Мамандық таңдау – жолайрық қызығы қайсы, қызығы неде?

Биылғы жыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Себебі адами капиталдың маңызы артып, жаңа жұмыс орындары көбейіп жатқан шақта кадр жетіспеушілігі байқалып отыр.
Қазақстандық жастар мен еңбекке қабілетті азаматтар әдетте «престижді» мамандықтарға ұмтылады. Ал жалақысы мен қауіпсіздік деңгейі төмендеу жұмысшы қызметтеріне мақсатты түрде баратындар аз. Осының әсерінен еңбек нарығында дисбаланс байқалуда. Бұл мәселені арнайы айдар таққан жыл шеше ала ма, жоқ па, белгісіз. Бірақ салтанатты шаралар мен жиындардың легі басталып та кетті. Мысалы, Астанадағы ЕХРО ғимаратында «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» атты фестиваль ашылды. Көрмеге әртүрлі сала мамандары қатысып, өз мамандықтары туралы айтты, көрсетті. «Жас Алаш» олармен арнайы тілдесіп, ой, пікірін білген болатын.

Райхан Наркенова, электр және газ дәнекерлеуші: Жастар стереотиптерге байланбауы керек
Мен электр және газ дәнекерлеушісімін. Әдетте сары шашым мен ұзын кірпіктеріме, кішкене ғана дене бітімім мен нәзік даусыма қарап, көпшілік таңғалып жатады. Бірақ мамандығымды өзім таңдадым. Ата-анам бұл салаға барамын дегеніме соңына дейін сенген жоқ. Ал көздері жеткен соң қарсы болды. Туған-туыс, дос-жараннан да «қолыңнан келмейді» деген секілді сөздерді көп естідім. Алайда ештеңеге қарамастан айтқанымнан қайтпай, 2018 жылы Хромтау тау-кен колледжіне түсіп, 2021 жылы диплом алдым. Оқудағы қатарластарымның көбі ер балалар еді. Қыздар аз болдық. Сол студент күндерден бастап тәжірибе жинауға құлық таныттым. Ақырында, мені өндіріс пен іске баулыған ортам диплом алғанымды күтіп жүріп, жұмысқа шақырды. Сөйтіп, өз арамызда «ДГОК» деу әдетке айналған Дөң тау-кен байыту комбинатына жұмысқа орналастым. Ондағы орталық механикалық жөндеу шеберханасы атты цехте электр және газ дәнекерлеушісі позициясында еңбектеніп жатқаныма төрт жылға жуықтады.
Бұл мамандық иесі металл бөлшектер мен конструкцияларды газ және электр арқылы дәнекерлеу ісімен шұғылданады. Яғни металл заттарды, элементтерді біріктіреді. Ол үшін арнайы дәнекерлеу құрылғысы қолданылады. Жалпы алғанда, «сварка» әдісі өте танымал әрі аса қажетті. Негізінен құрылыс, жөндеу, кеме жасау, мұнай-газ өнеркәсібі, автокөлік өнеркәсібі және басқа да көптеген салаларда қолданылады. Мұндай ірі жүйелерде әр детальдың сапасы маңызды. Сондықтан дәнекерлеу жұмыстарының да шебер орындалғаны жақсы. Талап қатаң.
Қазіргі жұмыс кестеме сәйкес үш күн жұмыс істеп, бір күн демаламыз. Жұмыс барысында сен жассың, кәрісің, ерсің, әйелсің деген ұғым жоқ. Кез келген жұмысты істейсің. «Сварканы» аласың да, алдыңа келген шаруаны жасайсың. «Ремонтный» цех болған соң комбинат бойынша құрып қалған, сынған заттар мен құралдардың бәрі бізге келеді. Ал кейде жаңа тапсырыстар түседі. Бәрін орындаймыз. Жалақы көлемі жақсы. Еңбегің ақталады.
Өз шеберлігімді шыңдау үшін, әрі қолымнан не келетінін көрсету үшін екі жыл бойы біздің мамандардың республикалық сайысына қатыстым. Оған компания ішінде үздік шығып, жолдама алған болатынмын. Алайда елдің түкпір-түкпірінен келген мамандар соңына дейін күресетін. Бәрі ер кісілер. Араларындағы жалғыз қыздан жеңілгісі келмей, тырысатын. Солай екінші орын алып жүрдім. Бірақ былтыр оза шауып, бірінші орын иелендім. Одан соң, Қытайға барып, онда да жүлделі бірінші орынды қанжығаладым. Біз, қазақтың қыздары, ешкімнен қалыспаймыз!
Ақыл-білім де, күш-жігер де, шеберлік те жасқа, жынысқа бөлінбейді. Ал жастар қоғамдағы стереотиптер мен қалыптасып қалған түсініктерге байланбай, тәуелсіз ойлана алуы тиіс. Сонда ғана әркім өзі қалаған, сүйікті ісімен айналысады. Өзі жақсы көретін, махаббатпен істейтін істе үздік болады. Бұл бәрі қайталайтын қарапайым формула.

Шохан Уәлиханұлы, жедел жәрдем қызметінің дәрігері: Әр шақырту – бір жұмбақ
Өзім он жылдан бері медицина саласында жұмыс істеп келемін. Оның алдында он жыл көлемінде Астана медицина университетінде білім алдым. Ақ халатты мамандар ұзақ оқиды, терең білім алады. Себебі дәрігердің біліктілігі адамдардың өмірін құтқарады. Осындай терең жауапкершілікті сезіне отырып, әр сабақ пен тәжірибеге ерекше мұқияттылықпен әзірленетінбіз. Емханаларға іс тәжірибеден өту үшін барған кездерден-ақ медицина саласына деген қызығушылығым мен мамандығыма деген махаббатым одан сайын артты. Ойлаңызшы, осы күнге дейін ақ халатты тек сабақта киіп жүрген студент, ақ халатымен аурухана ішінде жүреді. Жауапкершілікті сезініп, тапсырмаларды орындай бастайды. Ол сәттегі энтузиазмды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Осылайша, оқу оқып жүріп, жұмыс істеуге кірістім. Ал қазір жедел жәрдем саласындамын.
Жедел жәрдем қызығы да, қиыншылығы да мол сала. Мұндағы жауапкершілік те өте ауқымды. Мәселен, хирург, акушер-гинеколог немесе тағы сол секілді әр салаға жауапты дәрігерлер алдына қандай пациенттер келетінін біледі. Және науқастар ол дәрігерлерге өздері барады. Ал біз, керісінше, науқастарға барамыз. Әрі олардың жағдайы мен дерті біз үшін жұмбақ. Бір шақырту пышақтан жарақат алған кісіден келуі мүмкін, келесісін көлік қағып кетуі ықтимал. Биіктіктен құлаған да, жүрек ұстамасы ұстаған да, басқасы да алдымен жедел жәрдем қызметіне жүгінеді. Біз қашан, қайсысы жолығатынын болжай алмаймыз. Оның үстіне, әртүрлі жағдай әр деңгейде, санатта болады. Сондықтан жедел жәрдем қызметкерлері бәріне дайын болуы қажет. Өз кезегінде бұл үлкен ізденіс пен біліктілікті, тәжірибелік шыңдалу мен төзімділікті керек ететіні белгілі. Аталған аспектілерді ескере отырып, диплом алып келсе де, жедел жәрдем қызметіне орналасқан маманды қайта даярлаудан өткізеді. Арнайы оқыту-симуляциялық оқыту орталығында қосымша оқытады.
Бір шақыртуға бір жүргізуші мен екі фелдьшер, кей жағдайда бір фельдшер мен бір дәрігер барады. Ал жедел жәрдем көлігінің ішінде тиісті бұйрыққа сәйкес барлық дәрілік препараттарды алып жүреміз. Тағы кез келген жағдайда көмек көрсете алатындай құрал-жабдықтармен қамтылған.
Қазір елімізде облыстық және қалалық жедел жәрдем станцияларында бір ауысымда 1 491 мобильді бригада, алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарының жедел жәрдем бөлімшелерінде 446 жедел жәрдем бригадасы 4-санаттағы жедел шақыруларға қызмет көрсету үшін жұмыс істейді. Жалпы 2355 бірлік жедел жәрдем көлігі болса, оның 1482 бірлігі қалада, 873 бірлігі ауылдық жерлерде. Аз емес. Маман керек, әрине. Тапшылық байқалған кездер де болды. Әркім өз таңдауына қарай келіп жатыр ғой. Бүгінде кадр жетіспеушілігі шешімін табуда.

Азамат Сайлау, теміржол маманы: Теміржол жайлы фильм түсіру қажет
Мен – локомотив машинистімін. Теміржолшылар әулетінің мүшесімін. Әкем де 20 жыл машинист болған. Сол кісіден үлгі алдым. Ақырында теміржол торабына түсіп, еңбекке кірістім.
Астана қаласындағы көлік және коммуникация колледжінде білім алып, оқуды аяқтадым. Содан соң, локомотивті тексеру слесарі болып жұмысқа орналастым. Алғашқы позициямда жүріп, көп нәрсені көзбен көрдім, түсіндім, тәжірибе жинадым. Одан кейін, локомотив машинистінің көмекшісі қызметіне ауысып, жауапкершілік өсті. Артынан тиісті оқу-жаттығулардан өтіп, заңды сертификат алған соң машинист қызметіне кірістім.
Машинист пойызды жүргізеді, оның қауіпсіз қозғалысына жауап береді. Сол сияқты транспорттың жеңіл, жайлы жүруі жолаушылардың жағдайын жақсарта түседі. Ол да біздің жұмыс. Шын мәнінде, машинист теміржолдағы ең элиталық позициялардың бірі болып табылады. Бұл қызметті атқару үшін техникалық және теориялық біліктіліктен бөлек, физикалық, моральдық күш керек. Сондықтан да кейде бұл жұмыс «ер адамдардың жұмысы» деп те аталып жатады. Ол қандай да бір дискриминациядан емес, қамқорлықтан айтылатын дүние. Еңбек министрлігінің зиянды әсерлері бар, денсаулыққа кері ықпалы етуі мүмкін деген мамандықтарының тізіміне кірген, әйел адамдарға ұсынылмайды. Ал соған қарамастан жұмыс істеп жүрген азаматтарға қосымша көмек қарастырылған. Мысалы, еңбек демалысына төленетін ақыға үстемеақы қосады, жалақыға да 12 пайыз қосылады. Тұрақты түрде сыйақылар тағайындалады. Шипажайларға жіберіп тұрады. Медициналық сақтандыру бойынша да бар жағдайымыз жасалған. Теміржолда қатынау еңбек демалысы кезінде өзіңе де, отбасыға да тегін.
Жұмыс процесінің физикалық денсаулыққа ғана емес, психологиялық жай-күйге де салмақ салатыны жасырын емес. Өйткені машинист үлкен жауапкершілік арқалайды, әр қадамына ойланады, жеті рет өлшеп, бір рет кеседі. Соған қарамастан, жылдам да жедел болуы қажет. Жолаушылар мен жүктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әр ұсақ-түйекке мұқият, өзгерістерді байқағыш, аңғарымпаз болуы керек. Жол жағдайы мен қозғалыс кезіндегі сигналдарды бірден қабылдап, нұсқауларға назар аудару, техникалық мәселелер мен ауа райын төзімді, стреске бетпе-бет келгенде де өзін жоғалтпайтын салқынқанды бола алуы тиіс.
Тағы бір айта кетерлігі, бізде «график» деген жоқ. Қашан, қайда шығатыныңды бар болғаны екі сағат бұрын хабарлайды. Жаз кезінде жол жөндеу жұмыстарына қарай пойыздардың өту жиілігі азаяды. Ол кездерде үйде 16 сағат қана демаламыз.
Бізге де жас студенттер, іс тәжірибеден өтушілер келеді. Олар мамандыққа қызығып, үйренуге асығып тұрады. Теміржолда әрі-бері саяхаттап уақыт өткізбейді. Тек жұмыс істеуге машықтанып, өз ісіне дағдылана бастайды. Мен тәжірибе жетекшісі ретінде осыған баса мән беруге тырысамын. Барлық сұрақтарына жауап беріп, қызығушылығын оята түсуге барымызды саламыз. Жалпы, бұл еліміз үшін де, жастар үшін де керек сала. ҚТЖ – Қазақстандағы ең ірі жұмыс берушілердің үштігіне кіреді. Демек, жастарды тарта бергеніміз, теміржол мамандарының жұмысын насихаттауды арттыра бергеніміз дұрыс. Осы мақсатта теміржол саласы туралы фильмдер мен телесериалдар түсірсе керемет болар еді. Қызықты контент, бір жағынан жастарға да насихат.

Назымхан Тұрсын, өртсөндіруші: Әр жұмыс күні – келесі күнге мотивация
Бүгінде елімізде 18 мың өртсөндіруші бар. Қазір азаматтық қорғау органдарына, өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметіне келушілер саны көп. Жылдан жылға артып жатыр. Өйткені бұрынғымен салыстырғанда сала мамандарына жағдай жасалуда. Біраз әлеуметтік сұрақтар шешімін таппақ. Мысалы, құқық қорғау қызметкерлеріне берілетін пәтерақы секілді көмек қарастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы заң мәжілісте қаралып жатыр. Оның үстіне, техникалық жабдықталу деңгейі мен сапасы да артқан. Мұның бәрі салаға қызығатын жастардың қатарын арттырады, жұмыс істеп жүрген мамандарға шабыт береді.
Өзім Көкшетау қаласындағы азаматтық қорғау академиясында оқыдым. 2020 жылы академияны бітіріп, Астана қаласы ТЖ департаментіне жұмысқа келдім. Бір тәулік жұмыс істеп, үш күн демаламыз. Түске дейін теориялық жұмыстар, түстен кейін физикалық нормативтер бекітілген. Кезекшілік, тексеру жұмыстары бар. Тілсіз жаумен күрес қызметіміздің ең маңызды бөлігі. 2024 жылы біздің бөлімге 1822 шақырту келіп түскен. Қалада 13 өрт сөндіру бөлімі бар. Оның әрқайсының жүктемесі шамамен осындай. Соңғы жылдары Қостанайда, Абай облысында болған өрттерден, былтырғы су тасқынынан соң азаматтық қорғау саласының өзектілігі де, жауапкершілігі де арта түсті.
Өртсөндіруші мамандығы – әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі. Тілсіз жауға қаймықпай қарсы тұру, жалынмен арпалыса жүріп адамдарды құтқару, газ баллоны жарылып немесе басқа да жағдайларда өз өміріңе қауіп төнетінін білсең де алға жүре беру үшін батылдық керек. Кәсіби машық пен моральдық күш қажет. Иә, расында біздің жұмысымыз эмоционалды тұрғыдан өте ауыр. Алайда жұмыстың оңайы болмайды. Әр саланың өзіне тән қиыншылығы бар. Бірақ мамандығыңның құндылығы мен қоғамға пайдасы сен үшін мотивация бола алады. Мәселен, біз өртке шығып бара жатқанда, адамды құтқарып жатқан сәтте тым әсері эмоциялы күй кешеміз. Оларды сөзбен сипаттау да мүмкін емес шығар. Міне, осы жұмыстарды сәтті аяқтаған сайын, әр жұмыс күнін артқа тастаған сайын келесі жолғы жұмысқа күшің де, мотивацияң да артады.

Асуан Сиябеков, инженер: Инженерлер еңбек нарығында жоғары бағаланады
Мен – Қазақстандық атом электр станциялары компаниясында жетекші инженермін. Негізі, атом электр станциялары біздің елімізге жат дүние емес. Кеңес кезінде болды, жұмыс істеді. Оны бәріміз білеміз. Кейін тәуелсіздік жылдары жұмыс өтілі аяқталып, ретімен істен шығарылды. Ал енді жаңа АЭС салынғалы жатыр. Ол үшін қажетті жұмыстар да, зерттеулер де бар. Әлеуетіміз жақсы деңгейде. Мәселен, Алматыдағы Ядролық физика институты мен Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықта ғылыммен тереңінен айналысып жатқан ғалымдарымыз жеткілікті. Олардың жанында да көптеген инженерлер табысты еңбек етуде.
Енді Алматы облысында АЭС салынса, болжам бойынша екі мың кадр қажет. Бірақ оның бәрі ғалым немесе зерттеуші емес қой. Ары кетсе 20 пайызы ғана атом саласының мамандары болар. Қалған 1600 адам энергетик, автоматика мамандары, турбинистер, инженерлер. Осы секілді әртүрлі салаларда инженер мамандардың рөлі ерекше маңызға ие. Сұраныс та аз емес. Бүгінде елімізде бес университет атом саласының мамандарын даярлап жатыр. Тапшылық байқала бермейді, бірақ білікті, жоғары технологиядан хабардар мамандар әлі де көбеюі керек.
Инженерлердің еңбек нарығындағы маңызы өте жоғары. Олар қоғам дамуы мен технологиялық прогрестің қозғаушы күші. Өйткені жаңа өнімдер мен технологиялар жасау, өндірістік процестерді жетілдіру, экологиялық мәселелерді шешу сияқты маңызды міндеттерді осы мамандар атқарады. Заман талаптары мен өндіріске, экономикаға қарай қазіргі таңда сұраныс артуда. Соның ішінде құрылыс, ақпараттық технологиялар, энергия, медицина, экология, аэроғарыш және тағы басқа сфералар білікті кадрды қажет етеді.
Өзім бұл салада 11 жылдан бері жұмыс істеп келем. Қазақ Ұлттық университетінде ядролық физика мамандығын оқыдым. Кейіннен Ресейде ядролық зерттеулер институында тағылымдамадан өттім. Алматы қаласындағы физика техникалық институтында еңбек жолыма кірісіп, қатты денелер туралы зерттеуімді бастадым. Білімім мен тәжірибемді арттырған соң осы жетекші инженер қызметіне дейін келдім. Осы жылдар ішінде түйгенім, техникалық даму – ғылымның нәтижесі. Сондықтан ешбір инженер ізденіссіз өсе алмайды. Алдымен ми жұмыс істейді, содан соң кезек қондырғылар мен құрылғыларға да жетеді. Әсіресе сызбалар жағы маңызды. Көп нәрсені білу керек.
Дайындаған Балауса Ділдәбек