Мадина Омарова: Проза – цирк емес, аудиторияны арзан трюктармен алдаусырата алмайсың

Мадина Омарова – қазақ әдебиетіне магиялық жанрды алып келген жазушылардың бірі. Оның шығармашылығы санқырлы, терең қатпарлы. Бүгін біз жазушымен әдебиет төңірегінде соңғы уақыттары жиі қалам тербеп жүрген драматургия жайында әңгіме өрбіттік.
– Мадина апай, әңгімеміздің басын алдымен сіздің шығармашылығыңыз туралы сөзден бастайық. Соңғы кезде сізді жазушылықтан гөрі, драматургия саласында жиі байқап жүрміз. Пьеса жазумен қатар, Әуезов сахнасында қойылып жүрген бірқатар шығарманың сахналық нұсқасын да дайындап жүргеніңізді байқадық.
– Иә, қазір сондай кезең жүріп жатыр. Өзім соңғы он жыл бойы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында әдеби-драма бөлімінде жұмыс жасаймын. Біздің бөлімнің міндеті: театрға келіп түскен пьесаларды сараптау, пікір жазу, лайықтыларын көркемдік кеңестің қарауына ұсыну; театр қажеттіліктеріне қарай жаңа пьесалар жазу (тапсырыс), өзге авторлардың пьесаларын сахнаға, актер бойына лайықтау, прозалық шығармалардан инсценировкалар жасау, сахна мен театр үшін, т.б. қызмет түрлерін көрсету. Сонымен бірге республиканың өзге театрларынан пьесаға тапсырыстар жеткілікті дәрежеде түседі. Кейде киноға арнап сценарийлер жазамын. Сондықтан прозаға энергия, қуат қалмайды. Пьесаға тапсырыстар арасында кішкене бос уақыт пайда болса, оны өз-өзіме келуге, отбасыма арнауға тырысамын. Байқауымша, прозаны да тапсырыспен жазғыш болып алыппын. Бұл енді ақшаға емес, кейде газет-журналдарда істейтін достарым: «Жаңа әңгіме берші» деп қалады. Мен баяғы: «Жаңа әңгіме жоқ, бірақ қажет болса жазайын» деймін. Келіссе, екі-үш күнде жазып беремін. «Күйші», «Мама», «Үй» әңгімелері осылай дүниеге келді. «Ғажайып көл» фэнтези повесім де солай туып еді.
«Тұрмыс пен шығармашылықты қатар алып жүрген қиын емес пе?» деген сауалды маған көп қояды. Әсіресе жас қыздар. Олар отбасы бақытын да сезінгілері келетіндерін, құдай берген таланттан да бас тартқылары келмейтіндерін айтады. Екі ортада аласұрады. Әдебиетте шынымен таңдау керек болғанда, отбасын таңдаған құрбыларым болды. Керісінше, жазуды таңдағандарды да білемін (бірақ Нобель алып жатқандары әзір байқалмады). Екі кеменің құйрығын ұстағандардың не болары әлімсақтан мәлім. Әлдене деу өте қиын.
– Әдебиетте көлемі шағын, қысқа болса да көтерер жүгі ауыр жанрдың бірі – әңгіме. Біздің назарымыз көбіне көлемді шығармалар роман, повесть жазатын авторларға немесе жазушылардың үлкен туындыларына назарымыз ауып кетеді де, әңгіме жанры негізгі нысанадан тыс қалатыны да жасырын емес. Сіздің дәл осы әңгіме жанрына қалам сілтеуіңізге себеп неде? Болашақта көлемді проза жазу жоспарыңызда бар ма?
– Бұл жанр бала кезімнен жаныма жақын. Содан соң әңгіме немесе роман, повесть жазу – автордың мүмкіндіктерінен туындайтын салдар тәрізді. Қысқа қашықтыққа шабатын сәйгүліктер болады, яки аламан бәйгеге ғана жарайтын тұлпарлар бар деген сияқты. Мен өзімді бұл жағынан ақындарға ұқсатамын. Әңгіме туар кезде қысады, отыра салып жазып, әрі қарай кете бересің. Жазбасаң, ауырасың.
Негізі әңгіме жанрын, әсіресе өте қысқа, бірнеше сөйлемнен ғана тұратын дүниені екінің бірі жаза алмайды. Ол мазмұндық, идеялық, көркемдік тұрғыдан өте сыйымды, жанр талаптарына сай болуы керек. Проза – цирк емес, талғамды аудиторияны арзан трюктармен алдаусырата алмайсың. Содан соң үш жүз бет роман емес, алақандай әңгіме автордан перфекционист болуды талап етеді. Бәрі алақанда, көз алдыда тұр. Жебе тартқандай мығымдық, мергендік, түйсік керек.
– Сіздің «Жол үстінде», «Жұмбақ» сынды әңгімелеріңізді оқып, ұстазыңыз Таласбек Әсемқұловтың әңгімелеріңізге «Қазақ әдебиетіндегі готикалық прозаның басы» деп берген бағасы есіме түсті. Бұл бағытта қалам сілтейтін қаламгерлер де көп емес. Бір сұхбатыңызда: «Кеңес заманының идеологиясы бізді «құдайға да, шайтанға да сенбеуге» мәжбүрледі» деп едіңіз. Магиялық реализмнің бүгінгі әдебиеттегі жағдайы қалай?
– Осы жақында Йон Айвиде Линдквист деген швед жазушысының шығармашылығымен таныстым. Соның «Движение» деген повесі қатты әсер етті. Автобиография элементтері бар мистикалық, әлеуметтік, саяси, былайша айтқанда, көп қатпарлы дүние екен. Бұндай нәрсе жазу үшін адамның санасы қандай болу керек деген сұрақ тудырды. Скандинавиялық космотеогония – өте көне мәдениеттердің бірі, мифологиясы, құдайлар пантеоны – бүгінгі әлемдік киноиндустрия мың құбылтып айналдыратын, сарқылмайтын қызықты тақырыптардың бірі. Сондықтан, әрине, бұндай елдің осындай күрделі, интеллектуалды авторды тудыруы да заңды (табиғат заңдылығы). Қазіргі қазақ прозасында магиялық реализм өз деңгейіне сай дамып келеді. Қазір бұл ағымға көптеген авторлардың қызығушылығы оянғаны байқалады. Бірақ көрдіңіз бе, бұл жерде де өзіндік бір құпия тетік бар. Автордың қызығушылық танытуы, тіпті қалам тербеп жазып жүруі бір төбе де, шынымен жазып шығуы екінші мәселе. Ол үшін автордың ойлау жүйесі магиялық болуы шарт. Былайша айтқанда, ең кемі Жанат Бақыттың ар жақ, бер жағындағы адам болуы керек.
– Жалпы сіздің шығармашылығыңыз туралы әдебиетшілер мен сыншылар әрқилы пікірде. Бұл әдебиет үшін заңды құбылыс, әрине. Десек те, кей замандастарыңыздың шығармашылығыңыз туралы «тілі жұтаң, қарабайыр» деген пікірлерін естідім. Сынға қаншалықты мән бересіз? Әлде «біткен іске сыншы көп» деген ұстанымды ұстанасыз ба?
– Сынды буддистік салқынқандылықпен қабылдаймын деп мақтана алмаймын. Сынаушыларға «зор бақыт, мол денсаулық тілеймін» деп те өтірік айтқым келмейді. Еден жуып жүрген адамға: «Сен еденді дұрыс жумайсың» деп көріңіз, қандай күйге түседі? Бәріміз сол сияқтымыз.
Мен өзім әдетте сынды айтып тұрған адамның өзінің бойына, тұлғалық, интеллектуалды деңгейіне мән беремін. Әдетте орыстың «Кто как обзывается, тот сам так называется» деген мақалы дәл келіп жатады. Бұл психологиялық проекция деп аталады. Біз өзгенің бойынан өз бойымызда бар, бірақ түпсананың қалтарыс-бұлтарысына тығып тасталған, ешқашан мойындалмайтын, тіпті бар деп саналмайтын кемшіліктерді ғана көреді екенбіз. Сондықтан біреуді сынап тұрған адамды тыңдай отырып, оның өзінің психологиялық портретін дәл құрастырып алуға болады. Бұл да жазушы үшін олжа.
«Тілі жұтаң» деген сөзді түсінбей-ақ қойдым. Көпірген, қызыл сөз текст ешқашан құнды болған емес. Бастысы, мәтіндегі ақпарат пен энергия емес пе? Әлде мен қателесем бе?
– Алдыңғы сөзімнің бірінде атап өткенімдей, қазір сізді драматургия саласынан жиі байқап жүрміз. Өзіңіз де «Қазір драматургияға бет бұрдым. Әзірге осы жанр – менің махаббатым болып тұр... Бірақ прозаға түбегейлі оралатын уақытты асыға күту сезімінен де ада емеспін» депсіз бір сұхбатыңызда. Қазір қазақ драматургиясы мен театрының беталысы қалай?
– Қазақ драматургиясы да магиялық проза тәрізді өзінің табиғи бабына сай дамып келеді. Бір қуантатыны – жастар арасында драматургияға қызығушылық артып келеді. Театрлар да бұрынғыдай емес, отандық драматургтарға есігін ашуға даяр. Бұл үрдіс тек Алматы, Астана қалаларында ғана емес, республика бойынша байқалады. Осының арқасында көптеген жастардың бойына сенім ұялап, қаламдары ұштала түсуде.
Негізі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры – ең алғашқы кәсіби қазақ театры, оның әкем-театр аталуы да осыдан; яғни Қазақстандағы бүкіл театрлар, бүкіл өнер ордалары (опера және балет, филармониядан бастап) осы қара шаңырақтан енші алып шыққан. Сондықтан республикалық театр әлемінде орын алатын жаңалықтардың, жақсы үрдістердің осы театрдан бастау алуы – заңдылық. Драматургия саласына үш қайнаса сорпасы қосылмай, бетімен проза жазып жүрген мені тауып, штатқа драматург етіп алып, мүмкіндік берген Әуезов театры. «Ақтастағы Ахико», «Көмбе нанның дәмі» атты пьесаларым осы киелі шаңырақта қойылып, қоғамда үлкен резонанс тудырғанын көрген соң өзге театрлар да бүгінгі күні классиктерге айналған үлкен драматургтардан назарларын сәл болса да тайдырып, жастарды көре, бағалай бастады.
– Сіздің жаңа өзіңіз айтып отырған «Ақтастағы Ахико» атты тырнақалды шығармаңыз әкем-театрда үзбей қойылып, көрерменнің көзайымына айналды. Тіпті премьера кезінде спектакль қуатының күшті болғаны кейбір көрерменнің қан қысымы көтеріліп, «Жедел жәрдем» шақырылыпты деп айтады. Өзіңіз де шынайы өмірдегі Ахикомен кездескеніңізді жазып едіңіз. Бүгінде шынайы Ахикомен, отбасымен хабар алмасып тұрасыз ба? Жалпы бұл тақырыпта қалам сілтеуіңізге не себеп болды?
– Иә, Ахико Тецура тағдырына құралған «Ақтастағы Ахико» спектаклі – мені театр әлеміне алып кірген бақытты билет болды (басты рөлді Қазақстанның Халық әртісі Дулыға Ақмолда сомдайды). Ахико 2020 жылы дүниеден өтті. Сол кезде мен бір шағын қоштасу-эссе жазған едім. Осы жазбаға Ахико Тецура жайлы барлық ой-тұжырымым сыйды десем болады. Және бұдан артық енді баяндай алмаспын:
«Ахико есімін естімеген қазақ кем. Өнер, әдебиет, тарих саласында жүрген әрбір азамат Ахико тарихынан, Ахико тағдырынан хабардар. Ол – жалпы қазаққа баз бір тумасынан жақын, баз бір қандасынан ыстық болып кеткен қадірлі тұлға.
Бізді оның қазақ жеріне деген махаббаты, қимастығы тәнті етті. Ахико арқылы өзіміздің сары даламыз бен қарапайым ақкөңіл мінезіміздің қадірін ұға түскендей, бағалай түскендей болдық.
Жапония елі үй беріп, жәрдемақы тағайындап, жат жерде қалған перзентім деп құшағын кең ашып кері шақырғанда, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ елін (экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан) жерсіне алмай, үш жыл ғана өмір сүріп, өзінің Сарыарқа төріндегі Ақтасына қайтып келіп алған бала мінезді Ахико…
Он бес жасынан тағдыр тезіне түсіп, ҚарЛАГ тозағынан өтіп, жарты ғасырға жуық ешбір елден ресми құжат, азаматтық ала алмаған, соған қарамастан белі бүгіліп, мінезі мүжілмеген, ақжарқын өмірсүйгіштігін өн бойында тұмардай жарқыратып алып өткен Ахико…
Сенің өмірің қайсарлықтың, рух жасампаздығының, қазақ жұртына, қазақ жеріне деген адалдықтың, махаббаттың символы…
Біздің театр сахнасында Сенің өмірің дастан болып жырланды, сен жайлы ол қойылымды көрген бірде-бір адам бей-жай қала алмады, көз жастары көл болып төгілді.
Жапон жұрты да сенің Сарыарқаның самалы деп соққан аяулы жүрегіңнің қағысы алдында бастарын иді, таңдау-ерігіңді мойындады. Сен жайлы біздің спектакльді көрген жапон біткен аяқтарынан тік тұрды, соғысқа лағынет айтып, шартарапта қалған өзің тәрізді жасөспірім боздақтарын жоқтап, егіліп жылады.
Осылайша, сен өзіңнің тіршілігіңмен адамзатқа бейбіт күннің киелі қасиет екені жайлы, маңдай терің төгіліп, ғұмырың өткен жердің – отан болатыны жайлы және ол отанның оттан ыстық екені туралы айтып кеттің…
Кеттің… Бірақ сенің бұл әлемдегі тіршілігің мағынасыз болған жоқ. Баршамыздың санамызда қазақты сүйген, ҚарЛАГ тозағынан өтсе де, бұл елге деген махаббаты сөнбеген бір мінезді, қаһарман Ахико Тецуро жайлы аңыз қалды…
Әрқайсымыздың еншімізде қазақ елі осындай деген мақтаныш қалды. Сен жағып кеткен бұл алау ешқашан сөнбек емес, кішкентай ғана жапон баласы… Ажалдың алдында қасқайған қара шал… Енді не дейміз? Бақұл болыңыз…
Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, Ахико-сан. Ахико ақсақал».
– Жаһандану заманында өткеннің көзіндей талай құндылықтар күйреп, қадірін жоғалта бастады. Оның бірі әдебиет шығар деп ойлаймын. Бүгінде дүниенің бар «қызығы» алақандай экранға сыйған заманда ықшам, жылдам нәрселерді тұтынуға дайын тұратын жұртқа сөз өнері қызықсыз нәрсеге айналып барады. Енді бір елу, не жүз жылда қазақ әдебиеті қандай күй кешеді деп болжар едіңіз?
– Мен өзім әдебиеттің адамымын, соның ішінде жазатын адаммын, былайша айтқанда, қазақ әдебиеті деген ұғымды тудыруға қатысып жүрген «құмырсқалардың» бірімін. Мен қазақтың, орыстың, ағылшынның, жапонның, американың, т.б. әдебиетін жақсы көремін. Әдебиет болса болды, оны жақсы көруге дайынмын. Бірақ әдебиеттің болашағы жайлы пікірім оптимистік пе? Жоқ, оптимистік емес. Қазір кітап оқуға қызығушылықты оятуға тырысушылық байқалады. Кітап индустриясы, Гутенбергтің ұрпақтары майдансыз беріспек емес. Кітапты сатып алып, оқып отыруды – томпақ ерін, бадырайған көз, қалың кірпік қыздар тәрізді кәдімгідей сәнге айналдыруға бағытталған жарнамаларды кездестіресің. Оған сеніп, қолына кітап (шын кітап) ұстап шұқшия қалған жандар да әр жерде бір көрініс тауып қалады.
...Бірақ алдағы елу жылда кітап өзінің дәстүрлі, классикалық қалпын сақтап қала алмайды деген ойдамын. Формасы сөзсіз өзгереді. Қазірдің өзінде аудио, электронды кітап қағаз кітапты тықсырып барады.
Бәлкім, роман тәрізді көлемді жанрлар мүлде жоғалар. Бірақ сөз өнер ретінде адаммен мәңгі қалады. Бұл анық.
Сұхбаттасқан
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ