МАГНИТ ӘКІМ. Трамвай, тиін, қоршау, бордюр, брусчатка...
Өткен аптада әлеуметтік желіде журналистер мен блогерлер бір уақытта, бір сәтте ескі әкімдерді еміреніп еске алсын.
Соңғы жылдары бір енеден туғандай, бір ұядан шыққан балапандардай мәтіні ұқсас, мазмұны бірдей посттар жазылатын болды. Әкімдер туралы жазба да соған қатты ұқсайды. Бауыржан Байбекті іскер еді, шаруақор еді деген жазбалар саны жағынан басқаларынан басымдау көрінген. Ал Шымкент әкімі Ғабидолланы сағынатындар бар екен. Арасында теріскейдегі екі облысты да қарық қылмаған Ақсақаловты аңсағандар да, Текелінің әкімі болған Өнербаевқа өрелі еді деп жағымсынған жазбалар да жүр.
Бұл нені аңғартады? Бір күнде, бір сәтте жарияланған бұл посттардың арғы жағында ескі Қазақстанның жуандары мен кландары тұрған болуы мүмкін. Әйтпесе, кезінде Алматыдан ит қосып қуып кетіре алмаған Байбекті, хайп қуғыш Шымкент әкімін аяқастынан кім сағына қалсын?

Мүсінге құмар әкім
Басқаларын қайдам, Бауыржан Байбекке деген «сағыныш» сенімсіздеу. Өйткені ол ескі Қазақстанның үштігіне немесе бестігіне кіретін жуандардың бірі. Қаңтар оқиғасынан кейін аттан түсіп қалған Назарбаев командасының ішіндегі негізгі кадр. Байбекті Назарбаев «күшігінен» асырады. Иесіне адалдығын былтыр Қаңтардан кейінгі жаппай айыптау кезінде көрсеткен-ді. Басқалары экс-елбасынан бас тартып жатқанда, Бауыржан «батырларша» қасқайып тұрып, адалдығын айтып кетті.
Сол Байбек қазір Германияда тұрып жатыр дейді. Жуырда ғана немістердің атақты музыканты, пианинашы Эвелинда Тренкнердің бюстіне демеушілік жасап, Германия баспасөзінде жарқ ете қалған. Сөйтсек, бюст қойылған музыкалық мектепте оқыған екен ғой. Туған жерін ұмытса да, оқыған мектебін ұмытпаған Байбекке немістер сүйсініп отырған көрінеді. Бір жағынан бұл қаңтар оқиғасынан кейін үн-түнсіз шетел асқан сабаздың қауіпсіздігі үшін жасаған қадамы болуы мүмкін. Қауіпсіздігі үшін дегеніміз – қаңтардан кейін Қазақстаннан шетелге кеткен қаржыға іздеу салынып жатыр, қазіргі мәжілістің ішінде осы міндеттемемен сайланған екі-үш депутат бар. Күндердің күнінде Байбектердің заңсыз тапқан, заңсыз шетел асырған ақшаларына Қазақстан билігі сұрау салса, Байбек немістерді арқалануы әбден мүмкін. Бюст қоюдың астарында осындай қам жатса, таңғалмаймыз.
Мүсін дегеннен шығады, Бауыржан Байбек Алматы әкімі болып тұрғанда қамыс пен сабаннан алып тиін жасап, Қазақстанды дүр сілкіндірген болатын. Қала бюджетінен 23 миллион теңге бөліп, «Атакенттің» алдына қойған орман тиіні «Алматы экологиясының символы» деп түсіндірді сол кезде шаһар әкімі. Экологиялық апатты тиінмен тұспалдаған Байбектің қиялын қайдам, сол уақытта екі бөлмелі пәтердің құнына салынған сабан мүсінге Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттері қарсылықтарын сөзбен емес, іспен білдірген-ді. Далалық практика кезінде егіс басына тура сондай бір тиінді бір тиынсыз салып, Байбектің 23 миллиондық қиялының күлін көкке ұшырған. Кейін оны әкімдік тарапынан қысым жасады ма, сабан жиып салған алып тиінді алып тынды.
Трамвайдың түбіне жетті
Байбек десе, Алматының орыс кемпір-шалдары түсінен шошып оянады қазір. Оның да жөні бар. Кезінде Көкбазарға көк дорбаларын көтеріп, трамваймен қатынайтын қалалықтардың ескі дәстүрін бұзған осы Байбек «батыр». Әкім болып келе салып, темір-терсек жиған Байбектің артынан әртүрлі сөз ерді сол уақытта. «Приём металл» деген үлкен орталық ашыпты», «Қытайға темір өткізеді екен» десті жұрт. Байбектің темір тартатын қасиеті трамваймен тоқтаған жоқ. Алматыны қоршаусыз қалдырды. Еуропада бәрі алан-ашық тұрады деп, алып шаһардағы емхана, аурухана мен жоғары оқу орындарының темір қоршауын қидай сыпырған. Бір бұрау темір қалдырмай, бәрін жинап алды да, «Еуропадағыдай өмір сүреміз», «Германиядағыдай мәдениетті мемлекетке айналамыз» десін. Байбек оқыған Германияға жету қайда Қазақстанға? Оны түсінетін Байбек пе, айтты, істеді.
Байбектің аты Алматы тарихында трамвайдың түбіне жеткен әкім ретінде ешқашан өшпейді. Алматы символы тиін емес, трамвай болатын. Алматы табанына төселгеніне 90 жыл болған қала «қантамырын» қиған әкім бір дәуірдің өркениетін өшіргенін түсіне ме екен? Байбек трамвайды тоқтатқан 2015 жылы өз шешімін екі түрлі қисынмен түсіндіріпті. Біріншісі, трамвай желісінің тозуымен, екіншісі 15 көлікті қағып кеткен оқиғамен байланыстырған болатын. Алайда Қазақстан президенті Қ.Тоқаев Павлодар тұрғындарымен кездескенде, Алматы трамвайын еске алып:
«Алматыда трамвай жүрді, ешкімге кедергі келтірмеді, бірақ оны қаладан алып тастау туралы шешім қабылдады. Ауқымды жұмыс жүргізілді, релстер жойылды, енді Алматы трамвайсыз қалды. Трамвай қаланың символы болғанын атап өту керек. Егер қажет болса, жолдарды жаңғыртып, жаңа, дыбыссыз трамвайлар сатып алу керек шығар. Трамвай – өзінше тартымды көлік түрі. Еуропаның көптеген дамыған қалаларында трамвайлар кедергісіз жүреді. Бұл – көптеген жергілікті тұрғындар ұнататын экологиялық және ыңғайлы көлік» деген.
Ал Байбек трамвайды «бір жылда бірнеше рет релстен шығып кеткен қауіпті көлік», «Тозығы жеткен көлік» деген сөзі президент пікірімен қайшы болып отыр. Осыдан кейін жұрт Байбектің басына қара бұлт үйірілетін шығар дескен. Бірақ Назарбаевтың ең жақын кластасының баласы Еуропада талтаңдап әлі жүр. Трамвай тартысы кезінде Ресейден шақыртқан сарапшылар жаңа релстер салуға 16 млрд теңге қаражат кететінін есептеп айтыпты, бұл туралы Байбек 2017 жылы журналистерге берген брифингте сөз еткен-ді. Бір қызығы Байбектің трамвай туралы логикасы одан он есе қымбат ЛРТ-ға келгенде «ЛРТ салу керек» деп өзгере қалады. Сонда Байбектің 16 млрд теңгені қымбатсынғаны құр сөз болды ма? Айтпақшы, Алматыдан темір релстерді сылып тастаған соң, оған магнит әкім деген лақап ат тақты жазғыштар. Ал трамвай жолына веложолақ сызып, қала тұрғындарын шайтан арбаға таңғысы келген әкім өзі бірінші болып белесебет тепті. Веложолақ сызған Байбектің мұнысы әңгіме басында айтқанымыздай, Алматының кемпір-шалдары трамвайдан түсіп, белесебет тепсін дегеніндей әсер қалдырады екен.
Қаңтардың қаруы
Байбек Назарбаевтың ең сенімді кадрларының бірі дедік қой. Онысын Алматыны басқарып тұрған жылдары Фурманов көшесін Назарбаевқа берген «ерен еңбегімен» де дәлелдеген болатын. Халықтың қарсылығына пысқырған да жоқ, бір күнде көше атын ауыстырды да тастады. Қазақтың атаусыз жатқан басқа ұлы тұлғаларына көше беру туралы әңгіме шыққанда, миллиардтаған қаржының әңгімесін айтып бас тартатын билік те «Назарбаев көшесіне» келгенде «бағдаршамдарға» тоқтай алмады.
Ел ішінде «Бордюрбек» деген лақап ат алып кеткен Сапарбаев сияқты Байбектің де бордюрмен аты шықты кейін. Алматының орталық көшелерін түгелдей аршып тастап, Арбат пен Астана алаңына бордюр тізіп шыққан әкім туралы сол уақытта әртүрлі әңгіме тараған. «Байбектің бордюр мен шығаратын зауыты бар екен» деп айтып жүрді жұрт. Бордюрін қайдам, Байбектің лары қаңтар кезінде қажетке қатты жарады. Арнайы жасақпен бетпе-бет келіп қалған жастар жерден тас іздеп әуре болмай, ны жұлып-жұлып алды. Кейін «Байбек қаңтарға алдын ала дайындалыпты» деген әңгіме де тараған.
Қаңтар оқиғасынан кейін жауапқа тартылатын бірқатар азаматтардың ішіне біреулер Байбекті де қосқан, бірақ осы уақытқа дейін оның қылы қисаймай бірде – Кипрде, бірде – Дубайда бой көрсетіп жүр. Соңғы рет Германияда пайда болды. Dala инсайд Telegram-арнасы Байбектің қаңтар оқиғасын қаржыландыруға қатысы бар-жоқтығы тексеріліп жатқанын жазыпты. Арна келтірген деректерге сүйенсек, Байбек қазақ халқына 8 млрд теңге шығын әкелген. Бірақ ол ақпараттың анық-қанығы алдағы уақытта айтылатын көрінеді. Қазақстанды отыз жылдан бері жуан-жуан ұрылар тонап, жердің асты-үстіндегі байлығын заңсыз шетел асырып келді. Байбек те «сау сиырдың жапасы емес-ау». Ондай әңгіме Алматыны басқарып тұрған кезінде де айтылып, жазылатын. Қазір өршіп тұр.
Өткен аптада шетке заңсыз кеткен қаржыдан 670 млрд теңгенің елге қайтқаны туралы ресми ақпарат тарады. Бірақ кімнің ақшасы, ақша қалай қайтты, қайда құйылды, қандай қажеттілікке жаратылады деген сұрақтарға ресми биліктен ешқандай жауап жоқ. Ал біз бұл сұрақты белгілі экономист, «Елге қайтару» қорының тең төрағасы Оразалы Ержановқа қойдық.
Тақырыпқа орай-руб.
Оразалы Ержанов:
670 млрд теңге –
теңіздің тамшысындай
«Елге қайтару» қоры былтыр 20 шілдеде құрылған. Біз біраз мәселе көтеріп, президент бастап, үкімет басшысына, құқық қорғау орган басшыларының атына арыздар жаздық. Шетелдік журналистер Назарбаев қорында 8 млрд доллар ақша жиналғанын жазған болатын. Назарбаев қоры банктерге көмек ретінде бөлінген қаржыны «Жусан банк» арқылы қалталарына басып алды. Сөйтіп, «Жусанды» өзерінің жекеменшігіне қаратты.
«Ақтөбе мұнай газ» компаниясының акциялары сатылған кезде, сондай-ақ «Маңғыстау мұнайгаз», «Қазақстан теміржолы» компаниясы сияқты бірқатар алпауыт компаниялар сатылған кездегі Тимур Құлыбаевтың заңды белінен басқан заңсыздықтары туралы жазғанбыз. Қазақмыс, ENRC – Евразия тобы туралы, Халық банкінің қолына түскен 2 трлн 600 млрд теңгенің қайда кеткені жайында жазғанбыз. Жазған арызға біз әлі күнге дейін жауап алған жоқпыз. «Жусан банк» туралы іс қозғалды деп естідік. Біздің санап, есептеуіміз бойынша, елден жүздеген миллиард доллар ақша шетелге шығарылған. Ал олар қашан, қай уақытта қайтарылады? Ол үшін бүгінгі билік жұмыс жасауы керек. Ең бастысы, арнайы заң қабылдануы керек. Былтыр қараша айында президент жарлыққа қол қойған. Үкіметке тапсырма берген. 31 наурызға дейін заң қабылдау керек болатын, бірақ айтқан уақыттан бір ай асып кетті. Ондай заңның парламентке түскенін естіген жоқпыз. Сондықтан ақшаны қайтаруға біздің қордың құзыры жетпейді. Оған мемлекеттік органдардың әрекеті керек. Сол үшін ауыз толтырып айтатын жағдай көріп тұрған жоқпын...
Былтыр 3 ақпанда британ парламентінде Маргарет Холмс деген депутат Англия үкіметіне жасаған үндеуінде олигарх отыз шақты адамның аты-жөнін атап, сол адамдарға санкция салу керек, активтеріне тыйым салған дұрыс, визаларын тартып алу керек деп мәселе көтерген-ді. Одан кейін, біздің елдің президенті тапсырма беріп, әуелі бірінші комиссия құрылды, оны Әлихан Смайылов басқарды. Референдум өткеннен кейін екінші комиссия құрылды. Ішінде 13 адам болды. Оны басқаратын бас прокурор. Оның құрамына тек қана мемлекеттік органдардың басшылары кірді. Азаматтық қоғамнан немесе депутаттардан ешкімді жолатпады. Солай құпия түрде іс жүргізіліп жатыр. Бірақ жариялаған мәліметтері толық емес. Сондықтан 670 млрд теңге қайтарылды деген әңгіме – елден ұрлаған жүздеген миллиард доллармен салыстырғанда теңіздің тамшысындай ғана. Біз айтып отырған заң қабылданса, содан кейін ғана кімнің заңсыз байығанын, кімнің ақшасы қайтарылуы керек деген әңгімелердің басы өздігінен ашылар еді. Осы заңды күтіп отырмыз. Бірақ айтқан уақытынан асып кетті ғой. Соған қарағанда, «жаңа Қазақстан» мен «ескі Қазақстан» арасында сауда болып жатыр-ау!..
Отыз жылда елдің ақшасын ұрлағандар Назарбаевтың отбасы ғана емес, оның жанында жүргендер. Бәрі қосылып ұрлады, бірге тонады. Сіз айтып отырған Мәмин, Байбектер ғана емес, бұлардан да басқа үлкен ұрылар Қазақстанды әбден тонады ғой. Бәрі шетелде жүр қазір. Біз айтып отырған заң қабылданса, бұлардың бәрі торға ілінеді. Сонда бұлар байлықтарын қайдан, қалай жинағандарын түсіндіруге мәжбүр болатын еді. Оларды дәл қазір бас салып ұстауға, ішкен-жегендерін мәжбүрлеп қайтартуға кедергі бар. Бірінші кедергі – биліктің саяси ерік-жігері оған әлі жете қойған жоқ. Екінші кедергі – бұлар шетелдегі ақшаларын елге қайтару үшін әуелі қылмыстық іс қозғалу керек, соттың үкімі шығуы керек, ұрлаған байлықтары тәркіленсін деген соттың шешімі болу керек! Тек сонда ғана бұлардың шетел асырған байлығына Қазақстан араласа алады. Оған дейін оларға ешкім тиіспейді. Елден шыққан ақша елге қайту үшін заң керек!