Мәдинадан эвакуацияланған қазақстандықтардың алғашқы ұшағы Атырауға қонды
Атырауға Сауд Арабиясына қажылыққа барған қазақстандықтарды алып келген алғашқы ұшақ қонды. Бұл туралы Atyrau Today хабарлады.
Ұшақ бортында 200 адам болған. Олар он күн бұрын Мәдина қаласына қажылыққа барған. Алайда 28 ақпанда Таяу Шығыста әскери әрекеттердің басталуына байланысты аймақтан ұшып шығуда қиындықтар туындаған.
Бүгін түстен кейін қажыларды алып кету үшін төрт ұшақ жіберілген. Оның үшеуі Атырауға, ал біреуі Ақтауға қонды.
Елге оралғандардың арасында Алматы, Шымкент, Астана және Қазақстанның өзге өңірлерінен келген азаматтар бар. Тіркеу рәсімдерінен өткен соң олар өз қалаларына ұшып кетеді.
Жолаушылардың айтуынша, Мекке, Жидда және Мәдина қалаларындағы жағдай тыныш, адамдар арасында ешқандай дүрбелең байқалмаған.
Бұған дейін Қазақстан азаматтарын Таяу Шығыс елдерінен эвакуациялау басталғаны хабарланған еді.
FlyDubai әуе компаниясы Дубай – Астана және Дубай – Алматы бағыттары бойынша екі рейс орындап, 306 жолаушыны елге жеткізген.