Магдебург қаласындағы оқиғадан қаза болғандар саны бес адамға жетті
Германияның Магдебург қаласындағы рождество базарындағы оқиғадан қаза болғандар саны бес адамға жетті. Ал ауыр жарақат алғандар саны 200-ден асады.
20 желтоқсан Магдебург қаласындағы Рождество базарында жүк көлігі адамдарды қағып кеткен болатын. Алғашында 2 адам қаза тауып, 60 адам жарақат алды деген мәлімет тарады. Қазір қаза болғандар мен зардап шеккендердің саны артып жатыр.
Қазір бес адам қаза тауып, 40 адам ауыр, 90 адам орташа, 80 адам жеңіл жарақатпен ауруханада жатыр.
Қайғылы оқиға Магдебург орталығындағы Альтер Маркт («Ескі базар») алаңындағы Рождество базарында болды. Куәгерлердің айтуынша, көлік бар жылдамдықпен халықты соққан. Полицейлер оны тоқтатып, шабуыл жасады деген күдіктіні ұстағанша көлік базарды 400 метрдей жүріп өткен, деп хабарлайды Bild газеті.
Шабуыл жасаған адам Сауд Арабиясынан келген дәрігер
Welt газетінің хабарлауынша, шабуыл жасаған 1974 жылы туған ер адам. Ол 2006 жылы Сауд Арабиясынан Германияға келген дәрігер.
Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, 50 жастағы күдікті Талеб А. психиатр және психотерапевт болып жұмыс істейді. Frankfurter Rundschau газеті ол туралы 2019 жылдың наурыз айында былай деп жазған: "Талиб әл-Абдулмохсен 2006 жылдан бері Германияда тұрады. Ол Германияға психотерапевт мамандығы бойынша оқуға шақырылған дәрігер ретінде келген, содан кейін осы жерден баспана сұраған. 44 жастағы ер адам саяси босқын мәртебесіне ие".
Die Welt басылымының жазуынша, ер адам Магдебургтен 50 шақырым жерде орналасқан Бернбургте тұрған. Күдіктінің тұрғылықты жеріне тінту жүргізілді. Басылым жоғарыда аталған ақпаратқа негізделген сипаттамаға сәйкес келетін Taleb Al Abdulmohsen пайдаланушысының әлеуметтік желідегі профилін тапты.
Күдікті жалғыз әрекет еткен
«Күдікті жалғыз әрекет еткен, сондықтан қазіргі бағалау бойынша, енді қалаға қауіп төніп тұрған жоқ, өйткені біз оны ұстадық. Қазір барлық тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», - деді Райнер Хаселофф. Ол Магдебургтегі оқиғаны «Магдебург қаласы, федералды жер және бүкіл Германия үшін қайғылы оқиға» деп атады.
Бұл Германиядағы мұндай бірінші жағдай емес
Осыдан сегіз жыл бұрын, 2016 жылдың 19 желтоқсанында – Берлиндегі Брейтшайдплатцтағы Рождестволық базарда лаңкес көпшілікті жүк көлігімен қағып кетті. Салдарынан 12 адам қаза тауып, 70-тен астамы жарақат алды. Шабуылшы Италияға қашып кеткен, кейін оны полиция атып өлтірді.