Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 10:00

МӘМС-ке қашан ақыл кіреді?

МӘМС

Бюджеттік модельден бюджеттік-сақтандыру моделіне көшкенімізге бес жылдай болды. Бірақ МӘМС тиімді сақтандыру жүйесіне емес, даудың ошағына айналып кетті.

 Халық қалтасынан шығатын шығын азаяды, медициналық қызметтердің сапасы артады деп әлі келе жатырмыз. Алайда заңбұзушылықтар көбейіп, жүйенің тиімсіз тұстары анықталып, қайта-қайта заңнамалық өзгерістер жасалып жүр. Жақында ғана мәжілісте тағы бір заң жобасы қаралды. Жаңалықтар жарнапұлдың өсуіне қатысты. 

Парламенттің төменгі палатасында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Депутаттар «ашулы». Өткен аптадағы мәжілістің жалпы отырысында баяндамашы министрге жан-жақтан сұрақтарын жаудырып, сындарын айтты. Ал денсаулық сақтау министрлігінің басшысы барлық сауалға әйтеуір бір жауабын айтып, құтылып жатты.

Оның сөзінше, миллиондап айлық алатындар МӘМС-ке де көбірек жарна төлеуі тиіс. Осы бағытта жарнаны есептеу базасының жоғарғы шегін қазіргі 10 ең төменгі жалақыдан 50-ге дейін арттыру ұсынылған. «Бұл өзгерістер барлық жалдамалы қызметкерлердің шамамен 9 пайызына немесе 508 мыңға жуық адамға және олардың жұмыс берушілеріне қатысты болады. Себебі қазіргі кезде табысы жоғары адамдар пропорционалды түрде аз төлейді», – дейді министр. Тағы МӘМС-ке мемлекет жарналары 5 пайызға дейін өспек. Одан соң, ресми тіркелген жұмыссыз азаматтардың МӘМС жарналарын төлеу жергілікті бюджеттерге жүктелуі ықтимал.

Бұл шаралардың бәрі де халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған делінеді. Бірақ әңгіменің бәрі түсетін бюджетті арттыру төңірегінде екенін көріп отырмыз. Небәрі 2 млн қазақстандық өз қалтасынан қаржы салып отырған жүйе тағы қандай жолдар мен «схемаларды» ойлап табатынын кім білсін? Қазір жалпы халықтың 81 пайызы, яғни 16,2 млн қазақстандық сақтандырылған. Бірақ соның 2 млн-ға жуығы ғана жарнаны өз қалтасынан төлеп отыр. Қалған 12 млн «льготник» пен 2 млн бюджеттік мекеменің қызметкерлеріне қажетті шығынды мемлекет өтейді. 3,5 млн адам МӘМС-ке жарна құймайды. Бұл статистика жақын арада күрделі өзгерістерге ұшырайды деп күту де қиын. Сонда бүкіл халықтың 10 пайызы ғана жарна салатын жүйенің тиімділігі неде?

Осы сынды сұрақтарға министр ханымның жауабы біреу – жүйе жас, уақыт керек, жасап жатырмыз. Ал шын мәнінде сақтандыру жүйесі тек шығын әкеліп жатқандай әсер қалдырады. Мәселен, 2021 жылы МӘМС жүйесіндегі кемшіліктерді жоюға бюджеттен 25,7 млрд теңге бөлінді. 2022 жылы тағы 4,8 млрд теңге берілді. 2023-те мемлекеттік әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры филиалдарының басшылары ұстала бастады. Ақша жымқырды деген күдікпен. Жалпы қор басшысының соңғы жеті жылда жеті рет ауысқаны да көп нәрсені аңғартады. Өткен жылғы жұмысқа жүргізілген аудиттен кейін тағы да «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ пен оның өңірлік филиалдарының басшылық құрамының 11 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

2024-тегі былықтары бір том. Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеріс нәтижесінде қордың медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне қатысты тексерістерді дұрыс жасамайтыны, ауруханалардың азаматтарға бір мезетте ақылы негізде де, медициналық сақтандыру қаражаты есебінен де қызмет көрсеткені, 4,2 млрд теңгеге жуық қаржының есебі сәйкес келмейтіні, цифрландыру мен ашықтықтың жоқтығынан 28 млрд теңгеге көрсетілген медициналық қызметтердің расталмағаны анықталған. Ал осы жылдың басынан бері МӘМС-ке қатысты 8 мыңнан астам шағым келіп түскен. Олардың басым бөлігі медициналық қызметті уақытында ала алмау, учаскелік дәрігердің бейінді маманға, анализ тапсыруға жолдама бермеуі, емханадағы ұзын сонар кезекке қатысты. Ең қызығы, ақылы қызметті таңдасаң, осының бірі де жоқ. Жедел, сапалы көмек аласың. Сонда МӘМС-ке төленіп жатқан жарна ше?

Бұл жайлы депутаттар: «МӘМС-ке көңілі толатын бірде-бір азамат жоқ», «Пайда беретін емес, пайда табатын қорға айналып кетті», «Мәселенің негізгі себебін жоюдың орнына, тек салдарымен күрес жүргізіліп жатыр. Жүйелі реформалардың орнына уақытша шаралар қабылдануда, стратегиялық көзқарас жетіспейді. МӘМС-тің қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр», «20 млн халықтың 14,5 миллионына мемлекет төлем жасайды, 3,5 миллионы мүлде сақтандырылмаған, сонда 2 млн адам қаламыз. Бұл 2 млн үшін тұтастай қор ұстап отыруда мән бар ма? Олар да ақша төлесе де ем алып жүрген жоқ», – деп жүр. Заңның бірінші оқылымында да осы сарындас пікірлер айтылды. Мысалы, депутат Мұрат Әбенов:

«Бұл заңды қолдаймыз. Баяғыдан бері реттелуі керек мәселелер еді. Бірақ заң қабылдау қаншалықты эффективті болады? Жақсы заңдар қабылдануы мүмкін, алайда ДСМ мен сақтандыру қоры тарапынан әрекет болмаса, нәтиже де болмайды.

Сақтандыру қоры бәрін өз бетінше істеп жатыр. Өзі тексереді, өзі келісімшарт жасасады, өзі қаржы береді. Соңында заңбұзушыларға қатысты қандай шара қолданатынын да өз бетінше шешеді. Осылайша көп сұрақтар жабық күйі қалып қойып жатыр. Жоғары аудиторлық палатаның тексерісі болмаса, қордың ішінде миллиардтар ұрланып жатқанын білмей де қалар едік.

Ондай фактілер анықталған клиникалардың бірі алған ақшасын қайтарса, бірі қайтармаған. Неге олай? Бұл басқа салаларда ұрлық, қылмыстық іс болып саналады. Ал ауруханаларға бәрібір. Қор басшылары да ештеңе болмағандай кетіп қала салады. Неге ешкім жауапкершілікке тартылмайды. Сіз неге ештеңе істемейсіз?» – деп министрге сұрақ қойды.

Мәжіліс төрағасынан жиі ескерту алатын Бақытжан Базарбек болса:

«Сақтандыру қорының қаржылық ресурстарға қатысты есебі қаржылық есептілікке жатпайды. Онда заңға сәйкес қаржылық есептілік жүргізілмейді. Бұл менің пікірім емес, Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы.

Сіз бұл бағытта министр болып келгелі ештеңе істеген жоқсыз. 2017 жылғы заңға қайшы бұйрықтың күшін жойған жоқсыз. Екіншіден, сіздің алдыңызда – МӘМС-тегі жемқорлық көзі тұр. Бұл 2020 жылғы бұйрық. Ол бұйрық жемқорлық қаупін туғызады. Сіз оны қабылдамасаңыз да, министр болып келген кезде осыны өзгертпедіңіз.

ЖАП он шақты ЖШС-ны атады. Менің байқауымша, солардың бірде-біреуі лицензиясынан айырылмаған. Сіз оларға тек айыппұл салғансыз. Былайша айтқанда, басынан сипап қоя салғансыздар», – деді.

Ал министр Әлназарова депутат көтерген мәселелердің орынды екенін мойындап, бұйрықтың күшін жоймай, оған өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді. Екінші оқылымға дейін тағы біраз детальдар талқыланатын болды. Министр ханым мен депутаттар бірлесіп жұмыс істемек.

Бұл туралы мәжіліс кулуарында депутат Базарбектің өзінен сұраған едік. «Біздің қолымызда ЖАП-тың есебі тұр. Барлық заңбұзушылық фактілері көз алдымызда. Сол мәселелерді көтере бастағанымыз сол еді, жеке басымызға қоқан-лоқылар жасалды. Бұл жерде медициналық мекемелерден басқа да тараптардың ұзын қолдары бар екені де жасырын емес. Түбінде әділдікке жетеміз деп ойлаймыз», – дейді ол. Өзге де ақ жағалылар аталған мәселеге қатысты пікірлерін білдірді. Әлназароваға «ұрысты». Ақыры заңды ары қарай да талқылайтын болып шешті.

Осы өзгерістер мен жалпы МӘМС жүйесі туралы медицина ғылымдарының докторы, профессор Жұбан Тілеубергенов:

«МӘМС жайында көп айтылды. Көп жазылды. Бірақ жөнделген, жолға түскен ешнәрсесін көре алмай-ақ қойдық. Ашығын айтқанда, МӘМС-тің жүрген жері қып-қызыл ақша. Оның рахатын қарапайым халық көріп отыр деуге ауыз бармайды. Қордың өзі қалың жемқорлыққа батқан. Осы мәселе реттелмей, МӘМС-тің қызығын көреміз деп күту қиын.

Қаржыландыру деңгейі мен ресурс артса да, халықтың медициналық қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейі төмендеген. Соңғы 3 жылдың өзінде денсаулық сақтау саласындағы шығын көлемі 2,8 есеге өсіпті. Ал халықтың қызметтер сапасына қанағаттану деңгейі 47 пайызға дейін құлдыраған», – дейді.

Әлназарова МӘМС – әлі жас дейді. Соған қарағанда, бес жасар баламен шатастырып жүрген сияқты. Бес жылда ақыл кірмеген, оң-солын танып болмаған МӘМС, расында, керек пе өзі?..

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: