Магистратура емтиханы басталды: 13 мың грантқа 43 мың адам таласады

Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды. Ол 10 тамызға дейін жалғасады.
Ұлттық тестілеу орталығы жалпы 43 мыңға жуық өтініш келіп түскенін хабарлады.
Тестілеу уақыты, күні және орны туралы ақпарат КТ-ға қатысушыларға 18 шілдеде жеке кабинет және sms-хабарлама арқылы хабарланды.
Айта кетейік, магистратураға түсушілер 13 мың мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады.
Кешенді тестілеуді тапсырып болғаннан кейін сертификатты жеке кабинеттің «Менің іс-әрекетім» бөлімінде жүктеп алуға болады.
Ең көп таңдалған білім беру бағыттары: «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Бизнес, басқару және құқық».
«Барлық қалаушылар үшін тіркеу бір жарым ай жүргізілді. Тіркелу барысында оқуға түсуші тестілеу орнын өзі таңдады. Емтихан бүгін басталып, 10 тамызға дейін жалғасады», - дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Грант конкурсына құжат 11-14 тамыз аралығында қабылданады. Ал грант иегерлерінің тізімі 26 тамызға дейін жарияланады.