Макрон Францияның қорғанысын күшейту қажеттігін мәлімдеді
Франция президенті Эммануэль Макрон Қарулы күштерге арналған жыл сайынғы дәстүрлі үндеуінде ел қорғанысын одан әрі нығайтудың маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы бұл жолғы үндеуін Марсель маңындағы Истр–Ле-Тюбе әуе базасында жасап, алдағы кезеңді ұлттық қауіпсіздік үшін «сынақтарға толы жыл» деп сипаттады.
Макронның айтуынша, халықаралық жағдай барған сайын күрделеніп келеді. Украинадағы соғыс әлі аяқталған жоқ, Иран төңірегіндегі шиеленіс те сақталып отыр. Сонымен қатар, АҚШ президенті Дональд Трамптың Данияға автономды аумақ саналатын Гренландияға қатысты мәлімдемелері де жаңа алаңдаушылық туғызған.
Президент Францияның мұндай сын-қатерлерге дайын екенін айтып, соңғы он жылда жүргізілген қайта қарулану саясаты нақты нәтижелерін бере бастағанын жеткізді. «Біз дайынбыз. Францияның қорғаныс әлеуетін күшейтуге бағытталған онжылдық еңбек өз жемісін беріп жатыр», – деді ол.
Сөз соңында Эммануэль Макрон қауіпсіздік пен еркіндік тығыз байланысты екенін атап өтіп, «еркін болып қалу үшін қарсыласыңды имендіре білу керек» деген ұстанымын білдірді.