Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:00

Манар Адамова: Баланы ойын арқылы дамытып, тәрбиелеу қажет

Манар Адамова
Манар Адамова. Фото: ашық дереккөз

Мектепке дейінгі білім беру саласында мәселе аз емес. Еліміздегі балабақша педагогтері мен кәсіпкерлер заңнамалардың жиі өзгеретінін айтса, ата-аналар кезекке тұру да, оны алу да қиын екенін үнемі сөз етеді.

Жақында енгізілген ваучерлік қаржыландыру төңірегінде де критика көп. Осы және өзге де мәселелер жөнінде мектепке дейінгі білім беру комитетінің басшысы Манар Адамовамен сұхбаттастық. 

Манар ханым, мектепке дейінгі білім беру саласының кадрлық әлеуеті ойдағыдай ма? Бір кездері тәрбиешілердің жетіспеушілігі жайлы жиі айтылып жүрді. Қазір бұл мәселе шешімін тапты ма? Әлде тапшылық сақталып отыр ма?

– Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметі бойынша қазіргі таңда 12 мыңға жуық балабақшада 103 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» бейінді білімі бар басшылар, әдіскерлер мен тәрбиешілердің жалпы саны 66,2 мың адамды құрайды.

Иә, бір кездері мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиешілерге сұраныстың күрт артуына байланысты қиындықтар туындағаны рас. Оған себеп ретінде орта білім беру саласының бәсекеге бейімделіп, жоғары жалақы ұсына алатындығы, ал балабақшаларда жеке сектор дамып кеткендіктен, ондай мүмкіндіктердің аздығы да айтылды. Бұл мәселені шешу үшін 2022 жылы тәрбиешінің біліктілігіне қойылатын талаптарға толықтырулар енгізілді. Яғни «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» бағыты бойынша білім алған мамандармен қатар, жалпы педагогтік білімі туралы дипломы бар мамандар да тәрбиеші болып жұмысқа қабылдана алатын болды. Осы өзгерістер балабақшалардағы тәрбиеші мамандардың тапшылығын азайтуға септігін тигізді.

– Осыған дейін орта білім беру жүйесінде еңбек етіп жүрген педагогтердің әлеуметтік жағдайына қатысты көптеген мәселелер айтылды. Кейіннен оның біразы шешімін тапқандай болды. Мысалы, жалақы сәл де болса көбейді. Алайда балабақшадағы педагогтердің жалақысы әлі де аз. Оны көтеруге не кедергі?

– 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң соңғы 5 жыл ішінде педагогтер үшін жақсы өзгерістер жасай алды. Алдымен мамандарға қолайлы жағдайлар жасау, олардың кәсіби өсуін ынталандыру жағын атап айта аламыз. Одан соң жалақының артуы да бар. 2020 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтердің еңбекақысы екі есеге, 2023 жылдың қыркүйегінен барлық мемлекеттік балабақшалар мен мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің жалақысы тағы да 30 пайызға артты. Бүгінгі таңда мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің 40 мыңға жуығы аттестаттау қорытындысы бойынша біліктілік санатына байланысты лауазымдық жалақысының 30–50 пайыз мөлшерінде қосымша үстемеақы алады.

​– Сіздердің салада үлкен пилоттық жоба өтіп, ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіліп жатқанын білеміз. Бірқатар мәселелер де кездескен көрінеді. Ваучерлік қаржыландырудың ізінше цифрлық өзгерістер орын алуда. Бұл ата-аналар мен сала мамандарына қиындық тудырып жатқан жоқ па?

– 2024 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдарға ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіле бастады. Бүгінгі таңда қаржыландырудың жаңа моделіне 20 қала, 7 аудан ауысты. Аталған пилоттық жоба алғаш енгізілген республикалық маңызы бар қалаларда кезектілік екі есеге дейін азайғанын байқадық. ​Жалпы, пилоттық жобаға 4 671 мектепке дейінгі ұйым қатысып, бүгінгі күнге дейін 500 мыңнан астам ваучер табысталды. Әрине, платформаны түсінбей, оның ашықтықты қамтамасыз ететініне күмәнмен қарағандар да аз болған жоқ. Әсіресе ата-аналар тарапынан шағымдар кездесіп жатты. Көпшілігінің айтқаны – қалай кезекке қоюды, оны қалай бақылауды білмейміз деген нәрсе еді. Сондықтан пилоттық жоба аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді. Бұл жұмысқа білім басқармалары мен бөлімдерінің мамандары, мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары тартылды. Яғни мамандармен қатар, ата-аналарға да қолдан келгенше түсіндірілуде. Өңірлер онлайн-вебинарлар мен тікелей эфирлерге баса мән берді. Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде білім басқармаларының сайттарында және ЖАО ақпараттық жүйесінде ата-аналарға ваучерді алу үшін кезекке тұру, алғаннан кейін балабақшаны таңдау бойынша кеңес беретін, көмек беретін бейнероликтер бар. Арнайы чаттар да көп.

​ Қатысушыларға жаңа механизмді жергілікті жерлерде іске қосу бойынша практикалық ұсынымдар беріліп, өтініш беру мен оларды өңдеу ЖАО ақпараттық жүйесі арқылы қалай жүзеге асырылатыны кезең-кезеңімен көрсетілді. Осылайша, жұмыс жүргізіле берсе, ата-аналар тарапынан түсініспеушіліктер азаяды.

​– Балабақша десе ойымызға баласын кезекке қойып, сосын ол кезекті ұзақ күтетін ата-ана келетіні жасырын емес. Орын сандары жылдан-жылға артып жатқанымен, дефицит толық жойылған жоқ. Осы бағытта қандай жұмыстар істелуі тиіс деп ойлайсыз? Демографиялық болжамдар не дейді? Бүлдіршіндерді 100 пайыз орынмен қамтамасыз ету мүмкін бе? Мемлекеттік балабақшалар ашу интенсивті жүріп жатыр дей аламыз ба?

​– БАҚ беттерінде қазір шамамен 70–80 мың бала кезегін күтіп отыр деген деректер бар екен. Ал өңірлер мен қала деңгейінде қарасақ, қажеттілік бұдан да көп болуы ғажап емес. Себебі кезекке тұру балалар туа салысымен жүреді. Тапшылықты немесе кезектілікті 100 пайыз жою үшін әрекет жасалып жатыр.

Мемлекеттік балабақшалар салу мен олардың санын әр өңір өз қажеттілігіне қарай шешеді. Жергілікті атқарушы органдар 2023–2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды пайдалануға беру және жаңа орындарды ашу туралы қадамдық жоспар бекіткен болатын. Алға қойылған мақсатқа сәйкес 2–6 жастағы балаларды 100 пайыз балабақшамен қамту 2028 жылға межеленген. 2023 жылдан бастап өңірлерге жаңа орындарды ашуға мақсатты трансферттер бөлінді. Сәйкесінше, қадамдық жоспар аясында 160 мыңға жуық жаңа орындар ашылды, жыл соңына дейін тағы 50 мыңға жуық жаңа орын ашу жоспарда бар.

​– Бүгінде балабақшаға баратын баланың 60 пайыздан астамы жекеменшік мекемелерде, дотация арқылы қызмет алып отыр деген статистика бар. Бұл қаншалықты дәл есеп? Жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік тапсырыс арқылы бала орналастыру ісі қалай жүріп жатыр?

– ​Еліміздің мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығын жою үшін түрлі шаралар қабылданып жатқанын жоғарыда айттық. Солардың бірі – балабақшаларға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру болып табылады. Бұл дегеніміз, мемлекет жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерге қаржылық қолдау көрсетеді. Ал кәсіпкерлер ата-аналарға қызмет көрсету құнын төмендетеді. Осының арқасында, балабақшаға қолжетімділік артып, кезектілік азаюда.

Мәселен, кәсіпкер өзінің жекеменшік балабақшасын ашады. Одан соң тиісті тексерістерден сәтті өтіп, санитарлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес екенін дәлелдесе, мемлекеттік тапсырыс конкурсына қатысады. Қазір олар ваучерлік қаржыландыру негізінде конкурсқа қатыса алады. Оған қажетті қолдаулар мен жеңілдіктер жасалып жатыр. Соның ішінде конкурстық мерзімдер қысқартылып, құжаттарды тапсыру және тексеру процестері автоматтандырылды. Бұл жекеменшік сектордың арасында бәсекелестікті арттырып қана қоймай, қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.

​ «Білім туралы» заңға сай, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін бекіту және орналастыруды қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Бүгінгі жағдайға келсек, ​ҰБДБ деректері бойынша мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік тапсырыс 989 336 орын. Оның ішінде 97 пайызы жекеменшік балабақшалар.

​– Осы саланың мамандары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қатысты стандарттар мен ережелер жиі өзгеріске ұшырайды дейді. Бұл жайлы не айтар едіңіз? Қажеттілік пе, әлде ретсіздік пе?

​– Әлемде және еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік өмірінде болып жатқан түрлі өзгерістер білім беру жүйесінің мазмұнын жаңартуды, жетілдіруді талап етеді. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласы да қазіргі заман талабына сәйкес білім мазмұнын трансформациялауды қажет етеді. Осыған байланысты, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделі қабылданған болатын. Соның негізінде 2022 жылы стандарт, үлгілік бағдарлама өзгерістерге ұшырады. Мұндағы мақсат – баланың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, әр баланың әлеуетін барынша дамытуға жағдай жасау, олардың қызығушылықтарын, қажеттіліктерін ескеру, барынша қолайлы, қауіпсіз, дамытушы орта құру, баланы ойын арқылы дамыту, жетілдіру және тәрбиелеу.

​ Мектепке дейінгі білімнің мазмұнын трансформациялауға байланысты тәжірибелі мамандардан тұратын жұмыс топтары құрылып, осы жүйені реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілді, ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуде және сапасын арттыруда түрлі бағыттарда жұмыстар жүргізілуде. Сол себепті, нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу заман талабы, қажеттілік.

Сұхбаттасқан

Балауса Ділдәбек