Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:00

Мадуроның мүмкіндігі таусылды. Ол Трамппен телефон не туралы сөйлесті?

Трамп пен Мадуро
Фото: minval.az

АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла басшысы Николас Мадуромен оның отставкасы мен режим өзгерген жағдайда қауіпсіздік кепілдіктері жөнінде сөйлескен.

Reuters агенттігінің Трамп әкімшілігіндегі дереккөздеріне сүйенуінше, Венесуэла президенті Николас Мадуро 21 қараша күні АҚШ президентімен қысқа телефон әңгімесінен кейін елді қауіпсіз түрде тастап шығу үшін бар мүмкіндігін жоғалтқан. Әңгіме барысында Трамп Мадуроның бірқатар өтініштерін қабылдамаған.

Трамп журналистерге телефон сөйлесуі болғанын растаған және Мадуродан отставкаға кетіп, Венесуэланы отбасымен бірге тастап шығуды талап еткенін айтқан.

«Әңгіме жақсы немесе жаман өтті деп айтпаймын. Бұл жай ғана телефон арқылы сөйлесу болды», – деген АҚШ президенті.

Әңгіме екі ел арасындағы шиеленіс күшейген тұста болды. Осыған дейін АҚШ Мемлекеттік департаменті Мадуро басқарады деп саналатын Cartel de los Soles тобын террорлық ұйым деп жариялаған. Ал Венесуэла Сыртқы істер министрлігі бұл айыпты «абсурд әрі ойдан шығарылған жалған ақпарат» деп атады.

Мадуро үнемі барлық айыптауларды жоққа шығарып келеді. Оның сөзінше, АҚШ Венесуэланың мол табиғи ресурстарын, әсіресе мұнай қорын бақылауға алу үшін «режим ауыстыруды» көздейді.

ОПЕК-ке жолдаған хатында Мадуро АҚШ-ты «әлемдегі ең ірі мұнай қорын әскери күшпен тартып алуға талпынып отыр» деп айыптады.

Ал Венесуэла Бас прокуроры Тарек Уильям Сааб BBC-ге берген сұхбатында Вашингтонның айыптауларын «табиғи ресурстарға деген қызғаныш» деп сипаттады.

 New York Times жазғандай, Мадуро АҚШ-қа елдегі мұнай кеніштерінде үлес және америкалық бизнеске жаңа мүмкіндіктер ұсынған, бірақ Вашингтон бұл келіссөздерді тоқтатқан.

Трамп пен Мадуро нақты нені талқылады?

Miami Herald газетінің дерегінше, телефон әңгімесі үш негізгі мәселе бойынша тығырыққа тірелген:

1. Мадуро өзі және серіктері үшін толық амнистия сұраған.
Вашингтон бұған үзілді-кесілді қарсы болған.

2. Мадуро әскери күштер үстінен бақылауды сақтап қалуды талап еткен.
Бұл Никарагуадағы 1991 жылғы Виолета Чаморро жағдайына ұқсас модель еді. Әскерді бақылауда қалдырудың орнына ол еркін сайлау өткізуге келісетінін айтқан. АҚШ бұл ұсынысты да қабылдамаған.

3. Демократияны қалпына келтіру үшін Мадуроның толық және дереу отставкасы талабы қойылған.
Трамп оған өзі, зайыбы Силия Флорес және ұлы елден қауіпсіз кете алатынын жеткізген, бірақ тек Мадуро дереу қызметтен кетсе ғана.

Miami Herald мәліметінше, Трамп:
«Өзіңді және ең жақындарыңды сақтап қалғың келсе – елді қазір тастап шығуың керек», – деп талап қойған.

Reuters дерегінше, Мадуро отставкаға келіскен жағдайда АҚШ санкцияларын толық алып тастауды, өзі мен отбасына толық заңды кепілдік беруді, сондай-ақ ісінің Халықаралық қылмыстық соттан алынуын сұраған. Сонымен қатар Венесуэланың 100-ден астам шенеунігіне салынған санкцияларды жоюды талап еткен.

Сонымен бірге ол жақын одақтасы, вице-президент Делси Родригесдің жаңа сайлау өткенге дейін үкіметті уақытша басқаруын ұсынған.

Reuters мәліметінше, 15 минутқа жетпеген әңгіменің басым бөлігінде Трамп Мадуроның талаптарын қабылдамаған. Бірақ оған отбасымен бірге өз қалаған еліне кетуі үшін бір апта уақыт берген.

Жұма күні бұл мерзім аяқталды. Ал сенбіде Трамп Венесуэла әуе кеңістігінің «жабылғанын» жариялады.