Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:50, 20 Маусым 2024

Мақсаты айқын маманның талабы зор

«Күміс жас» жобасы
Фото: ашық дереккөз

Хакім Абай үшінші қара сөзінде: «Һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» деген еді.

Еңбекпен келген дәм – қашан да тәтті. «Сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар» шектен тыс көбейген қоғамның күйін көзге елестету қиын. Осы орайда қоғамдағы патерналистік көңіл күйді жойып, әлеуметтік масылдықты азайтудың ең ұтымды жолы – жұмыссыздықпен күрес. Себебі бүгінгі таңда патерналистік құндылықтар Қазақстан үшін экономикалық жетістіктерге жетуіне тежеу болып отыр. Жұмыссыздықпен күрес мақсатында Түркістан облысының «Мансап» орталығы жұмыссыз тұлғаларды «Алғашқы жұмыс», «Жастар практикасы», «Күміс жас» және «Қоғамдық жұмыс» жобаларымен жұмысқа орналастыруды жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, 2023 жылы «Күміс жас» жобасы аясында жалпы республика бойынша 50 жастан асқан 15 166 адам, ал Түркістан облысында 2103 адам жұмысқа орналасқан. Жобаның мақсаты – 50 жастан асқан, бірақ зейнет жасына жете қоймаған тұлғаларды жұмысқа орналастыру. Мысалы, биыл наурызда «Күміс жас» жобасымен жұмысқа жолданған Жанбибі Жәнібекова қазіргі таңда Түркістан облысы Кентау қаласындағы Mom-baby массаж орталығында массажист қызметін атқаруда. Маман дисплазия, БЦП (ДЦП), бұлшық ет тонусының бұзылуы, омыртқаның қисаюы, ЖРВИ асқынулар, психомоторлы дамудың тежелуі сынды денсаулығында ақауы бар бүлдіршіндерге массаж жасап, нәрестелердің сауығып кетуіне өзіндік үлес қосып жүр. Осы уақытқа дейін балабақшада жұмыс жасаған Жанбибі бүлдіршіндермен қалай тіл табысу керегін білетін кәсіби маман.

«Күміс жас» жобасы арқылы өзім қалаған жұмысқа орналастым. Жасың ұлғайған сайын балабақшада жұмыс жасау қиындай түседі. Бірнеше жылдан бері осының салдарынан жұмыссыз отырдым. Қазіргі таңда профилактикалық және емдік массаж түрлерін жасайтын кәсіби сертификатталған массаж маманы боп шыға келдім. Оқу, білім алу, іздену ешқашан кеш емес деп ойлаймын. Жасым елуден асса да, мамандығымды өзгерткеніме намыстанған емеспін. Қайта сүйікті ісімді тауып, қайта жұмысқа орналасқаным үшін жобаға алғысымды білдіремін», – дейді.

Шындығында, Абай айтқан «талап, еңбек, терең ой» қазіргі жастардың, тек жастардың ғана емес, ересектердің де санасынан шығып кеткен сияқты. «Қазіргі күрделі аумалы-төкпелі заманда халықтың әл-ауқатын көтеру, кедейшілікпен күрес – тек байлық-бақуаты бар, еңсесі тік, әлеуеті зор елдердің ғана қолынан келеді. Бүгінде Қазақстан халық тұрмысын жақсартуға бағытталған саналуан әлеуметтік қамқорлық шараларын жүзеге асыруда. Бірақ ол барлық халықты қамтамасыз ете алмайды» деп бәрін биліктен күтетіндердің қарасы өте көп. Себеп неде? Әрине, жұмыссыздық, жалқаулық. Зейнетке жете қоймаған, десек те жасы ұлғайған жандарға берілген мүмкіндікті ұтымды пайдаланып жатқандардың қарасы көбейіп жатқаны қуантады. Соның тағы бір мысалы – Түркістан қаласының тұрғыны Айгүл Жанәділова. Отыз жылдан бері өзі де шаштараз боп жасағанымен елу жасқа толған соң аталмыш жобаға қатысып, кәсібін жалғастырған.

«Жер бетінде шаштараздың қызметіне жүгінбейтін жан жоқ. Шашы өскен еркек те, шашын сәнді үлгіде қиғысы келген әйел де шаштараздың алдына барып, оған өзін толықтай тапсырады. Себебі шаштараз – адамның ұйпа-тұйпа, өсіп кеткен шашын әдемі қиып беретін өз ісінің маманы. Бүгінде «Күміс жас» жобасымен кәсіпкер Шынар Жұматаеваның қарамағында жұмыс жасаймын. Жасым біршамаға келгеніне қарамастан, заманауи үлгіде шаш үлгілерін жасай аламын», – дейді маман.

Зейнеталды жастағы жұмыссыздардың екі қолға бір күрек таба қоюы қиын. Оның үстіне қолайлы еңбек шарты қажет. Бұл тұста «Күміс жас» жобасы оларға тиімді мүмкіндік берді. Бағдарлама қатысушылары үшжақты келісім арқылы түрлі мекемелерде жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің алға ілгерілеуіне кедергі келтіретін кейбір құндылықтарды жоюды, соның ішінде патернализмді ауыздықтауды талап етеді. Өркендеу даңғылына тек қана «қамқоршы мемлекет және белсенділігі төмен азамат» сынды патерналистік схемадан бас тарту арқылы қадам басуға болады. Қазақстандық қоғамның бұқаралық санасында кәсіпкерлік қызметтің құндылықтарын, өз бетінше әрекет етудің және өз ісіңде адал жолмен жетістікке жетудің маңыздылығын мойындау ұғымы бекуі тиіс.

Сәруар Бақберген