Мадина ОМАРОВА. Менің қаһарман шөберем

20.09.2018, 14:00

117

МЕНІҢ ҚАҺАРМАН ШӨБЕРЕМ(әңгіме-монолог)[caption id=«attachment_17866» align=«alignnone» width=«1000»]Мадина Омарова.[/caption]Жалғыз бөлме. Төсек, төсектің бас жағында тумбочка. Онда теріс қарап сурет тұр. Бөлме ішінде күйбеңдеп бір кемпір жүр. Ол өте кәрі, өте арық. Басына таққан аппақ орамалы, көйлек сыртынан киген жеңсіз қалың жемпірі  бір-ақ уыс жүзін одан сайын кішірейтіп, тасалап тастаған. Кемпір сөйлеп жүр. Біресе тұрады, біресе отырады…– Он төрт бала таптым. Біреуі ғана бар. Оған жазалы кім? Анам «барлығы ниеттен» деуші еді. Сонда кінәлі мен бе? Соншама не істеппін? Далада таптың демесеңдер. Ол кезде бәлніс жоқ қой қазіргідей. Толғатып барамын деуге отағасынан да ұялам. Басында. Бес балаға дейін. «Тезек теріп келем» деймін де, қапты іліп алып кетемін, айдалаға барып туып, етегіме орап үйге қайтып келемін. Есуастық қой қарап тұрсаң. Туған байыңнан ұялып… Сонда көк шақа кезінде өліп қалса ғой, иттің балалары. Жоқ, қылығын көрсетіп, қызығын көрсетіп барып өледі. Жоқ, қыз біткен қырқынан шықпай қырылды. Төртеу ме еді… қызды аз таптым. Қыз тұрақтамады. Ұлдар… Атаңа нәлет аштық, үлкендері аштықта, ортаншылары соғыста. Сол соғысқа жасы жетпеген үшеуі аман қалды… Тәубе… Тәубе… Тәубе деймін-ау.  Олар да қазір жоқ. Жансібірден басқасы. Жансібір өзімен-өзі. Кішкентайынан мінезі сол. Бөтен біреудің баласы сияқты. Милицада істеді, содан ба, қатты. Әлде қаттылығынан милица болды ма? Ол да шал. Биыл сексенде.Ана қыз қайда жүр? Ертелі-кеш түзде, не істеп жүреді, тамақ ішпей ме, демалмай ма? Қылдырықтай болып қаңғудан қолы босамайды. Құлап, талып жығылайын – ешкім білмей де қалады. Кімге керек бұл тірлік? Адам баласы болған соң бір мән болуы керек қой. Біреудің шайын қайнатып, тамағын істеп отырмасаң, сенің жыбырлаған тірлігіңнен не пайда? Одан да өле қалсамшы қатып. Бірақ өле алмаймын…Күні бойы отырғаным осы телміріп. Ана қыз қашан келеді деп екі көзім төрт болады. Ол келмейді. Неғылсын алжыған кемпірді. Келе салады да, жуынып-шайынып алған соң телепонына үңіледі. Не бар онда? Шұқылайды одан соң, содан соң телміріп қатады да қалады. Айналып-толғанып шайыңды іш деймін, тамағыңды іш деймін. Қарамайды. Бірақ кеше… Содан ғой қобалжып отырғаным. Кеше тас-талқан болып түнеріп келді де, төсекке етпеттен түсіп құлады. Жер сілкінгендей гүрс ете түсті. Бейқам отыр едім, жүрегім зырқ ете қалды. Содан кейін «апа, апа» деп жыласын келіп. Жаным шығып кете жаздады. «Кім, кім ренжітті сені!» деймін күркіреп. «Қолында өлейін иттің баласының! Менің Айнашымды ешкім ренжітпейді, ренжітіп көрсін...»  Титтайынан өзім бақтым. Ойбуй, бұны шешесі туа салып тастап кеткен жоқ па?! Қолында құндақтаулы мынау бар, үйге кіріп келді. Ойымда түк жоқ, неге екені, мұғалім екен деп қалдым. Түрі иманжүзді, жылы келіншек. Мұғалімдер үй-үйді аралап мектепке бала жинаушы еді ғой. Сөйтсем… Қолындағы баланы «Апа, сіздің шөбереңіз» деп, төсекке домалата салды. Сөйтті де, шығып жүре берді. Кейде есі дұрыс емес пе деймін сол қатынның. Күдіктенем есінің дұрыстығына. Күдіктенуге қақым бар. Әйтпесе қол-аяғы балғадай нәрестені тастай ма… Бірақ тағы қимаймын… Қанша дегенмен Айнашымның анасы ғой. Алып қалдым. Балалар қарсы болды. Ешқайсысы мойнына алмайды жүгермектің. Полиция шақырып, детдомға өткізбек болды, айырылмай қойдым. «Өлтіріңдер де, алып кете беріңдер» дедім, жолатпадым. Содан кейін білмеймін не қылғандарын. Әйтеуір, ебін келтірді білем. Дәкумент алып берді. Пәмилесі атасыныкі. Өзімнің қызым. Міне, өсті. Айналайын. Бір-ақ жапырақ. Қаңғыбас. Сонысы жаман. Кеше түні бойы жылады. Екі көзінен жас ағып жатыр, ағып жатыр, су да ішпейді. Қайдан шығып жатқан жас.Ол тұрмақ, мен шаршадым. Шырқ үйірілемін. Есіме өзімнің шалым түсіп кетті. Атасы ғой. Сабаушы еді мені. Әркім өзінің басындағысын айтады: «Әлде біреу ұрды ма?» деймін. Айтпайды. Қыз бала, үлкен қалада жалғыз. Неше түрлі ой келеді. «Апа, ол маған үйленейін деп жүрген жоқ екен» деді ақыры. «Кім?» Жігіті барын білемін. Бірақ үйге әкелген емес. «Не боп қалды?» Ақыры түк ұқпадым. Аяғы ауыр ма деймін. Сондай күдігім бар.  «Әй, көксоққан, албасты, айтсаңшы енді дұрыстап. Күйдіргі!» Ұрып жыққым келді. «Мейлі, үйленбесе үйленбесін. Маған да онда бәрібір». Осы сөздерді айтқанда мына бөлмені жалын шарпығандай болды. Тұла бойым ысып кетті. Тер шықты. Айнашым аузынан жалын шашқан айдаһардай көрінді. Сондай сұсты. Сондай бөтен. «Қаншық» дегім келді. Қаншық. Бірақ айта алмадым. Өрімдей қызға дәтім барып қайтіп айтамын. Тамағымда қалды кесек болып. Әлі қадалып тұр. «Айтылмаса сөздің атасы өледі» деуші ме еді. Білмеймін, екеуміз келісімге келе алмағандаймыз. Арамызда қамал пайда болғандай. Мен осы қызды емізіп едім. Енді қайтемін. Құртақандай, шырылдап жылайды келіп. Мәгәзіннің өтірік сүті ішін ауыртады білем. Сосын амалсыз емшегімді аузына саламын, еміп жатып жұбанады, ұйықтап кетеді. Кіп-кішкентай, бірақ шақар болды. Не болды маған өз баламды өзім жамандап. Құлыншағым менің, менен басқа ешкімі жоқ, жапанда жалғыз. Қай жетпегір екен ренжіткен балапанымды. Тұлымшағы желпілдеп «апа, апа, бес алдым» деп екі көзі жұлдыздай жарқырап келуші еді. Мектептегісі ғой. Қазір бойжеткен. Шашты желпілдетіп жіберген. Жинап жүр деймін. Тыңдамайды. Бұрын менің шашым қандай еді. Жібектей сусылдайтын. Құдай шашты жайғызбасын. Соңғы рет шалым өлгенде жайдым. Бейшара жаны қиналып, ұзақ науқастанды. Тамақ өтпейді. Инедей жіңішкерді. Сақал-мұртына қол тигізген жоқ. Доғдырға да бармай қойды есалаң. Мінезі жаман еді марқұмның. Қарақшы болды, елге қиянаты да болды. Содан ба, Алла жанын қинап алды ғой. Тазарып кетті бірақ. Сіңірдей қатты, тапал, шымыр еді.Ел деген моншақтай болып ауыл ішінде жылы үйде, бау-бақша салып отырады. Адам қызығады. Әйелдер деген заман түзелген соң түлкідей құлпырды. Неше түрлі киеді. Қызығамын. Ал біз болсақ, айдалада қой бағамыз. Отағасы ұры, ауылдың малын ара-тұра бір түнде айдап әкетіп, қырғыз асырып жібереді. Содан кім жаман, біз жаман. Жұрт жек көреді. Дәлелдей алмаса да, біліп отыр ғой. Қой деуге дәрмен бар ма менде. Қорқамын. Өзі өлердей қызғаншақ. Маған кім қарайды? Қыста тілім-тілім, күс-күс болып, ит-құстың арасында, жазда ел естіп, көз көрмеген жайлауда, меңіреу шатқалдың ішінде, жалғыздан жалғыз. Ұлдар – интернатта. Көрсек бір-бірімізді танымастаймыз. Олар безбүйрек, қайырымсыз болмағанда кім қайырымсыз болады? Әкесі де, шешесі де тірі, жетімнің күнін кешті. Оған не? Өлді де қалды. Кісі қолында өскен, әкені әке, ананы ана деп білмейтін, әбден қаны қарайған ұлдардың қайтарымын мен көрдім. Несін айтайын…Немерелерім жақсы. Бәрі жақсы. Болысады, көмектеседі. Рақмет. Тек мына қызға қарамады. Жылы қабақ танытсам, әкесі мен деп ойлайды деген болу керек. Әрқайсысы солай ойлайды. Е, мейлі, құдайдың көзі түзу болсын. Несін айтайын. Өлді де қалды. Бірақ жанының қиналғаны-ай. Есімнен бір кетпейді. Мені алшы, көрсетпеші деп жалындым. Осының қиналғанын көрсетпеші деймін. Өзім ғой. Шалға сездірген жоқпын. Сарғаяды да жатады. Қайтеді енді бейшара.Мына қыздың кешігуін-ай. Қайда жүреді осы? Кіп-кішкентай болып алып бұнда да азап бар. Тек дәрігерге бармасашы десеңші. Өзінше бұл да бақытсыз, әлде шешемнің қарғысы ма екен қыз тұрақтатпайтын. Тұрақтағаны мынау еді. Бұл да бір жаққа қисайып ауып барады.Мені шешем қарғады ғой кезінде… Біздің заманда атастыру деген бар еді. Туғанымнан атастырып қойыпты. Әкем шетінен малды ала берген, оны тағы түгел жеп қойған. Мен он алтыға келгенде келін болып түсетін едім. Той күні де белгіленді. Әне-міне ұзатамыз дегенде мынау келіп бір-ақ кеште алып қашты. Қарақшыдан не сұрайсың. Солай болды. Құдай төбеден қос қолдап ұрды. Әкем қалыңды қайтара алмады, кедей. Қыздан мен жалғыз. Алып қашты дегенім жай сөз. Өзім шықтым, өзім қаштым. Әкеме алып қашты деген болу керек. Жүрегі жарылып кетпесін деген шығар. Бірақ анам білді. Білді де, теріс бата берді. Сондай деймін-ау, менікі не? Отанымды, әке-шешемді зарлатып, түскелі отырған үйді қарабет етіп, қарақшымен қашатындай не жаныма зор келді? Әлі күнге түсінбеймін. Арбалдым ба, дуаландым ба? Мінгестім де кете бердім. Сол екі арада қызылдар келіп, Совет өкіметі орнап жанымыз қалды. Әйтпесе суырдың ініне кірсек те қоймайтын еді. Құн сұрауға шамалары келмей тоз-тоз болып кетті бәрі. Әке қайда, шеше қайда, бауырларым қайда?! Атып тастапты деген Қытай асып кетіп бара жатқанда. Мен өз басыммен өзім әлек болып қала бердім. Не дейсің енді? Көрер жарығым болып тұр ғой, әйтпесе мені де байдың келіні деп тірі қалдырмайтын еді. Құлсары екеуміз қаңғырып келіп колхозға кірдік. Далада жабайы жүретін ол ұжымда тіршілік жасай алмады. Тағы сол – әлімжеттік, тартып алу, ұрлап сатып жіберу басталды. Оған көнетін Совет өкіметі ме?! Малға шығып кеттік. Содан ауылға оралмадық.  Діні қатты еді марқұмның. Балаға мейірімсіз, туысқа қайырымсыз. Қатты еді. Кейін ол өлгеннен соң, балалар ауылға әкелді, кейін, міне, қалаға көштік. Ештеме жоқ. Ел қатарына қосылдық.Тек қыз мынау…Даладан есікті өз кілтімен ашып, бойжеткен қыз келіп кіреді. Әжесінің қасынан өтіп кетіп, бірден төсегіне жатады. Кемпір оның артынан жүреді:– Жоқ, аман. Жақсы екен бәрі, жақсы екен. Құлыншағым сол, ақылы бар бала ғой. Қорықпа, балам, қорықпа. «Аққа Құдай жақ» деген. Ертең-ақ өсіп шыға келесіңдер. Ертең-ақ ол тұлымшағы желбіреп, екі көзі жұлдыздай жанып «анашым, мен тағы бес алдым» деп үйге атып кірер. Әлі-ақ. Одан асқан бақыт жоқ бізге, ботам. Қазір демал, демала ғой, менің қаһарман қызым. Менің қаһарман шөберем. Демала ғой.Бойжеткен қыз оны елемейді. Бас жағындағы тумбочкада теріс қарап тұрған суретті қолына алады. Онда әжесінің суреті. Телміріп суретке ұзақ қарайды. Құрсағын сипап күлімсірейді. Содан кейін шамды сөндіріп, ұйқыға кетеді. Фото: nicefon.ru
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 12:56
Тығырыққа тірелген Тұғыл
11.08.2020, 15:58
«Мәдени астана» аясында 7 шара өтеді
11.08.2020, 15:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 15:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 15:50
«Шәмші аллеясы» жаңарып жатыр
11.08.2020, 15:47
Коронавирустан 3 мыңнан астам адам емдлеліп шықты

Аңдатпа


  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44
  • Буырқанған дауылда сыналған басылым
    25.02.2021, 13:12
  • «Жас Алаштан» басталған журналистік жол
    23.02.2021, 10:51