Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:15

«...Махаббатпен, Париж»

Дәрежан Өмірбаев
Фото: ашық дереккөз

Әлемдегі мереке-мейрамы ең көп ел Үндістан екен. Оның ішінде ресмиі бар, халықтығы бар – жиылып келіп жалпы саны 40-қа таяйды. Шаттық пен қуаныш, ырыс пен ынтымақ қашан да жақсы ғой. Біз: «Қазақтың тойы бітпесін» дейміз. Лайым. Бірақ...

Адамзаттың еркіндік сүйгіш ақыл-ойы «республика» деген ұғымды өмірге әкелді. Қазір көп елдерде «Республика күні» жұрт болып, халық болып аталып өтеді. Бұл арнаулы күн көбіне монархиялық-патшалық дәуірге нүкте қойылған күнмен сәйкес келеді. Біздің бұл мерекені тойлап келе жатқанымызға 3 жыл болды. Иә, мемлекетіміз сондай «жас» екені рас. Кеңес кезеңінде мереке мен марапат қатар жүретін дәстүр бар-ды. Және ол сондай маңызды болатын. Бізде де, шүкір, мұндай мерекелер кезінде талай кеудеде талай орден мен медаль жарқырап тұрады, құттықтаулар мен қуанышты сөздердің лебі жер мен көкті керемет бір күйге бөлейді. Осы күйдің әсерін одан әрі сезінгіңіз келсе Чеховтың «Орден» атты әңгімесін оқып көріңіз. Әңгіменің ұзын-ырғасы былай: бай көпес Спичкиннің үйіндегі Жаңа жыл кешіне мұғалім Пустяков поручик Леденцовтан Станислав орденін сұрап алып тағып барады. Үстел басында әріптесі Трамблянды көре сала Пустяковтың құты қашады. Өз-өзінен қымсынып, кеудесіндегі орденді қолымен көлегейлей береді. Бір қызығы, әріптесінің де жүзінен қысылып-қымтырылу байқалады. Сөйтіп, оң қолымен орденін жауып отырған Пустяковтан біреу бокал беріп жіберуін сұрайды. Сол қолында өз бокалы. Амал жоқ, оң қолын ұсына бергенде кеудесіндегі ордені жарқырап шыға келеді. Бақса, әріптесі Трямблин де кеудесіне Станислав орденінен де жоғары ІІІ дәрежелі Анна орденін тағып алыпты. Онысы Трямблин басқа бір бокалға қолын соза бергенде байқалып қалады. Мұны Спичкин де байқап, именшіктеп барып тамағын бір қырнап қояды. Сол кезде Пустяковқа «ай, шіркін, Владимир орденін тағып келуім керек еді ғой» деген өкінішті ой келеді...

Сонымен табысталған бар марапат құтты болсын. «Ел үшін еңбек сіңіру оңай деп пе едің, қарағым». Десек те, сол марапаттар құтты ғана болып қоймай, құтты орнына қонғанын да қалар едік. Көзі тірісінде атақ пен даңққа қолы жетпей, жарымай кеткендерді мазмұн қылып айтар болсақ, бұл әңгіменің мысалын есті жұрттың бәрі әнұранның сөзіндей жатқа біледі. Қазақстанда қазба байлық көп, түсті де түссіз металдар жерастына сыймай жатыр. Солар домна пештерде қызара балқып, жанына жарық шашып, шабытқа қанат бітіре бір-бір кеудеге орден болып тағылса несі айып. Ештеңесі.

Дегенмен қазақ өнерлі халық қой. Содан болар, біз өнер иелеріне де өте баймыз. Олардың бәріне бірдей марапат жетпей қалуы математикалық не арифметикалық заңдылық шығар, не болмаса, ықтималдық теориясына сай бірдеңе...

Шынымды айтсам, өнердің бекзат үлгісі, муза біткеннің соңғысы – кино саласы менің қашанда ерекше назарымды аудартады. Әсіресе қазақ киносы. Осы қазақ киносының ішінде есімі елімізден гөрі қарт құрлық – Еуропада көбірек танымал ғажап режиссер, маэстро Дәрежан Өмірбаев бар. Өмірбаевтың шығармашылығы өзімізде, одан қалды алыс-жақын шетелдерде сыншылардың тарапынан әлдеқашан талданып-ақ қойған. Париждің мұңлы да шулы көшелері Өмірбаевтың туындыларымен баяғыда-ақ танысып, түсінде көріп те үлгерген. Өткен жылы ғана әлемге әйгілі кино ордасы Француз Синематегінде (Cinémathèque Française) оның фильмдері көрермен назарына ұсынылған «Дәрежан Өмірбаев: ішкі тереңдік поэзиясы» атты ретроспективасы өтті. Онда режиссердің жеті толықметражды және екі қысқаметражды фильмі көрсетілді. Бұл кинотуындылардың ішінде Локарно фестивалінің «Күміс қабылан» жүлдесін жеңіп алған «Қайрат» (1992), Венеция фестивалінің Юнеско жүлдесіне ие болған «Кардиограмма» (1995), Канн кинофестивалінің «Ерекше көзқарас» бағдарламасында ең үздік фильм атанған «Киллер» (1998) және Токио кинофестивалінде «Үздік режиссер» сыйлығын алған «Ақын» (2021) фильмдері де бар.

Енді осындай шынайы кино өнерінің тамаша туындылары көрсетілген Француз Синематегі туралы аз-кем айтып өтсек. Бұл жер жай ғана кинотеатр емес, сонымен бірге әлемдегі ең үлкен кино мұражайы һәм мұрағаты іспетті. Француз Синематегінің негізін сонау 1936 жылы киномұраларды сақтаушы, аты аңызға айналған Анри Ланглуа қалаған. Орталық кинотаспаларды сақтау, қалпына келтіру, көрерменге ұсыну және жастарға кино өнері бойынша білім беру үшін құрылады. Синематек фильмдерден бөлек, киноға қатысты барлық нәрсені жинай бастайды: кинокамералар, плакаттар, басылымдар, кәстөмдер, тіпті фильм декорацияларына дейін.

1948 жылы Париждің 8-ші округінде орналасқан үш қабатты ғимаратта 60 орындық кинозал және Ланглуаның алғашқы Кино мұражайы ашылады. Дәл осы залда француз «жаңа толқынының» өкілдері Франсуа Трюффо, Жан-Люк Годар, Жак Риветт, Эрик Ромер, Жан Душе және Сюзанна Шиффман алғаш рет кездеседі. Кейіннен Трюффоның француз «жаңа толқынының» триумфына айналған әрі бастамашысы болған «400 соққы» фильмі жарыққа шығады. Фильм Канн кинофестивалінде «Үздік режиссура» жүлдесін жеңіп алады және бүкіл әлем француз киносының жаңа дәуірі басталғанына куә болады. Содан кейін «400 соққының» ізін ала өз өмірінің режиссеріне айналған Жан-Люк Синема Годардың «Соңғы дем» фильмі «жаңа толқынның» манифестін бастап береді. Бұған дейінгі таптаурын, қасаң да қатал ережелерге бағынған кино өнері «әкелеріміздің фильмі» болудан қалып, философиялық ойлау мен жаңа өмір салтының құралына айналды. Егер кинематографияда Трюффо «жаңа толқынның» жүрегі болса, Годар оның ақыл-ойы мен идеологиясы еді.

Годардың «Соңғы дем» фильмі жарыққа шыққан соң 8 жыл өткенде, 1968 жылы Қаржы министрлігінің қысымымен мәдениет министрі Андре Мальро Француз Синематегі басшылығында өзгерістер енгізуді талап етіп, Анри Ланглуаны қызметінен босатады. Алайда, шын мәнінде, бұл шешім Ланглуаның тәуелсіз көзқарасы мен министрліктің бақылауына бағынбауына байланысты болған еді. Ланглуаның қызметтен кетірілуі кино қауымдастығын дүр сілкіндірді. Бірнеше күн ішінде Парижде жаппай наразылықтар мен шерулер басталып, Синематек алдында мыңдаған студент жастар мен режиссерлер жиналып, «Ланглуаны қайтарыңдар!» деген ұрандар тастады. Осыдан кейін Қорғау комитеті құрылып, әйгілі француз режиссерлері (Франсуа Трюффо, Ален Рене, Жорж Франжю, Жан-Люк Годар, Крис Маркер, Жак Риветт, Клод Шаброль, Жан Эсташ, Эрик Ромер және Робер Брессон) Ланглуаның құқығын қорғау үшін үкіметке қарсы ашық мәлімдемелер жасайды. Годар «Ланглуаны қорғау деген сөз – киноны қорғау деген сөз» деп жазды. Анри Ланглуаны қорғау қозғалысына тек француздар ғана емес,
Альфред Хичкок, Акира Куросава, Ингмар Бергман, Стэнли Кубрик, Чарли Чаплин сияқты әйгілі режиссерлер де қосылды. Олар Франция үкіметіне ашықхат жолдап, Ланглуаны қызметіне қайтаруды талап етті.

Ақыры, 1968 жылдың сәуір айында үкімет Ланглуаны қызметіне қайта қайтаруға шешім қабылдайды. Бұл оқиға мәдени саладағы еркіндік пен шығармашылық тәуелсіздіктің жеңісі ретінде бағаланды. Кино өнерінің орталығы, кинематографтардың ғибадатханасына айналған Синематектен басталған қозғалыс – бүкіл Францияны қамтыған 1968 жылғы мамырдағы студенттер көтерілісіне жол ашқан мәдени толқынның бастауы болды. Көп ұзамай, дәл сол жылы Францияда бүкіл елді қамтыған «Мамыр оқиғалары» басталды. Сол кезеңнен кейін Франциядағы мәдениет саясаты түбегейлі өзгеріп, өнер мен еркін ойға кеңінен жол ашылады.

Міне, «Парижде не болып жатыр?» десеңіз, осы.

2024 жылы Француз Синематегінің тарихи залдарында Дәрежан Өмірбаевтың фильмдері көрсетіліп қана қоймай, оның есімі осы залдағы орындыққа мәңгілікке ойып жазылды. Режиссердің өзі: «Франция – киноның отаны. Ал, шын мәнінде, мұндағы кино мекені – Француз Синематегі. Өз ретроспективаңды дәл осы жерде, ең беделді залдардың бірінде көрсету – киноны жақсы білетін адамдар түсінеді – бұл өте маңызды. Әрине, бұл үлкен құрмет», – дейді. Одан бөлек, суреткердің көтеріп жүрген тағы бір мәселесі – елімізде кинотану орталықтарын ашу, мектептерде арнайы кинотану пәнін енгізу. Кино өзінің озық үлгілерімен әлдеқашан классикалық өнер дәрежесіне көтеріліп үлгерді. Талғам мен көркемдік тереңдіктің негізгі өлшемі екеніне ешбір дау жоқ.

Дәрежан Өмірбаевтың кейіпкерлері – көбіне үнсіз, ішкі қайшылыққа толы, рухани ізденістегі адамдар. Олардың үнсіздігі қала мен қоғам, табиғат пен адам арасында болып жатқан терең сезімдердің тазалығынан туындайды. Олар өз арының лабиринтінде адаса жүріп, жарыққа қарай ұмтылумен, ішкі тоқырау мен күйзеліс формаларын сомдаумен болады. Француздың тағы бір таңғажайып режиссері – Робер Брессонның да кейіпкерлері тап сондай. Әулие Тарковскийше айтсақ, Брессон – абсолют қарапайымдылыққа жеткен режиссер. Олардың туындылары идеологиялық айқай, плакаттық ұғымдар мен жан жүйесіндегі жасандылықтан ада.

Кино тілі де музыка тілі секілді бүкіл әлемге ортақ. Кейде жекелеген тұлғаларға берілген халықаралық марапаттардың мемлекет пен министрлікке де ортақ екені секілді. «Ақындар провинцияда туып, Парижде өлетіні» рас болса, біздегі таланттардың да Қазақстанда туып, «Парижде» құрмет көріп, марапатқа ие болуы лайықты іс шығар...

Loving Paris.

Әлихан МАХАШ