Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:18

Мәминнен қалған МӘМС-ті Жаңа Қазақстан түзей алмай жатыр

МӘМС

Біздің елде түсініксіз бағдарламалар, заңдар, жүйелер көп-ақ. Солардың бірі – МӘМС жүйесі. Оны халықпен қоса, биліктің өзі де түсінбей қалады.

 Қанша тырысса да нәтижесін берер емес. Жұрттың қалтасына, үкіметтің жүйкесіне тиіп болған сақтандыру ісінің айналасында дау, жемқорлық, заңнамалық ретсіздіктер толған үсті толып жатыр. Ал қазақстандықтар сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алмаған күйі келеді. Осы тақырып пен жалпы жүйенің тиімділігі осы аптада өткен үкімет сағатында талқыланды.

А. Мәмин үкіметі «бәрі тегін болады» деп енгізді, одан кейінгі үкімет басшылары «әне түзелеміз, міне түзелеміз» деуден асқан жоқ. Премьерлер мен денсаулық сақтау саласын басқарғандардың осы уақыт аралығындағы «қажырлы» еңбегіне қарамастан, сақтандырылғандар қатары да көп өзгеріске ұшырамаған. Соңғы деректерге сүйенсек, жалпы халықтың 81 пайызы, яғни 16,2 млн қазақстандық сақтандырылған. Бірақ соның 2 млн-ға жуығы ғана жарнаны өз қалтасынан төлеп отыр. Қалған 12 млн «льготник» пен 2 млн бюджеттік мекеменің қызметкерлеріне қажетті шығынды мемлекет өтейді. Сонда 3,5 млн адам МӘМС-ке жарна құймайды. Олардың ойы өзгереді деп күту де қиын. Елдегі ауруханалар мен ондағы қызмет көрсету сапасын көріп отырып, өз еркімен келсін бе?...

Иә, қаржыландыру деңгейі мен ресурс артса да, халықтың медициналық қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейі төмендеген. Соңғы 3 жылдың өзінде денсаулық сақтау саласындағы шығын көлемі 2,8 есеге өсіпті. Ал халықтың қызметтер сапасына қанағаттану деңгейі 47 пайызға дейін құлдыраған. Жыл басында депутаттардың халықпен кездесуі барысында да ең көп айтылған проблема – МӘМС. Бәрінің қоятыны бір сұрақ: «Неге ақша төлесек те, қызметтер қолжетімсіз, сапасыз?».

Осы сауалдың жауабын жоғары аудиторлық палата да іздеген. Олар жүйенің тиімділігіне аудит жүргізіп, 2024 жылдың қорытындысын жасады. Сөйтіп, қордың медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне қатысты тексерістерді дұрыс жасамайтыны, ауруханалардың азаматтарға бір мезетте ақылы негізде де, медициналық сақтандыру қаражаты есебінен де қызмет көрсеткені, 4,2 млрд теңгеге жуық қаржының есебі сәйкес келмейтіні, цифрландыру мен ашықтықтық жоқтығынан 28 млрд теңгеге көрсетілген медициналық қызметтердің расталмағаны анықталған. Бұл туралы осы аптада өткен үкімет сағатында баяндама жасаған жоғары аудиторлық палата мүшесі А.Нұржанов былай деді:

«Аудит нәтижелері бойынша анықталған фактілер, келген ықтимал шығындар мен жіберіп алынған пайда көлемін қоссақ, 34 млрд теңге. Осылайша, ҚР-ның бюджет және өзге де заңнамалары бойынша заңбұзушылықтар мен ұйымның ішкі нормативтік құжаттарындағы заңбұзушылықтар мәлім болды. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ мен оның өңірлік филиалдарының басшылық құрамының 11 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды».

Үкімет сағатында сөз сөйлеген денсаулық сақтау министрі болса: «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуі денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемін 3 есе ұлғайтуға мүмкіндік берді, яғни 1 трлн-нан 2,9 трлн теңгеге дейін. Тұрғындардың медициналық көмекке жұмсалатын қалта шығындары 34 пайыздан 28 пайызға дейін азайды. Министрлік, алдында тұрған міндеттердің ауқымын нақты түсінетініне және оларды шешудің жолдары мен тәсілдерін көріп отырғанына сендіргім келеді», – деді. Барлық мәселеден хабардармыз, шешуге тырысып жатырмыз дегенді жеткізгісі келді. Алайда Ақмарал Әлназарова осыған ұқсас тезистерін қызметіне кіріскен кезде де айтқан. Жұмысын президент тапсырмасын орындаудан бастайтынын, яғни МӘМС-ті ретке келтіретінін жеткізген. Бірақ осы бір жылдың ішінде ауыз толтырып айтатын оң бетбұрыс болмады. Керісінше, мәселелер ушыға түскендей. Ол туралы депутат, мәжілістегі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов тарқатты:

«Мәселенің негізгі себебін жоюдың орнына, тек салдарымен күрес жүргізіліп жатыр. Жүйелі реформалардың орнына уақытша шаралар қабылдануда, стратегиялық көзқарас жетіспейді. МӘМС-тің қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр. Мысалы, МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісін қанқұрттан емдеген екен. 5 айында әлі тісі шықпаған балада қандай қанқұрт болуы мүмкін? Бұдан да сорақы жағдай, басқа бір адамның 82 тісі емделген, соған қаражат төлесін деп клиника қордан ақша сұраған. Тағы бір кейс, бір күнде бір адамға бір аурухана 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Сол секілді, бұрын остеохондрозды рентгенсіз де анықтайтын. Кейін рентген қолданыла басталды. Ол дұрыс та шығар. Бірақ бір науқасқа рентген, одан кейін КТ, сосын МРТ және басқа да қосымша тексерулер тағайындалады. Бұның бәрі ақша табудың «заңды» жолына айналған. Айта берсе, мұндай мысалдар өте көп.

Өйткені МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен «қосып жазуға» итермелейді, қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ, ал клиникалық хаттамалар мен стандарттар анық емес. Неғұрлым көп қызмет көрсетілсе, клиника соғұрлым көп пайда табады. «Осындай бейберекетсіздік біреуге тиімді болып отыр ма?» деген ойда қаласың».

Депутаттық қызметіне кіріскелі педагогтарды қойып, дәрігерлердің жұмысы мен жалақысына қатысты көп «уайымдап» жүрген экс-министр онкологиялық ауруларды қаржыландыруға қатысты дау туғанда да белсенділік танытқан. Бұл жолы да МӘМС-тің бар кемшілігі мен ұсыныстарын үкімет сағатына жинап алып келіпті. Ол тарифтерді қайта қарау қажеттігі жөнінде де айтты. Сөзінше, министрлік тарифті қалай белгілесе де өзі біледі, қаласа береді, қаламаса жоқ. Бірақ ол стационарлардың нақты шығындарын өтемейді, тек жалақы төлеуге және шұғыл қажеттіліктерді қамтамасыз етуге әрең жетеді екен. Тағы қор мен министрліктің міндеттерін қайта қарау ұсынылды. Расында да, қазір сақтандыру қоры сақтандырумен емес, министрліктің жеке банк шоты болумен ғана айналысып отыр деген пікірлер бар. Бір жағынан, қордың өзін-өзі «асырауға» бөліп отырған бюджеті тым ауқымды, ал жұмысы өнімсіз. Оны соңғы жеті жылда жеті басшының ауысқанынан-ақ ұға берсек болғандай. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның бүгінгі басшысы да МӘМС тақырыбына арналған үкімет сағатында бір бозарып, бір қызарып отырды. Сауалдарға толымды жауап бере алмай, ақыры спикерден ұрыс естіген Светлана Пономарева: «Бір ғана қор болып сақтандырылғандар санын көтере алмаймыз, мәселені жалғыз шеше алмаймыз. Барлық жүйе мен денсаулық сақтау саласы кірісуі керек», – дейді. Ол үнсіз қалғанда, тігісін жатқызып, жауап беріп, ақ тер, көк терге түскен Әлназарованың өзіне де сұрақ пен сын көп болды. Депутаттардың арасында «алты жылдық мәселені бір өзіңіз арқалап отырғаныңызды түсінеміз» деп, жаны ашығандар да табылды. «Бас десе құлақ дегенді бірінші рет көруім» деп ашуға берілгендер де, «МӘМС-ті уақытша тоқтата тұрсақ қалай?» деп ұсыныс жасағандар да кездесті. Осы ұсынысты айтқан мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевпен сөйлесіп, сауалдарымызды қойдық.

«Орыс тілді БАҚ-тар менің сөзімді бұрмалап, депутат МӘМС-ті толық тоқтатуды талап етіп жатыр деген хабар таратыпты. Мен уақытша тоқтатуды ғана сұрадым. Себебі азаматтар сынақ алаңына айналмауы қажет. Негізі, аталған процесті уақытша тоқтату медицина саласына тұтастай хаос әкелмейді. Ол туралы дәлелімді де айттым. 20 млн халықтың 14,5 миллионына мемлекет төлем жасайды, 3,5 миллионы мүлде сақтандырылмаған, сонда 2 млн адам қаламыз. Бұл 2 млн үшін тұтастай қор ұстап отыруда мән бар ма? Олар да ақша төлесе де ем алып жүрген жоқ. Сондықтан МӘМС-ті уақытша тоқтатып, барлық аспектісін реттеп барып енгізсек деген ұсынысымды айтып жатырмын», – дейді депутат.

Ал «приписка» жасаған ауруханалар мен жоғалған бюджетке жауаптылар жазалана ма деген сауалымызға қатысты: «Припискаларды көріп отырмыз, айтып жатырмыз. Бірақ бір жақты ғана айыптау бар. Әлбетте, олар заң алдында жауап беруі керек. Өйткені үкіметтің де, басқаның да емес, сіз бен біздің ақшамызды жаратып отыр. Алайда сол ауруханаларға сұраған ақшаларын бере бергендер ше? Айтпағым, 5 айлық баланың кариесін емдеуге ақша бергендер де жауапкершілікке тартылуы тиіс», – деп жауап берді Сәрсенғалиев. Мәжіліс кулуарында депутат Еділ Жаңбыршинге де сұрақ қойып, халық қанша жылда сапалы қызмет ала алатынына қызықтық. Ол: «Жемқорлықты тоқтату қажет, ашықтық қамтамасыз етілуі тиіс. Дұрыс менеджерлерді тартсақ, қолында билігі мен мүмкіншілігі барлар таза жұмыс істесе бәрі де реттеледі. Ақша көп, тек игеру жағы мәселе. Он жерден заң шығарып, тапсырма берсең де, оны өз деңгейінде орындайтын мамандар болмай нәтиже көрмейміз. Сондай мамандар келсе, шындап кіріссе, МӘМС-тің мәселесін екі жылда-ақ шешуге болады», – деп жауап берді.

МӘМС мәселесін өздері біліп көтеріп жүрме, әлде алдын ала берілген тақырыптары ма, ол жағын біле алмаспыз. Бірақ бірді-екілі депутат бірдей МӘМС-ті сынай жөнелгеніне қарағанда, биліктің де бұл жүйені түсіне алмағанын аңғарамыз. Жаңа Қазақстан құрғысы келетін шенеуніктердің Ескі Қазақстанның жүйелерін менсінбейтіні де түсінікті. Дегенмен халық ақшасын төлесе де, игілігін көре алмай отырған бұл жүйені Әлназарова түзей алмаса, неге мойындамайтыны қызық.

Бюджеттік модельден бюджеттік-сақтандыру моделіне көшкен кезде халықтың қалта шығындары азаяды, сапа артады деген уәде берілді. Заңдар мен нормаларды реттеу қажеттілігі туындайтыны да бесенеден белгілі болды. Ақшаның да, уақыттың да көп кететіні күтілді. Бірақ неше премьер мен министр көрген, қанша депутат пен сарапшы «сынаған» МӘМС мәселесі әлі де біраз жылға созылатын сынды.

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: