Малахов іздеп жүрген құпия қаржы айналымын Мәдиев біледі
Қаржылық мониторинг агенттігі маусымның ортасында елдегі цифрлық активтер нарығына қатысы бар деген барша ұйым мен мекеме өкілдерінің басын қосып, келелі жиын өткізді.
Бас қосып талқылап, тез арада шешімін таппаса болмайтын бір мәселе бар еді. Әлемдік аналитикалық компанияның деректеріне қарағанда, елдегі былтырғы криптоактивтер айналымы 4 млрд доллардан асып түскен. Соның азғантай бөлігі ғана біздің құзырлы органдардың көз алдынан өтіп отыр. Қалғаны көзден ғайып.
Бүкіл орган 4 миллиард доллардың ізін таппай әлек
Бір мемлекеттің білдей Мемлекеттік кірістер комитетін, Қаржылық мониторинг агенттігін, Астана халықаралық қаржы орталығын – әйтеуір қаржы мен бақылау саласына қатысы бар барша органын ай қаратып кеткен кімдер екен деген ойға қалдық.
«Елдегі цифрлық активтер айналымы заң тұрғысынан шектеулерге қарамастан әлемдік ұйым, оның ішінде FATF та бар, Қазақстанды үлкен криптоқұралдар айналымы бар юрисдикция деп таниды. Chainalysis әлемдік аналитикалық компаниясының деректеріне қарағанда, елдегі криптоактивтер айналымы 4 млрд доллардан асып түскен (4,1 млрд доллар). Оның басым бөлігі бақыланбайтын аумақта. Қазір соның тек 12%-ын ғана көріп отырмыз», – деген-ді агенттік басшысы Дмитрий Малахов сол жиында.
Негізі Қазақстан аумағындағы цифрлық активтер саудасы туралы толық мәлімет Астана халықаралық қаржы орталығында болуға тиіс еді. Бірақ олардың қолындағы мәлімет те Малаховтың айтқанымен үндеседі. Еліміздегі криптовалюта саудасының былтырдан бергі ресми айналымы небәрі 240 млн доллар деген мәлімет таратты.
Осыған байланысты, 4 млрд доллардың біздің нарықта қалай жүріп жатқанын нақтылау үшін ҚМА Chainalysis компаниясына тапсырыс беріп, олар ел нарығындағы криптоайналым туралы тереңдетілген талдау жүргізіп жатыр. Сол талдау қорытындысы бойынша тиісті шаралар қолдануды жоспарлап қойған.
Қолға алатын ендігі шаруаларын жоспарлай-ақ берсін. Бірақ мына сұрақтардың жауабын білгіміз келеді: осынша қаражат айналымы бақылаушы, қадағалаушы органдардың назарына қалайша ілікпей келген? Қазақстанда болып жатқан орасан құпия қаражат айналымының көлемін біздің құзырлы органдардан емес, неге халықаралық ұйымның мәліметінен білуіміз керек?
Бұл сұрақтарымызды әдеттегідей «ләм-мим» деместен жылы жаба салған агенттік мәселенің басқа қырына көшкен. Олар көлеңкелі қаражаттың неге осынша өсіп кеткен себебін анықтап көруге талпыныс жасапты. Бізге берген жауабына қарағанда, ҚМА мүдделі органдармен бірігіп, ел нарығын зерделеп, есеп дайындаған. Ондағысы, цифрлық активтерді қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату және терроризмді қаржыландыру мақсатына қаншалықты пайдаланып жатқанын бағамдап көрген.
Сол есептің қорытындысына қарағанда, ел азаматтарының заңсыз кәсіпкерлік қызметтен кіріс алу, алаяқтық жасау, тыйым салынған заттар, оның ішінде есірткі операцияларын істеу, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарына бару кезінде және соның артынан ақшаны жылыстату мақсатында цифрлық активтерді пайдалану қаупі жоғары болып шыққан. Ал қылмыстық істерде пайдаланылған цифрлық активтер Қазақстанда тіркелмеген халықаралық криптоплатформаларда алынған.
Мәдиевке ел мүддесінен гөрі Binance маңызды болғаны ма?
Қызығы сол, әңгіменің бәрі осы «тіркелмеген халықаралық криптоплатформаларға» келіп тіреледі. Естеріңізде болса, біз алдыңғы мақалаларымыздың бірінде елде лицензиясыз жұмыс істеп жатқан жаһандық криптобиржалар туралы жазғанбыз. Сонда цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиевтің сол жаһандық платформалардың ел аумағында алаңсыз жұмыс істей беруіне қаншалықты мүдделі болуы мүмкін екенін шама-шарқымызша тұспалдап көріп едік. Бұл жолғы мәселенің түбі де сол мақалада айтылған жайдың аулынан алыс емес.
Министр Мәдиев шілденің ортасына қарай журналистерге өткізген бір брифингінде ел нарығындағы криптобиржаларға қатысты түсініктеме бергені бар. Алдымен сондағы айтқанымен танысып алайық.
Оның айтуынша, біздің нарық үшін криптобиржалардың үш түрі бар. Бірі, қазақстандық биржалар. Екіншісі, біздің нарыққа кіріп, жұмыс істеп жатқан әлемдік биржалар. Үшіншісі, еліміздің құзырлы органдарымен еш байланысқа түспейтін, әріптестік орнатқысы келмейтін, лицензия алумен шаруасы жоқ, сонысы үшін бұғатталып тасталған басқа бір әлемдік криптобиржалар.
Соңғы түрлеріне біздің нарықта мүлдем жол жабық. Демек, екі түрі қалады. Оның бір түрі – АХҚО-дан лицензия алған таза қазақстандық криптобиржалар. Олардың арасында бірер әлемдік криптобиржаның Қазақстанда лицензия алған өкілдігі бар.
Ал екінші түрі – сол Қазақстанда өкілдік ашқан әлемдік криптобиржалардың өздері. Олардың жергілікті өкілдіктері лицензия алғанымен, өздерінде ондай құжат жоқ. Қарапайым тілмен айтқанда, Binance.kz рұқсаты бар сауда алаңы болғанымен, Binance.com-ға берілмеген.
Ал енді сөз болып отырған қыруар жасырын қаражат бұлардан басқа қай жерде айналып жатуы мүмкін?
Министрге салса, Қазақстанда жергілікті өкілдігін (криптобиржасын) ашқан жаһандық криптобиржалар – оларда бір инфрақұрылым, яғни Binance.com мен Binance.kz бір инфрақұрылыммен жұмыс істейді. Сондықтан егер үлкенінің сайтын бұғаттаса, кішісі, яғни қазақстандық биржаның да жұмысы тоқтайды. Оның үстіне, заңда мұндай жергілікті өкілдігі бар жаһандық криптобиржалардың жұмысына шектеу жоқ. Сол үшін де жергілікті өкілдік ашқан Binance, Bybit секілді әлемдік криптобиржаларға ерекше статус беруге Жасұлан мырза белсене кіріскен. Ол заң жүзінде қалай реттелетінін әзірге өзі де білмейді.
Білдей бір министр өз аузымен осылай дегесін, оған қоса, Қазақстанда «лицензия алған» деп әуелден ақпарат таратылған соң, криптосаудагерлер «заңды жолы осы екен» деп, цифрлық активтер саудасын қыздырып әкеткен. Сөйтіп жатқанда Қаржылық мониторинг агенттігі келіп олардың әрекетін «елімізде тіркелмеген платформада сауда жасады» деп бағалап, күдікке ала бастаған. Агенттіктің мәліметінше, жыл басынан бері цифрлық активтерге қатысты 21 қылмыстық іс қозғалған.
Ең қызығы, бюджет жүздеген миллиард теңге салықтан қағылғаны өз алдына, әлемдік платформада сауда жасап, 5-10 млн теңгесін тауып жүрген қарапайым азаматтардың қаражаты қайткен күнде құзырлы органдардың көзінен таса қалып тұрған 1,7 трлн теңгеге бармайды. Сондықтан оның астарында елден жымқырған қаражатын халықаралық биржалар арқылы сыртқа шығарып жүрген «шортандар» жатса таңғалмаймыз.
Ақылға салса, нарықта болып жатқан осынша былықты ерте бастан түсініп, тезірек шешім жолын бірінші болып министр қарастыру керек еді. Бірақ министр Мәдиевке дәл қазір ондаған адамның (бұл басы ғана, бәлкім, кейін жүздеген адамға жетер), қала берді, бүтін бір саланың тағдырынан гөрі, әлемдік криптобиржаларды қалайда жолын тауып, Қазақстан нарығына дендеп кіргізу әлдеқайда маңызды болып тұрғандай әсер қалдырады.
Бекбол Амангелді