МӘМС-тегі «революция», Қырғыз базар және «ескішіл» Respublika

Мәжілістен репортаж
Апта сайын дағдылы отырысқа жиылатын парламенттің төменгі палатасының қай жиыны да бір қызықсыз өткен емес. Жиын басы елеулі бір заң жобасын тым жақсы талдаудан басталып, соңы тосын жайттарға қарық қылып бітеді. Мәжілістің сейсенбідегі басқосуы да осы әдетінен жаңылмады. Бұл отырыстағы елге қажет деген ең маңызды құжат МӘМС жайындағы заң жобасы болды. Екінші оқылымда мақұлданып, сенатқа жолданған жобада біраз түзетулер бар.
МӘМС-тегі «революциялық» өзгерістер
Сөз басы МӘМС-тен басталды, жалпы отырыстың өзегі де осы еді. «Кейбір заңнамалық актілерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» жөнінде заң жобасы екінші оқылымда қаралып, депутаттардың қолдауына ие болды. Өздерінің айтуынша, мақұлданған жобаға «революциялық» түзетулер енген.
Мәселен, енді лицензиясы жоқ, заңсыз жұмыс істейтін медициналық мекемелер қадағаланады. Олар осы уақытқа дейін бақылауда болмаған. Мұндай ұйымдарға бар болғаны айыппұл ғана қарастырылған еді. Олар да айыппұлын төлеп қойып, заңсыз жұмысын қайта жалғастыра беретін. Өйткені арттарында үлкен олигархтар, шенеуніктер және бұрын құқық қорғау органдарында жұмыс істеп кеткен лауазымды тұлғалар тұрды. Енді заңдағы түзету бойынша, лицензиясыз медициналық ұйым анықталған жағдайда, құр айыппұлмен шектемей, министрлік оның жұмысын уақытша тоқтатып қояды. Сосын қателікті түзеу туралы нұсқаулық беріледі. Соны орындамаған жағдайда сот арқылы жұмысы тоқтатылады.
Сондай-ақ МӘМС жүйесінің қаржылық жағдайы өте жабық болды. Қанша қаражат алғаны, қанша қызмет атқарғаны, қанша қалғаны еш айтылмайтын, ешкім білмейтін. Енді кез келген медициналық ұйым бүкіл қаржылық құжаттамаларын уәкілетті органның сайтында жариялауға тиіс.
Тағы бір маңызды ұсыныс – «припискамен» айналысатын ұйымдар да бақылауға алынады. Егер олардың медициналық қызмет көрсеткені жалған екені анықталып, өтірік мәлімет берген болып шықса, онда соған жұмсалды деп кеткен мемлекет қаржысы кері қайтарылады.
Ерекше атап өтерлік тағы бір жаңалығы, жарнасы бір ай төленбей қалған кісілер МӘМС-тен шығып қалатын. Мәжіліс сол жағын қатты қарапты. Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мұндай жағдай мұғалімдер арасында жиі болады. Өйткені жазда демалыс төлемдерінің ерекшеліктеріне байланысты — маусым, шілде, тамыз айларында жарналар ресми түрде түспейді. Себебі демалыс ақысы көбіне бірге төленеді. Содан кейін жүйе МӘМС-тен шығарып тастайды. Енді жаңа өзгеріс бойынша МӘМС жүйесіне қолжетімділік 6 айға дейін сақталады. Егер адам бірнеше жыл бойы үздіксіз жарна төлеп келсе, оған 6 айлық қор беріледі. Тіпті уақытша жарна төлемесе де, жұмысынан айырылса да, мәртебесі сақталады, медициналық көмекке қолжетімділігі жоғалмайды.
Сондай-ақ қазақстандықтар МӘМС жүйесіне кірмесе де бастапқы медициналық көмекке қол жеткізуі керек, яғни емханаға бару, негізгі деген анализдерді тапсыру, ЭКГ немесе ультрадыбыс зерттеуі (УЗИ), әлеуметтік маңызы бар туберкулез, онкология сынды аурулар бойынша ем мен дәрігер кеңесін ала береді.
Қырғызбен шекарадағы базар биыл салынып бітуі керек еді
Отырыста қаралған және бір мәселе Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялау заңының жобасы болды. Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин ресми құжатты таныстырып болғаннан кейін әдеттегідей залдан сұрақ күткен. Депутаттар да сұрақтарына «қазақ-қырғыз – бір туған» нақылын тұздық етіп алып, әдептен аспай, қалыпты дағдысымен қойып жатты. Тіпті Ерлан Сайыров ғасырлар бойы ақындарымыздың айтысып келгенін, Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Әуезовтің достығы сынды үлгілі мысалдарды қосып, гуманитарлық бағыттағы достық қарым-қатынасты нығайтуға қатысты сұрағын жолдап жатты. Оған министрліктің жауабы да дайын екен, әлбетте қарастырылып қойғанын марқайып айтты.
Тек гуманистік бағыттағы байланыс жөнінде көпіріп сөйлеуге машық министрліктер нақты іскерлік қарым-қатынасқа келгенде сөзі сұйыла берді. Өйтетін себебі, қазақ пен қытай шекарасындағы «Қорғас» базары сияқты үлкен сауда алаңын салу жобасы Қырғызстанмен шекарада да қарастырылған екен. Әп-әйбат сол жобаның арты әлі белгісіз. Әрбір отырыста бір министрлікті тұқыртып алмаса аптығы басылмайтын Бақытжан Базарбектің ащы тіліне бұл жолы сауда министрлігі ілікті. «Қарасу-Ақтілек» шекара бекеттері маңында салынуға тиіс индустриалды сауда логистикалық кешеніне қатысты сұрақ қойып, арты сынап-мінеуге ұласып кетті.
«Ол бойынша үлкен дау болды. Нәтижесінде мәселе шешілді. Біз инвесторды біраз іздедік. Индустрия және сауда министрлігі басында «инвестор табамыз» деді де, содан кейін жоқ болып кетті. Құдайға шүкір, Жамбыл облысы әкімдігі жауапкершілікпен қарап, бәріміз инвесторды ақыры таптық. Енді сол ратификацияланғаннан кейін екі жыл өтті, бұл әлі жоба күйінде тұр. Бұл қашан іске қосылады?» – деп сұрады.
Оған өзі сұранып жауап берген сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов биыл 14 наурызда конкурстық комиссия отырысының қорытындысында ROMSEY HOLDINGS KZ ЖШС «Алатау өнеркәсіптік сауда-логистика кешені» индустриалды аймағының басқарушы компаниясы болып анықталғанын айтты. Компания 200 млн доллар инвестиция тартуды жоспарлап отыр екен. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамаларын шілденің аяғына дейін әзірлеу жоспарланған.
Осыны айтуы мұң екен, Базарбек бірден министрліктің өтірігін аша салды. Депутаттың сөзінше, ROMSEY HOLDINGS KZ-ті тапқан министрлік емес, Жамбыл облысының әкімдігі. «Қағазды оқи салдыңыз. Сіздердің еш қатысыңыз жоқ бұл жерде, шешуші сәтке келгенде уәкілетті министрлік жоқ болып кетті», – деді депутат.
Жалпы, бұл нысанның салынуы арадағы делдалдардың санын азайтуға, тұтынушылар үшін өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және жеткізу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік беруі керек еді. Онда Қырғызстанның Шу облысы мен Қазақстанның Жамбыл облысының кәсіпорындары мен фермерлік шаруашылықтары өнімдерін шығарып, Алматы, Бішкек пен Тараз қалалары басты тұтынушыларға айналу керек болған. Әуелгі жоспар бойынша құрылыстың бәрі 2025 жылға дейін толығымен аяқталып бітуі керек еді. Сөйтіп, 39 гектар аумақта бүгінде сауда қыз-қыз қайнап жатуы керек болған...
Respublika депутаттары ескі деректермен сөйлейді
Әсіресе Қазақстан кәсіпкерлерінің атынан сөйлейтін Respublika партиясы фракциясының өкілі Олжас Құсбековтің депутаттық сауалы қызық естілді. Бізге әлдеқашан мәлім болып, былтырдан бері газетімізге сан мақала арнаған тақырыпты мәжіліс төрінде тосын жаңалық етіп, депутаттық сауал жолдағанына жол болсын. Іскерлік саланың бел ортасынан шыққан депутаттың бұл мәселеге енді ғана көзі жетіп отырса, парламентіміз оңған екенбіз дедік.
Оның сөзіне қарағанда, парламенттік бақылау барысында цифрлық активтерді реттеу саласында бірқатар олқылық анықталған. Олар еліміздің қаржылық жүйесінің тұрақтылығына, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне үлкен қатер тудырып тұр екен. Сондағысы, қылмыстық істерде тәркіленетін криптоактивтерді сақтау мәселесі әлі күнге дейін реттелмеген. Тиісті құқықтық және техникалық механизмнің болмауынан активтердің жоғалу, ұрлану және үшінші тұлғалар арқылы заңдастырылу қаупі бар.
«Сақтау тәртібі реттелмеген» деп сөзді бастағанымен, әрі қарай тарқатып айта ма деп едік, жоқ, Құсбеков сөзін шолтитты да қойды. Бір қарағанда тым жақсы мәселе көтеріп отыр, сөзіне келіспеске шара жоқ. Алайда сонау 2023 жылдың қазанында Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов президент Тоқаевқа есеп бере барғанда мынадай мәлімет берген еді: «Елімізде алғаш рет криптовалюта арқылы қылмыстық жолмен тапқан 47 млн теңге табыс тәркіленіп, агенттіктің Binance криптобиржасындағы арнайы шотына салынған». Сондықтан бұл мәселеден тіпті Тоқаевтың өзі 2 жыл бұрын хабардар болып қойған. Осыны Құсбеков біле ме екен? Өзі көтерген мәселесін Binance-тағы шотын Тоқаевтың алдында қорғап шыққан Элимановқа өткізе ала ма? Міне, мәселе қайда!
Одан бөлек, заңмен тыйым салынғанына қарамастан, лицензиясы жоқ криптобиржалардың қызметі жалғасып жатқанына налиды. Ол сөзіне Chainalysis деректерін келтіріп, 2023 жылы Қазақстандағы криптоайналымның 86,2%-ы, яғни 4,1 млрд доллардың 3,5 млрд-ы заңсыз сегмент арқылы өткенін ерекшелеп көрсетеді.
Олжас Хайроллаұлының айтқаны, әлбетте, орынды. Тек ескі ақпаратты езе бермей, депутаттық сауалын жолдарда соңғы мәліметтермен жақсылап танысып алғанда тіпті қатып кетер еді. Олай дейтініміз, газетіміздің биыл ақпандағы нөмірлерінің бірінде «Криптонарық: Мәдиев заңды жетілдірем дегенше қара нарық 7 есе өсті» деген тақырыппен көлемді мақала бергенбіз. Еліміздегі «сұр» нарықтың көлемі 15 млрд долларға дейін артып кеткенін сол кезде жазғанбыз. Оның өзі тек Қазақстан нарығына сырттан кірген активтер ғана. Шығысты қоса есептесек, логикамен 30 млрд долларға барып қалады деген сөз. Бірақ халықтың қалаулысы бұл деректерден хабарсыз сияқты.
Ербол ТҰРЫМБЕТ