Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:42, 04 Ақпан 2022

Мағжанның жұмбақ құсы

None
None

Тағы да, міне, күн батты,

Аспанды қара түн жапты.

Түрменің түбі түнеріп,

Төндірді сұмдық зұлматты.

Шырқырай түсіп шыбын жан,

Шошынған жүрек дір қақты.

Таптырмас көрге сүңгітсе,

Кім шешер қиын жұмбақты?

Жылаған мұнда талайлар,

Көз жасын өліп құрғатты.

Еңсесін езіп қасірет,

Айықпас ауыр зіл батты.

Жейтіндей түтіп жемтік қып,

Құзғындар қанды тырнақты.

Талықсып кетті кенеттен,

Соққыдан тиген тым қатты.

Тербетіп ала жөнелді,

Тұңғиық дүние құндақты.

Елестің ерді соңына,

Сүйкімді, сұлу, сымбатты.

Опасыз, сатқын жалғанда,

Анадан бар ма қымбатты?

Бауырына басып елжіреп,

«Мағжаным шаршап келді» деп

Текемет төсеп төріне,

Сілкіп бір салды сырмақты.

Түсіріп еске ежелгі,

Бабадан қалған жұрнақты,

Күмбірлеп қоңыр домбыра,

Мұңлы бір күйді тыңдатты.

Жинаса есін ешкім жоқ,

Мағжанды бәлкім жын қақты?

Жын қаққан емей немене,

Қуықтай ғана қуыстан,

Құйттай құс келіп тіл қатты:

  • Ей, Мағжан ақын, барсың ба?

Түстім деп мұнда қорсынба.

Маңдайға Тәңір жазған соң,

Түрменің түбін тарсынба!

Ноқталы баста ерік жоқ,

Көндікпей, тулап зорсынба!

Аңсайсың бекер кеңдікті,

Алдыңда жүрер жол бітті.

Түрме де сенің өз үйің,

Көрсеткен азап, қорлықты.

Шығарып төрге қабыл ал,

Есіктен кірген зорлықты.

Қайтесің кеуде көтеріп,

Кім күшті болса, сол мықты.

Азуын айға білеген,

Талайдың басын жер жұтты.

Шөліркеп тәтті ләззатқа,

Шалқыдың басың азатта.

Мәнісін білген пендеге,

Ләззаттың өзі азапта.

Бақыттың өзі бейнетте,

Жұмақтың өзі тозақта.

Бостандық деген не керек,

Қадірін білмес қазаққа?

Қайратын ердің еш қылып,

Кененің басын кестіріп,

Қалғаны кеше емес пе,

Масқара сұмдық мазаққа.

Көнерсің мынау сұмдыққа,

Сенерсің мендей мұңлыққа.

Өтірік билік құрғанда,

Күн көру қиын шындыққа.

Өкініп босқа у жұтпа,

Түскен соң басың құлдыққа.

Тексіздер тізгін ұстаса,

Төндірер зауал бұл жұртқа...

Шошынды тосын дауыстан,

Түгі жоқ есі ауысқан.

Көрініп тұрған кісі жоқ,

Өртенді күйіп намыстан,

Пәле еді мынау қапыда,

Қай жақтан еліп жабысқан?

Шынымен мынау кім еді?

Шырқырап кетті жүрегі.

Аруақ па, жын ба, шайтан ба,

Қаңғырып қайдан жүр еді?

Естілген жұмбақ дауыстың,

Соншама суық сүреңі.

Аяғын сөздің, Тәңір-ау

Әкеліп қайда тіреді?

Түрменің іші тым-тырыс,

Қап-қара қалың түн еді.

Төбеден төніп түнеріп,

Қайғының басты түнегі...

Ешнәрсе түспей көзіне,

Жүрегі, жаны езіле,

Жүдеді мұңлы у жұтып,

Елестің айтқан сөзіне.

Дөп келсе пенде дәрменсіз,

Заманның қырсық кезіне.

Көнбейін десе – шарасыз,

Тағдырдың салған тезіне.

Дауысы қалай шыққанын,

Аңдамай қалды өзі де:

  • Сыпыр да сиқыр пендені,

Періште болсаң, кел бері!

Жын-шайтан болсаң, кет жоғал,

Әлекке салма сен мені!

Аспаннан түссең білмеймін,

Пәлені көргем жердегі.

Қиналған жанды азғырма,

Қайдағы жоқты сөз қылма.

Тұңғиық, терең шыңырау –

Қайғының түбін қаздырма.

Жазаға тартсаң, мен дайын,

Халқымды бірақ жазғырма!

Ауыспай есім тұрғанда,

Сенбеймін сендей азғынға!..

Бәріне куә бір Алла,

Себепсіз шөлмек сынар ма?

Қолыңнан келсе қоя бер,

Қапастан мынау шығар да!

Тырнадай көші тізілген,

Тұлпардай жалы сүзілген,

Сағындым туған елімді,

Аймалап сүйіп үзілген.

Аяздай қысқан қаңтарда,

Заманда шерің тарқар ма?

Жүгірер жаны шыққанша,

Сүйеніп оққа арқар да.

Деді де қалды сәл үнсіз,

Кеудесі ойсыз, жалынсыз.

Құйттай құс қайта сөйледі,

Мағжанға жөні мәлімсіз:

  • Шамданба, ақын, шамданба,

Көрінбен саған жалғанда.

Шығам деп тордан ойлама,

Бойыңда шыбын жан барда.

Тас түнек келіп басарда,

Тағдырдан пенде асар ма?

Сен құтылғанмен қапастан,

Бұғаудан елің босар ма?

Екі өлім бар да бір емес,

Тартқаның азап бұл емес.

Ұлтыңның жаны сенде жүр,

Өзіңнің жаның түк емес.

Кірмейді терең көрге кім,

Қара жер – мәңгі жөргегің.

Қасірет емес білгенге,

Өлгені жеке пенденің.

Қиналдым деме мұнда кеп,

Көміле берме мұңға көп.

Алаштың жаны жолында,

Ақынның жанын құрбан ет!

Шындықты қазір мойында,

Халықтың қалсын ойында.

Ұлтыңның жаны рухыңда,

Өзіңнің жаның бойыңда.

Сезсең де ажал төнгенін,

Сөндім деп сірә сенбегін.

Түбімен жұртың құрыса,

Шынымен сонда өлгенің.

Атады ертең білемін,

Үзілер жалқы жүрегің.

Өлдім деп жылап, өкінбе,

Бақытты өлім – бұл өлім!

Мағжанның басы айналды,

Сөйлеуге тілі байланды.

Хабарлап сұмдық ойранды,

Естілген дауыс қайда әлгі?..

Ақырды: «Не деп тұрсың?» — деп,

Жүрегі соқты дүрсілдеп.

«Араша түсер ұлыңа,

Аруақтар қайда жүрсің?» — деп.

Ғұмырдың көші көзінің

Алдынан өтті біртіндеп.

Қапаста қалып баласы,

Зарлады қайран анасы.

Көрінде тыныш жата алмай,

Күңіренді ата-бабасы.

Алатау, Алтай, Атырау,

Сарыарқа, Сырдың арасы.

Түнерді қара жамылып,

Ежелгі Тұран даласы.

Сарсаңға түсті сенделіп,

Сарқылып ақыл-санасы.

Сарғайып кетті уайымнан,

«Сарытомар1» көлдің жағасы.

Тіріліп бір сәт келмей ме,

Баяндай батыр ағасы.

Ажалдың оғын тоқтатар,

Амалдың жоғын қарашы?!

Көзінің алды көлкілдеп,

Егіле жылап еңкілдеп,

Жан-жақтан жынын шақырды,

Қойлыбай бақсы селкілдеп.

Абылайдың тозып ордасы,

Түндігі тұрды желпілдеп.

Сексен көл жатты Көкшеде,

Жасындай көздің мөлтілдеп.

Еділ мен Жайық екі өзен,

Жамырап аққан жеті өзен.

Есілге-Ертіс қосылып,

Өкіріп ойбай салғанда,

Жағаға соқты толқын кеп.

                              ІІ

Мағжанды бүгін ата ма,

Ажалдың дәмін тата ма?

Қайғыға туған қайран ер,

Көлденең түсіп жата ма?

Зулымның асы бойына,

Атпаса кісі бата ма?

Атама оны, атама!..

Байлады оққа ақынды,

Тарс етті – мылтық атылды.

Ұшты да кетті көзінен,

Жарқ етіп дүние ақырғы.

Бұршақтай ғана қорғасын,

Түнекке демде батырды.

Селт етпей ерді сұлатты,

Сүйегін жарға құлатты.

Атқызған кімдер белгілі,

Белгісіз бірақ кім атты?

Шошынып ұшқан құстар да,

Шуылдап сонда жылапты.

Маусымдар кезек алмасып,

Жаз өтсе, қыста қар басып,

Күндерге күндер жалғасып,

Зуылдап қанша жыл ақты,

Сылдырап қанша су ақты.

Қыратты жауып кілемдей,

Қаншама көктем гүл атты.

Қай жерде қалды қайран ер,

Шешетін кім бар сұрақты?

Алданба сөзге ұстаға,

Шешеннің тілі – ұстара.

Білмесең нақты белгісін,

Жарқыным, жорта нұсқама.

Астында жердің жасырын,

Мағжанның қайда жатқанын,

Білетін жұмбақ құс қана.

Жалғанның жалғыз мұңлығы,

Өші жоқ ұзын-қысқада.

Көзіне түспей пенденің,

Соғады жазда, қыста да.

Жүрегін мұң мен шер қысып,

Жұмбақ құс тағы келді ұшып.

Ол қонған бұта бүрінен,

Жылаған көздің жасындай,

Үзіліп түсті таңғы шық.

Мағжанға тағы тіл қатты,

Тереңде жатқан жер құшып.

Тағы да екі дүние,

Бірімен бірі шарпысып,

Бірімен бірі аңдысып:

  • Астында жердің кебінсіз,

Жатырсың, Мағжан, неге үнсіз?

«Әлдиле!» деп ең өлімге,

Өмір жоқ рас өлімсіз.

Айтатын сөзім өзіңе,

Болып тұр бүгін жағымсыз.

Айырмай оң мен терісін,

Кеуледі үрей ел ішін,

Құтырды қорқау қасқырлар,

Жамылған қойдың терісін.

Дүмше мен дүлей құда боп,

Жендеті жауыз сұм заман,

Қаптатып жын мен перісін,

Тарылтты тірлік өрісін.

Тажалдар талап жатқанда,

Дүние қайдан кеңісін?..

Осылай ма еді тегіннен,

Ойың бар, Мағжан, не білген?

Құдіретің болса күңіреніп,

Тұрсаңшы бір сәт көріңнен?

Түңілдім мен де тірліктен,

Бір кезде өзің жерінген.

Еркіндік тумай күн бар ма,

Адамда онсыз құн бар ма?

Сен көрген сұмдық сол сұмдық,

Айналмай дүние тұрған ба?

Қанаты елдің сынғанда,

Ішінен өксіп тынғанда,

Өлгенін көрден суырып,

Жендеттер келіп жұлғанда,

Найзағай болып жарқылдап,

Төксеңші зауал сұмдарға!..

Толқындап тылсым ой легі,

Тереңнен Мағжан сөйледі:

  • Өліге сірә бұйырмас,

Тірінің киген көйлегі.

Тағдырдың тартқан сыйы осы,

Мазалай берме, қой! — деді.

Біріңді бірің құрт мейлі,

Тірлікте тартыс бітпейді.

Ақылмен айтқан сөзіңе,

Ақымақ артын сүртпейді.

Бауыры суық қара жер,

Үстінде жүрсең жұрт жейді,

Астына түссең құрт жейді.

Тіріге мәңгі маза жоқ,

Өліге ешбір жаза жоқ.

Өлмейтін жан жоқ өмірде,

Сайтанға ғана қаза жоқ.

Қуғанмен қанша бос қаңғып,

Қайырылып келмес қашқан құт.

Пәниде қайда барсаң да,

Асқандық пенен тасқандық,

Жауыздық пенен қастандық.

Бақида ғана тыныштық,

Бақида ғана бостандық!..

Көзінің жасы мөлдіреп,

Езіліп жаны елжіреп,

Мағжанға былай тіл қатты,

Жұмбақ құс жылап соңғы рет:

  • Жылаймын саған келем де,

Сүйегің жатыр тереңде.

Жүрегің бірақ ұшып жүр,

Айналып өлмес өлеңге.

Өмір мен өлім арасын,

Жалғаған неткен данасың?!

Тас болып тұрсың тұғырда,

Білгейсің тастың бағасын.

Мейірі түссе Тәңірдің,

Тастан да жылу табасың.

Кешегі жауың бүгін жоқ,

Сөйлейін десең тілің жоқ,

Таскерең, тасыр қоғамға,

Тасмылқау болсаң жағасың...

Сарытомар1 – туған жері

Тегтер: