«Мал жаятын жер таппай отырмыз»
Қарасай ауданының тұрғыны жанайқайын білдірді
«Жас Алаш» газетінің редакциясына Алматы облысы, Қарасай ауданының тұрғыны Нұрлан Маханбетов есімді оқырманымыз көптен бері шешілмей жүрген мәселемен келген болатын-ды. Оның айтуынша, Қарасай ауданы, Көлащы елді мекеніндегі бос жерлер халықтың игілігіне емес, шенеуніктердің жекеменшігіне өтіп, сауда көзіне айналған көрінеді. Оқырманға түсінікті болсын деп, Нұрлан Маханбетовтің уәжіне құлақ түріп, айтқан сөздерін еш өзгертпестен жариялауды жөн көрдік.
— Біз Қарасай ауданы Көлащы ауылында мал шаруашылығымен айналысамыз. Қазір қолымызда 500-ге жуық қой бар. Осы малға жайылымдық жер сұрап, аудан әкіміне бірнеше рет өтініш айттық. Бірақ еш нәтиже болмады. Жер жоқ дейді. Біздің үйдің жанындағы 1250 гектар жерді Қарасай ауданының бұрынғы әкімі Болат Құспанов қызмет бабын пайдаланып, жекеге шығарып алды. Ол жерді өз атына емес, Рақым Оразалиев деген кісінің атына жаздырып алған. Халық білмейді деп өздерінше ойлайтын шығар. Бірақ бәрі көзге ұрғандай білініп тұр. «Жердің құжатын көрсетіңдер» десең, көрсетпейді. Біздің өтінішіміз осы жерді мемлекет меншігіне қайтарып алуға, сөйтіп, жері жоқ шаруаларға жалға беруге жәрдем берсеңіздер. Қазіргі заң бойынша жер, су, табиғи байлық мемлекет меншігінде болу керек. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «бұрынғы әкімдер заңсыз жекешелендіріп алған жерлер мемлекет меншігіне қайтарылсын», деген болатын.
2019 жылдан бері Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаевтың қабылдауына мал жайылымы мен егін егу үшін жер сұрап, 4 рет кірдім. Бірақ еш нәтиже болмады. 2020 жылы жерді пайдалану туралы конкурс жарияланып, тиісті құжаттарымның бірін қалдырмай тіркеп, қатыстым. Құжаттарым дұрыс болса да, конкурстан еш себепсіз өткізбеді.
Қазір бұрынғы әкім Құтпановтың Оразалиев Рақымның атындағы 1250 гектар жерін сот орындаушы Аян Тәңірбергенұлы Қасым Беркебаевқа сатқызды. Жеке адам мемлекет меншігіндегі 1250 гектар жерді қалай сатады? Әрі сатуға қандай құқығы бар? Шенеуніктердің осындай бармақ басты, көз қысты әрекеттерінің кесірінен, қарапайым халық, біз мал жаятын жер таппай, қиналып жүрміз. Ешкім жерін бергісі келмейді. Ал әлгі мемлекет меншігіндегі 1250 гектар жерге жаяйық десек, қуып шығады. Мал бағып, күн көруге жер жоқ. Енді күнімізді қалай көреміз, малымызды қайда жаямыз? Менің осы жанайқайымды газеттен оқыған, естіген азаматтар бейжай қарамасына сенімдімін. Жазбайын десем, бұдан басқа амалым қалмады, – деп сөзін аяқтады Нұрлан Маханбетов.