Мағауиннің «Жұлдызы»
Ахаң марқұм, Ахат аға Жақсыбаевтың: «Жұлдызда» жұмыс істеу – бақыт!» дейтін қаламгерлер арасына кең танымал «афоризмі» бар еді.
Сол өлшеммен таразыласақ, мен шынында да көп адамнан көбірек бақытты шығармын. Олай дейтінім, «Жұлдыз» журналында табан аудармай ұзын-ырғасы 35 жыл жұмыс істеппін, бірден-бір «старожил», «чемпионмын» десем де болады.
Мұхтар аға мені 1989 жылы күзде «Жұлдызға» шақырды. Ашаршылық туралы «Құзғын тойған қыс» дейтін хикаятымды оқып көңілі тұщынған екен, «Сені «Жалынның» бәйгесін алған шығармаларыңнан білем, кейбіреуіне рецензия да жазғам, бәрі жақсы, бірақ сирек жазасың, қашанғы «Қазақфильмнің» әләуләй еркін өміріне мойынсал боп жүре бересің, әдеби ортаға аралас, өзіңді қамшыла» деп, менің тартыншақтағаныма қарамай, сол жерде жұмысқа қабылдаған. Аспандағы жұлдыздай қол жетпейтін «Жұлдыздың» білдей қызметкері болдым дегенге сенер-сенбесімді білмей шекем шыңылдап бөлмеден шықтым. Міне, сол күннен бастап тұп-тура он жеті жыл бойы Мұхаңның, марқасқа Мұхтар Мағауиннің оң тізесін басып, саясында қызмет атқардым. Бірге өткізген осы бір күндерді өмірімнің ең бір мағыналы, шуаққа толы сәулелі сәттері деп есептеймін. Кемел білімі, ар алдындағы кіршіксіз тазалығы, адамгершілік асқақ рухымен айналасындағы біздерді есепсіз байытты, жайнаған жарыққа жетеледі.
Мағауиннің шығармашылық әлемі телегейдей тұңғиық, көкжиегі кең шалқар шексіз кеңістік екені дәлелдеуді қажет етпейтін, әлдеқашан мойындалған ақиқат. Ол туралы жазылып та келеді, жазыла да бермек, тұтас бір әдебиет пен тарих институты бірлесіп зерделесе де таусылмайтын байтақ қазына.
Қазақтың тарихын түгендеп, жоғын жоқтап, жаны шырылдап өткен жазушының ұлт мүддесінен бөтен алаңы болған жоқ. Әлихан, Ахаңдардың қолынан қапияда сусып түскен Алаш идеясының туын жерге құлатпай қағып алып, бүгінгі таңға желбіретіп жеткізгендердің бірі де, бірегейі де Мағауин сойлы пассионарлық тұлға. Ұлы жазушының бүкіл болмыс-бітімі – ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі. Оның әрбір ісі, әрбір басқан қадамынан «соңғы демім біткенше Алаш үшін» дейтін Ахаң, Жақаңдардың жанкешті тәуекелі мен мұндалап тұратын. Мұхаңның кең шалқар шығармашылығына қайық салсақ, шеті мен шегіне жете алмай әңгімені тым ұзартып аламыз. Мен бұл жерде «Жұлдыз» журналында бірге қызмет атқарған тұста өзім куә болған, Мұхаңның шын адамгершілік сипатын, азаматтық тұғырын айқындайтын кейбір ғибратты мысалды тілге тиек етсем деймін.
Мұхаң кейде әңгіме арасында: «Менің жастайымнан діттеген екі мақсатым болды: Атам ырымдап атымды Мұхтар қойған соң, ұлы Әуезовтей жазушы болсам деп армандайтынмын. Әуезовтей бола алдық па, жоқ па, ел өзі айта жатар. Ал екінші арманым «Жұлдыз» журналына редактор болсам болды, одан артық мансаптың керегі жоқ деп ойлайтынмын. Құдайға шүкір, ол мұратыма жеттім, міне!» – дейтін әдемі қияқ мұртының шалғысын жымия сипап қойып. Мансап қуса, талай-талай биік креслоға қонжиярдай әлеуеті бар алымды да шалымды интеллектуалдың неге «Жұлдызға» алабөтен құсы түсуінің мәнін кейін келе түсінгендей болдық. Ол әдебиетіміздің бас журналы «Жұлдызды» ұлтқа қызмет етудің құралы деп білді. Сондықтан оны алғашқы күннен бастап соны шиырға бағыттап, жаңаша мазмұнмен байытуға бар күшін салды. Редакцияның шығармашылық саясатын түбегейлі өзгертті, өз жазу-сызуын күйттеуден өзгеге самарқау, қалғып-мүлгіп отыратын «ескі гвардияның» көбін дабырайған атақ-даңқ, «классиктігіне» қарамай бөстегін арқалатып, қызметкерлер құрамын түгелге жуық жігерлі жас буынмен жасақтады. Қалай үйірсең де алшысынан түсетін алтын сақадай Тұрсын Жұртбай, Рафаэль Ниязбеков, Тұрсынжан Шапай, Асқар Алтайлардың қатарына Серікқали Хасан, Сырымбет Кәрімов, Тұрсынхан Зәкен, Ағеділ Тойшан, Ораз Қауғабай, Қыдырбек Ырысбек, Қуанышбек Қари секілді талантты қаламгерлер топтасты. Оған қоса, жазған мақалаларына ерекше сүйсініп, бүгінгі арқалы ақын, ғажап публицист Қорғанбек Аманжоловты сонау Көкшетаудан арнайы шақыртып алды. Қыңыр мінез, қисық жүрісіне қарамастан, түрлі газеттердегі тұщымды материалдары үшін белгілі ақын Мырзан Кенжебайды да жұмысқа тартты. Мұхаң кісі бойындағы талантты ерекше құрметтеп, пендешілік кейбір кемшіліктеріне кешіріммен қарайтын. Жасыратыны жоқ, біздің ақ Қорғаштың ол кезде «көкмойнақ» көрсе, қалпағы қисайып кететін аздап көңілшектігі бар еді. Тәртіп жағын қадағалайтын қатал жаухатшымыз соны тілге тиек қып шағынғанда Мұхаңның: «Он бесің жабылып бір Қорғанбектің мас боп жүріп жазған мақаласын жаза алмайсыңдар!» деп, ақ Қорғашты кір жуытпай қорғаштағаны әлі есімізде. Тағыда біреулер: «Осы Мырзан әрпіл-тәрпіл сөйлей береді, бүгін былай десе, ертең олай дейді» деп күстаналағанда, Мұхаң: «Е, онда не тұр? Мырзан ақын емес пе, ақын өзгеріп тұру керек, өйтпесе ақын бола ма?» деп, күлдіргені бар.
Тізгінді қолға алған күннен бастап Мұхаң ұлт мүддесі, Алаш идеясын журналдың түпқазық мұратына айналдырды. Бізге ылғи: «Жолдасым, елдесім, ағам-жағам дейтін қазақи көңіл жықпас пиғылдан аулақ болыңдар, тіпті жауласып жүрген біреуің болса да, қиянат жасама, журнал бәріне ортақ, халыққа керекті мәнді, өзекті дүниелерді іріктеңдер», деп, уақыттың сөзін сөйлеген ділгір шығармаларды кезексіз жіберіп, таланттың алдын ашып отыратын.
Сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басы зұлымдық зынданында тұншыққан Совет қоғамында демократияның жылы желі есіп, қазақ руханиятына жаңа тыныс, тың серпін әкелген кезең болғаны мәлім. Шәкерім, Мағжан, Жүсіпбектер ақталып, жарты ғасыр тар қапаста қансырап жатқан Алаштың асыл Сөзі ақырып бостандыққа шықты. Басқа басылымдар қалай боп кетер екен дегендей әлі де әліптің артын бағып жалтаңдағанда, Мағауин Аймауытовтың «Ақбілек», «Қартқожағынан» бастап, Шәкерім, Мұрат, Мағжан, Халил, Смағұл, Қошке, т.б. арыстардың заман зарын толғаған өксікті ащы шығармаларын «Жұлдызға» лек-легімен сыпыра басып, отты, есті сөзге шөліркеген қалың қазағын Алаштың асқақ рухымен қауыштырды.
Тоқсан бірінші жылы Янаев, Лукьянов бастаған коммунизмның сілімтік сатраптары атышулы «тамыз путчін» ұйымдастырғаны есімізде. Горбачевті Форос аралында тұтқында ұстап, бұрынғы советтік автократиялық жүйені қайта қалпына келтіруге әрекеттенді. Ел ішін үрей биледі. Тіпті республика басшыларының өзі не істерлерін білмей дағдарған. Осынау алмағайып сәтте Мұхаңның тәуекелшіл ерлігіне таңғалып едік. Октябрь революциясының қазақ даласына әкелген кесапаты, отыз екінші жылғы ашаршылық, отыз жетінің зобалаңы, КГБ жендеттерінің жауыздығынан бастап тұтастай советтік социалистік қоғамның зұлымдық келбетін аяусыз әшкерелейтін атақты «Сары қазақ» романын жаңа жазып бітірген кезі. Ертең қалай деп бола ма, ең болмаса, елдің қолына тисін деген оймен, баспаға кетіп бара жатқан материалдың бәрін ысырып тастады да, 8-нөмірге романды тұтастай салып жіберді. Бұл қадам, ертең басқалай күн туа қалса, өзіне-өзі үкім шығарғанмен бірдей қатер екенін ойлап тайсақтаған жоқ. Құдай оңдағанда, мысық тілеу сатқындардың жолы болмай, «тамыз бүлігі» ақыры зұлымдық империясының түбіне жетіп тынды.
Азаттықтан кейін бұрынғы екі шұқып, бір қарайтын қырағы цензура жойылып, баспасөзге еркіндік тиді. «Жұлдыздың» тақырып аясы кеңіп, алдынан шалқар шиыр ашылды. Журналдың әр нөмірі жұрт іздеп жүріп оқитын көркем энциклопедияға айналды десек болар. Шахмат шаршысында он ойланып, жүз толғанып жүріс жасайтын қағілез гроссмейстердей, бәріне ұйытқы боп, бағыт беріп отыратын Мұхаңның өзі. Басы бостан болғанмен түп тарихынан қол үзіп қалған, дінін жатырқап, тілі, салт-дәстүрінен алшақтай бастаған қазақ қоғамының алдында күрмеуі қиын сан тарау мәселе анталап тұрды. Ғасырлар бойғы отарлық езгіден мәңгіріп қалған ұрпақтың қайтсек жасыған жігерін жанып, рухын оятамыз, қайтсек көзін ашамыз деген жалғыз мұрат «Жұлдыздың» бет түзер темірқазығына айналды. Мұхаң өзі бас боп, бүкіл редакция ұжымын, соған қоса ұлтжанды интеллектуалдар қауымына қозғау сап, түгелдей осы идея төңірегіне жұмылдырды. Нәтижесінде, КГБ-ның зынданы мен шаң басқан архивтерде сарғайып жатқан талай жауһар «Жұлдыз» арқылы оқырман жүрегіне жол тартты. Өтірікпен миы уланған ұрпақты баба қазақтың шын тарихымен табыстыру үшін Мұхаң өзінің әйгілі «Қазақ тарихының әліппесін» бір ай ішінде табандап отырып жазып шықты. Біздің әрқайсымызға ыңғай-икемімізге қарай жеке-жеке міндет жүктеді. Тұрсынды архивтерге жұмсап, Ыбырай Алтынсариннің ұрпақ санасынан мүлдем ұмыт қалған «Мұсылмандық тұтқасы» дейтін бүкіл шариғаттың жөн-жоралғысы жайлы егжей-тегжейлі баяндайтын діни танымдық еңбегі, Мұхамеджан Тынышбаевтың «Қазақ-қырғыз тарихы», Сапарғали Бегалиннің 1948 жылы жазылып, ешқайда жарық көрмеген «Жамбыл» романы, тағы көптеген құнды дүниелерді таптырып алды. Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр апайдың өз әкесі мен Әлекең, Ахаң, т.б. Алаш арыстарының өмірінен терең сыр тартатын тебіреністі естеліктер кітабы, Алаш көсемдерінің көзін көрген, асылдың сарқытындай аяулы Ғалекең, Ғалым аға Ахмедов тәржімалаған орыс тарихшысы Е.Смирновтың Кенесары ханның баласы баһадүр Сыздық сұлтанның ерліктері туралы тарихи баяны оқушы жүрегін баурап, санасын сілкігені аян. Жас ғалымдар Дихан Қамзабекұлы мен Сұлтанхан Аққұлы Смағұл Сәдуақасовтың жиырмасыншы жылдардың басында жазған «Сәрсенбай» атты романын КГБ архивінен іздеп тауып «Жұлдызға» ұсынды. (Өкінішке қарай, қазақтың тұңғыш қала романы деп атауға болатын бұл ғажап туындының жартысына жуық жерінің жазуы өшіп танылмай қалды). Ермұхан Бекмахановтың Кенесары көтерілісі туралы атақты монографиясы да (Құныпия Алпысбаевтың аударуымен) қазақ тілінде тұңғыш рет «Жұлдызда» жарияланды. Белгілі түрколог Әлімғазы Дәулетхан тәржімалаған түрік тарихшысы Баһадтин Огәлдің екі томдық «Ғұн империясының тарихы», имам Халифа Алтайдың аударуындағы қасиетті «Құран-Кәрим», пайғамбарлар тарихымен де қазақ қауымын алғаш таныстырған Мағауиннің «Жұлдызы»... Мұның бәрі үстіртін ой жүгіртіп өткенде ауызға іліккен көп тізімнің бір парасы ғана.
Қызыл империя тұсында халқымыз не зұлматты басынан кешпеді? Совет үкіметі алғашқы күннен бастап-ақ отаршыл Ресейдің бұратана жұртты езіп-жаншу саясатын ары қарай жалғастырып, халқымызды қырып-жоюдың небір айуандық айла-тәсілін жоспарлы түрде жүзеге асырғаны мәлім. Қолдан неше түрлі геноцид ұйымдастырылды. Кәмпеске, Коллективизация, 21, 32-жылғы ашаршылық, 37-нің зұлматы, Тың игеру, Семей, Барсакелмес, Азғыр полигондары... бір-бірімен жалғасты тізбектеліп жатқан бұл қанды қылмыстардың барлығы да есті ұрпақтың жадынан өшпес мәңгілік қасіреттің қаралы таңбалары. Тарихымыздың осынау тайғақ кешу беттерінің қай-қайсы да журнал назарынан қағыс қалған жоқ, жан шошытарлық ащы шындық оқушының жан дүниесіне қозғау салатындай қуатпен жан-жақты дәйектеліп, молынан қамтылды. Мұхаң әсіресе 32-дегі ашаршылыққа айрықша ден қойды. Бұл халқымыз бұрын-сонды бастан кешпеген, беломыртқасы опырылып жусап қалған алапат нәубет екені белгілі. Қазақтың төрттен үші қырғын тапты, әлі келгені тентіреп, шет асып босып кетті. Осы тақырыпқа арнайы «Сары кітап» айдарын ашып, ашаршылық куәларының естелік-жазбаларын көптеп жариялады. «Аштықты көзімен көргендер, бала болса да басынан кешкендер қазір қартайып шал-кемпір болды, қатары күн сайын сиреп барады, архивтегі деректер жүз жыл болса да сақталады, тірі куәлердің бір ауыз сөзі болса да хатқа түсіріп алып қалайық, мың жерден көркем шығарма жазсақ та, бір ауыз нақты деректей құнды болмайды» деп, біздерге қадап айтатын. Нақты кімдермен сөйлесіп, сұхбат алу керек, бәрінің тізімін өзі жасап беретін. Айдарды негізінен Қорғанбек жүргізді. Зұлмат заманның тірі куәгерлері Мәриям Хакімжанова, Шәкерім қажының немересі Мәкен Ғафурова, т.б. естеліктері жарияланды. Бірде Шұбартау жақтағы Раздықбай дейтін ақсақалға Қорғанбек арнайы барып, ашаршылық алапатын көзімен көрген қарияның айтқандарынан тамаша естелік жазып қайтты... «Сары кітап» – қазақтың сорғалап аққан ащы жасы, қызыл қанымен жазылған қасірет кітабы еді. Кейін бұл тарихтың көнермес куәсін Мұхаңның баласы – Едіге бауырымыз, «Жұлдыздағы» материалдар бойынша жеке кітап қып басып, кең аудиторияға шығарды.
Тарихымыздағы қарғыс таңбасы басылған қаралы беттердің бірі ел қаймағын қидай сыпырған 37-нің лаңы екенін білеміз. Сол тұста іштен шыққан сатқын, жалақорлар әсіре белсенділік танытып, жазықсыздың қанын судай сапырған сталиндік қасап машинасының шығырын шыр айналдырғаны мәлім. Жалған арыз, айыптаулардан қаншама тағдыр күйреп, қаншама нақақ қан төгілді. Жалақорлық феномені – қоғам бойындағы жегіқұрттай жабысқан жиіркенішті мерез, қасіретті дерт. Онымен аяусыз күресу керек, өтті-кетті, ескірді ғой деп, жауырды жаба тоқымай, кейінгіге сабақ болу үшін әшкерелеп отыру ләзім. Сталиндік террор кезінде қырағылық танытып «халық жауларын» әшкерелеген сайыпқырандардың неше түрлі жалақор жазбалары, газет бетіндегі айыптау мақалалары «Жұлдыздың» «Қара кітап» айдарында жарияланып, көпшілік талқысына түсті. Жұрттың көзі ашылып, кімнің кім екенін таныды. Ахаң, Мағжандарға қиянат жасаған талай мықтының қоясы ашылып, беттері тілінді...
Міне, осыншама ұлан-ғайыр тақырыпты қамтып, шырылдап қазақ мүддесін діттеген Мағауиннің «Жұлдызы», шын мәнінде, Ахаңның «Қазағы», Некрасовтың «Современнигі» сияқты, ұлттық ояну дәуірімізде ағартушылық-пассионарлық миссиясын атқарған бірден-бір ренессанстық сипаттағы журнал болғаны даусыз.
Еліміздің азаттығына жүрегі жарыла қуанған бір адам болса, Мұхаңдай болар. Жастайынан рухани қысымды көп көріп, булығып, буырқанып өскен жазушының «социалистік шат-шадыман пейішке» ешқашан іші жылымағанына оның шығармалары куә. Ол жан ләззатын тарихтан іздеді, ұлы бабаларының асқақ рухымен сусындады. Азаттықтың алғашқы күндерінде Мұхаңның: «Енді аштан өлсем де арманым жоқ!» деп, көзіне жас алғанына мына мен куәмін.
Өкінішке қарай, азаттық эйфориясы қазақ қоғамында ұзаққа созылған жоқ. Аласапыран сәтте ел билігін басып қалған бұрынғы партократтар ұлт мүддесіне опасыздық жасап, жеке-дара билеп төстейтін ортағасырлық құбыжық феодалдық монархия орнатты. Қара халықты күнделікті қара нан, қара шайынан басқа ештеңе ойламайтын қайыршы, топас тобырға айналдырды, ойына келгенін істеп, езіп-жаншып, бас көтергенін атып, шектеусіз қорлады. Отыз жылға созылған сойқанды, қорқынышты қара түнек режимнің бүгінгі таңда сұрқия бет-пердесі жыртылып, ресми билік тарапынан саяси тұрғыда айыпталып жатқанын көріп отырмыз. Ширек ғасыр бойы төбемізге әңгіртаяқ ойнатып есірген «Семья» мен ат төбеліндей олигополия не істемеді десейші? Ұрлады, тонады, барыңнан айырып қайыршы қылды, өлтірді, таптап қорлады... Авторитарлық биліктің жойдасыз қиянатына Мұхаң бейжай қарап отыра алған жоқ. Уытты қаламын жай отына жанып алып, майдан ашты: Назарбаевтық «прихватизация» бүкіл байлықты ту-талақай талап-тонап, жер саудаға түскенде: «Жердің асты мен үстін қоса, елін де сатып жіберген патша тек бізде ғана бар!» деп, «Жұлдыздың» бетінде елден бұрын дабылдатқан кім? Мағауин! Билік шекараны шегендедік деп, аяқты алшаң басқанда, көп жер алтын-күміс кенішімен қызыл сызықтың арғы жағында қалғанын айтып айқайлаған кім? Мағауин! «Қазақтың болашағы – қазақ әйелдерінің алтын құрсағында», аналарға жағдай жасалу керек деп, демографиялық мәселеге алаңдаған кім? Мағауин! Жаңаөзендегі қырғында бүкіл ығай мен сығай аузына су толтырып отырғанда, «Қан төгілді!» деп аттан салған кім? Тағы да жалғыз Мағауин!.. Ол ұлт мүддесіне қатысты үлкенді-кішілі мәселенің ешқайсынан тыс қалған емес, бәрінің жоқшысы болып, дабыл қағудан жалықпады.
Айналасына жарамсақтардан жасақ жинап, жалған мақтауға жаны семірген Назарбаевтық билікке турасын тіліп айтар өктем мінез жазушы, әрине, жаққан жоқ. Журналдан қуып, үнін өшіру үшін неше түрлі айла жасады. Қорқытты-үркітті, журналды айлар бойы қаржыландырмай қыспаққа салды. Көп бұлғақтың бәрін тізбей, бірер мысалмен ғана тізгін тартсам, жалған патриот, биліктің қабақ танығыш құйыршығы боп жүрген ұраншыл бір депутат: «Мағауин үкімет қаржыландыратын журналды өз бас пайдасына пайдаланып, үкіметті сынап-мінейтін үгіт құралына айналдырып отыр, бұл сұмдық қой, ойбай, аттан!» деп, ішінде 8 орыс және «Жұлдызды» оқымақ түгіл қазақша ләм деп білмейтін 12 «қара орысы» бар, жиыны, кейін Мұхаң «26 комиссар» деп әйгілеген 26 депутатқа бармақ бастырып, Мәжілісте арнайы мәселе көтерді. Әлгі жантық онымен де тоқтамай, Қ.Жұмаділовтің тәуелсіздік жылдары жайлы «Қылкөпір» дейтін романы шыққан «Жұлдыздың» нөмірін қыбын тауып президенттің қолына ұстата қойыпты. Іле-шала Президент Әкімшілігінен бір чиновник шырылдап маған телефон шалды (ол кезде Мұхаң Чехияда жүрген). «Романның жалғасы шығып кетсе, дереу ол номер тұтқындалсын!» деді. Мен: «Тарап кетті!» дедім. «Ойбай-ай, енді қайттім!» деп, жыламсырап телефонды тастай салды. Осыдан кейін билік Мұхаңды «Жұлдызда» көп тұрақтатқан жоқ. Түртпек көбейді, тіпті ашық қоқан-лоқыға дейін барды. Осындай саяси, рухани қыспаққа жаны күйген жазушы не істеуі керек? «Ойбай, ол ешқандай диссидент емес, ешкім елден қуған жоқ» деп, ең болмаса аруағына тыныштық бермей артынан топырақ шашқан имансыз кей шәуілдекке ескертерім, бір сөзін екі дәйекке сүйеніп айтатын ғұлама Тұрсынның куәлігіне жүгінсін: «Мұхаңның үйінің алдына қауіпті топтар жиналып, балағат сөздер айтып, елден кетуін талап еткен... Ақыры өміріне тікелей қатер төне бастаған соң, досы Әбіш Кекілбаевпен ақылдасып, Еуроодақ ұсынған саяси баспана құқығын пайдаланып, Прагаға кетуге мәжбүр болды». («Мағауиннің «Мені» өлмейді», «Жас Алаш» газеті).
Міне, соңғы демі біткенше қазағының жоғын жоқтап атойлап өткен арда бітімді арыстан Мағауин енді жоқ. Бірақ бар! Мәңгілік бар! Асау жүректің ыстық қанымен жазылған мың-сан парақтың әр жолынан сағынышқа айналар нұрлы жүзі сәл мұңая қарап, өзінің асыл мұратын сіз бен бізге аманаттап тұр.
Тұрысбек Сәукетаев