Мәдиев сөз естіген, Нысанбаев шынын айтқан, депутаттар ескерту алған күн (Парламенттен репортаж)

Мәжілісте депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін тыңдаған.
Жиында қаржы министрі Мәди Тәкиев сөз алып, тиісті баяндама жасағаннан кейін Жоғары аудиторлық палата басшысы Әлихан Смайылов та шығып, бюджет қаражатының қаншалықты лайықты игерілгенін айтып берді.
Палата есебіне қарағанда, қазына қаражатының мақсатты игерілуіне қатысты сұрақ көп екен. Өткен жолы денсаулық сақтау министрлігі мен оған бағынышты ұйымдардағы бюджет қаражатының тиімді игерілуіне қатысты тексеру қорытындыларын баяндап кеткен еді. Осы жолы қаржы министрлігін аямай, біраз кемшілігін айтып берді.
Оның сөзіне қарағанда, 2024 жылы мемлекеттік кірістер бойынша болжам бастапқы бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге төмендетілген. Соған қарамастан, кірістер бойынша нақтыланған жоспар 6,5 млрд теңгеге орындалмаған.
Жүйе құраушы салықтарға республикалық салық базасының 72%-ы тиесілі. Алайда олардың жиналу көрсеткіші төмендеп барады. 2023 жылмен салыстырғанда корпоративтік табыс салығы 6%, ҚҚС 9% төмен. Салық жүйесіндегі бірқатар жеңілдіктер мен басымдықтар ҚҚС базасын азайтып отыр. Тауарлар мен қызметтердің 47%-ы ҚҚС-дан босатылған. Кей жағдайда тіпті негізсіз босатылған.
Квазимемлекеттік сектор өкілдері активтерді ұтымсыз басқарып отыр. Әсіресе «Бәйтерек» компаниялар тобы жеңілдікпен берілетін ресурстарды түпкілікті алатындарға жеткізу мерзімін ұзаққа созады. Ал жобаларды іріктеу процесі тиісті деңгейде жария жүргізілмейді. Қойылған KPI көрсеткішіне жетпесе де күмәнді жобаларға қолдау көрсете береді.
Осылай кете беретін кемшіліктерді түгендеп шығу көп орын алады.
Атқарушы билік өкілдерінің осындай мәлімдемесінен соң кезек мәжіліс депутаттарының өзіне келді. Қашаннан гуманитарлық саланың жоқтаушысы болып жүретін әдеті бар, бір отырыста білім саласының былығын әшкерелесе, тағы бір жиында денсаулық саласындағы өрескел жайттарды мәжіліс төрінде айтудан танбай келе жатқан Нартай Сәрсенғалиев қай бір жолы «Бұл дүниеге ұрпақ әкелу үшін перзентханаға аттанған ананы перзентімен бірге о дүниеге аттандырған жағдайлар жетіп артылады Қазақстанда» дегенде «о, тоба» дескенбіз. Анығы, депутат айтқан мәселеден гөрі, ашынып айтқан сөз саптасы қалай десеңізші?! «Қанша жанталассақ та жансақтау бөлімінде бәрінің жанын сақтай алмайтынымыз өкінішті» деп қайырғанда «сабазың айтады-ей» деп, іштей қол шапалақтадық.
Сөйткен Сәрсенғалиев осы жолы да мектептердегі білім сапасын сөз қылып, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа қадалып отырған. Бірақ тізіп айтып жатқан сұрақтарының төртіншісіне келгенде микрофоны өшіп қалып, арындай айтылған сөздері өз төңірегінен аспай қалды. Одан соң қосымша уақыт мүмкіндігін алып, ақыры тәмамдап тынды. Сұрағын аяқтап, сөз қарқынын тоқтатқан соң мәжіліс төрағасының қатаң ескертуіне ұшыраймын деп ойлап па?! Қоғамдық мәселені қозғап жатса да Қошанов ештеңеге қарамады. Онсыз да 35 депутат сұраққа жазылып, тізім әрі қарай да тоқтаусыз өсіп жатқанын айтқан Ерлан Жақанұлы регламентті сақтауын сұрап, ескерту жасады. Мәжіліс төрағасының өйтпесіне болмады. Оның алдында ғана бір депутатқа сұрақ мәтінін азайтып қоюды жылы ниетпен өтінген.
Ауаны ластап жүрген ірі кәсіпорындар біраздан бері күн тәртібінен түспей жүр. Соның ішінде аты ерекше аталатын 50 ірі кәсіпорын бар. Осы саладан хабары бар жұрт олардың қай кәсіпорындар екенін де біледі. Атырау мен Теміртау, Алматы мен Павлодардың аспанын газ бен түтінге орап тұратын өндіріс орындарының жыры көп жылдан бері созылып келеді. Осы мәселе мәжіліс депутаты Нұргүл Таудың сұрақ қоюына түрткі болды. Сол айтылған 50 кәсіпорынға қатысты тиісті жұмыс атқарылып, олар заманауи технологияларды орната бастауы керек еді. Сөйтіп, ауа да тазарып, тиісті нәтижесі көрінуі керек болған. Бірақ Нұргүл ханым сол істің шұбатылып, орнынан қозғалмай жатқанына қапалы екен. Әлгі елуінің бар-жоғы жетеуі ғана тиісті талаптарға құлақ аса бастапты. Экология министріне қарата осылай сұрақ қойған депутат әдепті қалпын сақтап отырған.
Оған жауап қайырған экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жаттанды сөзбен тақырыпты жылы жабуға тырысқан. Онысына сұрақ иесі көне қоймады. «Ендеше, ашығын айтайын» дегендей, министр де әлгі кәсіпорындарға жаңа технология орнатқаннан гөрі екі еселеп айыппұл төлеу тиімді болып отырғанын айта келе, «енді оларды сабаймыз ба» деп төтесінен қойып қалды. Амалы құрып, айтарға сөз таппай сасқаннан гөрі, осылай Ерлан Нұралыұлы құсап турасын айтқан да жөн шығар.
Бірақ бәрінен бұрын жақсылап сөз естіген Жаслан Мәдиев болар. Ел-жұртты 5G интернетпен жарылқаймыз деп сонау Бағдат Мусиннің кезіндегі айтылған уәде осы Мәдиевке дейін жалғасып келген еді. Сол мәселе министрдің мойнындағы ауыр жүк болып тұрған сияқты.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасына 1 трлн 497 млрд теңге бөлінген. Соның 33 млрд теңгесіне 17 шара атқару көзделген. Соның тек жетеуі ғана орындалып, межелі көрсеткіш орындалмай қалған. Оның үстіне, Мәдиевтің сол жерде берген жауабы мен Жоғары аудиторлық палатаның есебі әрі отырысқа дейін министрліктен алынған ресми жауап мәтіні үш түрлі болып шыққан. Осыған сол жерде қадалып жауап алса, министрдің қаншалықты терлеп кететінін елестету қиын еді. Алайда бұл қосымша талқылаулар уақыты болғандықтан, Мәдиев жауапсыз қалып, бір қыспақтан құтылды.
Бекбол Амангелді