Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:23, 02 Маусым 2023

Мағынасыз көше атаулары өзгереді

None
None

Саран қаласына қарасты Ақтас кентінде мағынасыз атауға ие болған 5 көшенің атауы өзгеретін болды.

Көшелерге қазақы атау беру үшін биліктегілер тұрғындарды жинап, қоғамдық тыңдалым өткізген. Ақтас кентіндегі Ленинградская көшесін Әлия Молдағұлова, Бородина көшесін Бейбітшілік, Привольная көшесін Бауыржан Момышұлы, Городская көшесін Кеншілер және 8-марта мен Транспортная деген екі атауға ие болған көшені Қаныш Сәтбаев деп өзгерту жоспарланып отыр.

Қоғамдық тыңдалымға 450 ақтастық жиналса, соның ішінде елу шақты тұрғын көше атауларын өзгертуге қарсы болған. Тұрғындардың арасында көшелерді қазақтың ірі тұлғаларының есімін беруге қарсы шығып, дау айтқандар да болған. Оларға көпшіліктің көше атауының өзгеруін қолдайтындарын айтып, наразы жаққа реніш білдіріп, шу шығарған. Екі тарапқа билік өкілдері басу айтып отырды. Ақтастық тұрғын Игорь Шаравиннің дауыс беру барысында «келімсектер келіп дауыс берді, біз қарсымыз» деген сөзін тұрғындардың бірі бейнежазбаға түсіріп алған. Оған сол жерде тұрғандар «қазақ қалай өз жерінде «келімсек» болады» деп қарсы дау айтқан. Тұрғындар арасындағы дау-дамайды биліктегі атқамінерлер басып, екі жақты ымыраға шақырды. Бұл бейнежазба әлеуметтік желіге тарап, шу болған соң Ақтас тұрғыны Игорь Шаравин мәлімдеме жасады. Ол «келімсек деп жалпы қазақ жұртын айтқан жоқпын, дауыс беруге Дубовкадан, Қарағандыдан адамдардың келгенін айтқан едім, менің сөзімді дұрыс түсінбеді» деп ақталды. Саран қаласы билігінің мәліметінше, көше атауын өзгертуді қоғамдық тыңдалымда тұрғындардың 73 пайызы қолдаған, ал қарсы болғандардың саны 27 пайызды көрсеткен. Сонымен қатар шенеуніктер көше атауларын өзгертуге бюджеттік қаражаттың шығындалмайтынын айтып отыр.

Тегтер: