«Маған қалуға мүмкіндік беріңіздер» — НЗМ оқушысы Президентке үндеу жасады

11-сынып оқушысы видеоүндеу жазып, кінәсін мойындап, оқуын жалғастыруға мүмкіндік беруді сұрады.
Назарбаев зияткерлік мектебіндегі дау оқу жылы аяқталуға екі күн қалғанда 11-сынып оқушысы мектептен шығарылған соң өршіп кетті. СОЧ (жылдық қорытынды бақылау) кезінде ол сыныпқа ұялы телефон алып кірген. Мұны байқаған мұғалім оның жұмысын жарамсыз деп танып, телефонын тәркілеген. Бұған жауап ретінде оқушы ұстазға тіл тигізген. Бұл оқиға педагогикалық кеңесте қаралып, 23 мамыр күні оны мектептен шығару туралы шешім қабылданған.
Оқушының айтуынша, ата-анасы орыс тілін жетік білмегендіктен және эмоциялық қысым әсерінен неге қол қойғанын түсінбей, өтінішке қол қойған. Кейін баласын мектепке қайтармақ болғанда, басшылық одан бас тартқан. Оның пікірінше, мектеп директоры мұғалімдер мен ата-аналар арасында өзі жайлы жалған ақпарат таратып отыр.
«Мен салдарынан қашпаймын. Дисциплинарлық жазаға, қоғамдық жұмыстарға, басқа да шараларға дайынмын. Тек осы мектепте қалуға және оқуымды жалғастыруға мүмкіндік беріңіздер. Бұл мектеп мен үшін өте қымбат», — деді оқушы.

Бұған дейін НЗМ басқарма төрағасы Ануар Жангозин мектеп оқушысының кінәсі дәлелденгенін мәлімдеді.
Оқиғаға қатысты Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да пікір білдіріп, оқушының құқығы бұзылғанын және педкеңестің өкілеті шектен тыс пайдаланылғанын айтты:
«Мектеп тек білім беріп қана қоймай, тәрбиелеуі де керек. Бұл мектепке ең дайын, ең ынталы, қатаң іріктеуден өткен оқушы 5 жыл бұрын келді. Мемлекеттік грант жеңіп алған бұл бала оқуын осында жалғастыруы тиіс. Мектеп балалармен жұмыс істеуі керек, қорқыта беру емес», - деді депутат.
Смирнова кәмелетке толмағандардың әкімшілік құқық бұзушылықтары Қазақстанның Әкімшілік кодексімен реттелетінін де еске салды.
Жағдайға Білім министрі Ғани Бейсембаев араласты. Оның тапсырмасымен мектепке Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен аумақтық департамент өкілдері жіберілді.
«Қазақстанда мұғалім мәртебесі заңмен бекітілген және оның қоғамдағы ерекше рөлін айқындайды. Олардың кәсіби абыройына күмән келтіруге болмайды. Сонымен бірге біз оқушының жасаған қателігін түсінгенін көріп отырмыз. Бұл жағдайда НЗМ ішкі ережелерге ғана емес, гуманизм мен кәсібилік қағидаттарына да сүйене отырып шешім қабылдайды деп сенеміз», - деді ведомствоның ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.