Мәйіттік донор. Туысы қарсы, өзі үнсіз...
Баяғыда «Қазақстанда бірінші рет жүрек ауыстырды, алғаш рет бүйрек трансплантациясы жасалды, бауыр ауыстыру операциясы сәтті өтті» деген жаңалықтар елді елең еткізетін.
Қазір бұл жаңалық емес. Бүгінгі таңда елде жүрек, бүйрек, өкпе, бауыр трансплантациясы жасалады. Десек те, донор мәселесі күйіп тұр. Әлем елдерінде қалыпты саналатын мәйіттік донор бізде әлі күнге халық қорқа қарайтын, жіті түсінбейтін құбылыс күйінде.
Осы мәселені анықтау үшін А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы, Қазақстанның бас трансплантологы Болатбек Баймахановты іздеп бардық.
— 2023 жылдың басынан бері біздің орталықта 41 бүйрек, 19 бауыр трансплантациясы жасалған. Оның ішінде тек бір бүйрек пен бір бауыр ғана мәйіттік донор арқылы жүзеге асты. 95-97 пайыз тірі туыстық донор, мәйіттік донор саусақпен санарлық. Ота жасату үшін шетелге асығатындар да көп. Халықтың дені диагностика, трансплантация жасату үшін әлі де шетелдік дәрігерлерге көбірек сенім артады. Алайда бұл мәнсіз. Себебі біздегі мамандар мен ондағы мамандардың, технологияның аса айырмашылығы жоқ. Иә, кейде ерекше күрделі жағдайлар болуы мүмкін. Ал диагностика үшін шетелге бару жай ғана артық шығын. Мәселен, біздің орталықта кадрлардың орта жасы шамамен 30-32 жас. Бәрі де шетелдердегі алдыңғы қатарлы оқу орындары мен ауруханаларда тәжірибеден өткен, білікті мамандар. Материалдық-техникалық база қамтамасыз етілген. Әлбетте, ескірген құралдар да жоқ емес. Бірақ мүмкіншілігінше жылдан-жылға жаңартып жатырмыз. Көріп отырғанымыздай, бізде маман да, техника да, бәрі бар, қызметтер толық тегін, квота арқылы жүзеге асады, тек донор тапшы.
Операциядан келіп, сұрақтарымызға жауап берген бас трансплантолог ары қарай кезекті операциясына кетті. Жоғарыда айтылған мәйіттен донор алған екі пациент реабилитацияда жатқанын естіп, жағдайларын білмекке бардық. 63 жастағы Алматы қаласының тұрғыны Светлана Сапарбайқызы 2013 жылы бірінші рет бауыр трансплантациясын жасатқан. Сол кезде де «Жас Алашқа» шыққанын есіне алған Светлананың екінші отасы 13 шілде күні мәйіттік донордан орган алу арқылы жүзеге асқан.
— Он жыл бұрын 27 жастағы қызым бауырын берді. Отадан бес жыл өткен соң денсаулығым сыр беріп, дәрігерлер қайта бауыр ауыстыру керек екенін айтты. Туыстарымнан сәйкес келетін донор табылмаған соң күту парағына тіркелдім. 5 жылдан бері күтумен болдым. Бірнеше жыл бұрын донор табылды деген хабар келді. Қайтыс болған кісінің туыстары рұқсат беріпті. Ауруханаға келіп, операцияға кірейін деп тұрған соңғы сәтте ота жасалмайтын болды. Себебі донорлық орган алмақ болған кісінің бір ағасы рұқсатын бермей қойыпты. Күннен күнге үмітім үзілгендей болды. Тіпті хабар күтпейтін де күйге жеттім. Бірақ табан астында донор табылып, екінші рет трансплантация жасаттым. Қуанышымда, бақытымда шек жоқ. Мен енді өмір сүремін, – деп көзіне жас алды Светлана.
Бұлыңғыр белгісіздік пен өлер-өлмес үміт арасында күн санаған кейіпкер қуаныштың көз жасы дейді мұны.
— Мәйіттік донорға адамдар оң көзқараста болса, қорықпаса екен деймін. Мен секілді қаншама адамды ажалдан арашалап, тағы да қаншама жыл өмір сыйлауға мүмкіндік болар еді. Кенже қызым жағдайымды көріп қатты қиналғаны сонша, өз еркімен қайтыс болғаннан кейін донор болуға рұқсат беріп, құжаттарын рәсімдеді, – деді аурухана төсегінде әлдебір аппараттарға қосылып жатқан Светлана. Дәрігерлердің айтуынша, бауыр ауыстыру сәтті өткен, науқастың жағдайы бірқалыпты.
Светлананың өмірін ұзартқан марқұм тағы бір адамның сөнуге айналған үмітін жағыпты. 28 жастағы Лаура да 5 жыл күту парағында тұрып, ақыры денсаулығы қатты нашарлаған соң, Түркияға барып, трансплантация жасатпақ болған, ол жақтың дәрігерлерімен байланыс орната бастаған екен. Қуанышқа орай, Қазақстанда донор табылып, оған да 13 шілде ота жасалған. Бүйрек трансплантациясы сәтті өткен. Лаура өзін жақсы сезінеді, өзі тұрып, өзі жүреді, күліп отырып әңгімесін айтты.
Светлана мен Лаураға донор болған – ишемиялық инсульт алып, миы жұмысын тоқтатқан 53 жастағы әйел адам. 12-13 шілдеге қараған түні Алматы қаласының №4 қалалық ауруханасында оның туыстары донорлыққа келісім береді. Мәйіттің жүрегі 2000 жылы туған жас жігітке беріліп, Алматы қаласындағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында трансплантация жасалған. Ал екінші бүйректі транспланттау Астана қаласындағы UMC КҚ-да 12 жастағы балаға жүргізілді. Осылайша бір мәйіттік донор төрт адамның өмірін құтқарды.
Бірақ донор күткендердің бәрі мұндай мүмкіндікке жете бермейді. Қазіргі таңда күту парағында 3 965 адам тұр. Оның ішінде 109-ы 18 жасқа толмаған балалар. Жыл басынан бері тізімдегі 140 адам қайтыс болған. Транспланттауды және жоғары технологиялық-медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың деректеріне сәйкес, 2021 және 2022 жылдары Қазақстанда 4 мәйіттік донор 25 адамның өмірін сақтап қалған. Мамандар олар кем дегенде 10 есе көп болуы мүмкін еді дейді. Ал осы жылы елімізде 3 мәйіттік донор тіркелген. Жалпы саны 124 трансплантация жасалса, соның жетеуі ғана мәйіттік донордан орган алу арқылы. Әрине, өте аз көрсеткіш. Ағзалары донор болуға жарамды деп табылған марқұмдардың ілуде біреуінің ғана туған-туысы донорлыққа рұқсат береді екен.
— Жыл басынан бері қайтыс болған кісілердің арасынан 25 донорды анықтап, туыстарымен сөйлестік. Соның тек үшеуі келісім берді. Жалпы ми өлімі тіркелген адамның бәрі бірдей мәйіттік донор бола алмайды. 18 жасқа дейінгі балалар мен 60 жастан асқан адамдар донор ретінде қарастырылмайды. Адамның бұрын ауырған ауруларына қарай да шектеулер бар. Әрі ішкі ағзалардың жарамдылығы да тексеріледі. Және ағзалар сатылмайды. Бұл тек гуманитарлық көмек түрінде ғана жүзеге асады. Ислам, провославтар мен католиктер трансплантацияға шектеу қоймаған. Еуропа елдерінде трансплантацияның шамамен 90 пайызы мәйіттік донордан алынады. Мәйіттік донор көрсеткіші бойынша Испания, АҚШ, Хорватия, Оңтүстік Корея, Иран, БАӘ сынды елдер алдыңғы қатарда. Бұл елдерде мәйіттік донор бір миллион адамға шаққанда орта есеппен 40-45 адамды құраса, бізде 0,22 адамды ғана құрайды, – дейді аталмыш үйлестіру орталығының директоры Сәуле Шайсұлтанова.
Мәйіттік донордың мұншама аз болуына заңнамалық ретсіздіктер айтарлықтай әсер етіп отыр. Осы салада тиімді және этикалық тұрғыдан дұрыс жұмыс жүргізу үшін құқықтық база мен заңнамалық аспектілерді жетілдіру, бір ізге түсіру маңызды.
— 2009 жылдан 2020 жылға дейін Қазақстанда келісім презумпциясы жұмыс істеді. Яғни егер азамат көзі тірісінде қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты қарсылығын тіркемесе, ол ықтимал донор ретінде қаралады. Әрине, тек медициналық қарсы көрсетілімдер болмаған, ми өлімі тіркелген жағдайда ғана. Және бұрынғы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте туыстарының рұқсатын алу туралы пункт болмады. Бұл біз негізге алған испандық мәйіттік донорды дамыту моделіндегі келісім презумпциясына толық сәйкес келетін. Жалпы әлем елдерінде де тек адамның өз шешімі ескеріледі. Адамның көзі тірісінде берген келісім презумпциясы болса – келіспейтіні туралы, бас тарту презумпциясы болса – келісім беретіні туралы тіркеген нақты жауабы ғана қаралғаны дұрыс. Мұндай маңызды шешімді туыстарының емес, әр адамның өз дүниетанымы мен көзқарастары ескерілуі керек. Алайда біздің менталитетке байланысты дәрігерлеріміз әлі күнге туыстардың келісімін сұрап келеді.
2019 жылы жаңа кодекстің жобасы әзірленіп, халық талқылауына ұсынылды. Мәйіттік донор деген сөзден қорқатын қоғам мән-жайға бармай жатып, қарсылық танытты. Ақыры, 2020 жылы мәжілістен түбегейлі өзгерістерге ұшыраған келісім презумпциясы туралы заң шығып, кейіннен президенттің қолы қойылды. Бұл заңды не келісім презумпциясына, не бас тарту презумпциясына жатқыза алмайсың. Яғни адамның өз шешімі бірінші кезекте қаралмайды. Әрі туыстардың келісімін алу міндеттелгені де презумпция постулаттарына қайшы. Қазір EGOV порталы арқылы келісім беруге немесе бас тартуға болады. Тағы да қай презумпцияның күшінде екені түсініксіз. Сондықтан заңнамалық реттеулер қажет деп ойлаймыз. Басқа әлем елдері секілді не келісім презумпциясы, не бас тарту презумпциясы жұмыс істеу керек. Себебі көптеген науқастың тағдыры осы заңға қарап тұр, – деді «Өмір сыйы» трансплантациялаудағы пациенттер қоғамының басшысы Сандуғаш Орынбаева.
Мәселен, АҚШ-та жеке куәлік немесе жүргізуші куәлігін алар кезде берілетін анкетада «Мәйіттік донор болуға келісім бересіз бе?» деген пункт бар екен. Жауабыңды бересің, мәселе сол жерде шешіледі. Ал бізде бұл мәселе ақсап тұр, кім, қашан, қалай бас тартатыны немесе келісетіні ретсіз, түсініксіз. Түсінікті бір ғана нәрсе – туған-туыстарының рұқсаты. Бұл мәселе бойынша алдын ала түсіндіру, тіпті ағартушылық жұмыстары жүргізіліп, содан кейін барып тиісті заң талқылауға ұсынылуға тиіс. Әйтпесе, атауының өзі қорқынышты естілетін мәйіттік донор мәселесі жақын арада шешіле қоюы екіталай.
Ағза ғана емес, қан донорлығына байланысты мәселе де өз алдына бір тақырып. Сөздің реті келген соң айта кетейік, маусым айында Алматы орталық қалалық клиникалық ауруханасының жансақтау бөлімінде гемотрансфузия (қан құю) жасалған пациенттерді қайталап тексеру барысында 3 адамнан АИТВ (ВИЧ) табылды. Дерт оларға қан құю кезінде жұққан деген болжамның өзі ауруханада ем алып жатқандардың үрейін ұшырды. «Астанадан арнайы комиссия жіберілді, тексеріс екі айға созылатын болады» деген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы есімізде. Күні кеше комиссия қорытындысы жарияланды. Тексеріс нәтижесінде пациенттердің ауруханада инфекция жұқтыруы адами фактормен, атап айтқанда, аурухана қызметкерлерінің операциялық ем-шаралар стандарттарын (ОЕС) бұзуына және олардың қызметіне бақылаудың болмауына байланысты екені анықталды. Аурухананың директоры, директордың эпидемиологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, реанимация бөлімшесінің меңгерушісі, стационардың бас және аға мейіргерлері жұмыстан қуылыпты. Министрлік:
«7 медициналық ұйым, 745 адам, оның ішінде 118 донор, 396 пациент, 231 медицина қызметкері АИТВ-ға тексерілген. Ешбірінен ауру анықталмаған. Жұқтыру қаупі бар пациенттер жоқ, стационар штаттық режимде жұмыс істейді. Ал АИТВ инфекциясы анықталған үш пациент Алматы қаласының ЖИТС орталығына диспансерлік есепке қойылды, оларға барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде», – деген хабарлама таратып жатыр.
Иә, бұл өзінше бөлек мәселе. «Жас Алаш» қан донорлығы туралы алдағы уақытта бөлек зерттеу мақала әзірлейтін болады.