Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:05

МАГАТЭ: Иран жақында уран байытуды қайта бастай алады

иран
Фото: АР

Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік басшысы Тегеранның ядролық бағдарламасы толық жойылмағанын мәлімдеді.

Иран билігі АҚШ пен Израильдің ядролық нысандарға жасаған шабуылдарына қарамастан, бірнеше айдың ішінде уран байыту үдерісін қайта жандандыра алады. Бұл туралы 29 маусым күні CBS телеарнасына берген сұхбатында МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси мәлімдеді.

«Иранда бар қуаттылық әлі де сақталып отыр. Бірнеше ай ішінде, бәлкім одан да ертерек, олар бірнеше центрифуга каскадын іске қосып, байытылған уран өндіруі мүмкін. Онда бәрі жойылды немесе ештеңе қалмады деп айтуға болмайды», — деді Гросси.

МАГАТЭ басшысы Иран инфрақұрылымына «елеулі зиян келгенін» атап өтсе де, ядролық бағдарлама толық жойылмағанын айтты:

«Бұл — елеулі соққы. Бірақ толық жойылу емес. Иранда өндірістік және технологиялық база бар. Егер қаласа, олар бұл жұмысты қайта бастай алады».

Иран МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқтатып жатыр

2025 жылғы 25 маусымда Иран парламенті МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқтату туралы заңды қабылдады. Бұл шешім агенттік инспекторларының елге кіруіне тыйым салады. Заң жобасы күшіне енуі үшін оны Конституция сақшылар кеңесі мен Ұлттық қауіпсіздік кеңесі мақұлдауы керек.

Ал 28 маусымда Mehr мемлекеттік агенттігі Иран билігі Рафаэль Гроссидің елдегі ядролық нысандарға баруына тыйым салғанын хабарлады. Сонымен қатар, МАГАТЭ Иранда бейнебақылау камераларын орната алмайды.