Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:17, 26 Қараша 2025

Макрон: Ресей жаңа бейбіт жоспарды талқылауға дайын емес

Франция
Фото: Pier Marco Tacca/Getty Images
Франция президенті Эммануэль Макронның айтуынша, Ресей Украина, АҚШ және Еуропа елдері қатысып келісілген жаңа бейбіт жоспарды талқылауға әзірлік танытпай отыр.

Ол Киев пен Одессада халықаралық күштерді орналастыруды ұсынды, алайда бұл идеяға Сергей Лавров қарсы шықты.

«Ресей келісімге дайын емес» — Макрон

25 қараша күні «еріктілер коалициясының» онлайн-жиынынан кейін Эммануэль Макрон Ресейдің әзірге соғысты тоқтату туралы келісуге нақты дайын емес екенін мәлімдеді. Бұл жиынға алғаш рет АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қатысты.

AFP агенттігінің хабарлауынша, Макрон:

«Ресей қазіргі уақытта соғысты тоқтату туралы келіссөзге ашық екенін көрсетіп отырған жоқ», - деп атап өтті.

Франция президенті Мәскеуді келіссөз үстеліне қайтару үшін қысымды күшейтуге шақырды.

Макрон Киев пен Одессада халықаралық күштер орналастыруды ұсынды

Осыдан бірнеше сағат бұрын RTL және M6 телеарналарына берген сұхбатында Макрон Украинада соғыс аяқталған соң халықаралық «қауіпсіздік күштерін» орналастыру туралы ұсыныс айтты. Оның айтуынша, бұл күштер:

  • Киевте немесе Одессада орналасуы мүмкін;

  • «алдыңғы шепте» тұрмайды;

  • оқыту, кеңесу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету миссияларын атқарады.

«Франция, Ұлыбритания және Түркия әскери қызметкерлері бейбіт келісім жасалғаннан кейін сонда барып, НАТО-ның Шығыс қанатындағыдай операциялар атқара алады», - деді Макрон.

Жалпы саны 20-ға жуық мемлекет әуе, құрлық немесе теңіз бағытында осындай күш жіберуге дайын екенін білдірген.

Ұлыбритания да қолдады

25 қараша күні Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер де халықаралық контингент орналастыру идеясын қолдады:

«Біз дайындап жатқан көпұлтты күштер маңызды рөл атқарады. Соңғы айларда жоспар жасаған әскери штабтарымыз бұл күштердің жауынгерлік даярлығын жетілдіруді жалғастырады», - деді ол.

Лавров қарсы шықты

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Макронның мәлімдемесін:

  • «ең агрессивті сөз»,

  • Киев пен Одессаға қатысты ұсынысын «жай ғана қиял»

деп бағалады.

Халықаралық күштер бойынша жаңа жұмыс тобы құрылды

25 қарашадағы онлайн-жиын қорытындысына сәйкес, халықаралық қауіпсіздік күштері жөнінде жұмыс тобы құрылады. Оған Франция мен Ұлыбритания жетекшілік етеді, АҚШ қатысады, теңіз қауіпсіздігіне қатысты бөлімге Түркия белсенді қатысады.

Макронның айтуынша, бұл күштер Ресей мен Украина келісімге келетін жағдайда украин армиясын нығайтатын қосымша қорғаныс желісіне айналады.

Еуроодақ қысымды күшейтпек

Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен кездесуден кейін X желісінде:

«Қысым – Ресей түсінетін жалғыз тіл. Біз Мәскеу шынайы бейбіт жолға дайын екенін көрсеткенге дейін қысымды арттыра береміз»,-  деп жазды.