Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:31

МАГАТЭ: Запорожьедегі АЭС маңында атыс болып, қара түтін шықты

АЭС
Фото: hromadske.ua

Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) бақылаушылары Ресей басып алған Запорожье атом электр станциясы маңында атыс болып, қара түтін көтерілгенін хабарлады. Бұл туралы ұйымның бас директоры Рафаэль Гросси мәлім етті.

МАГАТЭ ресми хабарламасында атыстан кейін үш жерден қара түтін шыққаны жазылған. Ресей тағайындаған станция «басшылығы» агенттікке бірнеше артиллериялық снаряд станция периметрінен тыс жерге, шамамен 400 метр қашықтағы дизель отыны қоймасынан алыс емес аумаққа түскенін жеткізген.

Қазіргі уақытта зардап шеккендер немесе станция жабдықтарына келген зақым туралы ақпарат жоқ. Дегенмен, Рафаэль Гросси бұл оқиғаның ядролық қауіпсіздікке төніп тұрған тұрақты қатерді тағы да айқындап бергенін атап өтті.

«Бір кездері елестету мүмкін емес болған жағдай – ядролық нысандар маңындағы атыстар немесе әскери қимылдар – осы соғыс кезінде қалыпты құбылысқа айналды. Уақыт өтіп кетпей тұрып, барынша сабыр сақтап, атом станцияларына жақын аймақтарда әскери әрекеттерге жол бермеу қажет», — деді Гросси.

Ресей мен Украина арасындағы айыптаулар

17 қыркүйек таңертең ресейлік РИА «Новости» өрттің сөндірілгенін хабарлап, болған жағдайға Украина Қарулы күштерін айыптады. Украин тарап әзірге БҰҰ агенттігінің мәлімдемесіне түсініктеме берген жоқ.

Бұған дейінгі инциденттер

Запорожье АЭС – Еуропадағы ең ірі атом электр станциясы. Ол Запорожье облысының Энергодар қаласында, Кахов су қоймасының жағасында орналасқан. Ресей әскері 2022 жылдың наурызында Украинаға басып кіру кезінде станцияны өз бақылауына алған. Мәскеу нысанға жаңа басшылық тағайындап, оны өз энергия жүйесіне қосуды көздеп отырғаны туралы деректер бар.

2025 жылдың шілдесінде станцияда екі бірдей қауіпті оқиға тіркелген:

  • 4 шілде күні Ресейдің оқ атуынан кейін станция толықтай жарықсыз қалғанын Украина энергетика министрі Герман Галущенко хабарлаған.

  • 13 шілде күні МАГАТЭ бақылаушылары бір түнде жүздеген оқ атылғанын естіп, таңертең бесінші және алтыншы реакторлардың жанында ұсақ калибрлі оқ-дәрілердің гильзаларын тапқан.

Тегтер: