Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:10, 23 Қараша 2021

Мамин «өсіп жатырмыз», сарапшылар «өшіп жатырмыз» дейді...

None
None

      Өткен аптада үкімет басшысы Асқар Мамин «жағдайымыз жақсарып келеді, экономикада өсім бар», деп мәлімдеді.

Сол-ақ екен, бірқатар сарапшылар бұл статистикаға күмәнмен қарайтындарын, нақ қазір халықты алдамай, ақиқатты ашып айтатын кез жеткенін  алға тартты.

      Жалпы, үкімет басшысының айтуынша, экономикамыздың қалпына келіп жатқанын бірқатар қаржы институты мойындап отыр. Былтыр бірде-бір рейтинг агенттігі біздің кредиттік рейтингімізді төмендетпеген, керісінше, кейбір көрсеткіштер бойынша көтерген. «Жалпы, халықаралық қаржы институттарының болжамына сәйкес, осы жылы экономикалық өсім 3,8-4 пайыздың маңайында болады. Ал келесі жылы 4,5 пайызға дейін барады», –  дейді премьер Асқар Мамин.

       Алайда үкімет «экономикалық тұрғыда өстік» дегенімен, сарапшылар қауымы, керісінше, «өштік» деседі. Мамандардың пайымдауынша, экономиканың оңалмағанына қатысты талай деректі келтіруге болады. Мысалы, биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 195,3 мың отбасындағы 973,9 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. 2021 жылы осы мақсатқа бюджеттен 69,9 млрд теңге бөлінген. Осылайша, елдегі атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдардың саны биыл 1 млн-ға жуықтаған. «Мұның өзі мемлекетімізде жағдайы төмен кедей-кепшіктің күрт көбейгенін аңғартады» деседі мамандар.

        Бұл ретте, экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева былай дейді:

    – Бір жылда АӘК алатындардың саны 1 млн-ға жуықтап отыр. Бұл елдің болып-толып өскенін емес, экономиканың шатқаяқтап тұрғанын, әлеуметтік жағдайдың төмендігін көрсетеді. Бізде экономиканың жауы – жалған статистика. Қаншама жылдар бойы жалған есеп беріп, статистиканы бірде асырып, енді бірде жасырып айтып келдік. Бұл «ауруын жасырған өледінің» кері. Сондықтан өз басым үкіметтің «экономикада өсім бар» дегенімен аса келіспеймін. Өспедік, керісінше, өшіп жатқан салалар барын мойындау керек.

       Негізінде, елдің кедейленіп жатқанын тек қана экономист-сарапшылар емес, саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар да айтудай-ақ айтып жүр. Мысалы, әлеуметтанушы Марал Төртенованың айтуынша, біз үшін нақ қазір алаңдауға тиіс мәселелердің бірі – халықтың тұрмысы мен тапқан табысының арасын қабыстыру, яғни халықтың тұрмысқа сай табыс табуына, сол табысын мамыражай тіршілік кешуге жұмсауына жағдай жасау болуы керек.

     – Қазір баз біреулер «қымбатшылық атаулы жеке басыма анағұрлым ауыр тиіп жатқан жоқ» десе, енді бір қауымның айлығы шайпұлына жетпей, «шақшадай басы шарадай» болуда. Біреулер кедейленіп жатса, енді біреулерге қымбатшылық майдай жағып, еселеніп байып жатыр. Ресми деректерге жүгінсек, бүгінде елімізде бай-манаптардың көрсеткіші, шамамен, 15 пайызды мөлшерлейді. Елдегі әлеуметтік жағдайы өте төмен таптың көрсеткіші 30 пайызды құрайды. Республика халқының қалған 45 пайызы айлығын шайпұлына ғана жеткізе алатын орта шаруалар болса, ендігі бір 10 пайыздық меже күнкөріс жағдайы, тіптен, төмен адамдардың еншісіне бұйырыпты. Бұл көрсеткіштердің өзі елде әлеуметтік жағдайдың төмендігін көрсетеді, – дейді әлеуметтанушы Марал Төртенова.

       Маманның пайымдауынша, елдің жағдайы түзелуі үшін, алдымен атқарушы билікте жүрген шенеуніктерге тойымды көзқараспен баюды үйрену керек.

     – Кеңес өкіметінің тұсында облыстық басылымдарда бір ауданның басшысы жайлы, оның шылқыған әл-ауқаты жайлы жазылатын болса, оны дереу тексерудің астына алатын. Егер жазылған жайт шындыққа саятын болса, әлгі басшы дереу орнынан алынып, партиядан қуылатын. Кеңес өкіметінің бір жақсы жері – олар бай-манаптарға бақылау қоя білді. Ал біз қазір әкімдердің, министрлердің, үкімет мүшелерінің байлығына сүйсініп, қарап отыра беретін болдық. Талап ете алмаймыз. Байығандар байып жатыр, ал қарапайым халық кедейленіп барады. Мұны үкімет мойындауы керек, – дейді Марал Төртенова.

        Мамандардың айтуынша, егер елдегі 30 пайыздық тұрмысы төмен таптың көрсеткішін алдағы екі жылда, кем дегенде, 22 пайызға төмен түсірсек, онда «экономикамыз жақсарып келеді» деп айтуға негіз бар. Ал мұндай көрсеткіштерге жете алмаса, онда «өсіп келеміз» деп мақтану жалған болмақ. Жалпы, ақиқатын айтсақ, бізде біраз дүниеге қатысты атқарушы билік өкілдерінің жалған мәлімет беретіні тағы рас. Мысалы, мемлекеттік шенеуніктердің басым бөлігінің өз бизнесі бар. Сол бизнесі бар мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігі әлеуметтік мәселелерді шешу үшін мінбеден халықтың сөзін сөйлеген болып әдемі сөйлеп көрініп кетеді де, мінбеден түскеннен кейін өз бизнесін дөңгелетуді ғана ойлайды. Демек, бұл жерде қазақтың тұрмысы мен табысы арасының қабыспай жатуының бір шарты – нақ осы жалған күрескерлік. Жалған жоспарды орындау. Жалған статистикаға жүгіну. Жұмыссыздық деңгейін төмендетіп көрсету екені тағы даусыз.

        Мамандар нақ қазір экономиканы өркендетіп, елдің әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесі өзекті екенін алға тартуда. Бұл тұрғыда сарапшылар көшті түзейтін мынадай бағыттарды ұсынып отыр. Біріншіден,  халықтың тұрмысын теңестіру қажет. Ол үшін бай-манаптарды, мемлекеттік қызметкерлерді бақылау қажет. Осы арқылы монополистік үстемдіктерге ие субъектілер тарапынан қоғамның орынсыз қаналуына жол бермеген жөн. Екіншіден, қолайсыз, өркендеуі төмен аймақта тұрып жатқан халыққа мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақы берілуі керек. Мәселен, АҚШ-та, Канадада, басқаны қойғанда, Оңтүстік Африкада құнарсыз, суы тапшы, нәрсіз жерлерде тұратын жандарға жалақысына қоса, үстеме төлемақы төленеді. Бұл үрдіс жағдайы төмен деңгейдегі Үндістанның өзінде жүзеге асып отыр. Үшіншіден, үкіметтің дамуы кемшін қалаларды дамыту, бірсалалы қалаларды жандандыру, моноқалаларды өркендету іспетті бағдарламалары сауатты орындалмады. Ал бұл орта шаруалардың көбеюіне өзіндік үлес қосып, қолайсыз аймақта тұрып жатқан шаруаларға қолайлы жағдай туғызатын дүние еді. Мұны қайта қолға алу керек. Төртіншіден, жұмыссыздық мәселесіне мән берілуі қажет. Жұмыссыздық деңгейін жалған цифрлармен көрсетпей, керісінше, ашып айтқан абзал. Ұлттық жұмысшы табын қалыптастыруға тырысқанымыз жөн. Бұрынғы кәсіптік-техникалық оқу орындарының ісін қайта жандандыру қажет. Бесіншіден, экономика саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерге назар аударып, оны өзіміздің табиғи тінімізбен ұштастыра білу керек.

       Міне, алдағы үш жылда үкімет осы бес мәселені шешіп алуы тиіс. Сонда ғана «экономикалық тұрғыда өсім бар» деп, кеуде кере масаттануға, мақтануға болады. «Ал, әзірге, экономикамыздың екпін ала алмай ентігіп тұрғаны ащы да болса шындық» деседі мамандар.

Тегтер: