Мәлім де беймәлім Боқты көтерілісі тарихи сипат алуы тиіс

Голощекиннің бастамасымен жүргізілген ұжымдастыру реформасы қазақты малдан айырып, жиған-терген мүлкін кәмпескелеп, ақыр соңы талайдың тағдырын талқан етті.
Жиырмасыншы жылдардың басында дүмпу әкелген саяси жүйеге наразылық білдіргендерді басып-шаншып қынадай қырды, жеңіл жазаға кесілгендерді итарқасы қиянға жер аударды. Осындай оспадар озбыр жазаның езгісін тартып, солақай саясаттың сойқанын көрген Қарқаралы өңіріндегі жалпыхалықтық Боқты көтерілісі тәуелсіздік алған 29 жылдан кейін ақталғанымен, ел көлемінде әлі тарихи сипат алмай отыр. Шаруаларды күштеп қанау кезеңі басталмай тұрып, сулы да нулы мекенде өрістегі малдың саны қисапсыз көп болған. Санаққа алынған мәліметке жүгінсек, сол кезде Бақты тұрғындарының меншігінде 30 мың жылқы, 70 мың ірі қара, 350 мың қой болған. Бірақ кенеттен келген кәмпеске дәулеті шалқып, берекесі жарасқан бақтылықтарды басына қонған бақыттан айырды. Кесапаттың басы әуелі Қоңыр төре, Мұздыбай, Жақаш деген іргелі байларға келді.
Көтеріліс қалай өрбіді?
Кеңес өкіметінің әділетсіздік жүйесіне қарсы күресті Тасөткел ауылының елге сыйлы Әбіәшкер және Мұқаш деген азаматтар басқарған. Халықтың азаттық көтерілісін қазақ-орыс ұлты бірігіп ұйымдасып жасаған. Қанды күрес Астау жарық және Тасөткел өңірінде болған. Кескілескен шайқас кезінде 100-ге тарта көтерілісші қаза тапқан. Орасан зор дүмпуде шейіт болған ауыл белсенділерінің мәйіті жатқан қорымның маңайы қазір ағаш қоршаумен бекітілген. Дүмпуге қатысушылардың бас штабы Боқты баурайында болған. Көтерілісшілер Тасөткелде жиналып тоқайласқан. Сұрқия саясатқа іштей қарсылық білдірген жандардың арасында партия мүшелері де болған. Солардың қатарында Қу аудандық советі атқару комитетінің орынбасары лауазымын атқарған Әмір Жақаманов азаттықты көксеген жандармен мұраттас болып, идеологиялық тұрғыдан үнемі ақыл-кеңес беріп, жол сілтеп отырған.
Кейін «Шыңғыстау», «Абыралы» пикетінің белсенділері де бақтылықтардың қатарына келіп қосылған. Мүдделері бір арнаға тоғысқан белсенділер ұлт тағдырын қаузаған «Алаш» газетін де оқып, үнемі үнқағазды насихаттап отырған. Олардың көксеген ой-арманы Алаш өкіметін орнату еді. Езгіге төтеп берген ерлер «Жасасын Алаш!» деп ұрандатқан. Айбынды жасақшылар Ай мен жұлдыздың белгісі салынған туды ұстаған деседі. Ұжымдастыруға қарсы топ 1926 жылы 7 наурызда Кедей теңдік, Батпақ бұлақ, Тастыбай, сондай-ақ Қадыр өлкесіндегі бірнеше кеңшардағы мал бордақылау пункттерін басып алған. Көп ұзамай Майдан қыстағындағы мал шаруашылығымен айналысатын бөлімшелерді де иеліктеріне қаратқан.
Көтерілістен күш алған белсенділер енді осы жүйені жүргізіп отырған жергілікті билеушілерді құрықтады. Азғана қару-жарақпен жасақталған көтерілісті ұйымдастырушылар ауылдық кеңесті басып алып, партия және кеңес қызметкерлерін тұтқынға алады. Жұтты жылдамдатқан шолақ белсенділерді көтерілісшілер Исабай қыстағына тоғытып, бірнеше күн қамауда ұстаған. Оқыс жайтты естіген жоғарыдағылар шайқасты тоқтату үшін Қарқаралы, Егіндібұлақ ауылынан арнайы жасақтар жіберген. Бірақ табанды күш жақын маңнан келген әскерге бой бермеген. Тек қалың қол және қуатты қарумен жасақталған Александр Чупин бастаған Семейден жеткен әккі әскери жасақ Боқты батырларын тізе бүктірген. Бұл қарудан тарыққан қандастарымызға «көтеремге көлденең» әрекет болды.
- Ержүрек көтерілісшілер қарсыластарына оңай берілмеген. Екі пулеметпен Чупиннің басқыншылары әуелі көтеріліс мергендерінің орналасатын мекенін алдын ала барлаған. Әуелі соларды оққа ұшырған. Берілмеген қаhармандардың бала-шаға, туған-туыстарын ауыл-ауылдан жинап әкеп, олардың алдына салған. Мылтықсыз майданға қатысқандарды осындай әккі әрекетпен ерікті түрде берілуге мәжбүрлеген. Мәселен, Астау жарық деген елдегі шайқасты тоқтатуға үш жақтан әскер келген, – дейді көтерілістің сипатын білетін тарихшы Қанат Өскенбаев.
Тарихи оқиға жайлы мағлұматтан хабардар жазушы Кәмел Жүнісовтің айтуынша, төңкерісті тоқтату үшін ұшақ жалданған. Ел ішінен шыққан құралайды көзге ататын мергендер әуе көлігінің астан-кестеңін шығарып, қарасын өшірген. Санасына кемел білім түйген ақтаңлақ қаламгер ақиқатқа негізделген мұндай деректі бұл күндері мұрағаттардан табу мүмкін емес екенін айтады. «Мәселенің мәні мәлім. Қазақтың ерлігі мен астыртын жүйеге қарсылығы әркез осылай бүркемеленіп отырған», – дейді қаламгер.
Боқты көтерілісіне бас қойған жазушы, этнограф Төрехан Майбас шаруалар дүмпуі жайлы деректердің жеткіліксіз екенін алға тартады. Зерттеуші ілгеріде «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында былай деген: «Белгілі өлкетанушы Ю.Попов өзінің «Бахтинские страницы» зерттеуінде қарқаралылық чекист Никита Зиновьевич Червовпен кездесуі жайында мынадай мәлімет ұсынған: «Был дан приказ: с бандитами вести переговоры, предлагать прекратить борьбу и сдаться местным властям. Как правило, уговоры не действовали. Все заканчивалось перестрелками. Помню, погиб в одной из них земляк Алексей Бедрин. Для доставки оружия выбрали площадку под самолёт. Прилетел У-2 и нагнал страх на противника, который действовал отчаянно и дерзко. Были попытки прорваться в город, на окраинах постреливали. Потом, собрав солидные силы, мы начали наступление на Бокты».
Боқты көтерілісінің бағы қашан ашылады?
Қырдағы халықтың әміршіл-әкімшіл жүйенің нұсқауына қарсы бас көтеруі халық арасында сол заманның зобалаңы деп бағаланды. Кескілескен күресте қолға түскен 19 азамат ату жазасына кесілген. Сол сойқанның ең ауыр жазасын арқалағандардың отбасын, туған-туыстарын, дүние-мүлкін тәркілеп, бетбақ даладағы Астау жарық жеріне айдап апарып қырып тастаған.
Тоқсан жыл бойы ақиқаты ашылмай, ауыл ішінен әріге аспаған Боқты көтерілісінің бұлыңғыр тарихы екі жылдан бері әлі аймақтық оқиға ретінде бағаланып келеді. Шын мәнінде бұл ұлттық рухты жаныған жасампаз төңкеріс еді. Аймақтағы этнограф-жазушы Төрехан Майбас колхоздастырудың қыл көпірін баяндайтын қозғалыстың анықтамасына жаңа тұрпатпен қарауға шақырды. Азаттық көтерілісіне ұйытқы болған Мыңғыш бидің сенімді серігі болған Бөкейдің немересі Аманжол Нұрбеков Бақты ауылының маңына осыдан екі жыл бұрын ескерткіш тақта орнатты. Елжанды ел ағасының тұғыр тасы аздық етеді. Оқулыққа енгізіп, мұрағатқа кірсе, асыл мұрадан сабақ алатындар көбейетіні кәдік. Ол үшін үкіметтің қолдауы керек.