Мақсат – сурдлимпиадада топ жару
Сурдоспортшы Рамазан Әбдірәсіл әуел баста еркін күреспен айналысты
Өзі денесі ірі, денсаулығы жақсы бала. Анасымен және інісімен тұрады. Анасының айтуынша, Рамазан бір күні сабақтан жылап келіпті. Ойын баласы бір қатарласымен жаға ұстасып қалса керек. Баласының жылағаны ананың жүрегіне қатты тиіп, ол кісі не істеймін деп көп ойланады. Ақыр соңы Рамазанды інісімен бірге спортқа береді. Сондағы ойы, өздерін қорғап үйренсін, оған қоса айналысатын қосымша істері болсын дегені екен. Ол кезде Рамазан тоғыз жаста болған. Алғашында еркін күреспен, 2018 жылдан бастап грек-риммен айналысады. Қазір ол Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің 4 курс студенті. Келер жылы оқуын да бітіреді. Дене шынықтыру және спорт бөлімінде білім алуда. Оқудан, спорттан бос уақытында марафондарға қатысады. Өзі спортты өмір салтына айналдырған алғыр жігіт.
«Қазір Рамазан спорт шебері. Азия-Тынық ойындарында ересектер арасында екінші орын алды. Және осы жақында халықаралық деңгейде Қырғызстанда өткен, 500 спортшы қатысқан сурдо спортшылар арасындағы грек-рим күресінде Қазақстанның туын желбіретіп қайтқан. Қазір Астанада «Дарын» байқауы өткелі жатыр. Соның спорт номинациясына өтініш жіберіп, қажетті құжаттарды жолдадық. Рамазанның 14 дипломы бар. Оның екеуі халықаралық, әлемдік деңгейдегі байқаулар. Соның бәрін жинақтап, ұсындық.
Негізінен Рамазан менен сурдаудармашы ретінде қызмет алмайды. Сонда да біздің қоғамдық бірлестіктің, «Инклюзияның» әлеуметтік желілердегі парақшаларында есту қабілеті зақымданған сурдоспортшыларды, басқа да сурдоспортшыларды, ерекше қажеттілігі бар еңбек адамдарын, табысты, іскер мүмкіндігі шектеулі жандарды көптеп салып, танытуға тырысып жүрміз. Біз секілді қоғамдық қорлар осындай дарындарымызды көршілікке көрсетіп, әртүрлі байқауларға жіберіп, ұсынып отырады. Таланттардың ашылуына барынша көңіл бөлеміз, максималды түрде тырысамыз. Өйткені ата-аналар көбіне мұндай премиялардың, байқаулардың бар екенін де біле бермейді. Жобалардан да толық хабардар деп айта алмаймыз. Сондықтан да қоғамдық бірлестікте әлеуметтік, құқықтық, жұмысқа орналастыру сынды мәселелерден бөлек, сурдоспортшылар мен басқа саладағы жетістігі бар жандарды танытуға атсалысудамыз», – дейді «Инклюзия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айгүл Жұмашқызы. Ал Рамазанның анасы Әсел Қалиева былай дейді:
«Рамазан 2003 жылы дүниеге келді. Ауруханада мерзімі өтіп кеткен вакцина салған соң ауырып, содан есту қабілеті зақымдалды. Ол сегіз жасқа келгенде біз Талдықорғанға көштік. Осындағы облыстық мектепке баламды әкелгелі көп нәрсе өзгерді. Мектеп баламды жылы қарсы алып, өз ортасы пайда болды. Сөйтіп жүргенде 10-11 жасар кезі ғой деймін, Рамазан сыныптастарымен ренжісіп қалыпты. Жігіт болған соң боп тұрады ғой, егіз балалармен жаға жыртысуға дейін барыпты. Содан жылап отырғанын көріп, мұғалімі маған қоңырау шалған. Барсам, бала расымен ебіл-дебіл жылап отыр екен. Еркектің тәрбиесін беретін әкесі де жанында емес. Содан неде болса спортқа апарамын деп шештім. 2016 жылы әкімдік бізге Талдықорғандағы 6 шағынауданнан екі бөлмелі үй берген болатын. Сол жылы онда Жастар сарайы ашылып, спортпен шұғылдануға мүмкіндік туды. Көп ойланбай, Рамазан мен інісі Темірлан екеуін сонда апардым. Осы сәттен бастап олар спорттан, жаттығулардан қол үзген емес. Өзінің тренері, жаттықтырушысы Әлімжанмен танысқаннан осы күнге дейін бірге жұмыс істеп келе жатыр. Алғашында қалыпты балалармен бірге жүріп күреске қатысты. Кейіннен Әлімжан жаттықтырушы есту қабілеті зақымданған балаларға арнайы топ ашып, жұмысқа жеңдерін түріп тастап кірісті. Солай-солай баланың спорттағы жетістіктеріне жол ашылды. Мәселен, Рамазан 9-сыныпта оқып жүргенде Ресейден екінші орын алып келді. Сол кезден бастап балама мемлекеттен айлық есебіндегі қаржы тағайындалды. Оның спорт саласында болашағы бар екенін көріп, әрдайым сенім арттым. Әйтпесе, сынған күндері, бармаймын деген кездері де болған. Жаттықтырушымен тіл табыса алмай, жарыстардан жеңілгенде, әртүрлі спорттық жарақаттар алып, ауырғанда да ол спортты тастамады. Осылай жүріп, Қырғызстанда өткен есту мүшелері зақымданған спортшылар арасында сурдо грек-рим күресінен 97 салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Енді болашақта олимпиадаға қатысамын деген үлкен мақсат-мұраты бар».
Ал Ралан Мұхаметқалиев Рамазаннан екі жас үлкен. Спортқа да ертерек келген. Оның түр-тұлғасына қарап-ақ спортшы екенін байқауға болады. Өзі үйінің кенжесі. Халықаралық аренада біраз белестерді бағындырған ол қазір ауданнан арнайы тағайындалған стипендияны алып отыр. Ол да Рамазан секілді Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша биыл оқуын тәмамдамақ. Бір кездері Раланның рухы сынып, спортты тастаймын деген күндері де болған. Ата-анасы, оқытушылары мен тренері, психолог маманмен бірігіп, біраз тер төкті. Ақыры соңында қуанышқа орай ол қайтадан спортқа бет бұрды. Раланның анасы айтады:
«Жалпы спортта спортшылар көп сынып жатады ғой. Себебі олар тегінде 2, 3 орынды місе тұтпайды, мойындамайды. Бірінші орынға, жеңіске ұмтылып тұрады. Оған жете алмаған кезде тауы шағылғандай күй кешіп жатады. Түскен бәйгесінде бірінші болып келгісі келетіні заңды да шығар, жақсы да шығар. Өйткені талаптану, ұмтылу, табандылық таныту қалай қарасақ та жақсы қасиеттер. Осындай қасиеттерінің арқасында Ралан 2021 жылы Түркияда жасөспірімдер арасында жүлдегер атанып, қоланы иеленді. 2023 жылы ересектер арасындағы Азия-Тынық ойындарының қола жүлдегері атанды. Әлі де алар белестері алда ғой деймін. Талабы зор спортшы».
Ал Айгүл Жұмашқызы сурдо-спортшыларды облыс әкімі қабылдайтын күнді күтіп жүр. Айтуынша, қабылдау әлі болмаған. «Колледж әкімшілігі мен спорт басқармасы елеп-ескеріп, құттықтап, мерейлерін үстем етіп жатады. Бірақ ішінара мәселелер де кезігіп жатады. Мәселен, велоспорттан, басқа да спорт түрлерінен жеңіспен оралған қалыпты спортшыларды марапаттап, тренер, жаттықтырушыларына қомақты көлемде премиялар беріп жатады. Спортшыға да береді. Ал сурдоспортшыларға мұндай дүниелер қарастырылған ба, жоқ па, ол үлкен сұрақ. Осы мәселені өз назарымызға алып отырмыз. Қазіргі таңда тең қоғам, инклюзивті қоғам деп көп айтылады. Енді сол нәрсе іс жүзінде де орындалса дейміз», – деп ағынан жарылды төраға. Осы орайда Рамазан мен Раланның жаттықтырушысы, оларды алға жетелеп жүрген Әлімжан Базарбекпен де тілдестік.
«Балалар бізге кішкентай кезінен бастап келді. Ресми жұмысты 2017 жылы бастадық. 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатына барып келдік. Жасөспірімдер арасында Рамазан 2-орын, Ралан 3-орын алды. Кейіннен екеуі де жастар арасындағы Қазақстанның чемпионы атанды.
Жалпы алғанда, есту қабілеті зақымданған адамдардың ойлауы мен қабылдауы сәл өзгеше болады. Бір нәрсені түсіндіру ұзақ уақыт алатын кездер де кездеседі. Бірақ олар сезімтал, адамның көңіл күйіне қарап, жүзіне қарап ойындағысын ұғып отырады. Мен өзім ыммен сөйлей алмаймын, білімім де жоқ. Дегенмен қазір бір-бірімізді түсінеміз деп ауыз толтырып айтуға болады. Әрі балалармен кішкентай күнінен таныс-біліс болған соң қазір кез келген әңгімеде түсінісуіміз оңай. Олар қазір баяғыдай бала емес, жауапкершілікті толық сезінетін спортшылар. Алға қойған мақсаттарымыз көп. Келер жылы Азия ойындары болса, одан соң әлем чемпионаты бар. 2025 жылы сурдо олимпиада ойындарына бармақпыз. Барлық жеткіншектерімізге зор үміт артып отырмыз», – дейді ол.
Балауса Ділдәбек
Жетісу облысы