Мамин Омаровтың отставкасымен құтыла салмақ
![None](/static/img/image.jpg)
Өткен аптада ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров отставкаға кетті. Өңірлерде мал қырылып, қуаңшылық дендеп жатқанда «бұл іске менің кінәм жоқ, барлығына әкімдер кінәлі» деп ақталған министрді президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі орынтағынан босатты.
Сөйтіп, елдегі қалыптасқан, ушыққан жағдай салдарынан бір министр «құрбандыққа» шалынды.
Негізінде, малы қырылып, жем-шөп қымбаттаудан рекордтық көрсеткішке жеткен, бұған азық-түліктің, ауылшаруашылық өнімдерінің шектен тыс қымбаттауы қосылуынан әбден тарыққан ел бір ғана министрдің қызметтен кетуін күткен жоқ болатын. Ел «мұндай жағдайда тұтас үкімет орнын босатып, отставкаға өздері сұранады» деп үміттенген еді. Бірақ бұл жолғы кеңейтілген үкімет отырысы бірді-екілі министрді сынап, Омаровты қызметтен шеттетумен шектелді. Ал енді осы Омаровтың отставкасы үкіметтің ісін ақтай ма?! Бұл арада мәселені шешу бір ғана министрдің қолынан келуші ме еді?! Біз Сапархан Омаровты ақтаудан аулақпыз. «Жас Алаш» бұған дейін де министр Омаровтың кемшілігі туралы бірнеше мәрте жазған болатын. Осы арада салғырт министрден бөлек, тұтас үкімет жұмысының олқылығы көзге көрініп тұр емес пе?!
Мысалы, былтырдан бері пандемия басталғалы халықаралық сарапшылар агросаясатты нықтау керектігін, отандық агроөнімдерді молынан өндірген ел қиыншылықта тарықпайтынын қайта-қайта ескертті. Отандық сарапшылар тарапынан да қаншама ұсыныстар айтылды. Нақты осы мәселелер төңірегінде де бірнеше мәрте мақала жаздық, зерттедік, талқыладық. Десек те, әдеттегідей ұсыныстарды көзге іліп, санасына тоқыған үкіметті көрмедік. Мамандар тарапынан дер кезінде қолға алмасақ, республиканы қуаңшылық жайлайтынын, сондықтан «Қуаңшылық жерлерді басқару» жобасын қолға алу керектігі де бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Бірақ «суға кетіп бара жатып тал қармайтын» біздің үкімет үйреншікті әдетіне басып, мәселе ушыққанда ғана кінәліні іздей бастады.
Мәселен, өткенде ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Маңғыстау облысында жем-шөп аз болу себебінен жылқының жаппай қырылуына қатысты «Менің ойымша, бұл жағдай аудандық әкімдіктердің олқылығы. Олар жергілікті жерлердегі жағдайды ауыл шаруашылығы министрлігіне немесе облыс әкімдігіне қарағанда жақсы біледі. Егер олар жағдайды алдын ала ескертіп, қолдау шараларын ұсынса, үкімет тарапынан көмекті ертерек көрсететін едік» деп түсінік берді.
Экс-министрдің бұл ақталуынан біз елдің жайын ойлап тұрғаннан гөрі өзінің қара басын ғана арашалап алып тұрғанын бағамдадық. Бұған қатысты пікір білдірген мамандардың дені «Қазір мал да, халық та аш. Азық-түлік өте қымбат. Бұл жағдайда үкімет ұтқыр қимылдап, мемлекеттік бақылау болмаса, елдің малы қырылып, халық одан әрі тарығады. Ал үкімет мүшелері өздерін-өздері ақтап әлек» деп ашынды. Мамандардың айтуынша, нақ қазір біз үшін орталықтан басқару болу керек. Үкімет жағдайды бақылап, шаруалардың мәселесін, азық-түліктің қымбаттығын байыппен шешіп үйренуі қажет.
Жалпы, бір ғана ауыл шаруашылығы саласында емес, барлық салада тоқырау анық байқалып отыр. Медицина саласының мінін тізсек, денсаулық сақтау министрі «Цойдың циркі» жайында біраз жайттың басы ашылады. Айта кету керек, Омаровты отставкаға жіберген күні үкімет отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық Pfizer вакцинасының 2 млн дозасы Қазақстанға келмей қалуына кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды. Аталмыш вакцинаның 2 млн дозасы өткен жылдың мамыр айында бізге келуі керек болатын. Осыған байланысты президент Тоқаев: «Үкіметке, президент әкімшілігіне жағдайды ретке келтіруді, қажет препараттың біздің нарыққа келмей қалуына жол берген лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуды тапсырамын», – деді.
Негізінде, осы вакцинаның елге келуі үшінденсаулық сақтау министрі Алексей Цой, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов «белсенді жұмыс атқарылып жатыр» деп жиі есеп беретін. Ақиқатында, вакцина елге әлі келмеген. Тізе берсек, мұндай салғырттық жетіп-артылады. Қазір елде азық-түлік бағасы бақылаудан шығып кетті. Саудагерлер де ештеңеден ықпайды. Бағаны бір күні аспандатып, екінші күні одан әрі шарықтатып ойнаудан делдалдар да, алыпсатарлар да, көтерме саудадағылар да еш жалыққан емес. Доллардың күшейіп, мұнай бағасының төмендеп, отандық өндірістің тұралап тұрғаны өз алдына жыры бітпейтін әңгіме. Бұдан бөлек, қаншама көкейкесті жайттар елдің қабырғасын қайыстырып тұр. Ойлап қарасақ, мұндай салғырттық үшін бірді-екілі министрлер емес, үкімет тұтастай отставкаға кетуі тиіс еді. Өйткені бұл министрлердің ғана қателігі емес, жалпы, үкіметтің осалдығы екенін халық жақсы біліп отыр. Демек, Сапархан Омаровтың отставкасы үкіметті ақтай алмайтыны даусыз.
Алайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маминнің мәселесін шешуді кейінге қалдырып отырған сыңайлы. Бұл ретте сарапшылар «Күзде жемістің піскен уақытында саясатта да сәл өзгеріс болатын еді ғой. Демек, Мамин үкіметінің тағдыры алдағы күзде шешілер, бәлкім» деседі.