Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:15

Мәдиевтің жауабынан ештеңе түсінбедік

Мәдиев
Фото: bluescreen.kz

Газетіміздің 17 маусымдағы №48 санында «Мәдиев Назарбаеваны сағынып жүр екен» атты мақала жарық көрген.

 Онда ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев енгізіп отырған смартфонның IMEI-кодын верификациялау жүйесі туралы сөз болды.

Атап айтқанда, министрлік мобильді құрылғылар нарығын заңдастырып, цифрлық қауіпсіздікті күшейтеміз, көлеңкелі бизнеске тоқтау саламыз деген желеумен ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережесіне өзгеріс енгізген. Ол бойынша елге алғаш әкелінетін барлық мобильді құрылғы міндетті түрде GSMA халықаралық деректер базасында, мемлекеттік салық және кедендік жүйеде верификациядан өтуі тиіс. Бұл қызметті ATS Mediafon KZ ЖШС деген жеке құрылым атқарады. Шетелден смартфон әкелген заңды тұлғалар әр құрылғы үшін аталған жеке компанияға 1 АЕК (3 932 теңге) көлімінде ақы төлейді.

Біз министр Жаслан Мәдиевтің атына Е-Өтініш платформасы арқылы сауал жолдап, жаңа ереженің мән-жайы мен заңдық негізін сұрадық.

Бірақ вице-министр Досжан Мұсалиев қол қойған ресми жауап көңілден шыққан жоқ. Мұндағы «көңілден шыққан жоқ» деген сөздің өзін сыпайгершілікпен айтып отырмыз, әйтпесе, ресми органның жауабы мүлде ілікке алғысыз. Біз жолдаған 4 сауалдың ешбіріне нақты жауап берілмеген. Енді соларға жеке-жеке тоқталайық.

Министрлік «Бұл қызметті атқаруға ATS Mediafon KZ ЖШС қандай негізге сүйеніп таңдалды» деген бірінші сауал мен «Орындаушыны таңдау бойынша конкурс өтті ме? Конкурс өтсе, оған қанша компания қатысты? Компаниялардың атын атауды сұраймыз» деген екінші сауалды біріктіріп жауап беріпті. Мәдиевтің мұндай оптимизациясын қолдасақ та, берген жауабына бас шұлғи қойған жоқпыз.

«ATS Mediafon KZ ЖШС-ның қызмет көрсетуші ретіндегі мәртебесі ақпараттық жүйе иесінің біліктілік талаптарына сәйкестігін айқындау жөніндегі комиссияның 2025 жылғы 24 наурыздағы хаттамасымен және «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» ШЖҚ РМК директорының (м.а.) 2025 жылғы 20 наурыздағы бұйрығымен расталды», – делінген ресми жауапта. Яғни компания «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» жүргізген іріктеу нәтижесінде анықталды деп отыр. Бірақ министрлік үміткерді іріктегенде қандай негізге сүйенгені айтылмаған.

Ал екінші сауалға мүлде жауап жоқ. Біз орындаушыны таңдау бойынша конкурсқа қанша компания қатысқанын сұрап, олардың атын атауды талап еткен едік. Ал жауапта «қызмет көрсетушілерді іріктеу ашық өтті. Техникалық талап пен өтінім нысаны МРҚ сайтында жарияланды. Компаниялар қойылатын талапқа сәйкес келсе, комиссия қорытындысы негізінде қызмет көрсетуге жіберіледі», – деп қана жазылған. Яғни конкурсқа ATS Mediafon KZ ЖШС-дан бөлек қанша компания қатысқаны және олардың атауы белгісіз күйде қалып отыр. Мәдиев мұны неге құпия сақтап отырғаны түсініксіз. Әлде ешқандай конкурс өтпеді ме екен? Оның үстіне «компания талапқа сай келсе, қызмет көрсетуге жіберіледі» деп келер шақта жазылғанына қарағанда, бұл біздің сауалға жауап емес, ертеректе жазылған пресс-релизден алынған мәтін сияқты.

Сондай-ақ біз «Техникалық қызмет көрсету ақысы не үшін 1 АЕК (3 932 теңге) болып бекітілді? Бұл соманы қай мекеме, қандай негізге сүйеніп белгіледі» деп сұрадық. Мәдиев бұл сұраққа ұзын сонар, өте түсініксіз жауап берген. Бар ұққанымыз: «Белгіленген сома – салық, алым немесе әкімшілік төлем емес, жеке тәртіпте көрсетілетін ақылы қызмет. Сыйақы мөлшері ақпараттық жүйе жеткізушісінің верификация процесін жүзеге асыруға байланысты нақты және болжамды шығынын ескере отырып белгіленген». Жауапта соманы қай мекеме белгілегені жазылмаған. Мәдиев төлем мөлшерін өзі ойлап тапты ма, оны белгілерде қандай мамандармен ақылдасты, белгісіз.

Оның үстіне мұндағы «бұл сома – салық, алым немесе әкімшілік төлем емес, жеке тәртіпте көрсетілетін ақылы қызмет» дегені ешқандай да тың мәлімет емес. Бұған дейін БАҚ-та жарияланған, біз мақалаға қосқан ескі ақпарат. Елдің бәрі білетін пресс-релизді қайта жіберетін болса, министрлікке ресми сауал жолдаудың қажеті қанша?..

Төртінші сауалда жеке компания азаматтардың дербес дерегін (ЖСН, аты-жөні, байланыс нөмірі, IMEI) жинап, өңдейтінін айтып, олар азаматтардың дербес дерегінің құпиялығына кепілдік бере ме деп сұраған едік. Мәдиев ресми жауабында «орындаушы дербес деректерді пайдаланбай, мобильді құрылғының IMEI-кодының базасын қалыптастыратынын» айтыпты. Сондай-ақ «қосымша деректерді (толық аты-жөні, ЖСН және т.б.) байланыстырмайтын, нақты жеке тұлғаны анықтамайтын IMEI-код дербес дерекке жатпайды», – деп жазған.

Осыған қарап, ATS Mediafon KZ ЖШС қызмет барысында азаматтардың дербес дерегін жинамайтын шығар деп топшылағамыз. Бірақ мәтін соңына қарай «Орындаушы заң талаптарына сәйкес дербес деректі қорғау жөніндегі шараларды сақтауға міндетті, сондай-ақ ҚР дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапты болады», – деп тұр. Мұнда министрліктің бір сөзі, екінші сөзіне қайшы келіп тұрған сияқты. Сонда жеке компания азаматтардың дербес дерегін жинай ма, жоқ па, Мәдиев мырза?

Қысқасы, цифрлық даму министрлігінің жауабы мүлде толымсыз болып шықты. Білгіміз келген сұраққа жауап ала алмадық. Сол үшін нақты сұраққа нақты жауап берулерін сұрап, Е-Өтініш арқылы қайта хат жолдадық. Мәдиев бұл жолы анық әрі түсінікті жауап бере ме, әлде тағы да жаңылтпашқа толы хат жазып, жалтара ма, көреміз. Сондай-ақ министрден мемлекеттік тілдегі мәтінді барынша сауатты жазуды сұраймыз. Әйтпесе министрліктің ащы ішекше созылған шұбалаңқы сөйлемдерін оқып, түсінудің өзі қиын...

Қуан Өмірхан

Тегтер: