Мақташылар мұңы: Сатыбалды не зауыт салмайды, не субсидия бермейді
Елімізде мақта егетін бірден-бір өңір Түркістан облысында «ақ алтынды» жинау науқаны аяқталуға жақындап қалды. Баяғыда мектеп оқушыларынан бастап, студенттер, қала берді өзге аудан, қалалардағы колхозшыларды жұмылдырып, алаулатып-жалаулатып өтетін науқаннан соңғы жылдары мән кеткен. Онсыз да кейінгі кезде әлемдік нарықта сұраныс азайған мақтаның бағасына былтырдан бастап геосаяси жағдай килікті. Биыл диқандарда тіптен маза жоқ.
Шитті мақтаның келісін биыл мақта зауыттары 220-250 теңгеден қабылдап жатыр. Алдын ала жасалған келісім бойынша зауыт соның 100-150 теңгесін ғана береді. Кейінірек толық есептеседі. Алайда көптеген мақта зауыттары өнімді қабылдап алғанымен, шаруаларға ешқандай ақша төлемеген.
Өткен аптаның соңында мақташылар мен диқандардың Ұлттық одағының Жетісай аудандық филиалының төрағасы Марат Бұхаровпен хабарласқанбыз.
– Дәл қазір «Жанасыл» мақта зауытының Атамекен ауылдық округіндегі мақта қабылдау пунктінде жетпіс-сексен шаруа жиналып тұрмыз. Осы жерге зауыттың директорын шақырдық. Аудандық әкімдіктің қызметкерлері де жүр. Зауыт шаруалардың мақтасын қабылдағанымен, әлі бір тиынын да берген жоқ. «Ақша жоқ» дейді. Бұлар халықты осылай алдап, әбден үйреніп алды. «Дүйсенбі кел, сәрсенбі келмен» уақыт өтіп жатыр. Былтырғы мақтасының ақшасын ала алмай жүргендер де бар. Ашулы халық жолды жабамыз деп жатыр. Себебі шаруалар мақтаны банктен, «Ырыс» ұйымынан несие алып еккен. 1 қарашаға дейін ақшаны төлемесең, өсім жүреді. Несие тарихың бүлінсе, келесі жылы ақша бермей қояды. Жалғыз бұл емес, аудандағы мақта зауыттарының бәріндегі жағдай осылай, – деді төраға.
Ал бұл іске аудан әкімдігі, құзырлы органдар қандай ықпал жасай алады? Төрағаның айтуынша, прокуратураға арыз берілгенімен, ол қаралмаған. «Жеке кәсіпкерлердің арасындағы мәселеге араласа алмаймыз» деген көрінеді. Ал әкімдік мақташыларға біраз уәде бергенімен, олар орындалмаған.
– Мақтаның гектарына 70 мың теңгеден субсидия береміз дегенді облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы айтқан болатын. Бірақ ол берілмеді. Былтыр халықпен кездесуде облыс әкімі Дархан Сатыбалды мақта тазалайтын зауыттар салынатынын айтқан. «Шаруалар зауытта мақтасын өңдеп, өздері шетелге тікелей сатады. Осы зауыттар арқылы шаруаларды қаржыландырамыз» деген еді. Бірақ бұл уәде де ұмыт қалды. Әкімдердің айтқан сөздері айтқан жерінде қалып жатыр ғой, – деді М.Бұхаров.
Жалпы, мақта шаруашылығы тиімсіз болғандықтан одан бас тартып, басқа кәсіпке ауысуды шенеуніктер соңғы 10-15 жыл бойы айтып келе жатыр. Бұған мақташылардың айтар уәжі бар.
– «Қауын-қарбызға көшіңдер» дегенді әлі де айтып жатыр ғой. Бірақ қауын-қарбыз да өтпей жатыр емес пе?! Биыл біраз шаруа шығынға батты. Шардарада жүгері өңдейтін зауыт салынды. Алайда кәсіпорын өнімді шектеулі көлемде қабылдайды. Қазірдің өзінде жүгері 60-70 теңгеге түсіп кеткен. Оның үстіне жүгері 4 мәрте су ішеді. Өкімет бір рет су ішетін мақтаға су тауып бере алмай отырғанда, жүгеріге қайдан тауып береді? Қара халықты қолдайтын, демейтін ешкім қалмаған сияқты. Қайда барсаң да «өз күніңді өзің көр» дейді. Ертең ашынған халық көтерілсе не болады?! – деді төраға.
Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспановтың айтуынша, шаруаның басындағы проблеманың бәрі мақтаға деген сұраныстың жыл санап төмендеп бара жатқанымен байланысты.
– Жолды жапқанмен, мақтаның бағасы көтерілмейді ғой. Бұл жерде мәселенің байыбына бару керек. Шаруаларға көктемде «мақта екпеңіздер» деп айттық. Бірақ оған құлақ аспай, екті. Мақта зауыттары өнімді қабылдады, әзірге аванс береді. Кейінірек толық есептеседі.
– Авансты да бермей жатқан көрінеді...
– Зауыттардың дәл қазір ақшалары жоқ. Біз де бәрінің есебін алып отырамыз. «Мырзакенттің» шаруалардың алдындағы қарызы 4 миллиардтқа жеткен. Мақтаны қалай сатады, содан кейін бәрімен есеп айырысады. Мұның бәрі де нарық заңы ғой. Ең бастысы, зауыттар шаруаның мақтасын далада қалдырмай, түгелдей қабылдап жатыр. Әкімдік қызметкерлері, депутаттар екі айдан бері сонда жүр. Мақтаға субсидия қаралмағанымен, шаруаға көп көмек беріліп жатыр. Селитраның өзі 33 мың теңге. Бұдан бөлек биоагенттер, пестицид, жанармай бар. Осының бәрі бір гектарға шаққанда 70 мың теңге барып қалады. Мұндай жәрдем басқа бірде-бір өнімге берілмейді, – деген басқарма басшысының айтқанынан түсінгеніміз, субсидия келешегі бар дақылдарға ғана беріледі. Мәселен, қазір жүгерінің әр тоннасына 10 мың теңгеден субсидия төленеді екен. Ал мақтаға сұраныс жоқ. Дәлірегі – «ақ алтынның» келешегі бұлыңғыр деген сөз.
Осы жерде айта кетейік, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен былтырдан бастап мақталы ауданның атқамінерлері тоқыма кәсіпорындарын салу үшін инвестор іздеп жатыр. Өзбекстанмен, Қытаймен біраз келісімдер бар. Одан қаншалықты нәтиже шығады? Әзірге бұл жағы да бұлыңғыр.
Бірақ бір нәрсе анық – мақта Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарындағы халықтың негізгі күнкөрісі саналады. Яғни мақта шаруашылығының күйзеліске ұшырауының, тиімсіз кәсіпке айналуының арғы жағында әлеуметтік проблеманың қылтиятыны айтпаса да түсінікті.
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Түркістан облысы