Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:00, 09 Ақпан 2022

Мал базардағы мұң

None
None

Мал базарды бір көріп қайту көптен бері ойымда жүрген. Бірақ «осы аптада қалайда барам» деп өзіме өзім уәде беріп қойсам да, тура жексенбінің таңы атқанда күнілгері қолымды ысқылап, асыға күткен мақсатымды әлдебір себептермен ұмытып кете беруші ем.

         Бүгін азанда төсегімнен тұрып жатып есіме сол жоспарым сарт ете түспесі бар ма. Үйдегі ұсақ-түйек шаруаларыммен айналысам деп жүріп тағы да тарс ұмытып кетпейін дедім бе, қойдың сирағына жармасқан баладай сол ойдың пұшпағынан айырылмай жүріп жуынып-шайынып, киініп алдым да, бір-екі кесе шәй де ішпестен жолға шықтым.

         Келсем сауда қызып жатыр. Көптен көрмегенге мұндағы тіршілікті жаныма кәдімгідей жат санап, тосырқап қаппым. Әшейінде елмен бірден тіл табыса кететін еркіндігімнен де қарадай айырылып, бейне бір оғаштау ортаға тап болғандай, үнсіз аралап келем. Ішімнен «демалыс күнгі бос уақытыңды сарп етіп, сонау ит өлген жерден алып-ұшып жеткеніңде елге айтатын түк таппай құрқол қайтпағың» деймін өзімді өзім қайрағандай боп.

Бірақ сонда да тұсаулы аттай кібіртіктей бердім. Мен – оны, ол – мені жатырқап қалған. Компьютердің клавиштерін тықылдатудан өзге қиындығы жоқ кәсібім бала кезімнен көріп өскен қарапайым адамдардың сауда-саттығынан, дабыр-дұбыр сөздерінен, абыр-сабыр өмірінен мүлде алыстатып жіберіпті.

— Мына мериностарыңыз қаншадан?

    Қосақтап қойып қой сатқандардың қастарында үндемей тұрып-тұрып ақыры біреуіне тіл қаттым-ау. Сауалым мыналарға мал сатып алатын адамның сөзіне ұқсамайтын жалған, жасанды сияқты естілді ме екен деп өзімді өзім қолайсыз сезініп те тұрмын. Ал ойым «баяғыда ауылда отырғанда Бұлбике апамның «мәліш» дейтін қойлары осы ма еді әлде басқа ма еді?» дегенге жауап іздеп, мүлде басқа жақта жүр.

   – Жиырмадан берем.

— Бүйірлері қабысып тұр ғой...

         Саудасын «бұзу» үшін айтқан жоқпын. Шыным сол. Биязы жүндері аспандағы қазбауыр бұлттардай боп көзді арбап тұратын баяғы меринос қойлардың әппақ түсінен бір мысқал да із жоқ мыналардың үсті қи мен зәр жұға бергеннен соң ба әбден сарыжағалданып, кірлеп кеткен.

— Кеше азаңда тиегем көлікке. Бүгін, міні, сәске түс болды. Бір тәулік бойы су ішіп, шөп жемеген малдың бүйірлері ішіне қабыспағанда қайтеді?

Сұңғақ бойлы сары кісі екен. Қойлары сияқты өзінің де жағы суалып, жүзі шаңытып кеткен.

— Таудан түстіңіз бе?

         Біздің жақта мериностарды «ақ қой» деп те айта береді. Араларын тау ғана бөліп жатқан қырғыздармен құдайы көрші Құлан, Меркі сияқты салқын сабатты таулары бар жақта бұл «ақ қойларыңыз», жүдә, өсімтал келеді өзі.

«Ақ қой» демекші, ауыл қылжақбастарының бір әңгімесі бар. Әкесі Әндірейден підә болғаннан бермен қарай қазақтардың арасында өсіп, қазақша оқыған Құлан ауылының Мәриям деген бір бәденді бойжеткені қазақ жігітіне үйленбей ме. Ондайда «Келін құтты болсын!» айта келетін қазақтардың «Қай ауылдың қызы екен?» деп емпеңдейтін әдеттері ғой.

Сиқым атаның Аққойлысынан қыз ап, сол ауылдың бәрімен қалжыңдасып, сөз қағыстырып жүретін бір қушыкеш күйеу де қызулау боп келген бе, сол күні ол да осы сұрақты қайта-қайта қойып, сұңқылдай беріпті. Сол кезде әбден ыза болған бір әйел «Әй, қу күйеу, қылқылдап қоймай қойдың ғой тегі, бөтен емес, омарташы Әндірейдің қызы ғой» деп салады. Мұсылмандықты қабылдап, шымылдықтың ішінде басына ақ орамал жамылып, бір жамбастап сызылып отырған Мәриямдай сұлуды «орыстың қызы» деп айта алмаған да енді.

         – О-сын-да-ғы Ән-дір-ей ме-е-е?

         – Басқа кім деп ең?

— Е-е, онда өзіміздің Аққойлының қызы болды ғой, әпкел,  баласы «Сұрша қыз» әніне басып, «әндір, әндір, әндірайлап» қайтқан екен беташардан.

         Әрине, Әндірей шарбағының сыртындағы қамыс-құрақ өскен қорысты қопарып, қорсылдап жататын «ақ қойларымен» қазақтармен құдандалы болмай тұрып-ақ ат құйрығын кесіскенін білем.

— Жоға, құмнан.

         Мериностары бастарын жерге салбыратып, екі бүйірлері жабысып сүлесоқ тұр.

    – Қай құм?

— Көделі жақ. Таудан түссе осындай бола ма?!..

         Сатушым «кешелі бері су ішіп, шөп жеген жоқ» деген өз сөзінен өзі ұсталып, шынын мойындап қойғанын байқамай қалды да сонысын жуып-шаймақ ниетпен:

         – Тау жақта да жайылым қалмады. Мұңымызды еститін кіміміз бар дейсің? – деп күрсініп қойды.

         –  «Еститін үкімет» дегендерің қайда? Олар да естімей жатыр ма, не?

         – Еститін дейсің бе? Астапыралла, сонда осы уаққа дейін құлақтарына мақта тығып жүрген бе түге? Ой, найсаптар-ой, шығармайтындары жоқ қой.

— Мұздай ашымық! Шемішке!

Әнтек шыққан әйел айқайы сөзімізді бөліп жіберді. «Ашымық сатып тұрған келіншек болды ғой бұл, түрі қандай екен көре салайыншы» деген оймен мойнымды созып, өкшемді көтеріп, базар үстін шола қарап ем, біз жақа ту сыртын беріп тұр екен, жүзін аңғара алмадым.

***

         Сауда-саттық төңірегіндегі әңгімелерге құмарлығым оянып, тағы қандай қызықтары бар бұл араның, «көре түсейін», «біле түсейін» деген ашқарақ ниетпен ішкері қарай сұғына түсіп ем, оң жағымдағы қапталда бір-біріне маталған ешкілерді ортаға ап екі-үш адам әңгімелесіп тұрған соң, солардың қасына кеп тоқтадым.

         – Қаншадан беріп жатсыңдар?

— Болар жері отыз бес.

         Базардағылар «мың» деген сөзді айтпайды. Өздеріне осы ыңғайлы сияқты. Демек мен де солардың ыңғайына жығылып, сөйлеу мәнеріне көшуім керек.

         – Отызға болмай ма?

— Болмайды. Тұқымдарың өскір, біздің қаланың адамдары да қызық осы, «отыз бес» десең, «отызға бер» дейді. «Саған да жоқ, маған жоқ, тура ортасы болсын десең, оныңа да қыңыраяды. Сонда олар пысық та, біз аңқау екенбіз ғой, ә. Қызталақтар түге, қызық-ей, өздері. Әй, жаңағыңнан қалды ма, құйсаңдаршы...

         «Болар жері отыз бес» деп паңданған қысық көз кәстөмінің ішкі қалтасынан жартылай ішілген «Қызылжар» деген жазуы бар арақты алды да қаудырлаған пластмасса стақанға шорылдатып құя бастады. Онысы стақан деген аты болмаса, шаруа адамдарының быртиған жуантық саусақтарының күшіне шыдамай, мыжылып кетейін деп тұр.

— Ал Бәке, тартып жібер. Күздің салқыны күшейіп қаған ба, таңғы суық қысып жіберді ғой тегі. Бой жылытып алмасақ болмас.

«Тұқымың өскір» деп сөз бастайтын қазақ жұп-жұқа стақанды ішіндегі уызын ішіп тауысқан жұмыртқаның бос қабығын ұстағандай аса бір сақтықпен қолына алды да, ернеуі ерніне тиер-тиместен ішіндегі мұп-мұздай тұнықты көмейінен ары қарай қылқ еткізіп өткізе салды. Сосын ашырқанып бет-аузын тыржитты да, қалтасынан жартысы ғана қалған кір-кір құртты ап, кертіп жей бастады.

    – Байқауымда, малдың қымбаттағаны ауылдағыларға жақсы боп қалған-ау...

— Кішкене боса да пұл болды. Бірақ бейнеті көп қой бұл тұқымың өскірлердің. Қазір оның жейтұғын жем-шөбінің өзі қып-қызыл ақша боп кетті. Мал ұстағаннан гөрі жем-шөп сатқан пайдалы екен деп, ірілі-ұсақты жандықтарынан ерте-жарықта құтылып жатқандар да баршылық.

«Болар жері отыз бестің» сөзіне дем беріп, қолпаштап қояйын деп:

         – Мынау қалада не көп, үлкен-үлкен дүкендер көп. Соған кіріп көди-сөди бірдеңе ала салайыншы десең, кассада отырған әйел қолындағы бәлесін алған заттарыңа «иіскетіп», шиық-шиық еткізеді де, бақандай он бес-жиырма мың теңгеңді қағып алғанда, жылап жібере жаздайсың. Оған қарағанда мына Шекшек ата тұқымына кескен бағаларың иманды.

— Құдайдың әмірі-ай десейші, – деді стақанды зәһар судан босатып, аузын сүртіп жатқан үшіншісі.

         «Тұқымың өскір» болса ішін жалап өткен оттың жалынына жылына бастады ма, екі бетінің ұшы қызарып:

         – Әй, құрдас, бері қара, – деді маған бұрылып, – ішпейтінің жақсы екен (қаудырлақ стақандарын араққа шөпілдете толтырып маған да ұсынған кезінде басымды шайқағам), – Әлібек пе еді атың? Дүкендеріңнің тоңазытқыштарында тұра-тұра қаязып қалған әкөрешкілеріңнен мың есе артық қой ешкінің еті. Мынаның біреуін үйіңе апарып сойып, ішек-қарнын аршып, етін осып, анда-санда асып жеп отырсаңдар, айналайын-оу, нағыз рахат деген сол емес пе?

— Жая жеген жая жеп жүр, қая жеген қая жеп жүр. Соны да түсінбесе неғыл дейсің бұларға? Бәрінің әкөрөшкіге «отырғаны» отырған енді...

«Құдайдың әмірі» деп сөйлейтіннің тілі дөрекі екен. Оның үстіне мінезі шатақ па қасына ақсаңдап кеп, өзіне мөлие қарап тұрған қаңғыбас итті жақтырмай:

— Кетші-ей, әкеңнің аузын с...ін жетпей тұрған сен ең енді, – деп, сүмеңдеп жүрген байғұсты аяғымен теуіп кеп жіберді.

Итті меңзегенсіп мені де қатырып тұр ма, білмеймін. Ал ауырсынған алдыңғы бір аяғын көтеріп алған ит «Құдайдың әмірінің» серең ете қалған сирағы ауа қармап қалса да, көз қылғандай өтірік қыңсылап, қаша жөнелді.

Бұл кезде қаудырлақ стақанға құйылған «Қызылжардан» тағы бір-бір реттен қағып салған ешкі иелері қыза бастады ма, бір-бірінің сөзіне жеңсік бермеуге айналды.

         – Әй, жая жегіш, «бәлен жылы дамимыз», «түген жылы жаримыз» дегендердің де бір білгендері бар шығар. Қаясына қаратып отырғыза бермейтін шығар мына жұртты...

         – Қайдам, баяғыда Хрущев деген қызталақ та «коммунизмге әні жетеміз, міні жетемізбен» жұртты әбден діңкелетіп жүріп, ақыры қарасын батырған жоқ па? Біздің елдің «елу», «отыз» деген «сыйпырлары» да сол қу таздың «кәммунизмі» сияқты көзден бұл-бұл ұшып барады ғой тұқымың өскір...

         – Емшектің сүтін сұрап жылаған сәбиге рәзіңке емізіктің құр өзін сорғызып жұбатқандай бірдеңе сияқты ғой онысы...

         – Әй, бері қарағың, «жыртық дамбалдан, жалаң бұтым артық» дегенді естуің бар ма?

— Жоқ...

         «Құдайдың әмірі» аңтарылып қалды.

         – Жоқ болса, бері қара. Мынау бұрыңғы сәбет өкіметінің кезіндегі қи сасыған базар емес пе еді, а?

         – Иә...

— Әлі сол таз қалпы. Өзгерген түгі де жоқ. Біз де жүрміз осы жерде әлі күнге дейін малдың шуашы сасып? Неге өзгермейді бұл ара сонда, а? Жан сақтап отқанымыз да сол баяғы есігіміздің алдындағы жалғыз сиырымыз бен жиырма шақты ешкі-лағымыз.

Осы кезде полиция автокөлігінің «тыр-тыр» еткен тарғыл дыбысы құлағымды тесіп жібере жаздады. Базардың қасынан үлкен жол өтетін.     Машинамды сол жолдың арғы жағындағы автотұрақ деген аты ғана бар ойлы-қырлы жалаңаш далаға қойып кеткем. Біреулер сол арық-атыздың үстін де «автотұрақ» деп апта сайын ақша тауып отыр. Сосын үлкен даңғылдың дәл қасынан базар салуға рұқсат бергендердің келідей болған бастарына да таңғала жүріп ары-бері ағылған көліктерден әрең өткем бағана. Абайламасаң ішіп алған біреуі болмаса біреуі басып кетуі мүмкін. Көмек дәметіп жол полицейлеріне қанша жалтақтағаныңмен, олардың аңдығандары жолдан өте алмай тұрған мен сияқты пенделердің пұшайман халі емес, мал артқан, ереже бұзған көлік жүргізушілері...

***

         Бағанағы алдыңғы аяғы ақсақ ит сияқты нақақтан-нақақ боқтық естімей тұрғанда қарамды батырайын бұл арадан деп базардың келесі бөлігіне өттім. Қой-ешкі, тоқты-торым, қозы-лақтардың ортасынан құлағы қалқиып тұрған есекке көзім түсті. Жып-жылтыр. Мен осы уақытқа дейін көз тоқтатқан меринос қойлар да, ешкілер де арық-тұрақ еді, мына қыршаңқының не жеп семіргенін қайдам, жұнттай боп апты.

         – Мына есек те сатыла ма?

         – Сатылғанда қандай.

         – Қанша сұрап тұрсыңдар?

         – Отыз.

         – Қанша жасар? Айтпақшы, жылқы сияқты бұлардың да тайы, құнаны, дөнені, бестісі бола ма?

— Әрине. Мынаны бесті десе де болады.

         «Ойпырай, есектің тұқым-тұқияны жайлы жақсы білетін біреу-міреу мына сөзімізді естісе, сыртымыздан мазақ қып күлетін болды-ау, ә» деп қоям ішімнен. Осы кезде қасымыздағы адам, ол да есекке қызығып тұр екен, лекіте бір күліп алып:

         -Есектен туғандарды әуелі қодық, одан кейін көдек, сосын тайқар, содан соң барып күре дейді, – деді де, – мынау соның күресі шығар, – деп тұжырды.

         – Әп, бәрекелді! Қай жақтың күресі болды сонда бұл?

         – Шарбақтыдан.

         – Қай? Мынау іргеміздегі ауыл ма?

         – Жоқ, Жыланды жақтан.

         – О-о, онда бұл есек Жортар атадан тарайтын ағайындардікі болды ғой.

— Жоқ, одан арыректегі Тоймастан. Облыс әкімінің ауылы… Текірекбаев… Естуіңіз бар шығар...

         Есек саудалағандарды қызық көріп, ерігіп тұрғандар қоңды есектің анау-мынау емес, білдей облыс әкімінің «жерлесі» боп шыққанына ду етіп күліп жіберді.

— Есектерің есек-ақ екен онда. Арқасына ер батып, жамбасына қамшы тимепті. Қылшық жүні де жылт-жылт етіп тұр...

         Есек деген жануардың тұқым-тұқияны туралы миыма біраз «мағлұмат» жиып, бұл жерден де жылыстап шықтым.

***

         Аралап жүріп байқағаным, қой-ешкінің саудасы жақта адамдардың у-шуы да, қарасы да молдау. Ал жылқылар мен сиырлар байланған жерден кісінеген, мөңіреген үндер басымдау естіледі.

Жылқыларды түстеп қарай алмадым, ал дәл қасында тұрып көргенім, мөңіреп жатқандар, негізінен, тана-торпақтар. Енесін іздей ме, әлде күнде жем, су беретін иесін аңсай ма, базардағы басы байлаулы мына құлдық өмірлеріне наразылықтарын білдіріп жатқан, негізінен, солар.

Қой байғұстардан қыңқ еткен дыбыс шықпайды. Қайта оларға қарағанда ешкілер күрескер, өздерін сирақтан ап сүйрегендерге де, мүйіздерінің түбінен жіп байлап жетектегендерге де қарсылық білдіріп маңырап, алда-жалда текелері болса бақылдап, әлек сап бара жатқаны.

         – Жиырма сегіз, – деген дауысқа мойын бұрсам тоқтысын пұлдап тұрған жігіт екен.

— Жиырма жеті болсын.

         Шыдай алмай, нәйеті мың теңгеге бола ұсақталып тұрған адамға:

— Ау, мың теңгеге бола саудаласасыз ба? Айтқанын бере салмайсыз ба? Өзі де дыйлы, секіріп тұрған мал екен, өкінбейсіз ғой, – деп қалдым.

         Алғашқыдай емес, базарға етім үйрене бастапты. Тоқтыны жиырма жетіге «түсіргісі» келген адам да, абырой болғанда, түрік ағайындардың момындау қариясы екен сөзден тосылғандай, ыржиып күлді де қойды.

Осы кезде бір етжеңді жігіт келіп, әлгі тоқтыны құйрығынан бір көтеріп көрді де мал иесіне жиырма сегіз мыңды саудаласпастан үн-түнсіз ұстатты да, сол үн-түнсіз қалпы қол алысып, тоқтыны жетектеп кете барды. Базарға келгелі бері сүйсінген сәтім осы болған шығар.

— Аға, келіңіз, қой алыңыз, бағасын «келістіріп» берем.

         Қойларын қосақтап қойып, көлеңкеде әңгіме соғып тұрғандардың «әйтеуір қарап тұрмайықшы» деп айта салған сөзі деп қабылдадым.

         – Рахмет, айналайын, – деп бұрылып қарап ем, бағанағы ешкі сатқандар сияқты бұлардың ортасында да бір бөтелке арақ пен қаудырлаған пластмасса стақандар самсап тұр. Бүйірлерінің аш малдай қабысып қалғандарына қарағанда жігіттердің жуан саусақтарына қал-қадерінше қызмет еткен сияқты.

         – Аяғыңызда ақ крассовка, үстіңізде ақ олимпика, бетіңізде ақ маска, мал сатып алатын адамға сірәда ұқсамайсыз ғой, көке.

         – Маған айтасың ба?

         – Иә.

         – Мен сөз іздеп жүрмін.

         – Қандай сөз?

         – Кәдімгі өздеріңдей мал сататын адамдардың сөздерін.

         – Сонда сатып алмақшысыз ба оны?

         – Ойымнан шықса, неге сатып алмасқа?

         – Онда менің сөзімді сатып аласыз ба?

         – Ұнаса алайын. Қандай сөздерің бар?

         – Сөз болғанда ол… өлең еді, аға.

— О-о, онда тегі жақсы, ал қане, тыңдалық.

         Жігіт тамағын кенеп, жөткірінді.

— Мә, мынадан ішіп ал, даусың ашылады.

         Қаудырлақ стақанға мұп-мұздай тұнық арақ шорылдап құйыла бастады. Жігіт стақан қолына тиген сәтте басын әнтек шалқайтып ішіндегі ащы сұйықты көмейіне лақ еткізіп тастай салды. Алдында жатқан газеттің үстіндегі іші үңгілген нанның қабығына да қол созбады.

— Бұл өлең дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының зары...

                                      Ештеңе өзгермеді...

                                      Бәрі де баяғыдай.

                                      Үміті өшкен пендеңді ая, Құдай!

                                      Жұртын алдап жұтаған мәз болады,

                                      Баяғы хан… баяғы бек...

                                      Тойымсыз...

                                      Баяғы бай!

                                      Алас! Алас! Алас!

                                      Ештеңе өзгермеді...

                                      Бәрі де баяғыдай.

                                      Баяғы Түн, мұнартқан баяғы Ай.

                                      Армандарым

                                      Кетер деп

                                      Кім ойлаған?

                                      Жемсауында жемқордың зая бұлай?

                                      Алас! Алас! Алас!

                                      Ештеңе өзгермеді...

                                      Бәрі де баяғыдай.

                                      Басы батпақ… суымның аяғы лай!

                                      Көнбіс жұртын

                                      Көгендеп… көлгірсіген

                                      Сайтандардың

                                      Сиқырын ұқпайым ұдай!

                                      Алас! Алас! Алас!

                                      Ештеңе өзгермеді...

                                      Бәрі де баяғыдай.

                                      Естір ме екен момынның зарын Құдай!

                                      Қолы таза...

                                      Кім қалды хан қасында?

                                      Алтын, мысқа пұлдамас...

                                      Арын бұлай?

                                      Алас! Алас! Алас! Алас!

                                                        ***

                                      О, Сая Құдай! Сая Құдай!

                                      Арзуыма құлақ сап, ая, Құдай!

                                      Алас! Алас! Алас!

         Шашымның арасынан бір топ тарақандар жосып өткендей төбе құйқам шымырлап кетті. «Жақсы өлең екен» дегенімше ақын жігітке «мә, ішіп ал, даусың ашылады» деген серігі:

         – Базайда да ақындай жетеді қой боп жүйген, – деп, арағын алып, қаудырлақ стақанды тағы да толтыра бастады. Тілі мүкіс боп шықты.

Сақаудың «базарда да ақындар жетеді қор боп жүрген» деген сөзін «аударам» деп іркіліп қалғанымды неге жорығанын білмеймін:

         – Қалай аға, ұнады ма? – деді «сөзімді сатып аласыз ба?» деген жігіт.

         – Өте жақсы. Керемет екен.

— Сатып аласыз ба?

         Қалжыңдап айта салған сөзіме кәдімгідей сеніп қалғанын көріп, шынымен қысылайын дедім. Бұлай болады деп кім ойлаған?

         – Қаншаға бересің?

         – Жиырма берсеңіз жетеді.

         – Жиырма? Анау жерде есектің өзін «отыз» деп тұр. Солғұрлым құны болмағаны ма сөзіңнің?

         – Қазір сөз тұрмақ, адамның да құны жоқ қой, аға. Оның үстіне ол күйлі есек. Бағана көргем, жүк тасысаң да, қой бақсаң да пайдасы тиеді. Ал менің өлеңімді кім әжетіне жаратсын? Жиырма жетеді...

         – Өзің жаздың ба әйтеуір? Басқа біреудің еңбегі боп жүрмесін.

         – Мен ұрлыққа жоқпын, аға. Өлең дәптерімді көрсетейін бе? Бірақ қолым жаман, шимай-шатпақ...

         – Жарайды онда, «елу» берейін. Анау жүні жылтыр есектің құнынан көбірек болсын. Бірақ сен «сатып алды» деп емес, «қаламақы» төледі деп қабылда. Авторы да өзің боп қала бересің, жарай ма?

         –  «Елу» дейсіз бе? Шыли көп қой, аға.

— Көп емес, кәртішкең бар ма? Біреу-міреу саудамызды «бұзбай» тұрғанда, өлеңіңнің «өкіл әкесі» боп алайын.

Ақын телефонындағы «Каспий голдтың» карточкасына қарап, елу мыңның түскеніне көзі жеткен сәтте маңдайын қайта-қайта жаба беретін шашын оқыс сілкіп, артқа қайырып тастады да риза болған кейіппен:

         – Рахмет, аға, – деді қолымды алып. Сосын саусақтарымды жібермей тұрып:

         – Ақыры сөз іздеп жүр екенсіз, онда мына қолжазбамды да ала салыңыз, – деді күлген кезінде көзінің қиығына жиырылып, көбейе қалатын әжімдеріне дейін риза боп.

         –  «Сыйлық» ретінде ме?

         – Иә.

— Жарайды.

         Ал сақаудың сөзбен де, бізбен де ісі жоқ, ақын досына адалдығын танытып, қолындағы арақ толы қаудырлақ стақанын ұсынып, ақынды «алып, қойдың» астына алып жатыр.

         «Қой, осы тойғаныммен қайтайын» деп, автотұраққа тастап кеткен көлігіме беттедім. Машинама отырған соң, оны бірден оталдырмай ақын жігіт берген бір жапырақ қағазға үңілдім.

                                               ЖАСАСЫН ҚҰЗҒЫНДАР

         Бөктердегі бір ағаштың саясына тоқтадық. Бұқтарында Құзғындар қарауытады. «Біздің мазамызды алған бұл кімдер-ей өзі?» дегендей, бір шуласып барып басылды. Еркінсулеріне қарағанда, мынау қатып-семе бастаған ағаштың көлеңкесіне жан жуымайтыны көрініп тұр. Діңі мен жапырақтарына саңғырық жұғып, әбден айғызданған. Саясындағы өлекседен жағымсыз иіс шығады.

         – Ойпырмай, мынау әп-әдемі ағашқа әбден обал бопты-ау.

         – Е, осындағы жапырағы жайқалған талдардың бірі еді. Бар сәнінен жұрдай болды байғұс. Бұлбұлдар да безіп кетті. Қазір көлеңкесіне мал екеш, мал да жоламайды.

         – Құзғындардың айы оңынан туған екен онда.

         – Айтпа, қызық-думан осыларда.

         – Жасасын Құзғындар!

         Тымық ауаны жаңғырықтыра айғай салдым. Ащы айғайды жақтырмағандай ағаштың ұшар басында отырған дәу қара Құзғын орнынан қалбалақтай көтеріліп барып, қайта қонақтады. Сірә, мынау өлекселі өңірдегі ешкім мазаларын алмайтын беймарал өмірге «жамбастары» әбден үйреніп қалса керек.

         Қор болған талға араша сұрағандай қияға қарағам. Үмітім ақталмады. Қырандар бөктерден тым-тым биікте қалықтап жүр екен».

         «Өмірдің жақсысы мен жаманын салыстырып көргің келсе сауық-сайранға ғана бара бермей, базарға да жиі барып тұр» деуші еді марқұм әкем.

Сол рас екен. Базар берген дәріс санама салмақ түсірді ме, басым мең-зең, денем дел-сал боп біразға дейін рульге басымды қойып отырып қалдым.

Көз алдыма стақан қолына тиген сәтте басын әнтек шалқайтып ішіндегі ащы сұйықты көмейіне лақ еткізіп тастай салған ақын жігіт келді. «Базайда да ақындай жетеді қой боп жүйген» деп, арағын алып, қаудырлақ стақанды араққа тағы да толтыра бастаған сақаудың үні де естілгендей. Әлденеге ашынған ақынның «Қазір сөз тұрмақ, адамның да құны жоқ қой, аға» деген сөзі де шыңылдай бастаған құлағымда өзінен өзі жаңғырыға берді.

                                               Ештеңе өзгермеді...

                                               Бәрі де баяғыдай.

                                               Естір ме екен момынның зарын                                                            Құдай!

                                               Қолы таза...

                                               Кім қалды хан қасында?

                                               Алтын, мысқа пұлдамас...

                                               Арын бұлай?

                                               Алас! Алас! Алас!

         Махамбеттің зары дейді. Жасырған түрін. Өміріне ызаланғанда айтқан өз сөзі ғой...

         Есірген желдің екпінімен сарыала жапырақтарды сытырлата сыпырған суық күздің сұрқай кештерінде жұртта қап кеткен жетімдей көңілімнің қатты құлазитыны болушы еді. Сол сияқты кеудемді бір кермек мұң қыжылдатып, удай ашытып бара жатты...

Тегтер: