Маман ақшаны қалай үнемдеу керегін айтты

Қаржы саласы мемлекеттің дамуына да, халықтың жақсы өмір сүруі үшін де ерекше рөлге ие екендігі айтпаса да түсінікті.
Сол себептен болар, нарық заманы болғаннан кейін алаяқтардың көбейетіні белгілі. Осыған орай, біз қаржыгер маман Әсел Жарасқалиқызымен қаржылық сауаттылық пен қаржы секторына қатысты әңгімелескен едік.
— Қазіргі таңда «Қаржылық сауаттылық, қаржы секторы» деген сөздер кең етек жайып келеді. Бірақ ол кезде қаржылық сауаттылық жайлы естімедік. Сонда бұл қаржылық сауаттылық қалай, не себептен пайда болды? Әрі қаржылық сауаттылық дегеніміз не? Осыған қатысты түсіндіріп берсеңіз...
— Қаржылық сауаттылық, қаржы секторы дегеніміз – әрбір азаматтың ақшаға қатысты дұрыс шешім қабылдай отырып, жан-жақты ақшаны көбейту мен сақтаудың мүмкіндіктерін қарастыра білуі деп айтсақ болады. Қаржы жағынан сауатты адам өзінің нақты қаржылық жоспары мен қоры арқылы өзінің ертеңгі нақты күнін жоспарлай отырып, қаржысын басқара да алады.
— Сонда қаржыны басқара алу үшін не істеу қажет?
— Қаржыны басқара алу үшін алға жоспар қойып, кіріс-шығысты есептеген жөн. Қаражатына қарай өмір сүруді үйрену керек. Одан кейін «Көрпеңе қарай көсіл» демекші, қарыздар мен несиелерді жауып барып, қаржылық қорды қалыптастыруға жұмыс істеген дұрыс. Ал қаржылық қор қалыптасса, ол сіздің тыныш ұйқыңыз бен отбасыңыздың болашақ берекесі болары анық. Ол үшін бүгін қайдамын? Ертең қайда болуым керек? Болашақ үшін қанша ақша жинап жатырмын деген сұрақтармен жоспар құрып, оны орындауға тырысса, қоршаған ортаның қатерінен де сақтайды.
— Кейбір мамандар адам өзінен ақша жұмсағанда аямау керек десе, кейбіреулері, керісінше, үнемдеу қажеттігін айтады. Сіз бұған не дейсіз?
— Ақшаны үнемдеу өзіңнен аяу не өз-өзіңнен қызғану емес, бүгінгі қаржылық тұрғыда нақты орныңды белгілей отырып, А нүктесінен Б нүктесіне қалай баратынын білу. Ақшаны үнемдеу мүсәпірлікке, өз-өзіңді кемітуге жатпайды. Керісінше, үнемдей отырып, қаржылық статусыңды ұлғайту, кеңейту деген сөз.
— Сіз халықпен жұмыс істеп жүргеннен кейін халық тарапынан қаржыға қатысты сұрақтардың жиі келетіні заңдылық. Осы орайда сізге көбіне қаржылық сауаттылыққа қатысты қандай сұрақтар жиі қойылады?
— «Қара несие тарихы, несиемді қалай жабамын, қарызға батып кеттім, не істесем болады» деген сұрақтар жиі келеді. Қарызға батқан қазағыма арнайы тегін сабақтарды әлі күнге жүргізіп келемін. Тіпті тегін кітаптар таратқан кездерім де болды. Одан бөлек, өзімнің «Қарызсыз қазақ» атты авторлық сабағымды тегін жүргізіп, қарыздан қалай құтылу мен несиені жабуға қатысты қандай әдістемелер мен қай бағытта жұмыс істеу керектігін үйретіп, әрдайым халыққа пайдалы ақпарат беру қаржы маманы ретінде міндетім деп санаймын. Осы орайда, мен көпшілікке сананы өзгерту керек деп кеңес беремін. Сана өзгермей, өміріңіз өзгермейді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, адамның ойы неге толы болса, аузынан сондай сөз шығады. Байлықты жаратқан құдай, кедейлікті жаратқан құдай. Бірақ біреуді кедей қылатын құдай емес, адамның өзі. Барлығы өз қолыңда, өз әрекетіңде. Өзіңізді бар қылу да, жоқ қылу да өз қолыңызда. Сондықтан бірінші қадам – сананы өзгерту керек деп кеңесімді беремін.
— Пайдалы кеңестеріңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Бифат Нұрмахан