Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:10

Мақсат Толықбай. «БЕЗУМНЫЙ МАКС»

Мақсат Толықбай
Фото: Мәжіліс

Бірден ескертейік, бұл жердегі «умға» ақыл-естің дым қатысы жоқ. Мысалы, артынан жүгірген сұлу қыздар бір-бірімен «соқтығысып» жатса, орыс ағайындар ондай сымбатты жігітті «безумно красивый» дей салатынын білесіз.

 Демек «безумныйдың» негізгі мағынасына кереғар мәні де бар. Ал біздің кейіпкерімізді жақын араласатын достары «Макс» дейтінін сан мәрте естігенбіз. Көк жәшіктен Мәжіліске «секірген» Мақсат Толықбай сол достарының бәрінен «умный» болып шыққанын мойындауымыз керек. Алайда тілдік ерекшелік деген осы ғой, «без» бен «ум» біріккенде, күшейтпелі мәнге ие болады да, «умныйдың» өзін жолда қалдырады. Сондықтан жұрт жадына «Безумный Макс» фильмі арқылы сіңген әдемі тіркесті «жұлмаламай», «безімен» бірге берсек, журналист-депутаттың да бет-бейнесі жарқырап шыға келетін сияқты... 

MadMax

«Mad Max», яғни,«Безумный Макс» – австралиялық боевик. Режиссер Джордж Миллер бұл фильмді 350 мың долларға түсіріп, 100 млн доллар пайда тапқан. Сол тұста (1979 жылы) бұл қаржы киноөндірісі үшін сұмдық ақша еді. Қыруар қаржы режиссерді қанаттандырды. Кейін «Воин дороги», «Дорога ярости», «Фуриоса», «Под куполом грома»секілді фильмдерді түсірді. Осы кинолардың бәрінің де бас кейіпкері – «Безумный Макс». Құмды дала, құз-жартасты тауларда бандит-байкерлермен қырылады да жатады...

Біздің кейіпкеріміздің де «жаулары» осал болған жоқ. Мақсат Толықбай байкерлермен алыспаса да, байлармен айқасты. Қазақстандағы байдың байы – Назарбаев пен оның айналасы екенін білесіз. Мәжіліске барған соң Үш қоңырдың төбесіне шықпаса да, етегінде тұрып, елдің сөзін айтты. «Ел аман, жұрт тынышта, тау-тасты қойын-қонышына тығып, меншіктеп алыпты» деді, «Жан баласын жуытпай, тауды айналдыра қоршап тастау – барып тұрған бассыздық, соның салдарынан Қарасай ауданының тұрғындары өз жеріне өз малын жая алмай, пұшайман күйде отыр» деді. Деп қана қойған жоқ, Бас прокуратура мен Үкіметтің шұғыл түрде назар аударуын сұрады.

Тағы бірде кейіпкеріміз түрмеде отырып-ақ қонақүй сатып алған Қайрат Сатыбалдының былықтарын әшкереледі. Сатыбалдының кейде сатып алудан «ерінсе», тартып ала беретіні жұртқа мәлім. Hilton қонақүйінің 160 қызметкері де жылап-еңіреп депутатқа келіп, арыз-шағымын айтқан ба, әйтеуір, сол тұста да Мақсат Толықбай әжептәуір ашуланып, Антикор мен Бас прокуратураға «жұмыс» тауып берген.

Міне, осындай-осындай батыл мәлімдемелерін көрген жұрт кейіпкерімізді шынымен де «безумный жігіт» екен деп ойлайды. Расында солай ғой, «Жыланды үш кессең де, кесірткелік әлі бар» деген сөз тегін айтылған ба, Үш қоңырды дауламақ түгілі, Назарбаевтың аты аталса, есі шығып кететін депутаттар бар. Ал біздің Мақсат кесіп айтып, кесек турайды. Жанарынан от ұшқындап тұрып, қатқыл мәлімдемелерін оқығанда, Парламенттен «Жаңа Қазақстанның» лебі есіп қоя береді. Осыны білетін саяси сарапшылар «Мақсат – «ескінің» екі көзін шұқып отыру үшін таңдалған екі депутаттың бірі» дейді. Алайда біз бұған келіспейміз. Өйткені «екінің бірі» деп төмендетуге әріптестік жақындығымыз жібермейді. Бізше болса, Мақсат – біреу, бізше болса, Макс – жалғыз.

Інісі бардың «жұмысы» бар...

Кейде әңгіменің ауанына қарай қазақтың мақалын да «түзетіп» жібергің келіп тұрады. Алдымен жоғарыдағы «жалғыз» деген сөзімізге аз-кем түсініктеме берейік. Біз бұл жерде депутаттың ешкімге ұқсамайтын бөлекше болмысын айттық. Ал Мақсат Толықбайдың інісі бар екенін жұрт мұнда ғана білді. Білгенде, «Хабардың» тікелей эфирінде жайсыздау жағдай болған. Арнаның басшылары «Астарлы ақиқат» шалыс бағдарлама жасағысы келген бе, әйтеуір, студияға күйеуінен көрмеген қорлығы жоқ әйелді шақырады. Ол зар-мұңын айтып, көзінің жасы құрғай бергенде, «ассалаумағалейкум» деп абьюзер еркектің өзі кіріп келеді ғой, студияға. Қамшы орнына гүл ұстаған еркек қолындағысын бермекке ұмтылады. Ал әйел азарда-безер...

Қорлық көрген әйелге күйеуінің келетінін айтпаған арнанікі – ұят. Бірақ бұл жерде Самат Толықбайдың түк кінәсі жоқ еді. Өйткені телеарнаның «тірлігіне» араласып көрген соң, білеміз ғой, әдетте мұндай бағдарламада алдымен сценарий жазылады. Оны редактор жазып, жоба жетекшілері тексереді. Ал жүргізушіге қалатыны – сценарий бойынша сылқылдата беру.

Бірақ мұны қарапайым жұрт қайдан білсін?! Алғашында жүргізушіге шаптыққан көрермен кейін айдалада жүрген ағасына да шүйлікті. «Мақсаттың өзі ғана емес, інісі де депутат екен» деді. Депутат болса, неғыпты ал? «Бір үйден екі депутат шықпасын» деген заң қайда бар? Кешегі Нығматулиндерді былай қойғанда, бүгінгі Таулардың өзі Мәжіліске де екі ағайынды адам сайлауға түсе алатынын көрсеткен жоқ па?! Оларға қарағанда, інісі кішілігін біліп, Қарасай ауданының мәслихатында отыр. Бастысы, бұл – Мақсаттың негізгі мақсатына орайлас қадам. Әйтпесе, Астанадағы депутат Қарасай ауданында қандай былық болып жатқанын бал ашып біледі дейсіз бе? Әлде «Назарбаевтардың мәселесін көтерші» деп Парламентте біреу құлағына сыбырлайды деп ойлайсыз ба? Экс-президенттің туған жеріндегі былық-шылықты туған бауырың арқылы біліп отырудың маңызы зор. Мысалы, Мақсат Толықбай түскі тамағын ішіп алған соң «Сәке, Үш қоңырдың басындағы атты кісі кім?» деп сұрай салса болды ғой. Кіші Толықбай дүрбісін салып жіберіп, жалғыз Үш қоңыр емес, Қарасай ауданының қай сайында кім жүргенін айтып беріп тұрмай ма...

Кейінгі деректерге қарағанда, Назарбаевтардың Үш қоңырдағы өрісі шынымен де тарылып бара жатқанға ұқсайды. Міне, бұл – жақсы жаңалық. Мақсаттың Мәжілісте көтерген мәселесі біртіндеп жүзеге аса бастады деген сөз. Өсти-өсти ағайынды екі Толықбай Үш қоңырды қазаққа толық қайтарып берсе, одан артық не керек?! «...Інісі бардың тынысы бар» деген мақалды сәл өзгертіп, «жұмысы бар» деуіміздің де мәні осында. Экс-президент етегімен жауып алған жерді даулау – жұмыс емегенде не енді?!

«Безумный Макстың» умный қадамдары

Саясаттың аласапыранынан мақұрым жұрт Мақсат Толықбайды «31» арнадан Мәжіліске бір-ақ қарғыды деп ойлайды. Шындығында олай емес. Кейіпкеріміз Парламентке жеткенше сан тарау жолдан өтті. Баяғы «Бірлік» деген партия Adal-ға айналғанда, әріптесіміз тақымын қысқан. Партияның атына қызықты ма, әлде затын ұнатты ма, белгісіз, әйтеуір әріптесі Дәулет Мұқаев екеуі «қол ұстасып» алып, осы партияның сойылын соққан. Соғып қана қойған жоқ, сайлауға әділетсіздік киліксе, алаңға шығатынын ашық айтты.

Өкініштісі сол ғой, сайлау қорытындысы шыққанда, кейіпкеріміз бетімен жер басты. Алдыңғы сөзінің екпінімен кетсе, көшеге шығатын кез туған-ақ еді. Ал Мақсат бүй деді: «Ағайын, ащы болса да айтайын, біздің қоғамның өзі дайын емес. Мен атойлап алаңға шыққанмен, артымнан бір-екі мың адам шығар. Одан не өзгерер? Сөйтіп тарқаймыз...», – деді, салы суға кетіп.

Міне, Мақсаттың «Безумный Максқа» ұқсамай қалған бір кезі – осы. Әйтпесе, фильмді көргендер біледі ғой, ондағы Макс «артымнан біреу ере ме?» деп қарамайды. Қолына кісен салынып, басына темір «ноқта» кигізілсе де, райынан қайтпайды. Денесін жалаңаштап алып, жалғыз өзі мыңмен алыса береді. Ал Мақсаттікі не? Мақсаттікі – ақыл, біздің Макс ашуын сабырға жеңдірді. Сөйтті де, басқаша қам жасады. «Адал» болып, абырой таппасын білгеннен кейін шығар, ешкімге әл бермейтін Amanat-тың сапына қосылды.

Қызығы, Adal мен Amanat-тың арасындағы бір әрегіректе ORDA тілшісі кейіпкерімізге былай деп сұрақ қойған: «Журналист ешбір партияға мүше болмауы керек», – деп жазған едіңіз, бір жолы. – Өз сөзіңізге қарсы шығасыз ба, сонда?». Түсініп тұрған шығарсыз, бұл мейлінше Adal-данған журналистің эфир тізгініне қайта ұмтыла бастаған кезі-тін. Толықбай тосылған жоқ, «Партияда мәңгі жүрмеймін. Бірақ дәл қазір орта жолдан тастап та кете алмаймын. Журналистикаға қайтып баруға тура келіп тұр. Өйткені қолымнан нан пісіру, көлік жөндеу келмейді. Эфир жүргізу ғана келеді ғой».

Рас, қолына қаламсаптан басқа нәрсе ұстап көрмеген журналист саясатқа араластым екен деп наубайханаға барып, нан пісірмейді ғой енді. Есесіне, екі жолдың бірін таңдау мүмкіндігі бар еді. Біздің Макс екеуін қатар ұстады. Көңіліндегі арманы Amanat-тың саясатымен үйлескенде, «Хабар» арнасындағы «Біздің мақсат» саяси-қоғамдық ток-шоуын жүргізді. Міне, сол тұстарда ғой, «Осы біздің Мақсат өз сөзіне өзі мән бере ме?» деген сауалдың күш алғаны...

Бірақ ел-жұрт «болмайтын» бұл сұрақты талқылап жүргенде, кейіпкеріміз депутат атанды. Мәжілісте жүріп, сан түрлі мәселе көтерді. Елді сүйсінтіп, жұртты желпіндіріп жіберген сәттері де аз емес. «АЭС-ті Ресей салмайды» деп қарашаның көңілін «аулағаны» да рас. Осындай сәттерде «Біздің Мақсат – шынымен біздікі ме? Әлде олардікі ме?» деп баланың сұрағын қойған ағайындарды да көргенбіз. Біле білсеңіз, білдей депутатты біздікі-сіздікі деп «бөлшектеудің» не қажеті бар? Мәселен, Назарбаевтардың соңына түсті ме, түсті. Демек – Сіздікі. Amanat-тың алқалауымен Парламентке барды ма – барды. Демек биліктің қолайына жағатын депутат. Егер «АЭС-ті Ресей салмайды» десе, билікке өзі де алданып қалған болуы мүмкін ғой. Себебі АЭС – халықаралық мәселе, «әлөу» деп Саматтан сұрай салатын Үш қоңырдың дауы емес. Ендеше, мәселе неде? Мәселе сонда, «Безумный Макстың» бас кейіпкері байлауға көнбейтін «бұзық» болса, біздің Макс – майысуға бейім түзік жігіт!

Макстың «жеңгесімен» айтысы

Күні кеше айтқан Мақсаттың бір сөзі бүкіл әлеуметтік желіні аласапыранға түсірді. «Нағыз шындық ащы болады» деген осы ма, әлде депутаттың сөзі жұрттың қышыған жеріне дөп тиді ме, әйтеуір әлеуметтік желі нағыз «тас боранға» айналды. Бірақ кімнің кімді «атып» жатқанын ұқпайсың. Біреулер «Өлтірдің-ау, өлтірдің-ау, бүйтпесең Мақсат боласың ба?», «Міне, сөз, міне, ақиқаттың төресі!» десіп жатыр. Яғни, мұндай ойдағылар депутатқа разы секілді. Сонда елді риза қылатындай біздің кейіпкеріміз не айтып қойып еді? Ал тыңдаңыз, былай деген: «Атағы жоқ, медаль алмаған кім қалды? Айтайын дегенім, атаққұмарлық кәдімгі дертке айналып барады. Марапат пен атақ – базарда сатылатын сувенир сияқты...».

Түсінген адамға сұмдық сөз ғой! Бірақ біздің Мақсат осыны айтып жатқанда, «сувенир» секілді біраз депутат әріптестеріне көзінің қиығымен қарап отырды. Неге? Өйткені олар күні кеше ғана алған атақтарын әлі дұрыстап жуып та үлгермеген. Осыны меңзегені болар, журналист Асылхан Мамашұлы былай деп қойып қалды: «Жаңа жылдың алдында ғана «үздік депутат», «үздік министр», «үздік әкім» деген грамота мен «Қазақ қыраны» деген «медаль» таратқан мәжілістің төрт депутаты жылы көрпе астында жатпай, осындайда неге суырылып шығып, Мақсатқа ара түспейді?».

Былай қарасаңыз, бұл сөздің де жаны бар. Қоғамдық қордан атақ алғаны бар, Қоғамдық қордың атағын таратқаны бар, әйтеуір біраз депутаттың есім-сойы даулы атаққа «байлаулы». Ендеше, олардың бәрі неге мұндайда «жылы көрпе» астында жатуы керек?! «Елдің атағында не шатағың бар?» дегендей бас бұғып «жатып алғандары» депутат деген аттарына жараса ма?

Мұны аз десеңіз, әріптесіміз Дина Елгезек Астанадағы Мақсатқа Алматыда тұрып былай деді:

«...Енді «марапатты қоғамдық ұйымдар таратып жатыр» деп даурыға сөйлеп, тағы да бүкіл проблеманы қоғамға аудара саласың! Айналайын-ау, мемлекеттік марапатты, атақ пен медальды таратып, елге «үлгі» көрсетіп отырған биліктің өзі емес пе? Алдымен идеологтарға осыны неге айтпайсың? Мемлекет тарапынан әр мереке сайын нөсерше төгілетін атақ пен даңқтың құнсызданып кеткеніне неге акцент қоймайсың? Билікті мақтаған қайдағы бір жылпостар мемлекеттік атақты иемденіп, ал шынайы таланттар ескерусіз қалып жатқанын неге беттеріне баспайсың? Әлде қорқасың ба?...».

«Қорқасың ба?» деген сауал шамына тиді ме, біздің Мақсат: «Кейде осы Дина Елгезек жеңгемді түсінбеймін. Отырып алып «хайп» іздей ме, әлде «не айтса да осыларға қарсы пікір жазып отырсам» дегенді өзіне міндет қылып алған ба? Мәселенің байыбына бармастан ұрандатып үш сөйлем жазыпты...» дей салды.

Былай қарасаңыз, «жеңгем» дегені – жақын тартқаны. Анадай сыннан кейін ашуға берілмей, мынадай жауап айтқаны – білгірлік. Хайпқа қатысты пікірі – «Қорқасың ба?» деген сұраққа жауап болса керек. Егер жауапқа тұшынбасаңыз, ары қарай біз айтайық, Мақсат қорықпайды. Қорықса, «20 мыңнан 100 мыңға дейін бағаланады екен» деп марапаттың бағасын айта ма?..

Айтпақшы, әлеуметтік желі дүрлігіп жатқанда, белгілі ұстаз Аятжан Ахметжанұлы біздің кейіпкерімізді белгілеп: «Сіз бүгін көтеріп жатқан мәселені осыдан тура 7 жыл бұрын көтеріппіз…», – деді. Оқысақ, Аятжан баяғыда айтып-айтып тастаған мәселе екен ғой, бұл. Мұғалімнің дерегінде «Ғасыр ұстазы» – 13 мың, «Алаш ұстазы» – 10 мың, «Ұлт ұстазы» – 5 мың теңге» деп көрсетілген.

Құдай-ау, не деген «кең заманда» өмір сүргенбіз дейсіз, еріксіз. Өйткені Аятжан айтқан 10 мың мен Мақсат айтқан 100 мыңның арасы жер мен көктей ғой, құрсын. Бірақ бір нәрсені түсінуіңіз керек, Асылхан мен Динанікі дұрыс дегеніміз, Мақсаттікі дұрыс емес дегенді білдірмейді. Негізі нағыз дұрыс сөз, тегінде – Мақсаттікі. Себебі Алаштың баласы арзан атақ, түкке тұрғысыз марапаттан бас тартпай, ешқашан оңбайды. Тіпті Аятжанның әлдеқашан айтып тастағаны да, Мақсаттың көтерген мәселесінің құнын түсірмейді. Себеп неде? Себеп сонда, Аятжан әлгі пікірін мектепте отырып айтса, Мақсат Мәжілістің төрінде күндей күркіреді!

Айырмасын түсінсеңіз, дау айтып, «бас қатырмайтын» шығарсыз. Неге? Байқасаңыз, оны әңгімеміздің басынан бері айтып келе жатырмыз. Ұмытсаңыз, тағы бір ескертеміз, өйткені Мақсат – біздікі, өйткені Мақсат – Сіздікі.

Түйін

Осы атақ мәселесінде «шатақтау» бір түйткіл бар. Кең заманда талай ел ақшаның көзіне қарамай, атаққа көміліп, марапатқа малшынды. Енді солар не істейді? Күресінге тастай салардай тегін келген дүние емес. Төсбелгісін кеудесіне тағып, мақтау қағазын қолтығына қысып жүрсе, Мақсаттан ұят. Сонда неғылмақ керек? Қауашаққа қапелімде келген ой ғой, егер марапат алғандар қайтадан өткізсе, не болар еді дейміз де. Ана бәлелер ақшасын қайтара ма, әлде «өзің сұрадың, өзің алдың» деп жолатпай қоя ма?

Шіркін, осыны да көтеріп, көптің талқысына салса, «еріккен жұртқа» кемі екі айға жететін «ермек» болар еді. Оның үстіне Қоғамдық қорлардың марапатын «тапсырып бергіш» депутаттар да «куәлікке» тартылмай ма?.. Демек атаққа қатысты даудың «жеті атасын танытатын» тақырып осы болғалы тұр. Ақыры айтқан соң аяғына дейін жеткізсе, біздің Мақсат «безумный» деген бағаға сай болары даусыз. Ал егер болмаса ше? Кейіпкеріміз ондай жағдайда да ештеңе жоғалтпайды. Тек біз тақырыптағы «без» деген сөзді «сылып» тастаймыз. Сонда біздің Мақсат – «Безумный Макс» емес, «умный Макс» не болмаса, «безсіз Макс» боп қалады...

Сансызбай Нұрбаба