«Мақсатты мектептің» мақсаты қандай, дауы неде?
Оқу-ағарту министрлігіне қатысты тағы бір дау шығып жатыр. 1 200-ден астам педагог қол қойған ашық хат президентке жолданды.
Бұл жолы «Мақсатты мектеп» жобасы мен оның орындалу механизмі сынға ілікті. Білім бағдарламасы жүйесіз, педагогтардың жұмысы мен жауапкершілігі көп кезеңде тағы бір пайдасыз «акция» пайда болып, заңсыз жүзеге асып жатыр дейді ұстаздар қауымы.
Жаңа оқу жылымен бірге басталған жаңа жобаға еліміздегі мыңға жуық мектеп кірген. Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының нұсқаулығына қарасақ, аталмыш білім ордалары педагогтардың, басшылар мен орынбасарлардың сандық және сапалық құрамын, педагогтардың білімін бағалау тестінің нәтижелерін, жалпы үлгерім мен білім сапасын ескере отырып іріктелген. Яғни осы сапалық көрсеткіштердің деңгейіне қарап белгілі бір деңгейдегі әдістемелік көмек қажет мектептер анықталған. Енді олармен жоба аясында жұмыс жасалмақ. Бұл бағытта «Нысаналы мектеп» не береді деген сұраққа келсек, негізгі ісі баяғыдан келе жатқан «дәстүрлі шаралар» аясында. Мәселен, материалдық-техникалық база, кадр сапасы, тағысын тағы. Осының ішінде педагогтарға онлайн курстың жаңа нұсқасы жасалып, оқытылуда. Ерекше қарсылық тудырып отырған да осы мәселе. Бұл туралы ашық хатта былай делінген:
«Мақсатты мектеп» жобасының жұмысы материалдық-техникалық жарақтандырудан емес, мұғалімдерді онлайн оқытудан басталды. Мұғалімдер тамыз айынан бері бес модульдік онлайн оқудан өтті. Әр модуль сайын көптеген онлайн тест тапсырды. Тест сұрақтарының басым бөлігі психологиялық, методикалық сұрақтардан тұрады. Пәнге арналған сұрақтардың өзі де қатеге толы. Енді заңды сауал, мұғалімдер бала оқыта ма, әлде онлайн оқып, күн сайын тест тапсыра ма? Оның үстіне, жоба жыл бойына жалғасады екен. Онсыз да белгілі, педагогтардың жеке өмірге уақыты жоқ. Онлайннан бөлек, Ұлттық тестілеу орталығына, Назарбаев зияткерлік мектептеріне барып та тест тапсырамыз. Бастауыш сынып мұғалімдері 12-13 қазан, қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттар бойынша пән мұғалімдері 26-27 қазан деген мерзім белгіленген. Бұл күнтізбеге сәйкес сенбі, жексенбі – демалыс уақыты. Еңбек кодексі бойынша, демалыс күндері жұмысқа шақыратын болса, жұмыс беруші қызметкерге жалақы төлеуге міндетті. Әрі төтенше жағдай болмаса, демалыс уақытында жұмыскерді өзінің жазбаша өтініші арқылы ғана жұмысқа шақыруға болады. Бірақ министрлік 943 мектептің мұғалімін демалыс күндері тест тапсыруға міндеттеп отыр».
Наразы педагогтар не дейді?
Демек, жобаға қатысып отырған 943 мектептің педагогтарына мазмұны мен тест сұрақтарының сапасы нашар курс оқытылып жатыр. Бұл жүктемеге қоса, сенбі, жексенбі тестке шақырады. Аталған заңсыздықты есепке алмағанда, жобаның өзі де нақты бұйрықпен бекітілмепті.
«Мақсатты мектеп» туралы «Педагог мәртебесі» заңында да, «Білім туралы» заңда да көрсетілмеген. «Әділет» сайтында да жарияланған жаңа нәрсе жоқ. Яғни жоба заңмен бекітілмеген. Ы.Алтынсарин академиясының нұсқаулығы ғана бар. Оның «Педагогтардың кәсібилігін дамыту» атты тарауында педагогтардың біліктілікті арттыру курстары туралы жазылған. Мұнда үш жылда бір рет педагогтардың біліктілігін арттыру жөнінде мемлекет басшысының тапсырмасы бар екен. «Педагог мәртебесі» заңы бойынша да мұғалім үш жылда бір рет біліктілігін арттыратын курсқа баруы керек. Ондай курстарды барлық мұғалімдер уақытымен тапсырып жүр. Тағы бес жылда бір рет аттестациядан өтеміз. Осының бәрінен соң да курс пен тест қажет пе? Министрлік білім сапасын арттырғысы келсе, алдымен білім беру бағдарламасын өзгертуі тиіс. Материалдық базаның да жағдайы кері әсер ететіні түсінікті. Осының бәрі түзелмейінше, педагогтарды қанша тесттен өткізсе де ауаға кетеді», – дейді педагог Айман Сағидолла.
Айман Сағидолла білім беретін мектеп те осы жобаға енген. Айтуынша, «Мақсатты мектептің» жасап жатқаны курс қана. Ал шын мәнінде білім сапасын көтеру мұндай жобалармен шешілмек емес. Бұл ситуацияны Qazbilim group компаниясының басшысы Аятжан Ахметжанұлы былай талдады:
«Мақсатты мектеп» жобасы мақсатынан адасқан деуге болатын шығар. Сапа деген жалған көрсеткіш қуған мектептер мен білім басқармаларының қолдан жасаған пайыздары емес. Шынайы ахуалды «трагедия» деген сөзбен сипаттауға болады. Мәселен, Дүниежүзілік даму банкі еліміздегі адами капиталдың сапасы туралы зерттегенде, PISA-2022 зерттеуінде, ҰБТ нәтижелерінде шынайы сапамыз көрініп отыр. Жағдайдың қиын екенін ашық мойындап, оны дұрыстауға тырыспасақ, түбі жақсылыққа апармайтыны анық. Алайда істің жүйесін, заңды, құқықтық норманы ескермейтін жауаптылар білім сапасын көтеру деген мақсатты мақсатын социалистік жарысқа айналдырды да, «Мақсатты мектептің» мақсаттарының быт-шытын шығарды. Жобаның айналасындағы құқықтық сұрақтарды бұған дейін біраз әріптестерім талдады. Менің айтқым келетіні, «Мақсатты мектепке» енген мектеп мұғалімдеріне курс оқытылуда. Оның мақсатын да түсіндірмеді, оқу керек деп ала жөнелді. Курстың реалды өнімділігін ойлағандары шамалы. Курстан соң тест алынады. Одан өтпесе, шара қолданамыз деді. Шу еткен дауыс шыққанда өз талаптарының заңсыздығын сезе қойды да, «тесттен өтпесе де ештеңе етпейді» деп келісті. «Тест жексенбі екен, заңсыз» деп еді, тестке бармаған мұғалімге қысым жасалмайды деп тағы бұлтаң етті. Ал енді нәтижесіне сұрау болмайтын, қатыспаса да ерікті болатын тестті өткізу, оған ресурс бөлу, күш салу күлкілі емес пе?»
Министрлік не дейді?
Осы сынды пікірлерін білдіріп, көзқарасын айтып жатқандар көп. Ашық хат туралы да айттық. Өз кезегінде, ұстаздар талабы мәжіліс депутаттарының да назарына іліккен. Жақында ғана депутат Жұлдыз Сүлейменова не қаулысы жоқ, не бұйрығы жоқ жобаны тоқтату керек деп мәлімдеме жасады. Алайда оқу-ағарту министрлігі «Мақсатты мектеп» толығымен заңды жоба деп отыр. «Жас Алаш» жолдаған ресми сауалға келген жауапта былай делінген:
«Жоба ҚР-да мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында белгіленген. Ал аталған концепция үкімет қаулысымен бекітілген. Демек, жоба да заңды».
Әрі «Мақсатты мектепке» республикалық бюджеттен де, жергілікті бюджеттен де қаржы бөлінбепті. Онлайн курсты, платформаны «Өрлеу» орталығы қалыпты жұмыс ритмімен жоспарлы түрде жасаған. Министрліктегі мамандар куратор ретінде өңірлерді бөліп алып, жергілікті жобалық кеңседегі жұмысты басқарма мен бөлімдердегі әдіскерлер атқарып жатқан көрінеді. Жобаның бөлек бюджеті болмауына тағы бір себеп, бұл жаңадан қабылданып, белгіленген мерзімде тоқтайтын науқан емес, білім сапасын арттыру процесінен ажырамайтын бағдарлама. Ол түрленіп, жаңа жағдайға бейімделіп отырмақ. Сондықтан мұғалімдердің «Мақсатты мектеп» жобасы тоқтасын деген талабы қанағаттандырылмайды дейді оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Тұрғанбайқызы.
Біз министрлік өкілінен педагогтардың талабы мен жобаның болашағы туралы сұрадық.
«Бұл жобаға елдегі әдістемелік қолдауды қажет ететін мектептер кіргізілді. Олармен тиісті жұмыстарды жүргізу арқылы білім сапасын арттыруды көздеп отырмыз. Өйткені жобадағы мектептің әрбіріндегі қажеттілік пен проблематика әртүрлі. Соған қарай мақсатты индикаторлар белгіленді. Осы мақсатты индикаторларды орындай алса, деңгейі көтерілсе, мектеп келесі категорияға өтеді. Дедлайн оқу жылы аяқталғанша. Ал алдағы жылдары мектептің саны өзгере ме, жоқ па, ол талдамалы жұмыстарға байланысты шешіледі.
Жобаның мерзіміне келер болсақ, білім сапасын арттыру әрдайым жүретін жұмыс. Ол «Мақсатты мектеппен» тоқтамайды, жоба түрленіп, басқа атаумен жалғаса да берер. Ұсыныстар мен идеяларға байланысты, өңірлердегі жағдайға қарай жалғасуы да, өзгеруі де ықтимал. Сондықтан дәл қазір «Мақсатты мектепті» нақты үш жылдық, бес жылдық жоба деп айта алмаймыз.
Сапаға көп фактор әсер етеді. Соның ішінде кадр мәселесі өте өзекті. Осы себептен, жоба аясында курстар оқытуға мән беріледі. Жаңа жобадағы жаңа курстарды «Өрлеу» орталығы әзірледі. Олар алдымен зерттеулер жүргізіп, мектеп бағдарламасындағы меңгеруге қиын тақырыптар тізімін жасады. Осы анализ негізінде жаңа бағдарлама мен курс құрылды. Иә, мұғалімдерді оқыту бұрыннан бар. 2016 жылы жаңартылған бағдарламаға көшкен соң, негізгі курстардың мазмұны жаңа бағдарламаның методикасын үйретуге бағытталды. Ал пәндік негізге мән беру 2021-2022 жылдары басталды. Дегенмен қажеттілік әлі де бар. Біз осы қажеттілік пен жаңа зерттеулерге сүйеніп, онлайн курс беріп отырмыз. Оны оқытқан соң, нәтижесін бақылау қажет. Яғни тесттің болуы орынды. Бірақ талап етілмейді. Алайда педагогтардың мүлде бармаймыз, тапсырмаймыз дегені де дұрыс емес. Жүктемеге келсек, бәрі есептелген. Жалпы курстың мерзімі мен көлемін жұмыс күндеріне бөлгенде, бір күнде онлайн курсқа артығымен алғанда екі сағат кетеді. Бұл мұғалімдердің сағаттары мен басқа да уақыт жұмсайтын міндеттерін есептегенде, ауыр болады деп ойламаймын».
Баян Мұратбекқызы