Малын көлік қаққан адамның құқығын кім қорғайды?
Премьер-министрдің, Ішкі істер министрінің, Парламенттің назарына!
Қазақстандағы «Жол жүру туралы» заң тек көлік жүргізушілері үшін бір жақты қабылданған сияқты, жолда тұрған малды (өткізіп жіберудің орнына) қағып жүре береді және жауапкершілік арқаламайды. Жауапты мал иелері болып шығады. Мал иелері малынан айырылады, айыппұл арқалайды әрі көліктің шығынын төлейді. Малды қаққандар «тайраңдап», ақшаны қалтаға салып алып, еркін жүре береді. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ».
Осы мақаланы жазуға түрткі болған жақында ауылда орын алған жағдай еді. Қыркүйек айының ішінде облыстан келген болу керек «киік қорғаушылары» екі жігіт ауылға кіреберісте (150-200 м жер қалғанда) екі бас аналық сиырды қағып өлтірген. Ол малдар бұзауларына, әрі сауынға келе жатқан. Ауылға кіреберісте қатты жылдамдықпен жүре алмайсың, олардың «соңғы» әрекеттеріне қарағанда малды «әдейі» қаққан сияқты. Ауылдан, ауданнан полицейлер шақыртып, мал иелеріне айыппұл салдыртып, онымен тұрмай, мал иелерінен – Қуаныш Есеев, Ибраим Жанұзақов – әрқайсысынан 400 мың теңге талап етіп, қоқан-лоқы жасаған. Мал иелері ондай ақшамыз жоқ деп, 150 мыңнан төлеп, әрең құтылған. Осы әрекеттері қаншалықты заңды?
Атам заманнан бері қазақ малды қамап ұстамаған, олар еркін жайылымда болады, тек жерге қар түсіп, жайылымды жапқаннан кейін ғана ірі қара мал мен қой-ешкіні қолға ұстайды. Жылқы малы жыл бойы жайылымда болады. Жол жүру ережесін жазғандар малдан хабары жоқ (етін жеп, сүтін ішіп отырса да), жылқыны сиырдан, қойды ешкіден айыра алмайтын, түйе көрмегендердің істеп отырғаны. Осы заңды парламентте отырғандар қалай қабылдап жіберген. Олардың тең жартысы ауылдан шыққандар, малды көргендер емес пе?! Бұл заң малға жасалған «қастандық». Үлкен адамдар бір-бірімен амандасқанда бірінші «мал-жан аман ба» дейді, малды бірінші орынға қойған. Мал – бүкіл адамзаттың асыраушысы. Қай уақытта да малға деген жылы көзқарас алдыңғы орында тұрады. Малсыз күнелтуге болмайды.
Кешегі шапқыншылық заманда Шыңғыс ханнан Кенесарыға дейін 500 жыл (1200-1850 ж. аралықта) сыртқы жаулардан қазақ елін, жерін сақтап қалу үшін қазақ хандары 100-200 мыңдай әскер ұстаған ғой. Ол кезде егіншілік жоқ, сонда сонша әскерді малдың етімен, сүтімен азықтандырып, ұстап тұрған ғой. Қазіргі кезде де осы малдар адамзатты асырап отыр. Осындай қасиетті малға жақсылық жасаудың орнына «қастандық» жасап отырмыз. Бабаларымыз «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деп тектен-тек айтқан жоқ.
Кешегі одақ кезінде малға жанашырлықпен қарап, мал қаққан көлік жүргізушілері жауапқа тартылатын еді. Бүгінгі үкімет, парламент неге халыққа, жануарларға қарсы заң қабылдап отыр. Етін жеп, сүтін ішіп отырып, малға деген «өшпенділік» көзқарас қалай пайда болды? Темір тұлпарды тізгіндегендер «мал қаққан екен», бірінші кезекте жауапқа тартылуы керек. Малды қаққан екенсің жауап бер, екі көзің, құлағың бар, көліктің тежегіші бар – жолдағы малды өткізіп жібер, неге асығасың? Осының негізгі себебі – заңның жүргізушіге жұмыс істеп тұрғанында. Осындай заң бола ма? Салт-дәстүрімізге енген, ертеден келе жатқан дала заңына қарсы тұра алмайсыңдар.
«Малды – санасыз хайуан», «Адамдарды – саналы хайуанға» теңейтін заңдылық бар. Осылардың орны «Жол жүру ережесінде» ауысып кеткен сияқты, яғни көлік тізгіндегендер «санасыз хайуанға» айналып кеткен. Кезінде осы заңды жазған адамдар халыққа, малға жауапсыз қараған, ал сол кездегі парламент осындай «өрескел» заңды қалай қабылдап жіберген? Ал қазіргі парламентте отырған халық қалаулылары неге үнсіз отыр? Көпті көрген, көненің көзі саналатын депутаттар: «І.Ізмағамбетов, Н.Сабильянов, т.б. осы мақаланы оқып жатса, «теріс» қабылданған заңға өзгерістер енгізуге күш салады деп үміт күтеміз.
Бұрынғы заңға байланысты бір мысал келтірейін: ауылда отырған үлкен адамдар (балалары қалада) күн сайын 2-3 сиырын қалай айдап келеді, малдың өрісі (жайылымы) 7-8 шақырымға дейін барады, өздерің ойлап көріңдер.
Үкіметтен, парламенттен Жол жүру ережесіне халыққа тиімді өзгерістер енгізуді сұраймыз. Әділетті Қазақстан бар болатын болса, бұл «әлімжеттік» қашанғы жалғаса береді?..
А.Шынғалиев
Бисен ауылы
Бөкей орда ауданы