Мақсат Халық: Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстан тарапы өз пайдасынан қағылмауы қажет
Путиннің Қазақстанға сапары жағдайында, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасқа біраз шолу жасап өтейін.
Екі жақты тауар айналымы 2022 жылдың қорытындысы бойынша 28 млрд долларды құрады. Ол 2021 жылмен салыстырған 6,5 пайызға өскен.2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда тауарлардың экспорты 9, 7 млрд АҚШ долларды құраса (24,3% – ға артық), импорт-18, 6 млрд АҚШ долларын (0,9% - ға аз) құрады.
Көңіл көнжітетіні экспортымыз едәуір өскен. Дей тұрғанмен сатып жатқанымызға қарағанда, сатып алып жатқанымыз әлі де көп.18,6 мрд доллардан 9,7 млрд долларды алсақ, біз 8,9 млрд долларға ұтылып тұрмыз. Ал бір жыл бұрын 2021 жылдың қорытындысы бойынша 18 млрд долларға тауар алсақ, 6 млрд доллар ғана сата алған едік. Ол кездегі айырма 12 млрд доллар болатын.
Демек 3 млрд долларға қысқарта алғанымыз оң үрдіс екенін атап өту қажет, бірақ бәрі жақсы болды деп айту әлі ерте. Еуразиялық экономикалық одаққа да қатысты мәселелер өте көп, екі жақты ауыл шаруашылық өнімдерін дамытамыз деп жатыр, хош делік. Бірақ ол біздің шаруалардың өнімдерін Ресейге өткізе алмауымен ұласса ол да бекер болатыны анық.
Ресей азық-түлік өнімдері бойынша біздің нарықта демпинг жасайтыны бар, сондықтан бұл тұста ұлттық экономикалық қауіпсіздігімізді алға тартып, протекционистік саясатты ұстануымыз қажет.
Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы баж салықтарын бөлу мәселесін де Қазақстан тарапы көтеріп, өз пайдамыздан қағылмауымыз қажет. Ресей түскен салықтың 85 пайызын әлі алып отыр, Қазақстан болса әлі небәрі 7 пайызын ғана алады. Ресейге салынған санкциялардан ортақ қорға түсетін түсімі азайды, ал Қазақстанның үлесі артып отыр, сондықтан біз өз мүддемізді қорғауымыз қажет.