғылданатын KAZAKHSTAN HERITAGE деген компаниялары бар. Ең қызығы, ATS Mediafon KZ биылға дейін еш қызмет атқармаған, бюджетке бір тиын салық төлемеген. Ашық дереккөзде компанияның 2025 жылғы қаржы айналымы – 25 млн теңге, төлеген салығы – 511 мың теңге екені көрсетілген. Ендеше, өзі жаңа құрылған, әлі аяққа тұрмаған компания миллиардтаған қаржысы бар қызметті атқаруға Мәдиевтен қалай рұқсат алды?
Мұндай сұрақты мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы да қойып отыр. Мәжілісмен 11 маусым күні премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, ATS Mediafon KZ бұл қызметті қандай негізге сүйеніп жеңіп алғанын, орындаушыны таңдау барысында конкурс өткен-өтпегенін сұрады. Әрі миллиардтаған теңге жеке қолға емес, бюджетке түсуі үшін бұл функцияны мемлекеттік органға беруді талап етті. Сондай-ақ жеке компания смартфондарға техникалық қызмет көрсету үшін азаматтардың дербес дерегіне (ЖСН, аты-жөні, байланыс нөмірі, IMEI) жинап, өңдеуге мүмкіндік алатынын, мұның ҚР «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңына қайшы екенін айтты.
Біз депутатқа хабарласып, сауалына жауап алған-алмағанын сұрадық. Мәжілісменнің көмекшісінің айтуынша, әлі ресми жауап келмеген, бірақ Нәжметдинұлы істі бақылап отыр, ресми органнан ақпарат алған соң нақты жауап береді. «Бұл қызметті мемлекеттік мәртебесі жоқ, жеке компания жүзеге асырғалы отыр, ашық конкурс өткізілмеген, тарифтің заңды немесе экономикалық негізі көрсетілмеген, қызмет құны антимонополиялық сараптамасыз біржақты белгіленген», – дейді депутат.
Біз жоғарыда халық утиль алымы мөлшерін кім, неге сүйеніп белгілегенін білмейтінін айттық. Сол сияқты ATS Mediafon KZ ЖШС-ның техникалық қызмет көрсету құны не үшін 3 932 теңге болып бекітілгені де белгісіз. Осы төлем мөлшерінің экономикалық негізі қандай, тарифті белгілегендер кіммен ақылдасты, неге сүйенді деген сұрақтарға жауап жоқ. Біз бұл сұрақтарды Мәдиев басқарып отырған цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне «Е-өтініш» платформасы арқылы жолдадық.
Бұған дейін министрлік пен Мәдиевтің осы дауға байланысты БАҚ-қа берген ресми жауабы көңілден шыққан жоқ. «Мұның «Оператор РОП-пен» еш ұқсастығы жоқ. Бұл «сұр» нарықтың өкілдері шығарып жүрген сөз деп есептеймін. Әрине, бұл «сұр» нарыққа тиімсіз. 100 млрд теңгеден аса қаржы бюджетке түспек, бұл ақша бұған дейін «сұр» нарықтың қалтасына түскен. Сондықтан жаңа ереже біреуге ұнамайтыны анық», – дейді министр. Мәдиевтің бұл сөзі бұрынғы өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаевтың уәжін еске салады. Ол да утиль алымына қарсы шығып жүрген белсенділерді шетелден автомобиль әкеліп сататын «перекупщиктер» деп айыптаған.
Ал министрліктің баспасөз қызметі верификация жүйесі теңдесі жоқ пайдалы жоба екенін айтып, ол қолға алынған 2 айдан бері миллиондаған құрылғы тіркелгенін хабарлады. Сондай-ақ дауға ұласқан 4 мың теңге салық немесе мемлекеттік алым емес, коммерциялық техникалық қызметке төленетін ақы болғандықтан, бюджетке түспейтінін айтқан. Әрі бұл жерде ешқандай монополия жоқ деп ақталыпты. Бірақ орындаушы ретінде ATS Mediafon KZ ЖШС қалай таңдалғанын, жеке компанияға азаматтардың дербес дерегін не үшін бергенін және қызмет ақысы неге 1 АЕК болып белгіленгенін айтпаған. Яғни Мәдиевтің министрлігі ресми жауапта сипай қамшылап, мәселенің өздеріне тиімді тұсын ғана атаған.
Біздің билік жұмысты қиындатып істеуге әуес. Мүмкін бұл біреулердің лоббиі шығар. Мысалы, қит етсе, мемлекеттік бағдарлама құруға, жоба жасауға әуес. Оның соңы үнемі монополия мен сыбайлас жемқорлыққа апарып соғады. 2022 жылы президент әр саладағы операторлардың үстемдігі нарықтың дамуына кері әсерін тигізетінін айтқан. Жеке монополиялық операторлар мемлекеттік функцияларды иеленіп алса, олардың қаржылық қызметін бақылау қиынға соғады. Жұмыс та өнбейді. Бұған «ӨКМ операторы» дәлел. Бірақ үкімет ескі сүрлеуден шығар емес. Қазір елде мұндай 50-ден аса субъект жұмыс істеп тұр деген ақпарат бар. Назарбаеваны сағынып жүрген Мәдиевтің верификация жүйесі де, оны жүзеге асыратын ATS Mediafon KZ ЖШС да осы үрдістің жалғасы.
Қуаныш Қаппас