«Мал да аш, халық та аш», министрлер ғана тоқ...
Күні кеше халықаралық сарапшылар «агросаясаты мығым, мал шаруашылығы дамыған елдер дағдарыста тарықпайды» деген байлам айтты.
Білікті сарапшылар осылай деген сәтте біз аграрлық мемлекет болсақ та, шынайы қуана алмадық. Себеп: қазір біздің агросаясатымыз шатқаяқтап, мал шаруашылығы саласынан мән кетіп тұр. Бүгінде республиканы жайлаған қуаңшылықтың салдарынан мал қырылып, халықты үрей билеуде. Ал осы істі бақылап, алдын алуы тиіс министрлік бұл жағдайды мойындағысы келмей ме немесе мәселені көргісі келмей ме, әйтеуір, енжар қимылдап, «бізде барлығы жақсы» деп, тоқмейілсуден аса алмай отыр.
Жағдайға кінәлі кім?
Мәселен, өткенде ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Маңғыстау облысында жемшөптің аз болуы себебінен жылқының жаппай қырылуына қатысты былай деп түсінік берді: «Менің ойымша, бұл жағдай аудандық әкімдіктердің олқылығы. Олар жергілікті жерлердегі жағдайды ауыл шаруашылығы министрлігіне немесе облыс әкімдігіне қарағанда жақсы біледі. Егер олар жағдайды алдын ала ескертіп, қолдау шараларын ұсынса, үкімет тарапынан көмекті ертерек көрсететін едік».
Міне, ел сенім артқан, білдей бір ведомоствоны басқарып отырған министр осылайша мал басының қырылып жатқанына аудан әкімдерін кінәлай салды.
Бір бұл емес, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облысының бірқатар өңірінде мал жаппай аштан қырылып, қазір ауыл халқы «аман қалған малды қыстан қалай алып шығамыз» деп абдырап отыр. Бұдан бөлек, мал азығының қымбаттығы, ауылдық аймақтарда бір «тюк» шөп бағасының 1200-1400 теңгеге дейін жетуі жекеменшік мал ұстаған шаруаларды әбден сарсаңға түсірген. «Бұған қоса, жемшөптің жетіспеуі, қурап кетуі биылғы шаруалар үшін тым ауыр соғатынын көрсетеді», – деседі мамандар.
– Жасыратыны жоқ, қазір мал да аш, халық та аш. Ауылдық жерде бір «тюк» шөптің бағасы 1200-1400 теңгеге дейін барып отыр. Сонда шаруаға алты сиыры мен 30 қойын қыстан аман алып шығу үшін қажет шөптің бағасы 700 мың теңгеден асып жығылады. Ауыл халқы осы бағадан қорқып отыр. Бір зейнетақыға қарап отырған елде мұндай қаражат қайдан болсын?! Сондықтан мал азығын реттеуді министрлік, бәсекелестікті қорғау агенттігі қадағалауы тиіс. Бақылау болмаса, елдің малы қырылып, халық одан әрі тарығады, – дейді экономист-ғалым Байкенже Әлмырзаев.
Мамандардың пайымынша, бұл арада министр кінәні әкімге жауып, әкім жергілікті халыққа жауып отыратын кез емес. Орталықтан басқару болу керек. Министрлік жағдайды бақылап, шаруалардың мәселесіне байыппен қарап, шешіп үйренуі қажет.
Сауатсыз саясат сан соқтырды
Негізінде, біз осы уақытқа дейін агросаясатымызда көптеген бастамаларды атқардық. Агроөндірісті, мал шаруашылығын қолдау үшін бірнеше бағдарлама қабылдап, жобалар жасадық. Бірақ қанша талпынсақ та, бұл саланың кемшін тұстары жетіп-артылады. Бұл ретте экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменов былай дейді:
– Бізде әр министр келген сайын бір реформа ұсынып, ауыл халқын дүбәра етті. Мысалы, кезінде «Агробизнес-2020» бағдарламасы қолға алынды. Қазір ол бағдарламаның өзі қайда, нәтижесі қайда?! Жайылымдық жер мәселесі көтерілді. Мал шаруашылығын, оның ішінде мал суғаруды жетілдіру үшін 4000-ға жуық құдық қазу қолға алынды. Нәтижесінде құдықтар құрдымға кетті. Жұрт құдық қазғызып, ақыры мемлекеттен оның қайтарымды ақшасын ала алмай зар болды. Осындай реформалардың ауыса беретіні ауыл халқын әрі-сәрі етті. Шындап келгенде ауылдағы жұртшылық біздің сауатсыз агросаясатты ұқпай жүр.
Ал «Аналитик» талдау орталығының сарапшы маманы Меруерт Молдабаева бұл мәселе төңірегінде:
– Біз экспортқа агроөнім түрлерінен ұн, ет, союға жарамды мал басын көптеп шығарамыз. Қатық, құрт, қазы, қарта, қымыз, айран, шұбат сияқты дайын өнімдерді молынан экспортқа шығара алмай жүрміз. Бұған себеп – мемлекеттік қолдау кем. Жылқы шаруашылығы аса бап талғамайды. Қысы-жазы бірдей үйірімен жайылады. Әрине, селекциялық жұмыстар жүргізілуі қажет, қосымша жем керек. Оның үстіне біздегі жылқы етінің сапасы әлемдік деңгейде жоғары екені ғылыми дәлелденген. Сөйте тұра, бізде жылқы шаруашылығына назар аударылмайды. Елімізде тіпті шошқа өсіруге де көмек бөлініп жатыр, ал жылқы шаруашылығы кенжелеп тұр. Сондықтан қазіргі жағдайда ең алдымен жылқы шаруашылығын жеделдетіп дамыту бағдарламасын жасау қажет және мал азығын реттеуге, қуаңшылықтың алдын алуға министрлік шындап іске кірісуі тиіс, – дейді.
Тақырыпқа тұздық
«Барлығы жақсы» дегенді доғару керек
Жалпы, мамандар ауыл шаруашылығы министрлігі аталған мәселелерге қатысты мемлекеттік тың жобалармен жұмыс жасауы тиістігін алға тартады. Бұл ретте біз тақырыпты тұздықтау үшін экономист-ғалым Жаңабай Алдабергеновпен пікірлескен едік:
– Жаңабай мырза, бүгінгідей қуаңшылық дендеп, мал ашығып, мал азығы қымбаттап жатқан тұста министрлік қандай шаралар атқаруы тиіс?
– Қолында қарақұрым малы бар ауылдағы ағайын үшін мал азығын даярлау қазірде үлкен ауыртпалық тудырып отыр. Ауылда тек ірі қара мал ұстап, күн көріп отырғандар жетіп-артылады. Олар үшін мал – киетін киім, ішетін тамақ, жаратса пұл. Бұл жерде басқадан бұрын, осы жайт ескерілуі керек. Әрине, үлкен шаруа қожалықтарына мал азығын сатып алу анағұрлым ауырлық тигізбейтін шығар. Ал қолында санаулы ғана малы бар, жалғыз зейнетақымен күнелтіп отырғандарға шөптің бір маясын бәленбай мыңға сатып алу өте ауыр. Қыстық отыны, малдың қысқы азығы бар – осының барлығы қарапайым шаруаның қалтасына салмақ түсіретіні рас. Оның үстіне біздің елде алты ай арқыраған қыс болатын аймақтар да аз емес. Осыған орай айтарым, қолда бар мал басын сақтап, өсіп-өндіреміз десек, мал шаруашылығы саласын өркендетеміз десек, мал азығының сапасына байланысты жемшөп дайындауға, оның белгіленген бағасына мемлекеттік бақылауды күшейту қажет.
– Оны қалай күшейтеміз? Осы уақытқа дейін біздің елде мал азығының қорын дайындауға, оның бағасын тұрақтандыруға мемлекет араласқан жоқ. Елімізде мал басының 90 пайызы жекенің қолына өтіп кеткендіктен, мал азығын даярлап, өздігімен қысқа қам жасау әр шаруаның өзіндік мәселесі болды. Ал енді келіп мал азығын даярлауға мемлекеттен көмек сұрау қаншалықты қисынды?
– Қайсыбір өркениетті елдер ауылдың түтінін түзу етіп, тіршілігіне жан бітіру үшін ауылға алдымен қуатты технология қажеттігін жете түсіндіруде. Мәселен, Германия, Израиль, Беларусь елдері ауыл атмосферасына биотехнологияны бейімдеу арқылы үлкен жетістікке қол жеткізуде. Бізге де осы биотехнологиялық әдіспен, нанотехнологиялық тәсілмен жемшөп алу ісін үйренетін кез келді. Міне, ол үшін мемлекет ауылды қуатты техникамен қамтамасыз етуі керек.
– Мұныңыз қиын шаруа емес пе? Бұдан басқа төте жолы жоқ па?
– Жалпы, Қазақ еліндегі 99,2 пайыз жерді «емдегенде» ғана біз қуаңшылықтан, су тапшылығынан, жайылымдық жер мәселесінен, мал азығын реттеу түйткілінен ада болады екенбіз. Осыған орай, республика бойынша «Қуаңшылық жерлерді басқару» жобасын қолға алған жөн. Ол үшін нанотехнология, биотехнологияға болашақта бәрібір жүгінеміз. Министрлік алдымен, міне, осы ұсыныстарды елеп-ескергенде біз елдегі мал азығына қатысты мәселені шеше аламыз. Әрине, ол үшін мемлекет тарапынан мықты пәрмен, сауатты маман қажет. Тоқмейілсіп «барлығы жақсы» деп отыра беруді доғару керек. Бізге заманға сай дамуды үйрену қажет. Министрліктер осы бағытта шынайы жұмыс істеп, әр жобаға жанашырлықпен қарағанда ғана мәселе шешімін табады. Әттеген-айы, бізде барлығы керісінше ғой. Басталған іс аяқсыз қалып, опық жегізеді.