Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 03 Маусым 2025

Мақтада мемлекет мүддесі көрінбей тұр

мақта
Фото: ктк

Сенаторлар Түркістан облысындағы мақта өндірісіне алаңдап, үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. Сенаторларды алаңдатқан ақ алтынның жағдайы салалық бағдарлама мен арнайы заң қабылдауды қажет ететін деңгейге жеткен. Солай деген Мұрат Қадырбек бастаған бір топ сенатор Түркістан облысындағы мақта шаруашылығының мүшкіл халіне үкімет басшысының назарын аудартқысы келеді.

Премьер-министр Олжас Бектеновке жолданған депутаттық сауалда саладағы жүйелі мәселелер мен нақты ұсыныстар айтылған. Жалпы, Түркістан облысы – республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір. Мұндағы 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Жыл сайын 120 мың гектар жерге мақта себіліп, 300 мың тоннадан астам шит жиналады. Дегенмен шаруалар өнімнен пайда көрмей, шығынға батып отырғаны депутаттардың мәселе көтеруіне арқау болыпты.

Өндірілген өнімнің 85%-ы шетелге шикізат түрінде жөнелтіледі екен. Елде мақта талшығын өңдейтін үш-ақ зауыт бар, олардың ел нарығындағы үлесі – небәрі 15% ғана. Өңдеу қызметінің құны да тым жоғары. Қытай мен Өзбекстанда – 40–60 мың теңгеге шығатын қызмет біздің елде 150–170 мың теңгеге дейін барады. Бұл жағдай шаруаларға ауыр салмақ түсіріп отыр.

Сонымен қатар бізде өндірілетін талшық ұзындығы 20–25 см-ден аспайды, ал әлемдік нарық 35–60 см аралығындағы талшықты жоғары бағалайды.

Мәселе мұнымен бітсе қане?! Сапалы тұқым тапшылығы да негізгі түйткілдердің біріне айналған. Өйткені «Тұқым шаруашылығы туралы» заң орындалмай жатыр. Мақта майына немесе мал азығына ғана жарамды шиттер келесі жылға арналған егістік тұқымымен араласып кетеді. Оның себебі, бақылау әлсіз.

Сенаторлардың сөзінше, осындай қиыншылықтардың салдарынан AZALA Textile секілді кәсіпорындар ішкі нарықта өнімін сата алмай отыр. Фабрика биылғы наурыздан бастап жұмысын тоқтатқан. Бұл кезде ұлттық компаниялар жыл сайын шетелден миллиардтаған теңгеге тоқыма тауарларын сатып алып жатыр. Бір ғана «Қазақстан темір жолы» өз-өзін мақта-мата тұрғысынан керек-жарағына 40 млрд теңгеден астам қаражат жұмсайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында офтейк келісімшарттарды кеңінен қолдану қажет екенін айтқан еді. Алайда бұл жүйе әлі жолға қойылмаған. Жүйеде кемшілік болғаннан кейін отандық өндіріс қолдаусыз қалған.

Премьер-министр биыл наурызда Қытайдың Xinjiang Lihua компаниясымен 200 млрд теңгеден астам инвестиция көлемінде мақта-тоқыма кластерін салу туралы келіссөз жүргізген еді. Соның қорытындысы бойынша 10 зауыт салу жоспарланған. Депутаттар бұл жобаның шаруалар үшін қаншалықты тиімді болатынын нақтылауды сұрап отыр.

Қалыптасқан жағдайға байланысты сенаторлар мәселенің шешім жолын ұсынып отыр. Айтуларына қарағанда, алдымен, мақта шаруашылығын дамытуды арнайы заң ғана реттей алады. Шаруа қожалықтарынан өнім сатып алу үшін тұрақтандыру қоры қажет. Аграрлық несиелердің қайтару мерзімін өнім сатылғаннан кейінге шегермесе болмайды. Мақта кластерін қалыптастыру жұмысы жергілікті органдармен үйлестіргенде ғана лайықты орындалады. Ал сапалы мақта өндірісін жолға қою үшін салалық бағдарлама қабылдау керек. Қазір жоғары сұранысы болып тұрған Азия елдеріне экспорт бағыттарын кеңейткен жақсы. Оның қасында отандық зауыттарды офтейк келісімшарттармен қамтамасыз етіп отырған дұрыс деп санайды.

Бекбол Амангелді

Түркістан облысы

Тегтер: