Мамандық таңдаудың қызығы мен қиындығы
Ертеректе жер бетінде мал шаруасы мен егіншілік деген екі мамандық қана болған деседі. Әрине, мұны мамандық дегеннен гөрі, күн көрудің қамы, тіршілік етудің көзі деген жөн болар.
Одан соң адамзат ілгері дами бастады, соған ілесіп мамандық та салалана түсті. Ал бүгінде өз мансабын құрып, табысты боламын деген жеткіншектің алдында мыңдаған жол жатады. Олар өз дарыны мен қарым-қабілетіне, қоғамдағы тенденциялар мен сұранысқа қарай мамандық таңдайды. Сондай жастарға әр саланың қызығы мен маңызын таныту мақсатында бірнеше табысты жандармен тілдестік. Біз олардан өз мамандығын сүю, оны жақсы көру, таңдап алған саласының қиындығы мен қызығы туралы сұрадық. «Адам болам десеңіздің...» кезекті спикерлері – режиссер, ҚР еңбек сіңірген әртісі Болат Қалымбетов, тың да табысты трейдинг саласының жүйрігі Сермұхан Ахетов, кәсіпкер Биболат Бегалы, жас педагог Салтанат Айтбекова.
Болат Қалымбетов: Режиссерлікті үйрету мүмкін емес, үйренуге болады
60 жыл бойы киноиндустрияда жұмыс істеп келемін. Соның ішінде режиссер ретіндегі шығармашылығым кино сүйер қауымға таныс. Бұл мамандық өте қызықты да күрделі. Ол кино пайда болмай тұрып-ақ дүниеге келген. Театрларда режиссер деп аталмаса да, сол функцияны орындайтын мамандар жұмыс істейтін. Кейіннен, кино дүниеге келген 1890-жылдары тұтас түсірілім барысын қадағалап, туындыға көркемдік үстей алатын адамға қажеттілік сезілді. Ал алғаш пленкаға түсірілген фильмдерде режиссураның табыны байқала бастады. Уақыт өте келе киноиндустрия дамып, нағыз шеберлер мен өз ісінің кәсіпқойларына сұраныс артты. Осылайша, режиссура мамандық ретінде орнықты. Бүгінде олардың қызметі мен орны, рөлі нақты, ауқымды, маңызды. Сонымен, режиссер – негізгі ой мен идеяны беретін, тұтас туындының сапасына жауапты маман.
Сондай-ақ барлық түсірілім тобы, кино саласының мамандары тер төгеді. Ал осының нәтижесінде дүниеге келген туындыны, киноны қарамау керек, оны көру керек. Кітап оқыған секілді, киноны да оқыған жөн. Ондағы әр детальға, музыкаға, реквизитке, дыбысқа, сөзге, сюжетке назар аударып, түсініп отыру қажет. Бірақ осыны көпшілік біле бермейді. «Кино тілі» деген керемет сөз бар. Біздің ана тілі дегеніміз секілді. Ана тілін үйрену үшін әліппені оқисың, ізденесің, еңбектенесің. Сол секілді кино тілін түсіну үшін де интеллект керек, өнерді түсіну қажет. Музыканы, бейнелеу өнері мен архитектураны, графика мен балеттен хабарың болғаны жөн. Сонда ғана кино деген синтездік өнерді тереңінен ұғынасың.
Заман, қоғам, формат бірге өзгереді. Біреуі озып, біреуі қалып кетпейді. Соған сәйкес, адамзаттың санасы мен қабылдауы да басқаша сипат ала береді. Ойлауы мен көзқарасы түрленеді. Осы ізбен киноның да тілі қоғамға бейімделіп отырады. Мәселен, бүгінгі жастар бұрынғы фильмдерді қарап отырып, зерігіп кететінін байқау қиын емес. Айтатындары бір – ритм мен динамика жоқ. Бір жағынан, расында ескі фильмдер, соның ішінде қазақ кинолары сөзге, диалогқа құрылған. Ол бүгінгі сұранысқа келеді деу қиын. Қазіргі көрермен визуалды тізбекті көбірек ұнатады. Яғни ойға, құрылымға, актерлердің пластикасына, кадрлардың тереңдігіне қарайды. Алайда бүгінгі сұранысқа сай материал әзірлеу үшін бұрынғыға бойлай алу қабілеті керек.
Тағы режиссер болам деген адам қазіргі қоғамға, елге түсінікті туынды жасауы тиіс. Ал елге түсіндіру үшін, оны түсініп тұрғаның қажет. Көрерменге не айтқың келеді? Соны анықтап алған жөн. Әрине, әркім ойын әртүрлі жолмен жеткізеді. Әркім әртүрлі қабылдайды. Дәл осы себептен де режиссердің өз қолтаңбасы қалыптасуы керек. Соған қарап, маманның өз көрермендері қалыптасады. Мысалы, елімізде авторлық фильмдер аса танымал емес. Тағы операға, балетке көп қазақ бармайды, түсінбейді. Ал негізінен бұл туындыларда да айтылар ой бар ғой. Ол мәдениет пен қоғамның интеллектуалды деңгейіне байланысты... Басқа да көрермені аз немесе көп кинофильмдерге қарап қоғамның дейгейін көреміз.
Өнердің ішіндегі ең күрделі сала – кино. Оған көп ресурс пен білім, дарын мен еңбек қажет. Ал ондағы режиссердің қызметі тіптен зор. Бұл мамандықтың иесі атанып, осы салада өзіңді қалыптастыру үшін Құдайдан келген дарын керек. Онсыз болмайды. Десек те, қандай дарын құдыреті болмасын, еңбексіз нәтижеге жетпейтіні тағы анық. Көп ізденіс қажет. Өнердің бар саласын меңгеріп, таныс болған жақсы. Тек білуге емес, істеп көруге ұмтылып, теория мен практиканы қатар алған да дұрыс. Машықтану маңызды. «Режиссерлікті үйрету мүмкін емес, үйренуге болады» деген сөз бар. Одан бөлек, суретші, оператор, монтажер, композитор, сценаристермен бір толқында болу, олардың позициясын түсіну, үйлестіре алу, сондай команда жинай білу де режиссердің міндеті. Тағы жаңалықтарға, тенденциялар мен технологияға ашық болсаң, сапа арта береді.
Сермұхан Ахетов: Трейдинг мол білім мен аналитиканы қажет етеді
Трейдинг, трейдер деген сөздер көпшілікке таныс, бірақ түсініксіз. Бұл сөз ағылшын тілінен аударғанда «сауда» дегенді білдіреді. Кәдуілгі базарда жұмыс жасайтын саудагерлер де негізі трейдингпен айналысады. Бірақ ол сатушылардың алып-сататыны тауар болса, трейдерлердің саудаласатын саласы – акция, валюта, криптовалюта. Олар «тауарын» бағасы түскенде сатып алып, қымбаттағанда қайтадан сатады. Ал сауда биржа және брокер арқылы жүреді. Биржа дегеніміз – сатушылар мен сатып алушылары бар үлкен базар деуге келеді. Ал брокер – сол биржа мен трейдердің ортасындағы делдал. Процесс осы схемамен өрбиді.
Трейдинг тарихы бұдан 800 жыл бұрын басталған. Демек, қазақ қоғамы ойлағандай, кеше пайда болған сала емес. Тек бізге жақын арада келгендіктен ғана күмән мен күдік басым. Әрине, неше түрлі алаяқтар мен өз пайдасын көздегендер ақпараты аз халықты алдап соғып жатады. Содан да болар, трейдинг деген сенімсіз сала деген көзқарастар да кездеседі. Алайда трейдинг құмар ойындары сияқты сәттілікке немесе сол секілді логикалық негізі жоқ заттарға сүйенбейді. Ол мол білім мен аналитика. Сенімді, ірі компаниялардың үлескері болу арқылы акцияларды саудаға салу, алу оңай шаруа емес. Тәжірибе мен ізденіс болса, салаға әбден машықтанса, әр мәміледен 5-10 пайыз аралығында табыс табуға мүмкіндік бар. Оған қоса, әлемнің кез келген нүктесінен қосылып жұмыс істей беруге қолайлы. Бұл экономика мен қаржы саласында біліктілігі бар қазақстандықтар үшін қосымша табыс көзі ретінде қарастыруға болатын жұмыс. Тек халықтың трейдингке қатысты сауаты қалыптасуы тиіс. Ол үшін сенімді дереккөздермен жұмыс істеу керек.
Ал менің негізгі табыс көзім мен кәсібім – осы, трейдинг. Қосымша инвестицияларға да қызығып, тәжірибе жинап жүрмін. Мамандығым қаржыгер болғандықтан, бұл салаға студент кезімнен қызығатынмын. Кейіннен, ел көріп, жер көріп, оқып, ізденіп, байқап көруге бел будым. Америкалық мамандардан курстар алып, трейдингті үйрендім. Өзім жұмыс істеп, алғашқы табысымды да қолыма алдым. Жақсы нәтижелер де ұзақ күттірмеді. Бірнеше жылдан соң оқыту ісіне де араластым. Баяғыда өзім оқыған орталықта ментор болып, шәкірт оқытумен айналыстым. Онда 400-ден астам студентпен жұмыс істеп, соңында өз компаниямды құрдым. Қазір білім беру орталығымды дамытуға күш салып жатырмын.
Трейдингпен айналысқысы келген адам ең алдымен білім алушы позициясында болуы шарт. Жаңа сала болғандықтан, үйрену біраз уақытты талап етеді. Жеке қасиеттерден сабырлылық пен өз эмоциясын басқара білдіру қабілеті керек. Тағы өзгерістерге тез бейімделгіштік, стратегиялық және аналитикалық ойлана алу машығы маңызды. Бойымда осы қасиеттер бар екен деп бас салу да асығыстық . Өйткені табыс тапқысы келген трейдердің қаржы-статистика саласындағы білімі де болуы қажет.
Қазақстанда трейдер болып акцияларды алып сату үшін ЖК ретінде тіркелу қажет емес. Бар болғаны – өзіңізге брокерлік шот ашу керек. Мен Американың қор нарығында сауда жасаймын. Трейдерлер жылына бір рет 240.00 декларация тапсырады. Жеке табыс салығы ретінде табыстың 10%-ын мемлекетке төлейді. Ал Қазақстанның қор нарығында сауда жасайтын трейдерлер салықтан босатылған.
Американың нарығы аптасына 5 күн жұмыс жасайды. Сенбі, жексенбі күндері және мемлекеттік мерекелер күні жұмыс жасамайды. Жұмыс процесі күніне 2-4 сағат аралығында уақыт бөлуді қажет етеді. Сізге белгілі бір мекенде болу қажет емес. Жай ғана ноутбук немесе телефон және ғаламторыңыз болғаны жеткілікті.
Жұмыс процесі әлемде болып жатқан жаңалықтарды оқумен басталады. Платформаға кіріп, әртүрлі стратегияларды қолдану арқылы компанияларға анализ жасаймын. Бұл стратегиямен трейдингпен жақынырақ танысып, біле аласыздар. Арзан бағада тұрған акцияларды іріктеп, тиімді сәтті күтіп, сатып аламын. Сатып алмастан бұрын компанияның қызметі халал не харам екенін арнайы қосымша арқылы тексеремін. Акция бағасы анализ бойынша мақсатты бағаға жеткенде сатып жіберемін. Сол арқылы трейдерлер пайда табады.
Әлемде трейдинг дамып келеді. Трейдерлердің саны да жылдан жылға артуда. Дөп басып айта алмаймыз, себебі қаржы нарығы мен сол секілді басқа да факторлардың өзгерісінен сандар жиі өзгеріп отырады. Дегенмен белсенді трейдерлердің саны АҚШ-та 10-15 млн деп жобаланады. Сол секілді онлайн-платформалар дамыған елдерде аталмыш сала актуалды.
Биболат Бегалы: Кез келген бизнес үшін ең маңыздысы – маркетинг
Бүгінде туризм әлемдегі ең табысты салалардың бірі. Әлемді көру, табиғаттан ләззат алу, маусымдық демалыстар – адамзат жоғары бағалайтын өмір салтына айналды. Соның ішінде ішкі туризмді дамыту туралы жиі айтылады. Ол расында да өте перспективалы, табысты бизнес түрі. Өз елін, жерін аралап, жан-жақты мың рет естігенше, бір рет көруге ұмтылатындардың қатары артқан. Оның үстіне Қазақстан табиғи сұлулыққа да, тарихи жәдігерлер мен ғимараттарға да, аңыз бен әңгімеге де толы. Бұл да ішкі туризмге деген қызығушылықты арттырады.
Өзім аталған салаға 2022 жылы келдім. Туркомпаниямыздың идея авторы да, негізін қалаушы да емеспін. Бұл бизнес 2021 жылы жүре бастаған. Алайда иесі оны дұрыс табыс көзіне айналдыра алмағандықтан сатуды шешкен. Хабарландыруды естіген бір танысым хабарласып, жағдайды айтты. Ал мен ойланбастан келісе кеттім. Сол кезде қолымдағы ресурспен де, жауапкершілікпен де үлкен тәуекелге бардым. Себебі туризмнен де, тур ұйымдастырудан да мүлде хабарым жоқ еді. Еш білімсіз нарыққа кіріп келдім. Кәсіптің бұрынғы иесі транспорттардың, қонақ үйлердің, тамақтанатын орындар мен тағы да басқа қажетті нүктелердің жай-жапсарын түсіндіріп, бұрынғы серіктестерінің нөмірлерін берді. Одан соң, туркомпанияның инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасын табыстап, алдағы бір айға дайын контентті тастады. Басқа да «фишкаларымен» бөлісті. Ал маған бастау қалды...
Әр істе бірінші қадамды жасау көп энергия мен уақыт алады. Мен де солай, ойланып жүріп қалдым. Әрине, аз ғана уақыт. Сол аралықта, бәсекелес компаниялардың, турлардың әлеуметтік желілерін бақыладық. Келіп, тура сол бағыттарда жұмыс істеп көрдік. Бірақ мұнымыздан ештеңе де шықпады. Сосын инстаграм парақшамызды жүргізуді бастадық. Бастапқыда қателіктер көп болды. Десек те жүгіріп жүріп, алғашқы турымызды өткіздік. Алматы облысындағы үш локацияға бардық. Осы ритмге кіріп, аптасына бір саяхат ұйымдастырып жүрдік. Өзім жолбасшы, өзім гид болдым. Барлық мәселелерге тікелей араластым. Кадр таңдау ісіне қатты мән бердім. Сонда да проблемалар болып тұрады. Табыссыз қалған кездер де, сәтсіздіктер де, қиындықтар да жолықты. Үлкен компанияларға қызыға қарайтын едім. Мәселен, біз 15-20 адам алып турға келсек, кейбір компаниялар 3-4 үлкен автобуспен келеді. Соған жету үшін тоқтамай жалғастыра бердік. 2022 жылымыз толық тәжірибе жинауға кетті. Біраз үйреніскен соң, жұмысымыз алға басты.
2023 жылдан бастап оптимизацияға ұмтылдым. Клиенттік база жинау мен жарнама жағына баса назар аудардық. Тәжірибенің арқасында қай кезде не істеу керектігіне көп ойланбайтын болдық. Түсінгенім, кез келген бизнес үшін ең маңыздысы – маркетинг. Оның қыр-сырын меңгеру, контент жасау, сол арқылы халықты қызықтыру оңай шаруа емес. Қазір бәрі креативті, бәрі әдемі визуал жасай алады. Ал «тірі» контент жасау қиынның қиыны. Жарнама арқылы шақырып алған соң тұтынушыңа төлеген сомасының ақталғанын көрсету маңызды. Бағаны тұрақты ұстап, сол бағаға сай қызмет беру – бизнестің дамуына кепіл. Осы принциптерді басшылыққа алып, бір ғана Көлсай локациясынан басталған турымызды бірнеше маршрутқа дейін кеңейттік. Клиенттік база мен имидж қалыптасты. Бірнеше күндік демалыстар ұйымдастырып та жүрміз. Сырттан келетін ірі тапсырыстар да баршылық.
Салтанат Айтбекова: Қазіргі педагог – бағдарлаушы, оқушыларға сыни ойлауды үйретуші
Мұғалімдік – ең танымал мамандық. Ең қызық та, күрделі қызмет. Бәріміз ұстаздың алдынан өтеміз, балаларымызды апарамыз. Кейін немерелерімізді. Бұл бір өмірден өшпейтін үрдіс. Ал өзіміз мамандық таңдауға келгенде ше? Бұрындары елдің зиялылары, ең білімділері шәкірт тәрбиесімен айналысты. Бұл бір абыройы асқақ жұмыс болды. Кейіннен ұстаздық әйтеуір бір жұмыс істеудің ең қолжетімді нұсқасына айналып кеткендей әсер қалдыратыны да рас. Содан ғой, педагог мәртебесі деп, заңға жүгінгеніміз. Ал соңғы жылдары зерек, дарынды оқушылар бұл мамандықты жиі таңдайтын болған. Мен де сондай жас мұғалімдердің бірімін. Үздік оқып, математика мұғалімі деген диплом алдым. Алматы қаласындағы мектептердің біріне жұмысқа орналастым. Сен ұшқыш емессің, тағы басқа емессің, мектепте не қызық болуы мүмкін деген сұрақ туындауы да ықтимал. Алайда бізді оқытқан ұстаздар мен біз оқыған білім жүйесі бүгінде өзгерді. Бүгінгі педагогқа қойылатын талап та, оның алдындағы мақсаты да басқаша. Өткен заманда мұғалім білім берудің ең басты тетігі, авторитет болса, қазір ол бағдарлаушы немесе модератор есебінде оқушыларға сыни ойлауды үйрететін маман. Дәл сол секілді бұрын дисциплина мен стандартқа, авторитарлы тәсілге ден қойылса, бүгінде әр балаға индивидуалды көңіл бөлу мен «подход» маңызды. Себебі оқушының эмоционалды, әлеуметтік дамуына басымдық беріледі.
Осындай қызық та күрделі салаға келу, баламен жұмыс істеу, математика секілді «жағымсыз» пәнді оқыту батыл шешім болды деп айта аламын. «Үлкен мұғалімдер ұжымы мені қалай қабылдайды, оқушылар ше, ата-аналар ше?» деп көп ойлағанымды да жасырмаймын. Өз пәнімді, жаңа тақырыпты түсіндіре аламын ба деп тағы толғандым. Алайда бәрі ойдағыдай өтті. Ұжым жылы қарсы алып, процесті көрсетті, көмектесті. Ал оқушылармен жұмыс істеуде көп нәрсе өзіңе байланысты екен. Осы оқу жылында тоғызыншы, оныншы сыныптарға алгебра, геометрия пәндерінен сабақ беремін. Үлкен сыныптарды алған да қызық. Олардың осы күнге дейінгі «фундаменті» нашар болса, онымен де жұмыс істеуге, үлгеруге тура келеді. Ал балалар қабылдай алмай немесе үлгермей жатса ата-аналар жаңа ұстаздарға күмәнданып, оның біліктілігін төмен бағалап та жатады. Ондайда бәрін түсініп отырған оқушыларды мысалға келтіреміз. Қызықпайтын оқушылармен қосымша жұмыс істеуге тырысамын. Олардың санасындағы «алгебра апайлардың бәрі жаман» деген стереотипті бұзғым келеді. Консервативті жазалар, бұрышқа тұрғызу, екі қою деген тәсілдерді қолданбауға тырысамын. Себебі менің сабағым немесе мектеп баланың естеліктер картасына негативті сарында жазылғанын қаламаймын. Әр мұғалім солай жұмыс істесе, бұл үлкен игіліктердің бастамасы бола алатынына сенемін.
Дайындаған Балауса Ділдәбек