Мал дәрігері сырттай оқып, ұстаз болды

Осыдан үш жыл бұрын, Асхат Аймағамбетов министр болып тұрған уақытта «әлсіз ұстаздар» туралы мәлімдеме жасап, бораған сынның астында қалған-ды.
Аймағамбетовке шүйлікпеген адам қалмады сонда. Ұстаздың әлсізі, әлдісі болушы ма еді, бұл адамды кемсіту емес пе деп шықтық.
Иә, ұстаздың да сауатсызы, білімсізі болады. Ондай ұстаз қайдан шығады деуіңіз әбден мүмкін. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда ұстаз деген ұлы мамандықтың қадірі әбден қашты. Айлап айлық алмайтын, жылдап жылы сөз естімейтін табысы аз, алғысы жоқ қадірсіз кәсіпке айналды. Қазір мектептерде білім беріп жүрген сауатсыз ұстаздардың көбі сол кезде білім алған оқушылар мен студенттер.
Мұғалім ең алдымен зиялы адам болуы керек. Қазір әлеуметтік желіде бәріміздің бір-бір парақшамыз бар. Мұғалімдер де отырады, жазбаларын оқыған сайын беттен басасыз. Әріптік, емлелік қателерді айтпай-ақ қояйық, арасында өзінің аты-жөнін дұрыс жаза алмайтындар; «И» мен «Й»-ді, «Ұ» мен «Ү»-ні орнымен қолдана алмайтындар, т.б. толып жатыр. Мұғалімдердің ерекше «көзге түсетін» жері – ата-аналар чаты. Мұғалімнің деңгейін көргенде, соған сеніп тапсырған балаңа жаның ашиды.
Бес-алты жыл бұрын педагогикалық мамандықтар бойынша грант жеңіп, оқуға түскен түлектердің орташа балы 60-65 болған. Тіпті ең төменгі шекті балл – 50 болды. Ол аз десеңіз, педагогикалық мамандықты таңдаған түлектердің арасында мектепті үздік бітірген оқушылар мен «Алтын белгі» иегерлері мүлде жоқ екен. Осының өзі-ақ қазір мектептерде балаңызға сабақ беріп жүрген мұғалімнің бұрын қандай оқушы, қандай студент болғанын көрсетеді.
Педагогикалық мамандықтардың қадірсіз болуының тағы бір себебі, 2000 жылдардан кейін жекеменшік оқу орындарының саны күрт көбейді. Облыс орталықтары ғана емес, аудан орталықтарында колледждер мен институттар ашылып, студенттер қабылдай бастады. Ондай оқу орындарының дені педагогикалық бағытта білім берді. Себебі басқа мамандықтарды ашуға базалық мүмкіндігі, оқытушылық әлеуеті жетпеді. Сөйтіп, таңдаған оқуына түсе алмаған мыңдаған мектеп бітірушілер диплом үшін осындай жекеменшік оқу орындарына барды. Біріншіден, жекеменшік оқу орындарының оқу ақысы мемлекеттік университеттерден арзан. Екіншіден, студентке қойылатын талап аз, себебі бұл бизнес. Үшіншіден, жекеменшік оқу орындарының көбінде күні бүгінге дейін сырттай бөлім бар. Сырттай бөлімде сапалы білімнің болмайтыны бесенеден белгілі әңгіме.
Мұны Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері Аягүл Миразова да растайды. Ол білімсіз мұғалімдердің көптігін педагог деген мамандықтың қадірсіз, абыройсыздығымен байланыстырады.
«Алматыда 25 жыл мектеп директоры болып жұмыс істедім. Сол 25 жылдың ішінде менің мектебімнен 2 оқушы ғана педагогикалық факультетке түсіп, оқыды. Қателеспесем, 1990-92 жылдары мектеп бітірген оқушылар болатын солар. Жаман мұғалім болған жоқ. Қанша мың оқушыға сабақ бердім, әлгі екеуінен басқа бірде-бір бала педагогиканы таңдамады. Менің айтып отырғаным – қала мектептерінде оқыған оқушылар. Соңғы жылдары ғана мұғалім мәртебесі көтеріліп, еңбекақылары артқан соң педагогикалық факультеттерге оқи бастады жұрт. Бұрын мектепте жақсы оқыған оқушылар экономика, заңгер, халықаралық қатынастар, дәрігерлік факультеттерге түсетін. Мұғалімдік сондай сорлы мамандық болды. Қадірінің қашқаны соншалық, педагогиканы екінші мамандық ретінде сырттай оқу тенденциясы қатты белең алды. Олардың арасында агроном, мал дәрігерлері болды, солар қазір мұғалім», – дейді ардагер ұстаз.
Рас, мұғалім мәртебесі көтерілгеннен кейін ғана педагогикалық мамандыққа түсетіндердің саны арта бастады. Алайда мұғалімдікті таңдау бір басқа да, мұғалім болу бір басқа. Кез келген адам мұғалім бола алмайды. Бойында бекзаттық, біліктілік болмаса, өзін дамытып отырмаса, оны ұстаз деп атай алмайсың.
«11-сыныпты 1966 жылы бітірдім. Ол кезде мұғалімнің мәртебесі керемет, қадірлі, қасиетті мамандық еді. Қолы жеткендер ғана мұғалімдікке түсіп оқитын. Ауыл мектебі мен қала мектебінің соншалық айырмашылығы болмайтын, оқушылардың білім деңгейі бірдей болды. Оқу бітірген студентті жолдамамен ауылдарға жіберетін заң бар болатын. Сол саясаттың жемісі – ауылдарда білімді мұғалімдер көп болды. Ол замандағы жоғары оқу орындарының білімі де жақсы болатын. Қазір мұғалімдер дайындайтын педагогикалық университеттердің өзінде ондай білім жоқ. Жүйе бұзылған. Жекеменшік оқу орындары білімнің сорына айналды ғой, білімді ақшаға айналдырған, ақылы бөлім, ақылы жүйеден еш нәрсе күтуге болмайды», – дейді Аягүл Миразова.
Психологтар айтады: мектепте берілетін базалық білім адамның өмір бойы алатын білімінің 70 пайызынан кем болмайды. Демек, негізгі білім мектепте беріледі деген сөз. Ал мектептегі мұғалім сауатсыз болса, білімсіз болса, жоғары оқу орнын сырттай оқыса, одан қандай сауатты педагог, білімді оқушы шығады? Алысқа бармайық. «Көрші Қытай елінде мұғалімдер ең мәртебелі, ең абыройлы мамандар саналады» дейді қырық жыл ұстаз болған, мыңдаған оқушыға сабақ берген Тұрсынәлі Сәрсенбекұлы. Қытайдың білім саласы бойынша берілетін «1-дәрежелі мұғалім» сыйлығының иегері Тұрсынәлі мұғалім әңгімені өзінен бастады.
«Қырқыншы жылдардың соңында 1-сыныпқа бардым. Бізге Сәбеттен келген мұғалімдер сабақ берді. Бір ауылда екі мұғалім ғана болатын, тұтас ауыл сол екі кісіден білім алдық. Кейін білдік қой, әлгі ағайларымыз Алаш арыстарының ізбасарлары екен. Пән талғамайтын жарықтықтар. Әдебиеттен де, химия мен физикадан да, тарихтан да, жағрафиядан да бере беретін. Ондай білімді адамдарды кейін университеттен де кездестірген жоқпыз. Сол мұғалімдердің ықпалы болу керек, мектеп бітірген соң бірден педагогика факультетіне түстік. Күні бүгінге дейін ол жақта мұғалімдік ең қадірлі мамандық саналады. Мұғалім мәртебесі заңмен бекітілген, ең жоғары айлық алатын да солар. Мектепті бітірген оқушылардың арасында ең мықты алғашқы бес оқушы міндетті түрде педагогикалық институтқа түсетін. Бұл дәстүр 2000 жылдардың ортасына дейін бұзылған жоқ. Содан кейін «бетпе-бет емтихан» деген болады, талапкердің сырт келбетінен, ақыл-парасатынан алынатын емтихан. Жүзінде кеміс, тілінде мүкісі жоқ, психологиясында ауытқуы жоқ талапкерді сол «бетпе-бет емтиханда» таңдап алады, содан кейін ғана білімі бойынша біртұтас мемлекеттік емтихан тапсырады.
Соңғы жылдары қазақ мектептері жабыла бастаған соң қазақтар басқа мамандықтарға түсе бастады. Ол жақта сауатсыз мұғалім, білімсіз педагог деген түсінік болмайды. Жасы елуден төмен қазақ мұғалімдер білім талабына сай қазір қытай тілінде сабақ беріп жатыр. Ханзуша сабақ беру қазақтар түгілі ұлты қытайлардың да қолынан келе бермейді», – деп түсіндірді, қарт педагог.
Білімсіз мұғалімдер мен сауатсыз ұстаздар санының артуына қазіргі білім жүйесіндегі олқылықтарды айтуға болады. Соңғы талап бойынша мектепке жұмысқа тұру үшін Enbek.kz деген сайт ашылған. Жұмыс іздеген жас педагог сол сайтқа тіркеліп, онлайн емтихан тапсырады. Қандай мұғалімді жұмысқа алғалы жатқанын мектеп директоры да, ата-ана да білмейді. Ешкім жүзбе-жүз кездесіп сөйлеспеген, тілдеспеген адам келіп сабақ береді. Аягүл Миразова педагогикаға енгізілген осы реформаны да сынап отыр. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін жасалған аталмыш бағдарламаның олқы тұсы көп дейді. Директор жүзін көрмеген, сөйлеспеген адамның аяқастынан мұғалім болып келуі түйткілді шешпейді дейді.
Оқу-ағарту министрлігінің биылғы дерегіне сенсек, Қазақстанда 340 мың мұғалім бар екен. Ел бойынша 7724 мектепте оқушылар білім алады. Білімсіз педагогты жұмыстан шығарып, бұл кемшіліктің орнын толтыра алмасымыз анық. Немесе 340 мың мұғалімді қайтадан оқыту проблеманы шешпейді, олардың бәріне бірдей қайтадан білім беру экономикалық жағынан тиімсіз, содан кейін нәтижесі де көңіл көншітпейтіні анық. Сонымен, бұл түйткілді шешетін басқа жол бар ма? Әрине, бұған мынау деп шешімін айта салу қиын.
Бүкіл әлем аузын ашып, көзін жұмып қарайтын Америкада жағдай қалай, АҚШ-тағы мұғалімдердің бәрі білімді ме деген сұрақпен Бостонда «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан әріптесіміз Ақниет Оспанбаеваға хабарластық. Өзінің де балалары мектепте оқитын Оспанбаева біздің өтінішімізбен біраз мұғаліммен әңгімелесіпті.
– Қазір Америкада білім беру жүйесін саясаттандыру қатты жүріп жатыр. Сауатсыз ұстаз, білімсіз мұғалім деген кемшілік бұл жақта да бар, бірақ соншалық проблема емес. Саясаткерлердің дебаты, демократтар ұстанымының басымдығынан мұғалімдер оқушыға нәсіл, жыныс, гендерлік идентификацияны үйретуі керек. Соған қатысты есімдіктерді дұрыс қолдану, соны үйрету жұмысы қосылып жатыр, – дейді.
Мұғалім мәртебесі, педагогтардың айлығы туралы сұрағымызға «Айлық туралы бұлар көп айтпайды, өйткені қанша сыпайылап сұрасам да, «ол этикетке жатпайды, сондықтан көңілім толады» деп бәрі келте жауап берді» дейді.
Білім беру ісі күн сайын өзгеріп жатқан уақытта педагогтар уақыт талабы бойынша үнемі өзін-өзі жетілдіріп, кітап оқып, ізденіп отырмаса, бес-он жылдан кейін оқушыға сабақ бере алмай қалуы әбден мүмкін. Қазіргі балалар ғаламтормен өсіп жатыр, көп көреді, көп біледі. Тіпті мұғалім білмейтін тақырыптарды ғаламтордан көріп, біліп алады. Сондықтан мұғалімдерге ең алдымен қойылатын талап – үлгі болу. Тұлғалық тұрғыда жетіліп отыру, заман мен адамды тани білу, заманауи білім алуда алда болу. Мұны айтып отырған себебіміз, біз тілдескен ұстаздардың көбі қазіргі оқушылар жаратылыстық пәндерді интернет арқылы оқып, есептерін шығарып алатындарын айтып отыр. Ғылымның тілі ортақ. Ғаламторда есеп шығарудың мыңдаған формуласы бар. Интернеттің құлағында ойнайтын балалар ұстазынан бұрын есеп шығарады екен. Мұның пайдасы да көп, зияны да көп, ол басқа әңгіме. Бұл жерде жаңа технологияны меңгеру бойынша оқушының мұғалімнен озып тұрғанын айта кету керек.
Ал мектепте «Күнделік» толтырудың өзін үлкен жүк көріп жүрген кей мұғалім оқушыларына өтініш айтады деп естиміз. Иә, оның мамандығы мал дәрігері болатын...
Жарас Кемелжан