Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:48, 19 Қаңтар 2023

Мәмидің Қайратына Жаңа Қазақстанның қайраты жете ме?

None
None

Бір кездері Қайраттардың дәурені жүрген. «Кезекті дүние – кезбелі дәулет» деген рас-ау!

Енді сол қайраттар шетінен қамалып, жүйеден сырылып жатыр. Біздің қаламға ілінген Қайраттың да сойы мықты. Анау-мынау емес, Жоғарғы соттың және сенаттың төрағасы, Бас прокурор қызметтерін атқарған – Мәмидің Қайраты.

Бұл тақырыпқа неге аялдадық? Жаңа Қазақстанның құрылғаны рас десек, «Елбасы» мәртебесінің алынғаны анық болса, тұңғыш президенттің өзінен басқа жақындарына қатысты тергеп-тексеру жүреріне сенсек, Қазақстандағы біраз дүрдің мүйізі шағылғалы тұр. Сондай дүр дөкейдің бірі – осы Қайрат Мәми деп кесіп айта аламыз.

Мәмиді Назарбаевтың жақындары деген статусқа неге жақындаттық? Әртүрлі ақпарат көздерінде Әбдіразақұлы – Нұрсұлтан Назарбаевтың нағашысы деп айтылады. Көп нағашысының бірі емес, ет жақыны көрінеді. Жаны бар әңгіме. Қайрат Мами Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Жамбыл ауылында туып өседі. Жалпы, Жамбыл ауданы тұңғыш президенттің атақонысы, туған-туыстары мен нағашы-жиендері әлі күнге дейін осы өңірлерде тұрады. Осы жағын ескерсек, бұлардың туысқандық жақындығының болуы заңдылық.

Әңгіме Қайрат Мәми туралы еді ғой. Тақырыпқа оралайық. Сонымен, Қайрат бір күнде Мәми бола салмаған шығар. Оның ең алғаш көзге түскен кезі – желтоқсандықтарды қудалау жылдары. Бұл деректі біз айдан алып отырған жоқпыз. Желтоқсан оқиғасына қатысқан алматылық ұстаз Жансая Сәбитованың 1998 жылы жазған кітабында жазылыпты. Қасіретті Желтоқсанға қатысып, тағылған айыптардан ақтала алмай жүргенде сол кездегі Жоғарғы сот коллегиясының төрағасы Қайрат Мәми оны «комедиантка» деп әжуалапты. Хатқа түскен ақиқат ашылмай қоймайды екен, «сайқымазақ» деген адамның аты солай Желтоқсан жазалаушылары ретінде тарихқа енді.

Одан кейінгі Қайраттың білек сыбана кіріскен бір шаруасы – Жаңаөзен Желтоқсаны. Ол кездегі сөзі де хатта тұр. «Заңсыздық пен қоғам тәртібін бұзуға жол беруге болмайды. Тәртіп бұзушылар мен оны ұйымдастырғандар қатаң жауапқа тартылып, тиісті жазаларын алады!» деп тепсінсін. Ол кезде Әбдіразақұлының сенат төрағасы деген таудай лауазымы бар болатын. Егер Мәми ішкі істер министрі болса, бұйрықпен сөйлесе, түсінер едік. Ал басқа лауазымдағы жанның бұлай тепсінуі, шынында ақылға сыймайды. Сол бұйырықтардан кейін Өзеннің өзегі күйді: жаппай қудалау, ұрып-соғу, соттау басталды...

Қазақстанда таңғалуға болмайтын бір шындық бар. Яғни жүйеге жығылған, қызмет қылған адам мемлекеттік қызметте жүріп-ақ кісінің қиялы жетпейтіндей шексіз байлыққа кенеледі. Қайрат Мәми де біз атап айтқан қызметтерде жүріп, бизнеске бармай-ақ, адам ақылына сыймайтындай ақша мен байлық жиған шенділердің бірі. Әсіресе ол Жоғарғы сот төрағасы және Бас прокурор болған кезінде биік лауазымын өте жақсы пайдаланған.

«Ойнет» деген ақпараттық сайт «Мәми байлығының негізгі қоры ұлы Мирас пен кіші қызы Эльвираның қолында» деп жазыпты.  Мәминдердің иелігінде көптеген кәсіпорын, жылжымайтын мүліктер бар. Оның кейбірі шетелде болса, бірсыпырасы Қазақстанда. Ақпарат кеңістіктерінде Қайраттың бір ұлы мен екі қызы туралы айтылады. Әрине, Мәми сияқты дөкейдің балалары осал болсын ба? Мысалы, үлкен қызы Айнұр Мәми – Қазақстандағы табысты бизнесмен келіншектердің бірегейі.

Оның активтерінің негізгі көзі – жылыжай кешендері. 2015 жылы қазіргі Түркістан облысында «Аделя» шаруа қожалығын ашқан. Аумағы 11 гектар. Бизнесін мемлекеттің көмегіне сүйене отырып жүргізетіні екібастан анық әңгіме. Ақшасы болса да, әкесінің лауазымын пайдаланып, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы газ желісін тегін жүргізіп алған. «ҚазАгро» холдингі «Агробизнес – 2020» бағдарламасына сыйдырып 516 миллион теңге субсидия беріпті. Әкесі сияқты ауадан ақша жасау қолынан келмесе керек, Айнұр Мәми «алтын шыққан жерді белден қазған» кәсіпкер. Ақтөбеде «Greenhouse Kazakhstan» және «Izet Greenhous» компанияларын құрып, қымбат тұқым алып, көшет өсіретін кәсіппен де айналысады. Қара қазаққа қазаны қаңсып қалатын «ҚазАгро» Мәминнің қызына келгенде ту биенің жаясындай жайылып салған ғой. 4,2 миллиард теңге заемды жеңілдікпен бере салыпты. Ал әдеттегідей облыс әкімдігі кешенге су, жарық, газ құбырларын «Бизнестің жол картасы – 2020» деген бағдарламаға тағы да құнжита қояды. Айнұрға ақшаны қара жер берді ме, мемлекетті сауды ма, бизнестері оған біраз табыс әкелген.

Мұндай дөкей қызының бір-екі аймақтағы бірер жүз гектарға күні қарап қалмасы анық. Кәсіпкер келіншектің төрт кәсіпорыны көтерме саудамен айналысады. Астанадағы «Seven capital wealth management», Алматыдағы «Калифорникейшн» бутигі, авто-мото жөндеумен айналысатын «Solar capital» және «Amak Group» компаниялары. Бұл қыздың сән саласында аты озық көрінеді. Иелігіндегі сұлулық пен денсаулық салондарының саны біздің саусаққа сыймады...

Қазақтың аңыз-ертегілерінде айтылатындай байдың қызы кедей жігітке ғашық болып қалатын сөйлем бұларға жүрмейді. Қалталы келіншектің күйеуі кім екенін білесіздер ме? Оның құдай қосқан қосағы – Асқар Жұмағалиев деген дүр. Қазақстанның Нидерланд корольдігіндегі елшісі. Жұмағалиевтің де тышпаған төбесі жоқ екенін жұрт жақсы білер. 10 жылдан астам цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрі болды. Бірақ цифрлық саланы құрдымға кетіріп бір-ақ тынсын. 2019 жылдың жазында 11 миллион қазақстандықтың жеке деректері «қолды болғанын» ешкім ұмытпады әлі. Цифрландыруды басқарып жүріп сиқырландыруды меңгеріп алған болу керек, Жұмағалиев оншақты жылда 2 миллиард доллардың басына су құйыпты. Содан сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің экс-төрағасы Алик Шпекбаев әлгі 2 млрд-тің ізіне түспей ме?! Мәмилерді оңай шағылатын жаңғақ деп ойлап қалса керек. Іске қайын атасы Қайрат Мәми араласып, экс-елбасын мазалап, істі болғалы тұрған адам елші болып кете барды ақыры.

Қайрат ағайдың кіші қызы Эльвира ханым да жуандардың қатарынан қазір. Мәмилердің шетелдегі бизнестерінің иесі. Қазақстанда да қымбат ресторандар мен дүкендердің қожайыны ретінде аты аталады. Олардың бәрін тізіп жазудың өзі қиын. Ал Мәмидің әйелі Мақпалдың меншігінде Алматыда тұрғын-үй кешендері тіркеліпті. Жалға берумен айналысатын көрінеді. Ал інілері Жомарт, Мұхит Мәмилердің де Қазақстанның бірнеше аймағында әртүрлі бизнестері бар. Қайрекең қайынсақ болу керек, балдыздарын да жарылқап тастапты. Оның бәрін терсек, бірер материал көтере алмайтын жүк.

Ұлы Мирас Мәми 2018 жылдан бері қаржы-сараптамалық «Hermes management Ltd» компаниясының Лондондағы кеңсесінде жұмыс істейді деп жазылыпты ақпарат көздерінде. Ұлттық банктің ұлттық инвестициялық корпорациясының тәуелсіз директоры, директорлар кеңесінің мүшесі болыпты. Одан кейін Лондонда орналасқан қаржы қорларын басқаратын «Adal Capital Limited», «Adal Capital Management LLP» компанияларда қызмет еткен.

Мәмилердің мына жалған дүниедегі мал-мүліктері мен меншіктерін қысқартып жазғанымыз осы. Әйтпесе, бұлар отыз жылда бесіктегі сәбиі алтын уыстан туған назарбаевтардан кем түспейтін дәулетті әулет. Мәмидің Қайратына Жаңа Қазақстанның қайраты жете ме? 

Тегтер: